Астана қаласы.
Төлебай ҚҰРМАНАЛИН,
Қазақстан Республикасына
айрықша еңбегі сіңген дербес зейнеткер
АҒА ХАТЫ
Қызмет жасаған жылдарымызда шетелдіктердің шекараны «байқамай» аздап бұзғандары болмаса, қарулы қақтығыстарға барған жоқ. Демек, бейбітшілік жағдай оларға да керек. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген халқымыздың тыныштығын қорғағанымызға біз мәзбіз. Еңбек етудің озық үлгісін көрсетіп, ел тарихының жаңа беттерін ашқандар туралы газет,журналдар жарысып жазып жүрді. Әскер қатарында төрт жыл қызмет мерзімі аяқталуда, елге қайтар мезгіл жақындаған сайын тіпті уақыт өтіп болмайды. Оның үстіне бәйгеге сайлап қосар алдындағы сәйгүліктей жастық жалын да еркіңді еріксіз мазалайды. Әр нәрсені ойға салады. Өмір толқынына түсіп кеткендейсің. Күндегі әдетінше түске таман пошта әкелінеді. Не бар екен деп елеңдей қаламыз. Қоңырша апамнан жақында хат алып, жауап бергенмін. Басқа ешкім жазбайды. Сарбаздар жүгіріп бара жатқанда мен орнымда қалғанмын. Бір кезде пошташы: -Сержант Құрманалин, сізге хат бар,- деді. Хат қабы үшбұрыш емес, төрт бұрышты. Сыртындағы мекен-жайы: «Қазақ ССР-і, Ақтөбе облысы, Қарабұтақ аудандық партия комитеті. Назаров Қонақбайдан» делінген. Түсіне қойдым, өткенде Қоңырша апам жазған хаттан білемін, жүрекке қуаныш ұялай бастады. Қатардағы қарапайым жауынгерге бұрын көрмеген, таныс емес райкомнан, оның хатшысынан хат келіп тұр. Мұндайда қуанбағанда қайда қуанасың! Хатты ашып, оқи бастадым. «Шырағым, Төлебай! Саған хат жазып отырған Қонақбай Назаров деген ағаң боламын. Түбіміз бір. Тілеудің Дәулей деген руынанбыз. Ата қонысымыз Шалқар ауданының Маяқұм дейтін жері. Аудан орталығынан 18 шақырым. Сіздің үй мен біздің үй, менің әке-шешем сендердің отбастарыңмен кішкентайынан араласып өскен. Құрекең – сенің әкең – менің ағайым, шешең Анар–менің жеңгем. Өзің білесің, дәуірімізде неше түрлі өзгерістер болады ғой. Сіздің үй тумаларымен Қарабұтаққа көшіп кеткен, біздер Шалқарда қалдық. Әуелі ашаршылық, аштық болды. Халық жағдайы жаңа дұрыстала бергенде тұтқиылдан соғыс басталды. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген уақыт келді. Мен ақ финдермен, немістермен соғысқа кеттім, артымда әке-шешем қалды. Майданнан кейін облыстық партия комитетінде қызмет еттім. Сосын Ойыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болдым. Қазір Қарабұтақ ауданына келіп, екінші хатшы болып жатырмын. Отбасымызда үш балам, Шолпан деген жеңгең бар. Жаңа жерге үйреніп келеміз.
Жұмысқа орналасарда аудандық партия комитетінің пленумы болды. Мүшелердің тізімін қарап отырып «Асанова» деген фамилияны көрдім. Үзіліске шыққанда бір қызметкеріме: «Асанова бар болса, маған қауыштыршы» дедім. Аздан соң бір жас әйелді ертіп әкелді. Ол менің көзіме оттай басылды. Амандасып, жөн сұрастырдық, өзімді таныстырдым. Келген сенің апаң, менің қарындасым Қоңырша екен. Біздің әңгімеміз туралы саған хат жазар. Пленум аяқталды. Қоңыршаны тағы шақыртып, қандай қызмет істейтінін сұрадым. Ол кезде Қоңырша май зауытының бөлімшесінде бастық екен. Колхоз май тапсырады, ал бұлар тиісті жеріне апарып тұрады. Қоңыршадан жолдасының әскер қатарына алынғанын біліп, әңгімені аяқтай келе: «Шал-кемпір бар ма, неше баласы қолында, жағдайы қалай?»