Ілияс есенберлин көшпенділер каһАР



бет23/25
Дата28.01.2018
өлшемі8,31 Mb.
#34547
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25

ІІІ
Бір мың сегіз жүз қырық бірінші, қазақша Сиыр жылы, қыркүйектің жетісі күні, Алашаханның бейітінің басында үш жүздің ақсақал, билері жиналып Кенесарыны ақ кигізге салып, хан көтерді. Бұл кезде Иосиф Гербурт-Жүсіп Тор-
ғайда еді. Кенесары хан болды дегенді естігеннен-ақ Жүсіп қатты ренжіді. Қазақ елінің патша отаршылық саясатына қарсы күресін Кенесары өз арманына жетуге пайдаланғанын енді түсініп, көтерілістің келешегіне қауіптене қарады. «Кенесарының хан болуы, оның өз арманына жеткен жері, бірақ бұл халық ереуілінің біткен жері. Енді жұрт өзінің бостандығы, жері үшін емес, Кенесары көтерген жасыл тулы хандықты қорғаймын деп алысуға мәжбүр болады. Бұдан әрі соңынан ерген ел күннен-күнге азая түседі. Ақырында көкейкесті тілегіне жете алмайтынын ұққан халық одан біржолата безеді. Бұқара жұртқа бұдан былай қарай Кенесарыға еріп қырылғанша, жан сақтау үшін Россия империясының қол астына кірген жөн. Бәрібір Россия империясы Кенесарыны хан етіп қоймайды. Ертең қалың қолмен шабады. Халық мұны неғұрлым тез түсінсе, оған Россия патшалығына соғұрлым бағыну тиімді. Бірақ осыны халық тез түсінер ме». Халық көтерілісінің түбі барып феодалдық, хандық тартысқа айналғанын көрген Иосиф Гербурт-Жүсіп енді Кенесары ордасынан кетпек болды. Бірақ он жыл өмірі өткен, жанындай жақсы көрген қазақ елін басына қатерлі күн туған кезде тастап кетудің ретін таба алмады. «Хан болып шыққан биігі — құлаған құзы екенін Кенесарының өзі түсінбеген күнде де оның жанында Таймас, Сидақ қожа секілді ақылды адамдар бар емес пе, олар неге түсінбейді? Ең болмаса солармен сөйлесейін, соңдарынан елін, жерін қорғап ерген қалың бұқара Кенесарының алдағанына көзі жеткенде бұлардан қол үзетінін айтайын. Мүмкін ақыл айтар төреге», — деді ол ішінен.

Бірақ Жүсіп екі жағдайды еске алмады. Бірі Кенесары бес жыл ұрыс-айқастың ішінде, өз маңына тар жол, тайғақ кешу күн туса тастап кетпейтін, әйгілі батырлардан, төре тұқымы туған-туысқандарынан табанды серіктер жинап, оларды жұмылған жұмырықтай, тастай етіп ұстай білді, Бұл батыр, сұлтан, билердің әрқайсысының соңында аз болсын, көп болсын жеке ауылы, руы бар. Рушылық әбден қанына сіңген қазақ батыры, биі қайда бастаса сонда барады. Кенесарының қасында мұндай серіктері бар деген сөз — елі бар деген сөзбен теңдес. Хандыққа, мансапқа, баққа таласатын адамдардың ең алдымен маңайына өзін сатпайтын табанды кісілерді жинап алуы ежелгі әдеттері. Мұндай тіректерсіз қандай ақылды қайраткер болса да ойлаған мақсатына жете алмайды. Кенесары да бұл әдісті жақсы пайдалана білген адам. Оның бір мықтылығының өзі де осында еді. «Тек Байтабын батыр ғана ши шығарғалы жүр ме, қалай дейді ішінен сұлтан, егер көзім шын жетсе...» Екіншісі: бұрын басқа үлгіде мемлекет болып көрмеген, әлі де феодалдық, рушылық сатыда жүрген қазақ еліне хандық деген ұғым — жеке ел болып, өзінің жерін, еркіншілігін сақтау деген ұғыммен бір. Қалың бұқараға хан сайлау деген ұғым, оның жеке ел болып көсемімізді сайладық деген ұғыммен ұштасып жатады. Осындай түсініктегі қалың бұқара, алғашқы кезде өзінің Россия патшасының отаршылық саясатына қарсы бас көтерген қимылын ақырында кеп бостандықтары үшін емес, Кенесарының хандығы үшін күресіне айналып кеткенін аңғармады. Шынында да Россия патшалығына бағындым деп бітім істей тұрып Кенесарының өзін хан көтертуі, ел қамын емес, өз қамын ойлауы еді. Бұл баққұмар сұлтанның ғана трагедиясы емес, бостандықты көксеп алданған халықтың да трагедиясы еді. Осы трагедиясын түсінбеген ел Кенесарының соңына еріп тағы да бес жыл күресті, ақырында қанға батып қырылды...

Кенесары қозғалысының енді халыққа қаншалық қауіпті екенін түсінген Гербурт-Жүсіп Қасым баласының қандай күшті адам екенін де енді ғана ұқты. «Тарихтың әр сатысында, халық арманының бір тоғысқан түйінді кездерінде осындай адамдар туады. Олар өздерінің мақсаттарына жету үшін халықты да, тарихты да, бәрін де пайдалана біледі. Бұларда да құр ғана қаныпезерлік, адамды аямастық қана емес, ақыл да, амал да мол келеді. Кенесары да соның бірі. Егер осындай адам миллиондаған халқы бар үлкен елге жаратылса қайтер еді? Азғантай қазақ халқын қанша қанға батырса, үлкен елді де сонша қанға батырар еді. Онда Кенесары қозғалысы кішкентай ел емес, үлкен ел трагедиясы болар еді. Халқының кішкентайлығынан бұл елдің үлкен трагедиясы өзге жұрттың көзіне кішкентай трагедия болып көрінеді. Сондықтан да кейде «Европа хабаршысында» ғана қазақ қозғалысы туралы қысқа-қысқа хабарлар шығады. Россияның шығыс бұрышында қандай айқастар болып жатқанын Европа елдері тіпті білмейді. Ал түсінген адамға бұл — кішкентай елдің трагедиясы. Қазақ жеріне енді бұрынғыдан да үлкен қайғы келді. Ол қайғы көзден жас, жүректен қан боп ағады. Кенесары жұртты Россия отаршылдық саясатына қарсы көтеріп, ақырында өзі хан болды. Енді сол тағымнан түспеймін деп халықты ажалға қарсы айдап салады. Ал оны әлі күнге дейін елінің қамын ойлаған кемеңгер деп түсінетін жұрт мұның соңынан тағы ере түседі. Мұндай жағдайды тарихта жалғыз Кенесары пайдалана білген бе? Жоқ, бұл талай қаһармандардың қайғылы үлесі. Наполеон да жаһанкездік ісін осылай бастаған жоқ па еді. Франция халқының революциялық рухын пайдаланып, Бурбондарды құртты, роялистерді Франция жерінен қуды. Бұдан артық сол кезде революциялық іс болар ма? Бірақ артынан өзі император болды. Өзіне жол ашқан революцияны өз қолымен тұншықтырды. Кенесары да сөйтеді. Ертең қазақ жеріне шын мағынада хан бола қалса, Горчаков пен Қоңырқұлжаның қазақ халқына істегенін бұ да істейді. Сонда Кенесарының қозғалысы қандай қозғалыс? Россиядан қазақты бөліп алып, феодалдық хандық құру үшін күрескен халық тілегіне сәйкес емес кертартпа қозғалыс. Бұдан қазақ еліне келер пайда жоқ. Одан да қазақ бұқарасына Россия империясының қол астына кіру керек. Россия қол астына кіру деген сөз — орыс халқымен бір болу деген сөз. Келешегі де, қайғысы да, қуанышы да бір. Патша қысымшылығына да қарсы тізе қосып бірге күресе алады. Мәдениетке де бірге жетеді. Ал Кенесары болса өзінің феодалдық-хандық бөлшектенуімен қазақ елін орыс халқынан ұзақ уақытқа бөлгелі тұр. Жоқ, бұл жағдайда санасы бар азаматтармен сөйлесу керек. Ел басына келгелі тұрған апатқа араша түсу керек».

