Жоспар-конспекті жазу. Сабақтың жоспар-конспектісі жалпы қабылданған үлгі бойынша, оқушы дәптерінің қос бетіне көлденеңінен жазылады. Жоспардың төрт бағанасы дұрыс, сауатты жазылып, толық толтырылуы керек. Конспектіде көрсетілген жаттығулар, әдістемелік нұсқаулар қысқа, нақты, түсінікті жазылғаны дұрыс.
Қимыл-қозғалыс дайындығы. Мұғалім мекеп бағдарламасында кездесетін барлық жаттығуларды көрсете алуы керек. Сондықтан да мұғалім сабақта үйрететін жаттығуларды қайталап, өз мүмкіншілігін әрдайым тексеріп отыруы қажет.
Теориялық және сөйлеу дайындығы. Мұғалім оқушыларға берілетін теориялық білімді жақсы білуімен қатар, шешен сөйлей алуы да керек (әңгімені дұрыс жүргізу, баяндау, команда беру, талдау жасау т.б.).
Сабақты материалдық жағынан қамтамасыз ету. Керек құрал-жабдықтарды дайындау, жаттығуларды үйрету жолдарын техникалық құралдармен жабдықтау, сабақты спорттық снарядтармен толық қамтамасыз ету т.б.
Көмекшілерді даярлау. Төрешілермен, команда капитандарымен, спорт мамандарымен тұрақты жұмыс істеу. Кезекшілерді даярлау. Мұғалімнің әрбір көмекшісі өзінің міндетін жақсы білуі және дәл уақытында орындауы керек. Ұстаз әрбір сабақ алдында оларға нұсқау береді, жаттығуды дұрыс орындауды тапсырады, сақтану әдістемесін үйретеді.
Сабақтан босатылған оқушылармен жүргізілетін жұмыстарды ұйымдастыру шаралары. Ол оқушылар мұғалімнің теориялық мәліметтерді баяндауын, әр жаттығудың ағзаға қалай әсер ететіндігін, ойын ережелері, дене қасиеттерін дамыту әдістемесі туралы түсіндірген сөздерін тыңдаулары керек. Мұғалімнің ойын барысын талдауын ұғынулары, сабақ барысындағы жаттығу техникасын көруі, балалардың жаттығу орындауларын бақылаулары керек. Олар бос отырмай мұғалімнің сұрақтарына жауап беруі, сабақ өткізетін орынды дайындауға көмектесуі, қазылық жасауға қатысулары қажет. Бұл шаралар сабақтан босатылған оқушылардың оқу бағдарламасы мен өтіліп жатқан сабақтардың материалдарын толық біліп отыруларына көмектеседі, оқушылардың бос жүріп, тәртіп бұзуларына жол бермейді.
Достарыңызбен бөлісу: |