- деп сұрадым, мен жаңадан келіп жатқанымды, кейін өзім әдейі барып, шал-кемпірдің тіршілігімен танысып қайтатындығымды айттым. Қарындасыммен үйіне сәлем айтып қоштастым». Қонекең ағай көп ұзамай ауданның бірсыпыра колхоздарын аралап, біздің «30 жылдық» колхозына барып, аға-жеңгесімен кездесіп, өткен-кеткенді естерін түсіріп, бір көтеріліп қалады. Көршілер де қошеметтеп жатқан көрінеді. Үлкейген шал-кемпірге аудандық партия комитетінің хатшысы келіп сәлем берсе, оларға бұдан артық қандай қуаныш керек! Арада он күн өткеннен кейін ағадан тағы да хат алдым: «Қарағым, Төлебай! Аман-сау Отан алдындағы борышыңды атқарып кел. Мерзімің аяқталуға жақын қалған екен. Әскер жастарды тәртіпке, Отан үшін қызмет етуге, адал патриоты болуға үйретеді. Қазір тыныштық қой, қанқұйлы соғысты бастан өткердік. Қазақ азаматтары тәртіптілігін, еңбек сүйгіштігін майданда да көрсете білді. Содан кем түспе, соғыс болмасын. Соғыстан аман оралып, мұндай бейбіт күн кешеміз деген ойға да келген жоқ. Партияның соғыс кезіндегі басшылығын, халықты фашистік Германияға қарсы аяусыз соққы беруге жұмылдырғанын көрдік. Нәтижесінде Герман армиясы талқандалды. Әскери өнердің бірсыпыра құпияларын сен де төрт жылда көрген шығарсың». Аға өз хатын: «Ендігі айтарым, ауылға аман-есен келуіңе тілектеспін. Ең бірінші, кемпір-шалды, тума-туысты қуанту керек, сосын оқырсың, жұмыс істерсің, қалғанын өмір көрсетер. Осымен хатымды аяқтаймын, ауылдан күтем, хат жаз. Сәлеммен, ағаң Қонақбай» – деп аяқтапты. Әке-шешенің, ағаның хатын оқып, көңілімді қуаныш сезімі билесе де, сол күні жауап жазамын деген ниетім орындалмай қалды. Бір айдай өтетін әскери жаттығуға кірісіп кеттік. Күн демей, түн демей, күтпеген жерден дабыл қағылады. Сонымен кешігіңкіреп хат жаздым. «Құрметті Қонақбай аға! Сізден күтпеген жерден хат алып, қуанышымда шек болған жоқ. Сізге жүрекжарды ықылас-сезімімді жеткізе, құшағымды айқара аша, інілік сәлемімді уақытында жолдаудың сәті түспей қалды, әскери өмірді білесіз ғой. Кештеу болса да жолдаған сәлемімді қабыл алыңыз. Менің алдымда аға болмады, тағдыр солай жазған шығар. Әкемнің Мырзалы деген інісі бар еді, оны соғыс жалмады. Майданға 1941 жылы алынған еді, әуелгі кезде хабар келіп тұрды, кейін хабарсыз кетті. Әкем көп іздейді, жылайды. Мен болсам қасында жоқпын, арты дұрыс болсын деп өзіме-өзім күш беріп қоямын. Сізден хат алғаннан кейін, мені іздейтін аға бар екен, мен жалғыз емеспін деп, жүрек жарылып кеткендей қатты қуандым. Ал, аға, сізбен бір тумасақ та туғандай, көрмесек те көргендей болдық. Хат жазғаныңызға көп-көп рахмет. Арғы ұрпақта бір жақсы тектілік бар сияқты, бұл мен үшін қуаныш, Аға, жақында үйден хат алып едім, әкем сіздің тумалық ретіңізді жан-жақты жазыпты. Екеуміз бір шалдан тарайды екенбіз. Егер сіз партияның нұсқауымен Қарабұтаққа қызметке келмесеңіз, онда бір-бірімізбен жолыға алмас едік. Аға мен інінің танысуына партияның кадр жөніндегі саясаты себеп болғаны қуанарлық жағдай. Қонеке, сіздің отбасыңызға амандық, жұмыста абырой тілеймін. Балаларға, үй-ішіңізге сәлем айтыңыз. Амандықпен қауышуға жазсын. Сағынған інің Төлебай. Советская