Бірақ Гербурт-Жүсіп Таймаспен де, әбілғазымен де, Сидақ қожамен де тез кездесе алмады. Жоқ жерден Кенесарының өзімен сөйлесуге мәжбүр болды. Бұлар бір мың сегіз жүз қырық екінші, Барыс жылының көктемінде кездесті. Кенесары өткен жылғы қара суық күзде Перовскийдің жарлығы бойынша Қоқан жерінен қайтып келген соң, жылдағы әдеті бойынша қалың әскерін елді-еліне таратты. Өзі азғантай төлеңгіт аулы мен төрт жылдан бері бауыр басқан Торғай өзенінің жоғарғы сағасындағы қыстауында қысты тыныш өткізіп шықты. Перовский мен Генске өкпелегендіктен қыс ішінде олармен хабарласа қоюды да жөн көрмеген. Бірақ осы Барыс жылының басында Орынборда Генстің үйінде жетім балаларға тәрбиеші болып жүрген Алтыншашқа жолығып қайтқан Байтабын суық хабар әкелді. Патша ағзам жақында Перовскийді орнынан алып Орынбор әскери губернаторы етіп генерал Обручевті тағайындапты-мыс. Байтабын; «Сірә, Генсті де босататын көрінеді, ісін тексеруге жіберіпті», — деп келген. Бұл хабарды естісімен қыстан тыныш шығуға айналған Кенесары түсінен шошып оянған адамдай қобалжи бастаған. Қарамағындағы рулардың басшыларына ат шаптырып «әскерлерін жылдағыдан гөрі ертерек, қар кетісімен, көк шығуға қарамай-ақ, Қара Кеңгірдегі Алашахан моласының жанына жеткізсін», — деп хабарландырған. Өзі де сұрапыл соғарын сезген шағаладай әлденеге мазасы кетіп, біртүрлі тынышсыздана түскен. Өйткені бұлармен тіл тауып, бітімге келгелі отырған Перовскийді патша ағзамның тегін түсірмегенін сезген... Және астыртын Орынборға жіберген кісі арқылы, Генстің үйінде анда-санда бас қосатын офицерлердің сөздерінен «Обручевтің Кенесарыға сенбейтінін» Алтыншаш та хабарлаған. Бұрын Перовскийдің тәк-тәгімен әзер жүрген Горчаковтың енді бұған шабуыл жасайтынын Кенесары бірден ұққан.

Осындай қобалжуда көкек айы өте бастаған кезде, Кенесары азырақ бой сергітіп қайтайын деп қасына өзінің батырларын ертіп Ақсақал төбедегі тоқал әйелі қыстауының маңындағы қалың жыңғылды қыратқа аң аулауға шыққан. Бұлар жоқта, Батыс Сібір генерал-губернаторы жіберген есауыл Сотников басқарған әскер Қара Торғайда отырған Күнімжан аулын шабады. Біраз малы мен екі баласын қоса, Күнімжанның өзін бас етіп, он адамды ұстап алып кетеді.

Бұны естіген сұлтан аңнан қайтып келіп, Күнімжанның аулын кім шапқанын біле алмай әуре болып жүргенде, арасында он күн салмай, есауыл Сотников енді Ақсақал төбедегі Кенесары тоқалы мен Есенгелді, Саржан ауылдарына тиеді. Абайсыз отырған елді қанға бояп, жүзге таяу адамды шауып өлтіріп, мың түйе, үш мың бес жүз жылқы, он мың қоймен бірге жиырма бес адамды тұтқын етіп айдап әкетеді.

Горчаковтың бұл қылығына Кенесары бұлқан-талқан болып ашуланады, өзіңе кісі қыру керек болса, мен де көрсетейін деп атқа мінеді. Міне осылай ызаға әзер шыдап жүрген күндердің бірінде, ордада қағаз жазып отырған Жүсіпке:

— Ертең сарбаздарымыз бас қосамыз деп уәделескен Алашаханның моласына жүреміз, барасың ба? — деді.

— Барамын, — деп жауап берді қанды оқиғалардың таяп келе жатқанын онсыз да сезіп жүрген Жүсіп ойланбастан.

Ертеңіне өзін қорғайтын Батырмұрат басқарған жасағымен Кенесары Алашахан зираты тұрған Қара Кеңгірге бет алды. Өзге батырларына да тез жетсін деп хабар берді. Бұл көкек айының аяқ кезі еді. Жер жаңа кеуіп, көгал шөп жылдағысынан ерте ду ете қалған. Арқадағы әлі бекініс салынып, мылтық дауысы аң-құсын үркітпеген Арғынаты, Ұлытау, Кішітау, Айыртаулар алыстан мұнарлана көрініп, қиялыңды тербеткендей. Оның үстіне кең дала биыл өте-мөте көркем еді. Жел соқса құлпыра түскен шалғын. Иісі жұпардай аңқиды. Бетіңнен сүйген көктем желі. Ойында да, қырында да, көлінде де, шөлінде де сыңсыған құс... Табиғаттың осыншама сұлу суретін көріп мас болғандайсың. Қиялың көктем желіндей сар далаңды шарлай кезеді.

Кенесары осы ғаламат жерден расымен айрылам ба дегендей жан-жағына қайғыра қарап келе жатты. Екі баласы мен Күнімжаннан айырылғаннан бері тіпті өзгеріп кеткен. Бөлтіріктерінен айрылған бөрідей әбден қанкөзденіп алған. Жұртпен де тіс жарып сөйлеспейді. Бар зәрін ішіне сақтап бетінен қан-сөлі қашып, ақ сары жүзі сұрлана түскен. Қимылы, жан-жағына қадала көз тастаған келбеті, қайғыдан гөрі Кенесарының жүрегін ашу-ыза, кек билегендей.

Кенесарының жанындай жақсы көретін әйелі мен балаларынан айрылғанынан да басқа жүрегін өртеген күйігі бар. Жүсіп оны да біледі. Ол күйік — сұлтанның Арқа мен Кіші жүздің ел билеген кейбір би, ақсақалдарын өзіне ерте алмағанынан туған күйік.

Орынбор әскери губернаторының қарамағындағы орыс станица, бекіністеріне тимегенмен Кенесары ереуіліне қосылмаған ауылдарды шауып, малдарын айдап алуды тоқтатпаған. Ондағы ойы ақылға көніп соңынан ермеген жұртты талаумен, сойылмен қорқытып ергізу болатын. «Өз еркімен теңдігін, жерін бермеген қазақ ауылдарын орыс генералдары солдат шығарып, қырып-жойып, қорқытып тартып алғанда, біз неге сөйтпейміз», — деп ойлайтын ол. Кенесары осы қорқытуды өзінің ел билеудегі бір ыңғайлы құралына айналдырған. «Қорқа-қорқа батыр болдық» дегендей, сойылы тым батқан жұрттың түбі өзіне жауға айналатынын ол ескермейтін. Ескергісі де келмейтін .

Кенесарыға ермей жүрген ел билеген адамдардың бірі Орта жүздің биі Жаңбыршының Балғожасы еді. Ол өзіне жақын жерде салынып жатқан Торғай бекінісіндегі солдаттарға арқа сүйеп, сұлтанның бірігейік деген сөзіне тіпті құлақ ілмей қойған. Осыған ызаланған Кенесары өткен жылы биді әдейі қорлағандай аулына қарындасы Бопай батырмен үш жүз сыпай жіберіп, Балғожаның бар малын айдатып алған. Малын қайтарып берсем Балғожа енді соңыма ерер деген Кенесары биыл оған кісі салған. Хатшысы Сидақ қожаны шақыртып алып, бір жағы бұйрық, бір жағы өтініші етіп оған өлеңмен хат жаздырған.

Кенесары хатында Балғожаны мақтай, түбі жеріңді, еліңді орыс патшасы алады деп қорқыта келіп:

...Арғын, Қыпшақ ағасы!

Жыртылмасын, жарқыным,

Еліміздің жағасы.

Қанғандай-ақ болды ғой

Бұл қазақтың таласы,

Ойда Қоқан, қырда орыс,

әкім болды қаласы.

Кімнен таяқ жегендей

Біздің қазақ баласы.

Быт-шыт болып жүргені —

Аузының аласы.

Тізгін берсе Кенеге,

Қанат қосса жебеге,

Қырмақ түгіл жауыңды

Дал қылмасқа немене! —


деп өзіне қосылуға шақырған.

Бірақ күш Кенесарыда емес, мол әскерлі ақ патшада екенін білетін Балғожа Кенесарыға қосылғысы келмейді. Аулын еркек емес, қатын Бопай шапқанына ызаланған би, тоналған малын садақа қылып, Кенесарыға улы тілді өлеңмен ашулы жауап қайтарған. Ол жауабының бір жерінде:

Қапияда кенеттен,

Орға түсер боларсың,

Қайтып шықпақ зор болар.

Сенің, сұлтан, дұшпаның

Жалғыз орыс емес-ті,

Қайда барсаң алдыңда

Құрулы тұрған тор болар.

Райыңнан қайтпасаң,

Түбінде әділ басың қор болар.

Былай барсаң Қоқан бар,

Қоқаңдаған әкең бар.

Былай барсаң Үйсін бар,

Үйсін толған байсын бар,

Жүрекке түскен түйсін бар.

Былай барсаң Бұқар бар,

Жайын болып жұтарлар,

Тау жайлаған қырғыз бар!

Жүрекке түскен бір мұз бар,

Артыңда қалған орыс бар,

Байғұс-ау, мұнда саған қайда қоныс бар!..


— деп Кенесарыға сен түбінде қор болып өлесің деп қорқытқан.

