2
АЛҒЫСӨЗ Ғылым тарихы мен философиясы докторанттар мен магистранттар дайындауда ерекше орын алады. Ең алдымен философияны ғылымға жақындастыратын жақтары қандай? Ғылым сияқты философия да өз қағидаларын фактілермен де, логикалық уәждермен, дәлелдермен негіздеуге ұмтылады. Өте сирек, кейбір ойшылдардың жүйесінде айтылатын қорытындылар өзінен-өзі тікелей дау туғызбайтын, ақиқаттарда жарияланады. Бұл философияда жалпы бар қасиет, бірақ философиялық түзеудің бірден-бір жолы емес. Сонымен қатар философияны айрықша айшықтайтын ерекшелік – өзінің біршама тарихында барлық философиялық жүйелер бірін-бірі толықтырып жалғастыратын тұтас бір жүйеге айналған жоқ. Әрбір философиялық жүйе тұйықталған әрі анықталған, басқа жүйелермен толық бірге айналмайтын көзқарастардың жүйесі. Философия ғылым сияқты өмірдегі бар, болып отырған қатынастарды, болмысты, оның заңдарын игеріп, бейімдеуді негізге ала отырып, бірақ түпкі мақсатын, бағытын, болуға қажетті, болуға лайықты, болуы мүмкін, тіпті болуы парыз нәрселерге арнайды.
Ғылымның мұраты – бар тылсымның сырын айқындау, барлықтың ақиқатын ашу, соның негізінде сол барлықтан заңды түрде туындайтын немесе міндетті түрде шығатын, шыға алатын нәрселерді анықтау. Ғылымдар өмірде жоқ нәрселерді, өмірдің формаларын айнымас заңдылықтардың негізінде болжап, тіпті айқын бейнесін жасап бере алады. Бұл бірақ көбінесе табиғат пен қоғамның бар заңдылықтарына байланысты.
Адам ғылыммен құрдан-құр айналыспайды. Адамның өмірі әртүрлі проблемалар және күрделі мәселелермен тығыз байланысты. Оларды меңгеру үшін адамға білім керек, ал осы білімді қалыптастыру ғылыми қызметтің мақсаты.
Ғылым тарихшылары ғылымның дамуы жайлы атап өткендей, егер де ғылыми оқулықтарда назар аударған теория мен методтарды фактілердің жиынтығы ретінде қарастырсақ, онда ғалымдарды осы аталған жиынтыққа қандай да азды-көпті үлестерін қосушылар деп бағалау керек болады. Рухани мәдениеттің еш бір саласы қоғамға ғылым сияқты елеулі және динамикалық әсер етпейді. Ғылым – қажеттіліктен туындайтын зерттеу объектісі. Біздің заманымызда ғылым бірден бірнеше пәндер, яғни тарих, әлеуметтану, экономика, психология және т.б. ретінде назарға ұсынылған. Бұлардың ішінде ғылым философиясы және оның тарихы ерекше орын алады.
Ғылым философиясы ғылыми білімнің сипаттамасын, табиғатын, жағдайын ашуды міндет етіп қояды. Ғылым философиясының пәні болып ғылыми білімді қалыптастырушы ерекше қызмет ретіндегі ғылыми танымның жалпы заңдылықтары мен бағдарлары табылады.
Ғылыми – техникалық өркениеттің қалыптасуы мен дамуында ғылым әр кезде жетекші рөлді аткарып келді. Ғылыми танымның даусыз жетікстіктері қоғамдық санада ғылымның өлшеусіз асыра бағалануы мен ғылымға табынудың таралуына алып келді. Ғылымның даму қарқынына деген сенім, белгілі дәрежеде Тәнірге табынуды, сенімді алмастыра бастады, дүние әлемнің және адамзат тұрмысының қалыптасуында барлық түбегейлі мәселелеріне жауап берерліктей дәрежеге жетті. Ғылым жоғары мәдени құндылық ретінде танылды. Сонымен бірге, біздің қазіргі жағдайымыздағы ғылыми- техникалық өркениет алдарынан туындаған адамгершілікке қарсы әреккетер ғылымға қарсы белсенді оппозицияны туғызды. Ғылым көп жағдайда қазіргі өркениеттің барлық жаман жақтары мен күнәлеріне жауапты болатын жағдайда қаралып келді. Жаңашыл батыс философиясында белгілі ағым қалыптастырылған, ол өз алдына ғылымды тани білудің ерекшкліктерін және оның әртүрлі салалардағы өзгешеліктерін анықтауды, ғылыми білімнің құрылымы мен динамикасын, ғылымның даму заңдылықтарын айқындауды мақсат етіп қойған.
Осы ағым “ғылым философиясы” деген атқа ие болды. Ғылым философиясы шеңберінде бүгінде бірқатар ірі және жетекші орындағы мектептер қалыптасты. Оқу пәні ретінде “ғылым философиясы” Батыста ХІХ ғасырдың аяқ кезінен бастап және ХХ ғасырдың басынан бері жүргізіліп келеді, алғашқыда лингвистикалық философия бойынша курс ретінде, ал бүгінде, “ғылым философиясы” ретінде жүргізіле бастады. Ғылым философиясының негізін қалаушылар, оның ірі өкілдері: Л. Витгенштейн, Томас Кун, И. Лакатос, Э. Гуссерль, К.Поппер. Олар ұзақ жылдар бойы Батыстың ең жетекші университеттерінде сабақ берді.
Біздің елімізде де әлемдік стандартқа сәйкес келетін білімнің жаңа жүйесін қалыптастыру іс жүзіне асырылып келеді. Сондықтан “ғылым философиясын” оқып-үйрену – бұл жай тек қана әлемдік білім деңгейіне сай келудің формальды түрі емес, жинақталған бай логикалық-рационалдық материалды және рефлекстік іс - қимылдың аса тиімді құралдарын игере білу болмақ.
Оның негізгі мәселелері мен басты бағыттары төмендегідей болады: ғылымды оқып үйренудің негізгі аспектілерінің өзіне тән ерекшелігі мен өзара байланысы. Ғылым логикасы, ғылым
философиясы, ғылым социологиясы, ғылым психологиясы және басқа бағыттар. Ғылым тарихының статусы мен проблемалары. Ғылым тарихының дамуына пән ретінде баға беру. Ғылым философиясы негізгі тақырыптары. Ғылым философиясының методологиялық негіздері. Мәдениет жүйесіндегі ғылым. Қоғамдағы ғылымның рөлі мен функциялары. Философия мен ғылымның өзара байланысының тарихы. Ғылымның жетістіктеріне философиялық тұрғыдан түсіну, негізгі позициялар, ғылымның проблемаларын талқылау, ғылымдағы философияның функциялары (тарихи ракурс). Ғылымның дамуына философиялық коцепциялардың әсері. Ғылым және дін. Ғылымның дүниеге, діни көзқарасқа тигізетін әсері. Дін мен ғылымның сұхбаты. Ғылымның әлеуметтік статусы және оның дінге деген қатынасының өзгеруі. Ғылым және білім. Ғылымның дүниетанымдық аспектілері. Ғылым өндіргіш күш ретінде. Ғылымның гуманистік көкжиектері. Ғылым және парасаттылық. Ғылымның құндылық статусы. Ғылымдағы жеке тұлға. Ғылым тарихының әлеуметтік қырлары. Ғылымдағы әлеуметтік табиғилық проблема ретінде.
Ғылыми идеялар тарихындағы философия. Ғылымдар шығармашылығындағы философияның рөлі. Ғылымның философиялық және методологиялық проблемалары дербес зерттеу саласы ретінде (құбылыстар тарихында). ХХ ғасырдағы ғылымдардың философиямен берік байланысы (А.Эйнштейн, Н.Бор, М.Бори, В.Гейзенберг, В.И.Вернадский, Қ.И.Сәтбаев және т.б). ғылымдар концепциясы философия мен ғылымдар методологиясындағы негізгі ыңғайлар. Ғылымның қазіргі кезеңдегі концепцияларының жіктелуі неопозитивизм, ғылыми зерттеу логикасы, ғылым онтологиясы, ғылымның постопозитивистік бейнесі. Философия тарихының ғылымға айналу жолында әрбір заман талабына байланысты бірқатар ойлау жүйелері мен стильдері қалыптасқан еді. Оларды саралап қарасақ, біріншіден, философия тарихын объективті үрдіс ретінде қабылдау қажеттігі туады, себебі ол субъективті ойлау құрылымдарын субъективті сынау ғана емес, керісінше, әрбір ғалымның қалдырған ізгі объективті шындығының бір бөлігі немесе жанамасы. Осыдан келіп, екіншіден ғылым философиясы тарихы оқу пәні ретінде қалай көрінуі қажет деген мәселе көлденеңдейді. Идеалды түрде осы екеуінің қазіргі ғылым философиясы тарихында бірегей жағдайда болғаны дұрыс-ақ, ал іс
жүзінде олар әрбір кезде жеке дара орын алуда.
Ғылыми- философиялық шығармашылық соңғы кезге дейін көп жағдайда қоршаған болмыстың сыртқы көріністерін ғана жанап өтіп, ішкі мәнділіктеріне бойлай алмайтын дәрежеде қызмет атқарғаны
белгілі. Басты мәселе мәңгілік, жалпылық, универсалдық, ой түйіндерін баса ашып көрсетуде болып тұр.
Еуразиялық кеңістіктерде қалыптасқан рухани құндылықтардың тұтастығы мен сапа жағынан адамзат ғылымы тарихының бүгінгі таңдағы келелі мәселелерінің бірі болып табылады. Өйткені әлемдегі халықтардың, ұлттардың, нәсілдердің өзіне сай тарихи қалыптасқан рухани, мәдени, адамгершілік қасиеттері барлығын, яғни өзіндік құндылықтарын ескеру керек. Тарихтың қазіргі белесінде осы құндылықтарды жандандыру, солардың негізінде жаңа белеске көтерілу бүгінгі таңның талабына айналуда. Ғылым тарихының құндылықтарын терең зерттеу, олардың ішкі мәнін айқындау, жалпы адамзаттық өркениет аясындағы даму бағыттарын зерделеу – қазіргі ғылым философиясының алдында тұрған басты мәселелерінің бірі.
Осы оқу құралын дайындау үстінде соңғы жылдары жарық көрген докторанттарға, магистранттар мен аспиранттарға арналған жаңа басылымдар пайдаланылды.