Гавань, 15 маусым 1950 жыл». Қамқоршы ағаның табылғанына қуанып, төбем көкке бір елі жетпей жүрді. Мендегі мұндай көтеріңкі күйді командирлер де айқын сезінгенін байқадым. Қонақбай аға да менің хатымды алып, қуанып жүрген болар. Енді хат жаза алмайтын шығар, қызметке жаңа келген басшы. Жұмысы да басынан асып жатыр ғой деп жүргенмін. Өзім шылым шекпесем де, үзілісте темекі тартып тұрғандар қасына бара бергенімде пошташы жүгіріп келіп: «Сізге хат бар еді»,-деді. «Кімнен болды екен?» хатты алып, сыртына көз жүгірттім–ағадан екен, қуана ашып, асығыс оқи бастадым. «Төлебай, сенің 15-маусымдағы хатыңды алып, өте қуанып қалдым» депті ағайым. «Хатты мағыналы, әдемі, түсінікті жазыпсың, рахмет! Мұнда біз де аманбыз. Аудан еңбеккерлері жағдайды жақсарту үшін еңбек етіп, өмір сүруде. Соғыстың тылға тигізген зардабын жою үшін әлі біраз уақыт керек. Үкімет тарапынан, әрине, жәрдем көрсетіліп жатыр. Жоспарды жүзеге асыру үшін шаралар белгіленіп, орындалуын бақылаудамыз. Үй-ішіміз аман, балалар өсіп келе жатыр. Елге қайтар мерзімің жақындапты, ауданға келгесін ешқайда соқпай, тура біздің үйге кел, отбасымызбен күтеміз. Жақында сіздің ауылға бардым, тегіс аман, қуанышты жағдайда кездестік, сені сағынып, күтіп отыр. Сәлеммен, ағаң Қонақбай, 10 шілде 1950 жыл». Уақыт зымырап өтіп жатыр, елге қайтуға жиналып жүрміз, бұйрық та болды. Ротаның старшинасымын. Билігімде көп киім, төсек-орын, азық-түлік, қару-жарақ, құрал-сайман бар, оларды жинақтап тапсыру үшін көп уақыт өткізіп алдым. Жігіттер 5-10-нан елге қайтып жатыр. Дүние-мүлікті тапсырып, рота командирімен қоштаспақ болып едім, ол баяғы уәде бойынша чемоданды ротаның санитарлық машинасына салды да, мені вокзалға әкелді. Рота командирі капитан Красульников Николай Федорович қоштасып тұрып: -Төлебай, сенің келешегіңнен көп үміт күтемін, сенің адаммен тіл табыса білуің, өзіңнің жеке тәртібің мен адамгершілігің сені бірталай жақсы жолға апарарына сенемін,-деп қолымды алды. Бұл орыс ағаның маған ақ жол тілеген батасындай әсер етті. Құшақтасып, қимастықпен қоштастық. Менің мінсіз қызметім үшін рахмет айтты. Командирім соғысқа қатысып, оның ащысы мен тұщысын көрген, қайырымды азамат, айтқан уәдесін орындады. Татар бұғазынан катерге мініп, Владивостокқа келіп, онда көп аялдамай поезға отырдық. Ауылға қанша асықсақ та, поезд бір қалыпты жүрісінен танар емес. Күндіз жүрдек поездарға жол береміз. Көбіне жүрісін түнге қарай өндіріп-өндіріп алады. Он екі күн дегенде Ақтөбеге жеттік-ау, туған өңірдің төрт жыл баспаған топырағын еркін басып, бір жасап қалғандаймыз. Мұнда бір түнеп, таңертең Қарабұтаққа жетуге көлік іздедім. Ол кезде ауданға қатынайтын машиналар аз. Жолаушылар көп, қаладан шығар ауызда сарсылып күтіп тұрамыз. Кейбір көліктер тоқтамайды. Шамғон деген кісінің жүк тиеген машинасының үстіне 5-6 адам сығылыса орналастық. Қарабұтаққа кіре берісте жүргізушіге: -Мені Назаровтың үйінің қасына түсіріңізші,-деп өтініш жасадым. Үстімде солдат шинелі, әскери форма. -Мына үй,-деп шофер бір ұзын, әрі биік салынған, шиферсіз үйдің қасына тоқтады. Қолымда үлкен чемодан, өзі ауыр. Келбеті келген жас келіншек мені көріп, жүрісін баяулатты. Мен де осы сәтті пайдаланып, амандасып: -Назаров Қонақбайдың пәтеріне қалай кірерімді сілтеп жібермейсіз бе?