Қатеңді досыңнан қасың көреген. Бұл хат Кенесарының ең жаралы жеріне тиген. Сұлтан бар сұмдық салмағын салғалы тұрған жан-жағын қоршаған жауы барын Балғожа бисіз де білетін. Кенесары бұған ашуланған жоқ. Жауының көп екеніне көне тұра, бәріне жалғыз өзі қарсы шыққан жоқ па? «Не ойлаған арманға жету, немесе сол жолда құрбан болу!» — Сұлтанда бөтен шешім жоқ. Оны ашуландырған, ызаландырған — ел ағасы деген Балғожа би сияқты адамдардың Кенесарының осындай қиын жағдайында, қол ұшын бермегені, Кене ханға бас иіп, Абылайдың ақ туын көтерісудің орнына, іргесін мүлде аулақ салып, Россия патшалығына бет бұрып кетуі.

«Жарайды, менің жанымды түбі орыс, Қоқан, қырғыз біреуі алады екен ғой. Балғожа би, сен соны дәтке қуат етіп қуанады екенсің, оған дейін мен сенің жаныңды алайын!» деп Кенесары сол күні түнде бидің аулын қайта шауып, өзін ат құйрығына байлап өлтіруге бес жүз сарбазымен Жанайдар батырды аттандырды.

Бірақ Жанайдар батыр сұлтанның арманын орындай алмады. Жорыққа кетіп бара жатып, жолай қыз күнінен көңілдес Бопай аулына бір түн түнеп, дер кезінде бидің аулына жете алмады. Кенесары ордасымен жасырын хабардар болып отырған Балғожа аулына Жанайдар батырдың шыққанын естіп, қарамағындағы бес жүз үйді ертіп көтеріле көшіп, Ор қаласының ар жағына қашты. Бидің жұртын сипап қалған Жанайдар батыр өзіне қарсы шыққан Ахмет сұлтан-правительдің солдаттарымен атысып, одан соң Сырға қарай көшіп келе жатқан Күкір бидің аулын шауып, көп малын олжа етіп қайтты.

Балғожадан айрылып қалуының шын себебін білмейтін Кенесары Жанайдар батырдың бұл олжасына да риза болды. Бірақ жазған хат Кенесарының есінен шықпай-ақ қойды.

Сұлтанның соңғы кезде тым тұнжырап кетуіне себеп болған осы хат екенін Жүсіп-Гербурт те жақсы білетін.

Бұлар Алашахан моласы тұрған Кеңгір өзенінің жазық беткейіне жеткенде басқа жақтың батырлары әлі келмеген екен. Кенесары шатырларын тігіп, сарбаздарды осы жерде күтпек болды. Арада үш-төрт күн өтті. Азық-түлігін түйеге теңдеп, әскерлерін соңдарынан шұбатып батырлар да келе бастады. Торғайдан Иман батыр, Елек пен Ырғыздың ортасын жайлаған Табыннан Жоламан батыр, өзінің үзеңгілес серіктері Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Құдайменді батырлар алдымен жетті. Көп кешікпей Жанайдар мен Бопай да келді. Бірақ Кенесары әлі ешкіммен тіс жарып сөйлескен емес. Жайшылықтағы ақылгөйлері, соғыс ісінде кеңес беретін қанды көйлек серіктері Таймас пен әбілғазы да тіл қатпай қойды. Екі көзі қанталап, жұқа ернін тістеніп, жалғыз сергелдеңге түсуіне қарағанда ол енді бір батыл шешімге келген жан секілді. Сол шешімін орындауға тек ыңғайын күтіп іштен тынғандай.

Кенесары жасақтарының бас қосар жері Алашахан бейітінің жаны. Бұл ара, үш жүздің қазақтарына тең орталық. Есіл, Нұра бойын жайлаған Орта жүзге де, Елек, Жайық жағасындағы Кіші жүзге де, Балқаш пен Сыр, Жетісуды мекен еткен Ұлы жүзге де жер кіндігі. Оның үстіне Алашаханды қазақ өзінің ең алғашқы ханы деп білетін. Сол себептен Кенесары Абылай атасының сүйегі жатқан Түркістан көп руға қашық болғандықтан, еліміздің хандық туын тіккен ортасы еді ғой деп ырым көріп әдейі осы араны қалап алған.

Алашаханның моласы қазақ елінің ең алғашқы хандық туын тіккен он төртінші ғасырдың аса бір көрнекті ескерткіші. Жасыл төккен жазық далада көк отаудай алыстан көзге түседі. Бұл — тана көзденген өрнекті құмайт кірпіштен қаланған, биіктігі мен көлденеңі бірдей, зәулім төртпақ мола. Үстінде көгілдір сырмен бояған үлкен күмбезі бар. Күмбездің төрт жағында, моланың төрт бұрышына тұрғызылған ақ кірпіштен қаланған әшекейлі төрт шағын мұнара... Күмбездің астына тас баспалдақпен көтеріліп баратын кең далыз. Ал моланың өзінің іші кең бөлме. Ортасында Алашаханның қабірі. Томпиған қабір топырағының үстіне ескі шүберектердің қиқымдары мен жылқының қуарған қу бастарын, аттың жал құйрығын үйіп тастаған. Әр жерінде ағаш найзаның ұшы көрінеді. Топырақ үстінде де бірнеше атам-заманғы қарағай найзалар жатыр.

Алашаханның жанында тағы екі мола бар. Бірі биіктігі он құлаштай, шым кірпіштен құйған әмбұлақ ханның моласы, одан әріректе Алашаханның моласына ұқсаған, тек кішірек Жошы мазары. Бұл үшеуі де қазақтың ең алғашқы хандық құрған дәуірінің мұралары. Үшеуі жайында да сан түрлі аңыздар бар...

Кенесары қазір осы бейіттердің күнгей жағымен келе жатыр. Соңынан ерген ит тәрізді анандай жерден Қараүлектің салбыр бейнесі көрінеді. Сұлтан ашулы. Қайда бара жатқанын өзі де аңғармайтындай, қабағын қарс жауып сылбыр аяңдайды. Кенесарының қазіргі ашуының себебі бар. Осыдан он күн бұрын «Кенесары көкиығы» деп аталатын биіктің Қостанай жағындағы көл жағасындағы жайлауға көшкен Балғожа бидің аулына бір топ орыс балықшылары шықты дегенді естіген. Орынбор губернаторын Балғожа биге өшіктіру үшін жансыз барып балықшы орыстарды қырып келіңдер», — деп бір топ жігітпен Байтабынды жіберген. Бүгін сол Байтабын қайтып келген.

— Жарлықты орындадың ба? — деген Кенесарының сұрағына, Байтабын сазара тұрып «жоқ» деп жауап қайырған.

— Неге? — деп Кенесары қайта сұраған.

— Хан ием, — деген Байтабын тізе бүгіп, — Балғожа биге жала жабу үшін жазықсыз балықшыларды бостан-бос қыруға дәтім бармады, кешіріңіз.

Соңғы жылдары Байтабынның өзгере бастағанын Кенесары аңғарып қалған. Батырдың өзі де мұнысын жасырмаған. Дегеніне көнбеген бір ауылды шапқаннан кейін сұлтанның өзіне де орынсыз қан төгудің керексіздігін айтқан. Кенесары іштей кектенсе де «өз еліне жаны ашығаны-ау» деген де қойған. «Ал бұл жолғысы не? Кімге жаны ашығаны?» Бағана көп жылдан бері еңбегі сіңген батырына «бұйрығымды орындамағаныңды бір жолға кешірдім», — деп сыр бермесе де, қазір оңашада ашуға шыдай алмай келе жатыр. «Жоқ, жоқ, — деді ол бір кезде, — тағы да бір сынап көрем. Егер Кіші жүзім деп жауымды наркескендей алып түспесең өз обалың өзіңе». Осындай шешімге тоқтаған Кенесары сәл басылайын деді. Ол енді жан-жағына ойлана қарады. «Бағана осы жаққа Жүсіп кетіп бара жатыр еді ғой? Қайда екен?» Сұлтан енді кілт бұрылып теріскей жаққа қарай аяңдады.

Ал Гербурт-Жүсіп қолы бос уақытта осы Алашаханның моласының жанына келіп отыруды жақсы көретін. Оған осы айбарлы мола бір ғажайып асыл мүлік болып көрінетін. Моланың оқ-дәрі бұза алмайтын кірпіштерінің қандай құм-топырақтан құйылғанын, бес жүз жылдан бері алғашқы күндегісіндей түсін әлі жоғалтпай тұрған күмбез сырының неден жасалғанын түсіне алмай таң қалатын. Көшпелі елдің жүздеген жылдар бойы сар даланың желі мен жаңбырына шыдап келген осындай әсем ескерткіштер жасағанына мәз болатын.

Жүсіп бүгін де осы мазарға келген. Бір төбешіктің басына отырып алып, өлең жазуға кірісті. Тағдыр жазып, сонау қадірлі Польшасына қайтар болса Алашахан моласы да есте қалсын...

