Сақ заманында (б.д.д. X ғ.) Еуразияның көшпелі тайпаларында мал өсіруге негізделген экономикалық базистің қалыптасуы Оңтүстік Сібір, Алтай, Қазақстан, Еділ-Жайық, Қара теңіз жағасындағы қыруар ру-ұлыстар арасындағы айырбасты, мәдениеттегі ұқсастықты қамтамасыз етті. Сондай-ақ тұрмыс-салт, тұрғын үйдегі ұқсастықты скиф-сақтардың үй-мекені дәлелдей түседі. Археология деректері көрсеткендей, сақтардың төбесі шатырланып және дөңгелете жабылатын үйлері қазақ киіз үйінің жасалуына жеткізген баспалдақ екенінде шүбә болмаса керек.
Сондай-ақ ежелгі тайпалардың бірі – қаңлы. Қаңлы мекендерінен сәулетті сарай ғимараттарының, үй қабырғаларындағы әдемі ою-өрнектердің табылуы ежелгі қаңлыларда мәдениеттің жоғары болғанын әйгілейді. Ежелгі зират қорымдарды қазғанда шыққандай, үйсін-қаңлылар ғұн, сақтар сияқты күнделікті киіміне аң терілерін көбірек пайдаланған, қарадүрсін жүн маталардан да киім тігуді білген.