-дедім. Ол сәл жымиды да, осы үйдің биік қақпасын көрсетті. Хат жазысу арқылы таныссақ та, танымайтын үйге келіп тұрғандаймын. Батылдығым жетіңкіремей, қобалжып, есік алдында тұрыңқырап қалдым. Қонақбай ағайдың өзі тура біздің үйге кел десе де жүрексінемін. Есікті қағып, жауап күтпей-ақ ішке кіріп рұқсат сұрадым. -Қонақбай ағайдың үйі осы ма! Бір әйел «жоғары шық» деп көңіл білдіріп жатыр. Шешініп, орналастым. Екі кішкентай бала келіп қолымды алып, амандасты, ал үшінші баланың бөтен бөлмеде екені белгілі болды. Біреуінің аты Жалғас, екіншісі Гүлжан, үшінші кішкентайы Елнұр екен. Жеңгеміз жаңағы есікті ашқан әдемі жүзді, кішкене бойлы келіншек болып шықты. Есімі Шолпан. Әже отыр, есімі «Орал» деді. Шамалыдан кейін жұмыс аяқталып, аға да келді. Дембелше, толық денелі, пұшықтау кең танауы дөңгелек жүзіне жарасып тұр. Бауырындай құшақтап, қуана амандасты. Еш жерінде кемістік көрінбейді, ағаны келістіріп күтіп, бағатын сияқты. Аға бір аяғын сәл сылтып басады. Әрине, бұл соғыстың зардабы болар. Отбасына таныстырып, түсіндіріп жатыр. -Жақын тумалардың бас көтерері Төлебайдың әкесі Құрекең, біздерді Дәулейлер дейді,- деп Қонекең әңгімені соза түсіп еді, Шолпан жеңгей: -Әскерден інің келді, танысып та, қауышып жатырмыз, тойыңды жаса,- деп, рахаттана күлді. Менің де қуанышымда шек жоқ. Мен көңілім көтеріліп, өз-өзімнен марқайып отыр едім, «екі иығынан дем алып» сары самаурын келді. Әңгімені қыздырып отырып шәй іштік. Жеңешем дастарханның үстін түрлі тағамға толтырды да қойды. Ақ маржандай күріштен пісірілген мына палауды көрмегелі төрт жылдан асты емес пе. Әскери асханадағы борщ, не сұйықтау көже мен арпа ботқадан әбден шығып едік. Енді міне азаматтық өмірдің мол да дәмді тамағына тап келдік. Шолпан жеңгем шолпан жұлдызындай жарқын жүзді, үріп ауызға салғандай көрікті, бар ықыласымен жайлап жатыр. Әже де тұғырынан түсіп тұрған жоқ, қажымаған адам. Әңгімелерін мақалдай айтады екен. Үйдегі үш баланың кішісі тілі жаңа шығып келе жатқан Елнұр мені айналсоқтап шықпай жүр, атын сұрасам, балдай тәтті тілімен, «Ейнұй» дейді. Ағай әңгімені әрі қарай жалғастыра түсті. Ел басқарған адамнан сөз табылады. Шәй ішу аяқталды, дастархан жиналды, бата берілді. Бұл үйде бейне той болып жатқан сияқты, қуанышты әңгімелер. Қымбатты ағаға, жеңешеме, әжеме әскерде рота старшинасы болып, екі жылдай қызмет істеп, айлық алып тұрғанымды айттым. Ауылда не қат екенінен хат арқылы хабардар болып тұрғанмын. Әңгімемді ресмилеу бастадым да, мәселенің тоқ етеріне көштім. -Мына чемоданның кілтін ашып, қалағандарыңызды базарлық ретінде алыңыздар,-дедім де кілтті жеңгеме ұсындым. -Ой рахмет, солдатта не болушы еді,-деп күледі. Мен чемоданды қояр да қоймай ашқыздым. Ішінде иіс су, айна, сабын, толы кездеме маталарды көріп, жеңгем таңданып отыр. -Қалауыңызды алыңыз,-дедім. Әйел жарықтық дүние-мүлікке құмар, әрі қызыққыш қой. Әкелген заттардың жеңешеме жақсы әсер туғызғанына мақтанып тұр едім, ағайымның қатқылдау дауысы шықты: -Сендер немене соншама, ештеме көрмегендей, дүние-мүлікке кенде болып отыр ма едіңдер? Ештеме