Көз жетпейтін жасыл дала,

Көргені азап, қиянат...

Ортасында ақ шағала,

Тұр күмбезді бір зират...
Өлең шумақтары асау өзеннің көк толқынындай бірінен соң бірі туып, бірін бірі баса-көктей, жер кемеріне сыймаған дариядай Жүсіптің де тар кеудесіне сыяр емес. Біресе қиял оны ұшқыр қанатына отырғызып ап ақша бұлттар жүзген көгілдір аспаннан да жоғары ала жөнеледі. Біресе тынық су бетінде ақырын тербелген қайықтай жан сезімі сәл тыныштала қалады да, кенет дауыл ұрғандай астан-кестен боп жүрегін ашу кернейді. Жүсіп бар әлемді ұмытқан: өзінің қайғылы халін де, Кенесары ереуілін де, қымбатты Польшасын да тек өлең дүниесіне, шабыт дүниесіне кіріп кеткен. Осындай халде отырғанында кенет біреу иығына қолын салды. Жалт қараса Кенесары екен. Анандай жерде Қараүлек тұр. Жүсіп шошынайын деді. «Не жазып қалдым?» Енді өлең дүниесі де, қиял, шабыт, әсем сәнді сезім әлемі де бірден ғайып болды.

— Қорықпай-ақ қой, — деді оның ойын түсіне қалған Кенесары, — сенің еш күнәң жоқ, — сөйтті де Қараүлекке «кет» дегендей қолымен ишарат етті. Анау бөтен жаққа көңілі ауған жайылып жүрген атан түйедей аспай-саспай бұрылып, шатырға қарай балпаң-балпаң басып жүре берді. — Сені көрген соң әдейі бұрылдым. Сөйлесейін деп едім... Шыныңды айтшы, туған еліңді сағындың ба?

Жүсіп шынын айтты.

— Сағындым. Әттең алыс, қашып кетер едім...

— Қашып кетер едім? Бұрын бұндай сөз айтпайтын едің ғой, әлде біздің көтерілісіміз сені қызықтырмайын деді ме? Өзімнің туған жерімде қалған арманымды сендерден таптым деп едің ғой. Сол сөзің әлі есімде.

— Ол сөзді мен қазақ елі өзінің еркіндігі үшін күресіп жүрген кезде айт-


қам. Польша бұқарасы Россия патшасының отаршылық ісіне қандай қарсы болса, мен келіп қосылған шақта қазақ халқы да сондай қарсы еді. Сендердің күрестерің маған ұнаған. Польшада қалған арманымды, осында тапқандай болғам. Ал қазір...

— Иә, қазір?.. Әлде сен бізді түскен жолымыздан адасты деп ойлайсың ба?

Жүсіп не болса да шынын айтуды мақұл көрді. «Мүмкін менің сөзім ой салар», — деді ол ішінен.

— Иә, Кенеке, — деді Жүсіп тікелей қарап, — сен өзіңді хан етіп ақ кигізге көтерткізгеннен бері, ұстаған жолың да, алдағы мақсатың да басқаша... Сенің күресің енді байлардың үстемдігін қорғайтын хандықты сақтау күресіне айналып барады. Бұдан қалың бұқараға келер қандай пайда бар? Кедей жұртқа өз ханына бағынды не, орыс патшасына бағынды не, бәрібір емес пе? Бұрын өзінің күн көрісі болған шұрайлы жерін, балықты көлін орыстың князь, генерал, графтарынан қорғап, қолына сойыл алған ереуіл бір басқа да, Абылай заманын көксеп, қазақты орыстан бөліп алып, қанын жеке сорамыз деген сұлтан, би, ақсақал, хан үшін күресу бір басқа. Бұл күрес тіпті зиянды, ол орыс пен қазақ халқының жақындасуына бөгет болады! Ал екі бейнетқор халықтың бірігуінде, жақындасуында олардың бар болашағы, бар алдағы жарық күні тұр.

Жайшылықта сөзге сараң, ұстамды Кенесары кенет бұлқан-талқан боп ашулана қалды.

— Қаны басқаның — жаны басқа деген осы. Абылай атамның жолын қуып арпалысқа шыққанымда орыс пен қазақты біріктіру үшін шықты дейсің бе? Жоқ, Жүсіп, Россия — дария, біз кішкентай ғана мөлдір бұлақпыз. Мөлдір бұлақ суы дарияға құйғанда несі қалады? Дария суы ащы болса, бұлақ суы да ащы болады, дария суы тұщы болса, бұлақ суы да тұщы болады. Бұлақтың бар болашағы тек дарияның ғана еркінде қалады. Менің күткенім сондай өмір ме? Жоқ, бұлақ дария болмай-ақ өз бетімен аға берсін дедім. Біз Россия патшасына бағынсақ ел деген аттан айырыламыз. Жоқ, қазақ бұрын Абылайханға бағынса, енді оның немересі Кене ханға бағынады. Өзім билеймін...

— Қалай билейсің? Жерінен, суынан айырылған жұрт ертең қайтара алмайтынына көзі анық жеткен күні, сенің соңыңнан еруді қояды, Кенесарының хандығын сақтаймын деп бостан-бос қырыла бере ме?

Кенесары кенет шабатын барыстай жиырыла қалды, шегір көздері қанталап, оң қолы беліндегі наркескеннің сабын кенет қыса ұстады.

— Сенің дос екеніңді білмесем... — деді ол ентіге сөйлеп, сөйтті де қолын наркескеннің сабынан қайта алды, — еліңді қалай билейсің дейсің бе? Россия патшасы бізді қалай билемек болды? Зеңбіректің оғыменен, жалаңаш қылыштың жүзімен емес пе? Мен де сөйтем. Дегеніме көнбеген елді аттың сауырына, қамшының бауырына аламын. Кімде-кім айтқаныма көнбейді екен, Кенесарының жасыл туының астында жүргісі келмейді екен — ол менің жауым. Россия губернаторы қандай қасым болса, о да менің сондай қасым. Не оларды өз дегеніме жүргізем, не біржолата қырып, жоқ етем. Екі шешім болуы мүмкін емес. Жауын өзі аяған өзі мерт болады. Бұрын жұртты жер-суыңды алып беремін деп ертсем, енді хандығыңды қорғаймын деп ертемін. Күшпенен қорқытып ертемін! Дәл осы айтқанымды ертең Жаппас руынан бастаймын. Бір үйін бос тастамай түндігін қылышпен турап, тайлы-таяғына дейін қалдырмай айдап алам!

Қыс Сырды мекендеп, жаз Торғай бойын жайлап көшіп жүретін Жаппас руының билері Көбектің Алтыбайы мен Төлегеннің Жаңғабылы көптен бері Кенесарыға екі жүзділік көрсетіп келген. Қолдан келер қуат жоқ, іш қазандай қайнайды, сондықтан амалсыз жүрген. Доспыз деп ауыздары айтқанмен, іс жүзінде қастықтарын көрсете берген. Ел басын біріктірем деген Кенесары бұл билердің өз руларында ықпалды екенін еске алып жеңіл-желпі күнәләрін кеше салатын. Ал бұл билер ауылдары Сыр бойын жайлап, Торғайды қыстайтын. Жылқысын Мұғажар тауының ығына тебінге айдап, қойларын Орынбор шекарасында казак-орыс жерінде ұстайтын. Кенесары Торғайға көшіп келгелі, жайылымымыз тарылды деп екеуі бірдей наразы болатын. Кейде зекет те төлемей қоятын. Осыдан барып Кенесары мен билер арасында қырбайлық күшейе түскен еді. Оның үстіне биыл Торғайды қыстап қалған Алтыбай аулының он шақты жігіті жер білмейтін Сотников жасағына жол көрсетіп, Күнімжан мен Ақсақал төбедегі Кенесары ауылдарын шабуға қатынасқан. Бұны естіген Кенесары билерге өшігуде. Сұлтанның қазіргі кіжінуі сол өштіктің салдары.

— Жаппас ауылдарының қандай жазығы бар? — деді Жүсіп Кенесарыны тым ашуландырып алмайын дегендей, қаймыға сөйлеп, — жазығы жазғы жайлауын Арқадан көшіп келген елдердің жайлағаны ма?

— Ал Арқа елдерінің қандай жазығы бар? Жерін орыс губернаторлары тартып алғаны ма? Күнімжан ханша мен Ақсақал төбедегі аулымды шапқан Сотников жасауылдың әскерін кім басқарып келді? Жаппас жігіттері екенін білмей-


сің бе?

— Басқарып келген бір он шақты жігіт шығар. Ал қатын-қалаш, басқа жұрттың қандай күнәсі бар?

— Өзгесі күнәсіз болса күнәкарларын өздері неге жазаламайды? Бәрі Алтыбай бидің адамдары. Серкесі қайда бастаса, жұрты соңынан ереді.

