49. М.Поланидің айқын емес (көрінбейтін) білім концепциясы
Полани таза эмпирикалық және формальды-логикалық амалдардан бас тартады, ол айқын емес білімнің эпистемологиясын негіздеді. Ол «бүкіл әлемді тану үдерісіне қатысатын білімнің екі типі бар» деп көрсетеді, олар: орталық (айқын) және жасырын (айқын емес). Айқын емес білім – білімнің логикалық формаларына арналған қажетті негіз. Ол ғылыми ізденіс шеберлігіне тікелей үйрету («қолдан қолға») кезінде және ғалымдардың жеке қарым-қатынастары арқылы беріледі. Білімнің екі типінің арасындағы байланыс екі жаққа да бірдей: әрбір ғылыми термин, Полани бойынша, «айқын емес біліммен жүктелген» және оның мәнін дұрыс түсіну тек теориялық кеңмәтінде қолданылғанда ғана мүмкін болады. Полани ғылыми танымда дәстүрлер мен құндылық бағдарлары маңызды орын алады деп көрсетеді. Бұл – айқын емес, тәжірибелік білімнің құрамдас бөлігі, мұнда логикалық-вербалды формалар көмекші рөл атқарады. Ғалымның өз еңбегінде арқа сүйеген алғышарттарын толықтай вербалдандыру, яғни тілмен жеткізу мүмкін емес. Осындай типтегі білімдерді ол айқын емес деп атады: «... Ғылымның дәл жүрегінде тұжырымдау арқылы түсіндіру мүмкін емес білімнің тәжірибелік саласы бар». Оған дәстүрлер мен құндылық бағдарларын жатқызуға болады.
Айқын емес білімге тұтастық (әлемнің) элементтерінің сыртқы білімдері жатады, ол сонымен қатар осы білімдердің тұтастыққа қосылуына көмектесетін интегративті үдерістерді де қамтиды. Жалпы, таным үдерісі дегеніміз айқын емес білім шекараларының үнемі кеңейіп отыруы және оның компоненттерінің орталық білімге қосылуы деп санайды Полани. Айқын емес білімнің және айқын емес дәстүрдің екі типін бөліп көрсетуге болады. Біріншісі, білімнің тікелей қарым-қатынас арқылы берілуі, жеке байланыссыз мұндай білімді беру мүмкін емес; екіншісінде мәтін білім беруші ретінде саналады, мұнда тікелей қарым-қатынастың қажеті жоқ. Айқын емес дәстүрлердің негізінде әрекет үлгілері мен өнім үгілері жатуы мүмкін. Айқын емес білім туралы тұжырыммен Поланидің тұлғалық білім теориясы тікелей байланысты. Білімді нақты тұлғалар алады, таным үдерісін бір қалыпқа келтіру мүмкін емес, ал білімнің сапасы ғалымның жеке қабілеті мен тұлғалық қасиетіне байланысты деген ойды дәйек етеді Полани. Ол өз тұжырымын келесідей еңбектерінде мазмұндаған: «Тұлғалық білім. Постсыншыл философияға барар жолда»; «Айқын емес білім»; «Білім мен болмыс». Поланидың теориясының кемшілігі ол білімнің айқын және айқын емес типтерінің генетикалық өзара байланысына назар аудармайды.
Достарыңызбен бөлісу: |