Көркемдік әдіс – белгілі бір дәуірде көптеген жазушылардың шығармаларында қолданылатын, өмір шындығын суреттеу ерекшелігі, соны айқындайтын негізгі принциптер. Әдебиеттте, сондай-ақ көркемөнердің басқа салаларында бір бағыттағы жазушылардың, өнер қайраткерлерінің творчествосы идеялық нысанасы жағынан да ұқсас, жақын келетінін байқаймыз. Бір заманда өмір сүріп, бір қоғамдық ортада қызмет еткен көптеген жазушылардың көркемдік әдісінде ортақ-сипат белгілер аз емес екенін олардың тақырып таңдау, белгілі жанрлық түрлерді қолдану, адамның бейнесін суреттеу өзгешеліктерінен анық көруге болады. Мұндай өзгеше сипат- белгілерді көбінесе белгілі әдеби бағыт, әдеби ағым аясында қарайды. Ал көркемдік әдіс одан әлдеқайда кең мағынада алынып, жазушының өмірді бейнелеуде нақтылы болған яки болатын жағдайларды, өмір құбылыстарын тірек етуі немесе өмірдің өзі қандай болуы қажет деген өз ой-түсінігіне сүйенуі
осы екеуінің қайсысына көбірек мән беретініне сәйкес сипатталады. Бұл пікір алғаш Аристотельден бастап орнығып, кейін Белинский оны соңғы дәуірлердегі әдебиет тарихына сүйене отырып дәлелдеді. Көркем әдебиет пен өнердің бүкіл
даму тарихында әр дәуірде әр түрлі нақтылы сипат алып, үнемі бой көрсетіп келе жатқан негізгі екі көркемдік әдіс – романтизм мене реализм деуге болады. Әрине, өмір құбылыстарын осы айтылған екі тұрғыдан қарап түсіну, бейнелеу бір-біріне түгелдей қарама-қайшы нәрсе, олардың арасында ешбір байланыс, жалғастық жоқ деп санау қате болар еді. Оның бірі бар жерде, аз ба көп пе, екіншісі жалғаса жүреді. Бірақ қай жағы басым болса, негізгі сипаты соған сәйкес анықталады. Ал басқа көптеген әдеби ағым-бағыттар қалайда осы екі негізгі әдістің біреуін тірек етеді немесе оларды басқа бір қырынан толықтыруға, кейде, тіпті, солармен жарыса басқа бір жанама тәсілдер табуға тырысады.