— Онда Алтыбайдың көзін жой. Өзге жұртқа тиюдің қандай қажеті бар.

— Алтыбайдың да Алтыбай болып отырғаны соңынан ерер елі болған соң емес пе? Егер соңынан ерер жұрты жоқ болсыншы, көрейін мен оны!

— Сондықтан жазықсыз елді құрту керек пе? Одан да Алтыбайдың өзінен алу керек өшті.

— Жоқ, елі де жазықты. Жазықсыз болмаса, Алтыбайдың соңынан неге ереді?

— Мүмкін қорыққанынан еретін шығар? Айтқаныма көнгісі келмейтін елді дегеніме қорқытып жүргізем деп сіз де айтып тұрған жоқсыз ба? Қайдан білесіз, Жаппас руының қарашысы сізге ергісі келетін шығар, тек Алтыбайдан қорыққасын, амалсыз оның дегенінен шықпай отырған болар.

— Алтыбайдан қорқып Жаппас Кенесарыға қосылмай отыр дейсің бе? Сенің айтқаныңды дұрыс делік... Шынында да қазақ қорыққанын сыйлайды. Бүгін Жаппас руын шапсам, ертең Шекті өзі келіп қосылады.

— Онда Жаңбыршы ұлы Балғожа би неге келіп қосылмады? Сіз ол ауылды бір емес, екі рет шаптыңыз ғой.

— Балғожа би қорқау қасқыр секілді қорқақ. Ол орыстан қорқып отыр, содан маған қосылғысы келмейді. Жалпы алғанда қара қазақ — қорқақ жұрт, Балғожа би де қарадан шыққан.

— Кене хан, бұныңыз қате секілді. Мен көрген қазақ батыр халық. Қорқытып соңымнан ертемін деп жүргеніңізде оларды өзіңізден қашырып алмаңыз.

Кенесары кенет тұнжырап кетті. Шықшыттағы күре тамыры бүлкілдей ойнап, демін әзер-әзер алды.

— Сен Таймастан да, әбілғазыдан да ақылды екенсің, — деді Кенесары сәл булыға сөйлеп, — бірақ енді халықты қорқытып қосудан басқа қандай жол қалды? Биыл жиналатын он мың әскермен Россия патшасы түгіл, Қоқан ханын жеңе алмайсың. Қоқанның өзіндегі таңдаулы галабатыр әскерін былай қойғанда бір ғана Эрмазар қорғанында он екі мың жауынгері бар... Оған На-


манған, Андижан, Ош, Тақты Сүлеймен, Шархия, Ангара, Құрама, Ходжент, Ұратөбе, Ташкент әскерлерін қосып көр. Біздің Сыр бойындағы жұртпенен бас қосқандағы күшіміз жетері бар болғаны Ташкент. Бұның өзіне де рұқсат беріп отыр ма, өзіңе белгілі. Орынбор бастықтары мені Аллақұл ханнан он бес мылтық, бір арғымақ алды деп кінәлап еді. Ол өліп еді оның баласы Рахманқұл ханнан ер-тоқымы алтындатқан үш арғымақ, үш қылыш, он екі мылтық, екі бас қорғасын сыйлық келді. Маған жіберілген тарту-таралғыға қарап Орынбор бастықтары мені Хиуа ханын жақтамақ болып жүр дейтін көрінеді. Хиуа мылтықтары жақсы, үш жүз қадам жердегі құсты құтқармайды. Ал «Көктолғай» секілді ақалтеке арғымақтары тек жауға мінуге жаратылған. Бірақ жұрт Кенесарының кім екенін білмейді. Мен Хиуа ханының жұмсауына жүруден көрі, Хиуа ханының өзімнің жұмсауымда жүргенін жақсы көретін адаммын. Хиуаға ұзын ырға сенім білдірген болсам, оның маған сеніп Бұқар ханымен өштесе түссін дегенім. Қазаққа Бұқардың да, Хиуаның да, Қоқанның да күшейгені керек емес. Үш қасқыр бірін бірі таласын, мүмкін үшеуі бірдей әлсіреген кезде бізге де пайда түсер? Енді өзің ойлашы, он бес мың салт атты сарбазбен Россия патшасын да, Қоқан ханын да жеңе алмайсың. Ал Орынбормен қан төгіспей бітімге келеміз деген ниеттің неге апарып соққанын өзің де көріп отырсың. Күнімжан мен екі баламнан айырылғаннан басқа не таптым? Енді не істеу керек? Қой секілді үн-түнсіз аяқ серіппей бауыздала бер дейсің бе? Ең болмаса ешкі тәрізді бақырып өлген құрметті. — Кенесары кенет сұстана қалды. — Бірақ мен ешкі де, қой да болмаймын. Ажал табар болсам батырларша ажал табам. Көшіп-қонар жеріміз әлі де бар, әлі де алысам. Бұрын құр ғана ереуілшіл ел болсақ, енді хан билеген елміз. Жауымыз бізбен санасуға мәжбүр болады. Ал мұны істей алмасаң...

— Оны істей алмайтыныңызға көзіңіз әлі де жеткен жоқ па? — деді Жүсіп Кенесарыны кенет аяп кетіп.

— Көзім әлі әбден жеткен жоқ. — Ол кенет шаршап кеткендей болды. — Бірақ сен дұрыс айтасың... Жерін алып бере алмайтынына көзі жеткен қазақ әлі-ақ ертең тарай бастайды. Ал оларды таратпау керек.

— Қалай таратпайсың?

— Күшпен таратпаймын! — Кенесары кенет ызалана дауыстап жіберді. — Күшпен басын қосамын! Көнбеген ауылды шабамын, қарсы келгенінің басын аламын. Көнбей көрсін!

— Өйтіп жұртты қырып хандық құрудың қанша қажеті бар? Өз елің, өз жұртың емес пе...

— Кенесарының жасыл туының астына кіргісі келмеген жұрт жұрт емес! — Ол бұрынғысынан да сұрлана түсті. — Ондай елдің мейлі қаны судай ақсын, мейлі бәрі қойдай бауыздалсын, егер оған қабағымды шытсам, Абылай атамның аруағы атсын!

Жүсіп Кенесарының мұндай түрін бұрын көрген емес. Және оның нағыз шын сырын дәл қазіргідей шешіле айтуын алғашқы рет естуі. Кенесарының айтқанын орындайтынына Жүсіп күмәнданған жоқ. Өйткені төре тұқымдарының халықты қоймен тең көретінін, қаныпезерліктің арқасында қалың бұқара тағдырын ойыншық санайтынын бұрын да білетін. Ал Кенесарының ойлаған мақсатына жету үшін қара халық түгіл, өзінің туған әкесін де құрбан ете алатынына талай рет көзі жеткен. Мұндай жауыздық қаракетпен арманға жету әдісі Шыңғысханнан, Ақсақ Темірден қалған. Шыңғысхан қанішерлікте болат қанжар болса, Кенесары сол қанжардың кішкентай сынығы. Болат қанжардың қанға суарылған сынығы. Араларында алты ғасыр өтсе де қанқұмарлық түбі бір. Одан қайда кетеді? Жүсіп енді әбден ашынған Кенесарының ешкімді аямай, дегеніне көнбеген елді қанға бояйтынына шек келтірмеді.

Өзі де солай болды. Бұрын тек өшіккен аға сұлтандардың, би, датқалардың аулын шауып, малын айдап алатын болса, енді солардың қарамағындағы жазықсыз елдерді де шабуға кірісті. Патша үкіметінің санағы бойынша Кенесары он жыл көтерілісінің ішінде жүз жетпіс бес ауылды тонап, бес жүз жазығы жоқ кісі өлтіріпті. Соның бестен төрті ақырғы бес жылына жатады.

Кенесарының шешімінен жаны түршігіп кеткен Жүсіп, ханды орынсыз қан төгуден тоқтатқысы келді.

— Алтыбай аулын шапсаңыз, өзіне берілген бидің өшін қайтарамыз деп патша үкіметі қатты шара қолдануы мүмкін. Олардың қолында қазір екі балаңыз бен Күнімжан ханшаның барын ұмытпаңыз. Егер Алтыбай аулында қан төгілсе...

— Аршабоқ пенен Обыріш менің де қатын-баламды өлтіреді дейсің бе? — деді Кенесары, ауыл қазақтарының қойған аты бойынша Горчаковты «Аршабоқ», Обручевті «Обыріш» деп атап. — Жоқ оны істемейді. Онда мен қолымдағы есірей орыстарды өлтірем. Және орыс жанаралдарына біздің бірімізді біріміз қыра бергеніміз тиімді емес пе? Жерлері кеңиді. Ал алда-жалда...

— Иә, алда-жалда?...

— Саған айттым емеспін бе, өз дегенімді істеу үшін ештеңеден де тайынбаймын деп?..