алмаңдар. Қарттар баласының қолына қарап отыр ғой, әке-шешесіне апарсын,-деп, жанашырлық сөзін айтты. Әже де тоқтап қалып еді, мен: «Ала бер» деп ымдадым. Мен тарақ, басқа да заттарды бердім. Жеңешем: «Ендігісін үйіңе апар» деп, чемоданды жауып, кілтін қолыма ұстатты. Ірі қараның жары терісінен шығарылған былғары бар еді. Оны бөлудің ретін ешкім білмейді. Әкем етік, мәсі тігудің үлкен шебері болатын, өздеріне аяқ-киім тігіп алатын болды деп іштей қуандым. Екі күн үйінде болып, елге, жерге деген сағынышымды бастым. Мен туралы қарабұтақтықтар да құлақтанып болыпты. Ысқаяқ, сұр шинельді сарбаздың хатшының үйіне тікелей келуі сырт адамға таңданыс, екінші жағынан қызғаныш туғызған сияқты. «Бұл әлгі Құрманалының баласы көрінеді, тумасы шығар» деген әңгіме гу-гу етті. Қарабұтақтан кетерімде, аға маған: -Ауылға көп кідірмей осында кел. Жазға дейін біздің үйде бол, жаз шыға үйді көшіріп аларсың, сен оралғанша жұмыс ретін ойластырамыз,-деді. «30 жылдық» колхозына, ауылыма, әке-шешеме, туыстарыма барып, мәре-сәре болып, қуанышпен қауыштым. Қарттардың жағдайлары тәуір екен: екі сиыр, бір қашары бар. Әке-шешем қашарын сойып, той жасады. Көңілдері кең пейілді, дархан адамдар еді. Апарған маталарды көрші-көлемге бөліп беріп жатыр. -Төлебайжаным келді, өзі бізді киіндіреді әлі,-дейді әжем. -Өздеріңе де қажет қой, алмаймыз,-дегендерге, әжем: -Жоқ, алыңдар, ең бастысы өзінің аман келгені,- деп шүкіршілік айтып жатыр. Мені төрт қыздан кейін көргендіктен олардың маған деген ықыластары айрықша еді. Мен де олардың көңілдерінен шықсам деймін. Айтқан батасы қабыл болды ғой. Мені төрт жыл бойы үкімет асырады, ендігі өмірдің қандай болатыны өзіме байланысты. Аудан орталығынан үй тауып, отбасын көшіріп алсам, оларды киіндіріп, халық қатарына қоссам деймін. Киім-кешек жағы тапшы екен. Ауыл адамдарының сыртқы пішінінен анық сезіледі. Қырғын соғыстың ауылдағы зардабы. Білек сыбанып, қайраттана еңбек етуден басқа амал жоқ. Әке-шешем асты-үстіме түсуде, егер балалығым ұстап еркелесем, қайта бесікке бөлейтіндей. Сырықтай болып өсіп, сымдай тартылған кескініме қарап, әкем: -Балам, еш жерің ауырмай ма?-деп жүзімнен бір сырқаттың белгісін іздегендей болады. Ата-анам әбден сағынған, ешқайда жібергілері келмейді. Менің әскер тәртібіне үйреніп, белбеуді тартып таққаныма, шешем: -Аш құрсақ болып әбден жүдеп қалыпсың,- деп қаймақ, майын аузыма тосады. Әскердегі қатаң тәртіптен кейін, азаматтық бейбіт өмірде қандай қызметті де жапыра атқаратындаймын. Бұған, біріншіден, жастық жалыным себеп болса; екіншіден, сары ауыз балапандай бүкіл тіршіліктері маған қарап отырған отбасы мүшелері алдындағы жауапкершілік еріксіз мәжбүрлейді. Ата-ананың әлдиіне мастанып, ауылда жүре тұруға да болар еді, оған уақыт қайда? Ағайымның кешікпей қайт дегенін әке-шешемнің есіне салдым. Екі күннен кейін Қарабұтаққа келіп, ағаның үйіне орналастым. Бұлар қуанып жатыр. -Аудан орталығымен танысып шық, сен кеткелі қандай өзгерістер бар екенін біл. Төрт жылда көп өзгеріс болмаған да шығар,-дейді Қонекең. Араладым, аудан орталығында МТС жұмыс істей бастаған, айналасында жылан бауыр тракторлар және тіркемелі құралдар тұр. Күзгі жұмысты аяқтап, енді көктем егісіне дайындалып жатқан көрінеді. Нан пісіретін цех, дүкендер жұмыс істей бастапты. Бірақ, іштерінде ештеме жоқ, жоқшылық қайда барсаң да алдыңнан шығады. Көршілерден қарыз алу әлі де жойылмаған. Қарыз беретіндер ауқатты, қолдарында бар адамдар. Аудандық партия, совет атқару комитеттеріне кіріп, бөлмелерін аралап көрдім. Үйді жылыту үшін қамыс жағады екен. Ертеңіне Қонекеңнің айтуымен аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, әрі хатшының жәрдемшісі Қыстаубай Төребаевқа кіріп сәлемдестім, жұмыс жағдайын ескерттім, «жұмыс болады» деді ол. Көп кешікпей аудандық совет атқару комитетінің жоспарлау бөліміне экономист болып орналастым. Мені Құрамысова Елеу өзінің қарауына алды. Бұл кісі осы бөлімнің бастығы.Танысқаннан кейін жұмыс жағдайын түсіндірді. «Еңбек ақың 60 сом болады» деп ескертті. Бөлімде әрбір материалмен танысып, үйрене бастадым. Жүрексінуден де құралақан емеспін. Дегенмен оқысам, білсем деген ынта-жігер жетелеп тұрғандай. Мұның қаншалықты нәтиже берерін... әйтеуір қызмет табылды. Оның қыр-сырын біліп қалдым. Енді тездетіп үйді көшіріп алуым керек. Шал-кемпір қатынағандардан хабар айтып мазалайды. Төрт жыл әскери қызметтен келіп,үйде екі-ақ күн болдым, қайтсін, сағыныштарын баса алмай қалды ғой. Бір жылдан астам уақыт өтті, көп нәрсе үйрендім. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын жасау да үлкен өнер екен. Әр саланы мұқият ескеру, бюджетке енгізу керек. Бұл жөнінде біраз маңызды ұсыныстар енгізгенім кейін мақталып жүрді. Үйді аудан орталығына көшіріп алу мәселесі қашан шешіледі, үй қайдан табылады, енді осыны шешу қалды. Уақытша тұратын үйге рұқсат алдық. Ендігі мәселе комсомолға өтіп, партияның қолқанаты болу, әйтпесе партия қатарына өту мүмкін емес еді.Партия мүшесі болуды әркім армандайтын. «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деп ұлы ақын айтқандай, көздеген биік мақсатыма жету үшін даңғыл жол ашылғалы тұрғандай. Бұрын саяси элитаның, парламентарийлердің құрамында Коммунистік партия мен комсомол жүйесінде істегендердің үлес салмағы әлдеқайда басым болғанын несіне жасырамыз. Қазақстан даму институты мамандарының есебінше, бүгінгі саяси элитаның 21,1 пайызы, СОКП 20,6 пайызы комсомолдың бұрынғы әртүрлі деңгейдегі құрылымдарында еңбек еткендер екен. Олар осыны күні бұрын болжағандай еді. Аудандық партия комитетіндегілердің: -Екі-үш күнде аудандық комсомол конференциясы болады. Сонда сіздің екінші хатшылыққа өткізу ойымызда, бұған қалай қарайсыз?-деген ұсынысын бірден қабылдауым да осылай болашақты ойлауымнан еді. Міне, белгіленген күні конференция да басталды. Бірінші хатшы Амантай Әліпов аудан комсомолдары мен жастарының атқарған жұмыстарына, әлі де болса орын алып отырған кемшіліктерге, жастар бойларында енжарлықтың басымдығына, патриоттық сезімнің тапшылығына тоқталды. Мен де осыны байқап жүргенмін. Амантай ағай дипломаттық көрсетті. Ешкімнің атын атап, түсін түстемесе де, айтылған сынның кімге бағытталғанын залдағы көптеген жастар қозғалақтап, түсінгендерін сездіріп отырды. Сонымен аудандық комитеттің ұйымдастыру пленумы болып, жеті адамнан бюро мүшелерін, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ақтөбелік Сәбикова Қанбибіні, екінші хатшылығына мені бір ауыздан сайлады. Аудандық пионер үйінің директорлығына жаңадан институт бітіріп келген мұғалім қыз Тахауиева Расбек бекітілді. Пленум жұмысын аяқтай келіп, Сәбикова былай деді: -Конференцияда айтылған кемшіліктерге талдау жасап, оларды жоюдың жолдарын қарастыратын боламыз. Жұмыс орындарымыз белгіленді, міндеттерді өзара бөлістік. Мақсат – конференцияның қаулысын жүзеге асыру. Кеңсеміз аудандық партия комитетінің үйніе орналасқан. Міндет айқындалды. Іс қағаздармен танысып, айлық, тоқсандық жұмыс жоспарларын жасап, бекіттік. Әрбір жауапты қызметкерге жеткізілді. Бастауыш комсомол ұйымдарымен байлданыс жасап, оларға нақты тапсырма, бағдарлама берілді. Әсіресе, комсомол жастардың белсенділігін арттырып, рөлін көтеруіміз қажеттілігі байқалды. Олардың бойларындағы қоламтаға айналып бара жатқан отты қайткенде қайта тұтатып, маздата аламыз? Ойлануға тура келді. Айтпақшы, жақында комсомол конференциясында сөйлеген сөзінде аудандық партия комитетінің хатшысы аудан комсомолдары мен жастары алдында үлкен міндет – аудан аумағында телефон желісін жүргіз деп еді. Осы жұмысты қолға алсақ қайтеді. Бұл мәселе жөнінде Қонекеңе айтып едім, ол менің бұл ұсынысымды бірден қолдады. -Ендеше комиссия құру керек, мені соның төрағасы етіп қой. Сосын жұмысты қалай бастаймыз, бәрінің есебін шығарып, жоба-жоспарын жасап әкел. Жоспарлауды да жақсы меңгеріп едің ғой,- деп жымиып қойды. Хатшы бөлмесінен шыққан бойда өзіме барып отыра қалдым да, жұмыс жоспарын сыза бастадым. Әрине, ең бастысы – облыс орталығымен байланыс орнату керек. Ол бірден бола қоятын іс емес. Бірте-бірте жүзеге асыруды қажет етеді. Ең бірінші Қарабұтақтан Қамыстыкөлге дейін жүргізу керек, ал Бөгетсайдан Қамыстыкөлге сым келіп тұр. Материалдары бұрын байланыс бөліміне берілгенмен, күші жетпегендіктен аяқталмаған. Оны жалғау онша қиын бола қоймас. Ұйымдастыру комиссиясының төрағалығына аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Назаров Қонақбай, мүшелері болып партия комитетінің бөлім меңгерушісі Жаңбырбаев Нысаналы, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сәбикова Қанбибі, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы Құрманалин Төлебай, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Шәйкенов Рази, пошта бастығы Фазкуллин Рауф, аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сапиев Дүйсенқұл енгізілді. Осы құрамды Қонекеңе көрсеттім, ол кісі мақұлдады, да, бәрімізді жинап алды. Мәселенің мәнін түсіндірді. Бұл жұмысқа аудан жастарын жұмылдыру қажеттігін, әрбір комсомол мүшесінің қатысуы міндетті екенін айтты. «Комсомол-жастар құрылысы» деген атақ берілді. Жұмысқа кіріспес бұрын қолдағы материалдың есебін алдық. Белқопаға дейін 33 километр, әрбір елу метрден шұқыр қазып, бағана тұрғызу керек. Сонда барлығы 660 шұқыр қазып, қосарлап тартқанда жалпы ұзындығы 66 мың метр сымтарту қажет екен. Сондай-ақ бағана жердің тегістігіне қарай ұзындығы 6,5 немесе 7,5 метр болуы шарт. Бұл жұмысты комиссия мүшесі, пошта бастығы Р.Фазкуллинге тапсырдық. Телефон сымын тартуды бір жетіде аяқтау міндеті қойылды. Уақыт аз, жұмыс көп, бірақ аудан жастарының белсенділігі айрықша екені сырттан көрініп тұрды. Оның үстіне ауданда мұндай жастар қозғалысы бірінші рет, бұрын болмаған. Әсіресе, үгіт-көпшілік жұмыстың пәрменділігін, жігерлендіруші күшін айтпағанда, бағаналар, сымдар, күрек-саймандар, басқа да жабдықтар көлікпен үздіксіз жеткізіліп, құрыштай берік топтасқандық, ыждағаттылық көрсетілді.Назаров Қонақбай бастаған комиссия мүшелері осында жүрді. Қарабұтақтан Қамыстыкөлге дейінгі жұмысты уақытында аяқтап, Бөгетсай МТС-нан келіп тұрған телефон байланысы аудан орталығымен қосылды. Бұл үлкен саяси да, өмірлік те мәні бар шара болды, ал жастар үшін үлкен кәсіби мектеп іспетті. Үлкен де қиын да жұмысты тезәрі сапалы атқару осының нақты бір көрінісі болды. Ал жаңадан сайланған аудандық комсомол комитеті үшін үлкен емтихан еді, одан мүдірмей өтуіміз мақтаныш сезім тудырды. Аудандық комитет жұмысы жолға қойылып, өз қатарын алдыңғы қатарлы оқушы-жастар есебінен толықтырды. Облыстық комсомол комитетінің бюросы біздің аудан комсомол ұйымының ұйымдастыру жұмысының жетістіктерін атап, өзінің қаулысымен алғыс жариялады. Мен үшін 1953 жыл қуанышты жыл болды. Партия қатарына қабылдандым. Коммунист деген биік атаққа ие болдым. Комсомол жұмысында жүріп, сырттай 10-класты жедел бітіріп алдым. Комсомолда бірге істеген Сәбикова Қанбибі, Сапиев Дүйсенқұл, Зейнетова Сәния, Шәйкенов Рази (марқұм), Алдашев Мейірхандарды құрметпен еске аламын. Олар өз кезеңінің білікті, мінсіз қызмет еткен азаматтары бола білді. Қазір егеменді ел болып, өзімізді-өзіміз басқарып отырғанда көптеген жастар бойында осындай патриоттық сезім әлі де болса көрінбейді. Біздер – аға буын өкілдері мұндай жағдайға өте ренжиміз, әрі қиналамыз. Біраз жастар пайдалы істерге құлшыныс білдірмейді, еңбекке деген ынта сезілмейді. Ұлы Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақыл сөзі еріксіз ойға оралады. Маскүнемдік, нашақорлық, ұрлық жасау, адам өлтіру сияқты мұсылман баласына үйлеспейтін зиянды әдеттермен шұғылданады. Бұған кім кінәлі? Қоғам ба немесе олардың бойларына жақсы әдет-ғұрыпты қалыптастыра алмаған ата-ана ма, әлде аға буын өкілдері ме? Ойланайық, ағайын! Енді екінші мақсат үйленіп, шаңырақ көтеру еді. Мен әскерден келгеннен кейін үйленуіме мүмкіндік болмай жүрген-ді. Шілде айының 21-і күні Қарабұтақтағы зиялы азаматтардың бірі, асылдың сынығы, мұғалім Тахауи Боранқұловтың қызы Расбекпен отау құрдым. Мұндай қуаныш үйленген жастың жүрегінде сәулелі күндей болып қалуға тиіс. Әсіресе, кемпір-шалдың қуанышы айрықша еді. Біздер үйленгенде соғыс зардабы бәсеңдемеген кез-ді. Бізде дүние-мүлік те, киетін жақсы киім де болмады. Жүрек қалауына ғана бағындық. Келінді және оның аз-мұз дүниесін ат арбамен әкелдік. Бұл туралы кейін толығырақ тоқталамын. Ал қазір жастар оңай әрі тез келіседі де, той жасайды. Шамалыдан кейін мінезіміз үйлеспеді деп ажырасып жатады. Бұл өмірге жеңіл, атүсті қараудың салдары, асығыстықтың арты өкінішке соқтыруы мүмкін. Не істесең де ақылға салу қажет. Осы ретте, мүмкін, ата-бабамыздың ежелгі қыз айттыру салты дұрыс нәрсе және оны қалпына келтіру керек шығар деп ойлаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |