4.Педагогиканың негізгі категориялары (тәрбие, оқыту, білім беру, педагогикалық үдеріс), олардың өзара байланысы.
Педагогика гректің «пайс» - балалар, «эгейн» - баланы басқару, тәрбиелеу, жетектеу ұғымдарынан шыққан. Ертедегі Грекияда өзінің қожайынының баласының қолынан ұстап, жетектеп, мектепке ертіп апаратын құлдарды педагогтар деп атаған.
Қоғамның даму формацияларының әр кезеңінде «педагогика» сөзі (ұғымы) кең, жалпы мағынада қолданыла бастады. Білімнің жетілуіне байланысты балалардың тәрбиесі туралы ғылым пайда болды.
Негізгі педагогикалық ұғымдар - тәрбие, білім беру, оқыту біріне-бірі тәуелді табиғи байланысты. Бұл ұғымдар жастарды өмірге, тәжірибеге дайындаудың басты құралы.
Тәрбие - адамзат баласының ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық әлеуметтік тәжірибесін жас ұрпақтың бойына сіңіру, аға ұрпақ пен жас ұрпақтың өзара бір-бірімен әрекеттесу процесі.
Оқыту - оқушы мен мұғалімнің белгілі бір дидактикалық міндеттерді шешуге бағытталған мақсатты түрде өзара әрекет жасау процесі.
Білім беру - ғылымдар жүйесінен білім алу және танымдық іскерлік пен дағдыны қалыптастыру, соның негізінде жеке бастың көзқарасын, адамгершілік және т.б. жағымды қасиеттерді қалыптастырып, жеке адамның шығармашылық қабілетін дамыту.
Даму - адамның физикалық және рухани күш жігерінің сандық және сапалық жағынан тізбектеле, яғни бірізді өзгеруінің объективті процесі.
|