Жүсіп шошып кетті. Кенесары оған бір аяу, мүсіркеу, қиналу дегенді білмейтін тас мүсін тәрізді көрінді. «Иә, бұл тас мүсін, мұнда жүрек жоқ. Жүрегі болса өзінің жақсы көретін қатын-балалары жайында бұлай дер ме еді?.. Мұндай адамды түсіну қиын. Жоқ, бұл адам емес, қара тас. Ал мейірімсіз қара тасты қалай түсінерсің... Әлде осындай қара тас болуға ашынғанынан барып отыр ма?»

Кенесары тағы да оның ойын бөліп жіберді.

— Сен мені өз бөлтірігін аямас бір қорқау қасқыр екен деп тұрған шығарсың, — деді ол, даусы кенет дірілдеп кетіп, — олай ойлама! Менің де жүрегім бар. Әйелім мен балаларымды мен аясам да олар аямайды. Болар іске болаттай болу керек. Әйтпесе қайғы деген қашан да болса адастырады. Адаспас үшін қайғы дегенді біржолата жүрегіңнен қуу керек. Бүйі қысылғанда өзін өзі шағып өлтіреді. Мен сол бүйі құрлы жоқпын ба? Өзін аямаған кісі аузын қан етеді. Қатын-баламды да құрбан ете алатынымды жауым көрсе, менен бұрынғысынан да қорқады. Ал қорықпаған жерде сыйласу жоқ, хан деп санасу жоқ. Ал егер хандығымды берік ұстағым келсе, елге де өз басыма да аяушылық етпеуім керек. Қаталдық жеңістің ең керек шарты.

Жүсіп енді Кенесарыдан шын шошынды. Кенет оның алдына осыдан үш жыл бұрын Сыздықты қалай сынағаны елестеп кетті. Жүсіп балажан болатын. Бірақ о жолы Сыздықты пышаққа түседі деп аяған жоқ. Аяған болса бұлай сынамаңыз деп Кенесарыға жалынар еді. Жүсіп оны істемеді ғой. Өзінің осы қылығын ол артынан сан рет ойлады. «Неге мен сонда Сыздыққа ара түспедім? әлде Сыздықты мен бірдеңеден жек көрдім бе, немесе онда адамның ішін жылытпас бір мінез бар ма еді?» — деп шешуін таба алмай сан басы қатқан. Сол сұрағына кенет Жүсіп шешім тапқандай. «Ие, ие, дүниеде осы сұлтандар тәрізді қасқыр тектес жандар аз емес шығар. Адам олардың тірі жүргенінен өлгенін тілейтін болар. Жұрт тегі қасқырды немесе бөлтірігін өлтірдім деп опық жемейді. Менің де жүрегімді төре тұқымына деген өзім әлі аңғара қоймаған сондай бір сезім билеген екен... Сол күні Сыздық туралы соншалық қиналмау-


ыма әлгі жасырын сезім себепкер болғандай ғой. Ал қасқыр тектес тұқымының Кенесары шын арланы. Арланы болмаса әлгі жан түршігерлік сөздерді айтар ма еді?»

Кенесарының әйелі мен балаларын қаншалық жақсы көретінін Жүсіп есіне түсіріп, ызаланған сұлтанды орынсыз қан төгіске барғызбас үшін тағы ақыл берді.

— Күнімжан ханшаны балаларымен қазір Ордан Орынборға әкелді деген сыбыс бар, қолымыздағы тұтқын орыс офицерлерімен айырбастайық деп әскери губернаторға хат жазсақ қайтеді?

Кенесары кенет елең ете қалды.

— Бұл табылған ақыл. Барон Уйлер мен есауыл Лебедевті былай қойғанда біздің қолымызда жиырмаға тарта есірей орыс офицерлері бар. Соның бәрін, Күнімжанды бас етіп біздің ауылдан алып кеткен отыз бес адамға айырбастасын. Солай деп хат жаз. Және... — Кенесары ойлана қалды.

— Тағы не айтпақ едіңіз?..

— Жанарал Обыріш келгелі арамыз шиеленіп бара жатыр-ау... Орынбор әскері шықпағанмен Омбы солдаттары қояр емес. Әрине мұның бәрі Аршабоқ пен Обырішсіз болып жатқан жоқ. Орынбор бізбен әзір жауласпай отырса, ол ана Кеністің шаруасы. Ертең Кеніс кете қалса, басымызға әңгір-таяқ ойнайтыны даусыз. Сондықтан күні бұрын Обыріштің өзіне тағы бір хат жазайық. Ақырғы рет алдынан өтейік...

— Хатты не деп жазамыз?

— «Алдыңғы жылы Орынбордың әскери губернаторы мен жанарал Кеніс құрметті патша ағзамның атынан бізге мәнәпөс жариялап, бар күнәмізді кешкен. Мұндай қадірлі адамдардың сөзіне сеніп біз ақ патшаға қарсы мылтық ату мен қылыш жұмсауды тоқтатқан едік... Ал биыл наурыздың жиырма бірінде, өзіміз аңға шығып кеткенде, Омбы қаласынан шыққан Сотников жасауыл басқарған жасақ аулымызды шауып, мал-мүлкімізді талап, Күнімжан сұлтаншаны бас етіп, бірнеше адамды ұстап алып кетті... Бұндай жағдайда жақсылықты бір құдайдан болмаса, орыс бастықтарынан күтуге болмайтынына көзімді жеткізді» де. Және жалынған адам секілді көрінбей, әлі де болса тігім-бітімге келейік деген көңіл білдір...

— Мақұл.


— Оған көнбесе өз обалы өзіне. Боса да бізді аямайды екен, біз де оларды аямаймыз.

— Түсінікті.

— Және осы уақытқа дейін бұлаң құйрыққа салып бізге қосылмай алдап жүрген билердің бәріне де хат жазыңдар. Әсіресе Назар руының ақсақалдары Байтөре мен Қаракүшікке..

— Хатты не деп жазайық?

— «Мені ханымыз деп ұқсын. Айтқаныма көнсін, айдауыма жүрсін. Сөйтсе біз де оған қорғанбыз. Бұрынғы күнәларының бәрін кешеміз. Ал бұны істемесе... Отыз жыл жауабын күтемін, жауап ала алмасам, қалған отыз жылда өздерін жазалаумен өтемін» де... Осындай хатты бізге теріс қарап жүрген Жаппас руларының билері секілді өзге билерге де жазыңдар.

— Жақсы.


Күн де батуға айналған екен. Сөніп бар жатқан алтын сәулесі Алашаханның көгілдір күмбезінің үстінде ойнап, ерекше сәулеттендіріп тұр. Кенесары әлдекімнің аяғының сыбдырын естіп артына бұрылды. Таймас екен.

— Кенеке, Орынбордағы балалардан жасырын шапқыншы келді.

— Жақсылық па, жамандық па?

— Жамандық.

Кенесары сол түсін өзгертпеген қалпында сәл кідірді.

— Қазір жақсылық күту қиын болар... Не дейді Алтыншаш келін?

— Жіберген хабарына қарағанда жанарал Кеніс пен әскери губернатор Обыріштің арасы нашар көрінеді...

— Жаман хабарың осы ма?

— Екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өледі. Екі жанаралдың келіспеуінен біздің қазақ мәселесі күйрейді. Граф Перовский кеткеннен бері біздің бар сенеріміз Кеніс емес пе?

— Қазақ мәселесі күйреп болған жоқ па? Енді олардан не күтесің?

— Үмітсіз тек шайтан ғана, Кене хан. Әлі де болса Орынборменен тіл табу керек.

— Мен тіл таппаймын деп жүрмін бе? Тіл тапқысы келмейтін өздері


емес пе?

— Күштінің арты диірмен тартады, тіл табу біздің жақтан болу керек.

— Сонда, Таймас, тымағыңды алып алдына барып жүгін дейсің бе? Жүгінер де едім, тымағыммен бірге басымды қағып тастамасына көзің жете ме?

— Жоқ, олай жүгінуге болмайды. Қазақ дене болса, сен бассың. Бастан айырылып дене күн көре алмас. Мен тек қалауын тапса қар жанады, басқа жол іздеу керек деймін.

— Сонда қандай жол бар?

— Бұл ойдың түбіне өзім де жете алғам жоқ... Әбден піскенінде алдыңа салармын.

— Жақсы, тағы қандай хабарың бар?

— әскери губернатор бізді құртуға Петербордан тағы он төрт мың ақша сұрапты... Оның үстіне тағы үш мың сом... Ол ақша... Кешіріңіз, Кенеке сіздің басыңызды әкелген адамға сыйлыққа берілмек екен...

Кенесары езу тартып күлді.

— Менің басымның төлеуін соншама арзан санағандары қалай? Өздері бір жылқыны отыз бес сомға бағалағанда, ең болмаса мың жылқы тұрмағанымыз ба? Аршабоқ Петерборға жазған қағазында Кенесары отыз жетінші, отыз сегізінші жылдары Россия патшалығының саудасына екі жүз сексен мың зиян келтірді депті ғой! Осындай жанаралдармен қалай тіл тап дейсің?

— Тіл табу керек. Өйткені олар күшті, сенің басыңа баға қойып отырған солар ғой...

— Күшті екен деп қорыққанымнан тізе бүгем бе? Таймас, әлде сен Кенесарының мінезін білмейтін бе едің?

— Білемін. Білгесін айтып тұрмын. Қиындықта жол таба алмайды десек, хан етіп көтермес едік. «Ашу — жау, ақыл — дос». Бұны қазақ білмей айтқан ба? Көтерілісіміз шаңқай түсіміз еді десек, хандығымыз екіндіміз тәрізді, енді біржолата жер астына күндей батып кетіп жүрмейік, әлі де ойланалық...

— Жарайды, ойланайық. Тағы нең бар?

— Батырмұраттың жасағындағы Гаврилов деген қашқын сыпай... осында келіп жүрген саудагерлер арқылы сенің басыңды алуға Орынборға уәде берген көрінеді. Мұны қысты күні істеу жеңіл депті. Обыріш егер Гаврилов бұны істесе, оның солдаттықтан қашқан күнәсін кешіртемін деп Петерборға қағаз жазыпты. Балалар осы сыпайдан сақ болсын депті.

Кенесары түнеріп кетті. Бағанадан бері үндемей тұрған Жүсіп:

— Гавриловтың өзінің басын алу керек, — деді кенет қатуланып кетіп, — және өзгелерге сабақ болсын, бұл үкімді осындағы қашқын солдаттардың көзінше орындаған дұрыс.

Кенесары ойлана жауап берді.

— Алдымен тексерген жөн... Арам ойы анықталса Қараүлекке тапсырармыз... Жұрттың бәріне сенбегендей, оның ажалын өзгелерге үлгі етудің керегі қанша?..

«Дегенмен бұл ақылды адам, деді Жүсіп ішінен, менікі ағаттық болды. Бір шіріген жұмыртқа үшін, өзгелерге де байқа деп сенімсіздік көрсетудің, әрине, қажеті жоқ...»

Таймас тағы да бірдеме айтқысы келгендей Кенесарыға қарады. Сұлтан оның ойын түсініп:

— Айта бер, — деді енжар, — тағы қандай сұмдығың бар...

— Дәулетші құйып болған зеңбірегін кеше сынаған екен... Заводтағыдай жасау қиын ғой... Әлде салған оқ-дәрі артық болды ма, от қойып атқан шақта күл-талқан бопты. Жанында тұрған Дәулетшінің өзін де мерт етіпті... — Кенесары тұнжырап кетті. Құйылып жатқан зеңбіректерден үлкен үмітті еді. Бұл үміт те құр дәмелендірді де жоқ болды. Ол:

— Топырағы торқа болсын, — деді күрсініп, — жақсы шебер еді, ардақтап көмілсін...

Бұдан кейін үн-түнсіз үшеуі қостарына қайтты.

Үш күн бойы батырлар, сұлтандар, ақсақал, билер жаңа хандықтың қандай болуын талқылап, төрт мәселе қарап мынандай қортындыға келді:

Бірінші шешкендері әскер мәселесі. Бұрын Кенесарының қарамағында сегіз мың атты әскер болатын. Және бұлар жаз жиналып, қыс тарқайтын. Сұлтан маңында қорған боп қысты күні бес жүздей ғана сарбаз қалатын. Кеңес енді әскер санын жиырма мыңға жеткізуді жөн деп тапты. Және бұл әскердің бес мыңы қысы-жазы хан ордасының маңында болады. Әр жүзбасы, мыңбасы өздерінің қарамағындағы әскерін осы жаздан бастап орыс әскерлерінің тәртібімен соғысу әдістерін үйретеді. Мылтық атуды, найза, сойыл пайдалануды, жаяу соғысуды тегіс өтеді. Жүзбасылардан төменгі жауынгерлер кеудесіне үш қатар жасыл жуан жіп іліп, иығына тілдей жіңішке жасыл шүберек тағатын болады. Жүзбасылардан бастап одан жоғарғылары мұндай белгіні қызыл шұғадан етеді. Ал ең жоғарғы қолбасшы Кенесарының өзі үстіне көгілдір шапан киіп, иығына орыс полковнигінің эполетін тағады. Мыңбасына әйгілі батырлар мен атақты сұлтандар тағайындалады. Өзіне сенімді адамдардан мыңбасылар тағайындау ханның өзіне тапсырылады. Бұлардан бөтен жеке мың адамнан мергендер тобы құрылсын делінді. Оған мыңбасы етіп Байтабын белгіленді.

әскерде бұдан былай қарай мықты тәртіп орналсын деп шешті жиналғандар. Тәртіп бұзушыларға Кенесары «шық» деп аталатын жаңа жазаны қолдануға рұқсат етілді. «Шық» тәртіп бұзған адамның бетіне қылышпен, не найзамен белгі салу. Мұндай белгісі бар жауынгер өзінің айыбын ерлікпен, немесе адалдығымен ғана жууға тиісті. Екі рет «шық» белгісі салынған адам — билер сотына түседі, малмен, не басқа ауыр шарамен жазаланады (үй ішінен бір жыл бөлек ұстау, не болмаса қой бақтыру тәрізді). Үш рет «шық» белгісін алған адам, Кенесары тобынан қуылады, ал жазығы ауыр болса, өлім жазасына бұйырылады. Жаңа хандыққа осындай тәртібі күшті әскердің керектігін айта келіп Кенесары, «қазақтың атақты ханының бірі Қасым соғысты жақсы көрмесе де, қарамағындағы бір миллион жанның төрттен бірін атқа қондырып, найза ұстаттырған екен. Екі жүз елу мың әскері бар Қасым ханның айбарынан сескеніп, еш жауы оған қарсы соғыс аша алмаған. Ал біздің заман ондай заман емес, үш жағыңнан бірдей қаптаған жау. Оларға жем болмау үшін бізге айбарлы қол керек. Қазір қарамағымызда бала-шағаны қосқанда бір миллиондай адам бар. Бүгінгі бала ертең жауынгер. Миллионға таяу жаннан жиырма мың сарбаз шығар деп сенемін, — деп сөзін бітірген. Ру басшылары, батырлары Кенесарының бұл ойын мақұлдаған. Және уәделерінде де тұрды. Келесі жазда Кенесарының қарамағында жиырма мың әскер болды.

Екінші қаралған — қалың әскер жинаумен байланысты оны жабдықтау мәселесі еді. Кеңес бір ауыздан хандыққа жататын елден салық алынсын деп шешті. Салық екі түрлі болсын делінді. Бірі мал салығы «зекет». Екіншісі «егін салығы «үшір». Зекеттің мөлшері: қырық қараға дейін салық салынбасын, қырықтан жүзге дейін малы бар адам бір қара, ал жүзден артық малы бар адам, жүзден артық әр қырық қарасынан бір бас беретін болды. Ал «үшір» салығы жайында, осыншама әскерді асырау үшін әр егіншінің жылда алатын бидайының оннан бірін хандықтың қоймасына құйылсын деп шешті жиналғандар. Егін салығына келгенде кеңесте бірталай сөз көтерілді. Кенесары, қарамағындағы Торғай, Ырғыз, Сырдаря, Іле өзендерінің бойы мен көптеген көлдердің жағасын жайлайтын елдерден бұдан былай қарай егін шаруашылығымен қатты шұғылдануын талап етті. Өйткені Орынбор әскери губернаторына қарайтын қазақ ауылдары көптен бері-ақ егін салуға құмарланған-ды. Бірақ бұған Перовский де, одан бұрынғы Орынбор әскери губернаторы граф Сухателен де қарсы болып келген. Екеуі де қазақтың тек мал шаруашылығынан аумағанын жақсы көрген. Сухателен: «Қазақтар еш уақытта да астық екпеулері керек, ешбір ғылым түгіл, тіпті бірде-бір кәсіп білмей, өмір-бақи мал бағып қана көшіп жүрулерін бар жан-тәніммен тілер едім», — деген пікірді мақұлдаса, ал Перовский егінді тек казак-орыстарға салдыртып, қазақтарды астықты солардан қымбат бағамен сатып алып тұруға мәжбүр етуді дұрыс көрген. Бұл туралы генерал Обручев өзінің соғыс министріне жазған баяндамасында: «Бұрын менің орнымда болған генерал-адъютант граф Перовский, қазақтардың егін егіп, отырықшылыққа айналуына өте-мөте қарсы болып келген. Оның бүйтуіне қазақтар өздері еккеннен гөрі, астықты бізден сатып алып, Россияға байлаулы бұзаудай тырп ете алмасын деген ой себеп болған», — деп Перовскийдің ойын дұрыс жазған.

Сондықтан Орынбор шекарасында отырықшы қазақ поселкелері пайда бола қалса, оларды алдыменен граф Сухателен, одан кейін генерал-адъютант Перовский жойып отырған.

Өшпес барымта, жұт, оның үстіне Россия солдаттары мен өзінің сарбаздарының шабуылынан қарамағындағы елдің тіпті жүдеп кеткенін Кенесары жақсы білетін. Сол себепті кей қазақ ауылдарының егін егумен шұғылдануы олардың өз шаруасын көтерумен қатар, болашақ қалың әскерді астықпен қамтамасыз ететін ең тиімді жол деп тапты.

Бұл мәселені қарағанда тағы бір ойланатын жағдай туды. Ол — салықтарды кім жинайды және қалай жинайды деген мәселе еді. Бұрын патша салығы болсын, Қоқан хандығы салығы болсын, әр рудың, әр ауылдың басты адамдары жинайтын. Кеңес Кенесарының өтініші бойынша бұл тәртіпті де өзгертті. Зекет, үшір бұдан былай қарай әр ауылдан, әр рудан Кенесары өзі белгілеген жасауыл арқылы жиналсын делінді. Кенесарының бұндағы ойы, қазақ жеріндегі жоғарғы үкімет — ханның дәрежесін көтеру еді. Жиналғандар бұған да көнді.

Үшінші әңгіме — ел билеу, әкімдік жүргізу, билік айту жайында болды. Бұрын ел арасының дау-жанжалдарын, барымта, жесір дауын ру билері, ақсақалдары шешетін. Осы кеңестен бастап мұның бәрін әр рудан Кенесарының өзі тағайындаған билер шешсін десті. Бұндағы саясат тағы да хандықтың дәрежесін көтеру еді. Екі рудың болмашы таласы, жесір ісі, яки шабындық дауы секілді жеңіл шешілер жанжалды да, осы Кенесары бекіткен билер қарайды. Ал кісі өлімді барымта, ел шабу тәрізді ауыр қылмысты істі ханның өзі шешеді. Кенесары қарамағындағы ел мен Россия империясына жататын рулар арасындағы таласты аға сұлтандар қарайтын болады. Ал кейбір асқынып кеткен іс болса, Орынбор шекара комиссиясына хат жазылып екі жақ бірдей шешімге келуді дұрыс тапты. Кенесары қарамағына жатпайтын рулардың таласы, егер екі жақ бірдей келісіп ханға жүгінісе келсе, хан жарлығымен тағайындалған билер кеңесіп үкім айтулары мүмкін деп табылды. Осы мәжілісте Кенесары қазақ елінің бірлігін бұзады деп ру арасындағы барымтаны тыйдыру ісін әдейілеп: «Бұрын есікте жүрген құл өлсе қожасы құн төлемейтін. Құл да ел қорғауға жарайтын жан» деп өлген құлға құн төлететін еткізді.

— Төртінші және ең ақырғы мәселе — сауда-саттық жайында еді. Бұрын Кенесары қазақ жерін Россия патшасына Шығыспен сауда-саттық жүргізу үшін керек деп қана ойласа, енді салынып жатқан бекіністерге, көшіп келіп орналасып жатқан казак-орыстарға қарап бұның бәрі отарландыру саясаты екенін түсінген. Бұрын керуендерді тонап, Россия мен Орта Азия хандықтарының сау-


да-саттық байланыстарын бұзып келсе, енді бұл саясатынан қайтты. Керуенді өткізбеудің орнына салық салынсын делінді. Бұл салық әр түрлі болуға тиісті. Өзіне дұрыс қарай бастаған елдерден, рулардан аз, ал теріс қарайтын жұрттан көп алынады. Мысалы, Жаппас руының әр қосынан үш түйе, жиырма төрт зат, татар саудагерлерінің қосынан бір ат, сегіз зат алса, бұқар саудагерлерінің қосынан тоғыз зат қана салық алынылып, ал арғын руларының керуендері тіпті тегін өтетін болсын деп бекітті.

Бұнымен қатар мәжіліс шекара орыс поселкелерімен орынсыз жанжалды тоқтатып, олардан астық сатып алу ісін жөнге қойсын деді. Сонымен қатар әскерге керек қару-жарақ, қорғасын, оқ-дәрімен қамтамасыз ету үшін Хиуа, Бұқарлармен де сауда-саттық қарым-қатынасының күшейтілуін талап етті.

Осындай шешімге келген ру бастары батыр, сұлтан, би ақсақалдардан Кенесары тағы да бір өзіне өте керекті билік алды. Ол Хандық Кеңесі жайында еді. Әбілқайыр баласы Нұралы кезінде Абылай тұсында жойылып кеткен хан жанындағы Хандық Кеңес қайтадан құрылған. Бұрақ ол Хандық Кеңестің қақы үлкен болатын. Хан күрделі мәселені Хандық Кеңессіз шешуге тиіс емес-ті. Егер Хандық Кеңес дұрыс көрмесе, хан қандай ойлаған іс болса да бас тартуы керек-ті. Кенесары жанынан да осындай Хандық Кеңес құрылды. Бірақ бұл Хандық Кеңес ақылшы ретінде ғана тағайындалып, барлық билік ханның өз қолында қалды. Оның шешімі кімге болса да заң, Хандық Кеңесте қолбасшы батырлар да, қарамағындағы ел де хан шешімін бұлжытпай орындауға тиісті делінді.

Көздеген арманына жеткен Кенесары, мәжіліс біткеннен кейін ең жақын серіктерімен тағы да біраз ақылдасып, кейбір әскер тобының ойын-өнерін көріп, бір жетіден кейін Қара Торғайдағы өз ордасына қайтты. Көп кешікпей хан төңірегіндегі жайылымға жасақтарын ертіп өзге батырлары да жинала бастады. Жаңа алған тұжырым бойынша әскери ойын қыза түсті.

Биліктің бәрін қолына алған Кенесары енді хандық әмірін жүргізіп, кектескен руларынан, тіпті кейбір жеке адамдардан өшін алуға кірісті. Ол Орынбор әскери губернаторына жататын орыс поселке, бекіністеріне тимей, бұл ісін Батыс Сібір генерал-губернаторының шекарасындағы бекіністер мен өзіне бағынғысы келмеген қазақ ауылдарын шабуылдаудан бастады... Енді екі жақтан бірдей қан төгіс күшейе түсті.

Кенесары жаздың ортасында Торғай бойына жаңа келіп жайлауына қонған Жаппас ауылдарын шапты. Алтыбай сұлтанды ат бауырынан өткізіп жаралап, қос қызын бірдей ат артына мінгізіп, аулына алып келді де осы айқаста көзге түскен екі сарбазына зорлап қосты. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған Алтыбай көп кешікпей қайтыс болды. Өлер алдында немере інісі Жанғабылға «тірі жүрсе менің кегімді Қасым балаларынан алсын» деп аманат айтты. Бұрыннан да өш Жанғабыл, енді бар ызасын ішіне түйіп Кенесарыны мұқататын жол іздейді. Таба алмайды. Қол жинап аулын шабуға бата алмады. Бірнеше рет әскер сұрап Орынбор бастықтарына барды. Кенесарының айтқаны келді, өз бекіністерінің мазасын алмаған соң, Алтыбай үшін соғыс ашуды жөн көрмеген әскери губернатор «қоя тұр» деп Жанғабылды тоқтатты. Кенесары хандығын біржолата құртпақ болып дайындала берді. Тіпті Кенесары әзірге адаса тұрсын дегендей, Орынбордағы Күнімжанға бұрынғыдай қысым көрсетпей, қасындағы кішкентай балаларын орысша оқытуға рұқсат етті.

Бұл кезде Орынбор әскери губернаторының қарамағына жататын солдаттан бір-ақ адам өлді. Ол қашқын Гаврилов. О да өз ажалынан, немесе соғыста жүріп өлген жоқ, жақын жердегі шұбарға Қараүлек екеуі ағаш әкелуге барған жерде дәл желкесінен «діңгек түсіп» мойын омыртқасы үзіліп қаза болды. Гавриловтың өлімінен Орынбор бастықтары ойымызды сезіп қалған екен деп сезіктенбесін деп Кенесары жерлеуіне өзі қатынасып, қашқын сыпайды аққа орап, ардақтап көмгізді.

Сөйтіп жүргенде қанды қылышты қырық үшінші жыл келеді. Мұнымен бірге қыс өтер-өтпестен Генс алынып, орнына генерал Ладыжинский тағайындалыпты деген сөз қазақ жеріне тағы жетті. Бұл сөз шын болып шықты. Кене ханға мұны көптеген маңызды хабарлармен бірге Генспен қоштасып айырылған Алтыншаштың өзі әкелді.

Тек Күміс қазақ жеріне қайта оралмады. Мінезімен, қызметімен Генске ұнаған қыз, Қоңырқұлжа қылығынан қорланып, генералдың үй ішімен Петербургке жүріп кетті. Қазір өш алуға қолынан ештеңе келмегенмен, төрт жыл өткеннен кейін осы Күміс Қоңырқұлжаның Ақмола аға сұлтандығынан түсуіне себеп болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет