3.2 Ағаш ұқсату қолөнері
Қазақ халқының өмірінде ежелден бері ағаштан жасалатын үй бұйымдарының алатын орны ерекше. Көшпелі мал шаруашылығымен немесе жартылай отырықшылққа ауысып, егіншілікпен айналысқан қазақ қауымының күнделікті тұрмысына қажетті ағаштан жасалатын бұйымдардың түрі сан алуан. Ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлерді халық олардың өндіретін бұйымдарына қарай «үйші», «ерші», «арбашы», «ұста» деп даралады. Ал, бұл шеберлердің әрқайсысы өзінің негізгі кәсібінен басқа да уақ-түйек бұйымдар түрлерін жасай білді. Әсіресе, «ұста» атанаған шеберлер үй бұйымдарының көптеген түрлерін жасаумен бірге, әр түрлі металл және сүйек өңдеу ісімен да айналысты.
Ер-тұрман /ат әбзелдері/ - қазақ халқының арасында ер-тұрман салт атқа мініп жүру үшін жасалған. Ер-тұрманды жасау тек халық ішінен шыққан шеберлердің қолынан келетін іс. Іскерлік өнерге қарай шеберлердің біреулері ердің соқа басын жасайтын болса, екіншілері ағаштан ер шауып, былғарыдан, киізден, тоқым тігіп, қоладан үзеңгі құйып, темірге күміс, алтын жалатып және сүйектен нақыштап, асыл тастан көздер орнатып, ер-тоқымды түгелдей жасаған. Ер-тұрман жасау мен оны күнделікті өмірде пайдалану – қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынас мәселелерімен тығыз байланысты.
Айыл – атқа ерді бекітуге керекті жабдық. Айыл қайыстан, былғарыдан екі қабатталып қыйылып жасалады, ұзындығы 150-160 см, ені 8 см. Айылдың төс айыл /тартпа деп те аталады/ және шап айылға бөлінеді. Шап айыл төс айылға қарағанда ұзындау болады. Шап айыл жалаң ердің үстінен, ал төс айыл аткөрпенің үстінен тартылады.
Ат дорба – қалың матадан кенептен, киізден тігілген, жай өрмектеп тоқылып, атқа жем беру үшін пайдаланылатын әбзел. Дорба аттың басына дәл келуі үшін бау арқылы қыстырылады. Баудың ұзырып-қысқармалы болғаны жөн.
Ат тарақ – темір сымнан /кейде ағаштан/ жасалады, аттың жал-құйрығын, түгін тарайды. Тақтайшаға арасын жиі етіп тіс жасайды, сонымен бірге былғарыдан бау істеледі. Соңғы кезде ат тарақ пластмассадан істелетін болды.
Ауыздық – аттың басын қалаған жаққа бұруға, тежеуге арналған шығыршық темір, жүгеннің ең басты бөлігі; жұмыр темірден отқа қақтап істеледі. Екі жақтау бөлімдері ауыздықты бір-бірімен кішкентай шығыршық арқылы жалғастырады, ал қалған екі шетін жақтауды тесіп, сол тесіктен дөңгелек сулық, шығыршықтарын өткізеді. Жүген тізгінінің ұштарын осы шығыршыққа жалғастырып тігеді. Ауыздық аттың езуін жырып кетпеу үшін оның сулыққа таянған жері жуантық болуға тиіс.
Ашамай – қазақ шеберлері ұлға немесе қызға арнап «Ашамай» ер жасаған, ұл баланы үш-төрт жастан бастап атқа мінуге үйреткен. Ашамай ер аса күрделі болмаған, ердің алдыңғы қасымен артқы қасы екі айыр, биік етіп жасалы, екі ұшында тесігі болған. Баланы ерге отырғызғанда сол тесіктен таяқша өткізіп, ат үстіндегі баланы мықтап ұстатады, аяғын үзеңгі қапқа кигізеді.
Белдік – қайыстан, былғарыдан, қайып тігілетін бау. Атты арбаға, шанаға жеккенде ершікті бекітіп ұстататын тартпа бау.
Бұғалық – арқаннан жасалған арнайы құрал. Оны жылқыны, түйені т.б. ұстау үшін қыл, кендір, қайыс арқаннан ұзындығын 12-15 құлаш етіп жасайды. Бұғалқтың бір ұшын күрмеп кішкентай тұзақ өткізеді де, одан жылжымалы үлкен тұзақ жасайды. Оны көбінесе құрыққа байлап пайдаланады.
Делбе – арбаға не шанаға жегілетін көлікті бұрып отыруға арналған әбзел. Оны қайыстан немесе есілген қылдан жасайды. Делбенің ат сулығына байланар екі ұшында ағаш тиегі, кейде темірден жасалған бекітбесі болады. Ұзындығы шамамен 7-10 метр.
Доға - жылқыны арбаға не шанаға жеккенде қамытты тәртеге жалғастыратын әбзел. Доғаны қайың, тал, үйеңкі, емен сияқты мықты ағаштардан иіп жасайды. Ол үшін жұмыр ағаштың иілуге тиісті жерін шауып жұқартып алып, морға салып жұмсартады да, тез арқылы екі жақ басын иіп, қалыпқа салып кептіреді. Доға кеуіп қалпына түскеннен кейін иілген жерінен шығыршық орнатады. Доғаның тәртемен жалғасатын төменгі екі ұшының сыртқы бетін, орнықты болу үшін жауып, ойық жасайды.
Ер – салт мініс әбзелі: өте сапалы, мықты ағаштан шабылады. Ер жасауға қайың, үйеңкі ағаштары пайдаланылады. Ердің жасалуына қарай бірнеше түрлері болады: «Қазақ ер», «Күміс ер», «Құранды ер», және «Ашамай ер». Қазақ ері бес бөлшектен тұрады: алдыңғы, артқы қас, екі қаптал және екі қастың ортасындағы белдік ағаш. Ердің алдыңғы қасы артқы қастан биік болады, бет жағы ою - өрнектермен бедерленеді. Артқы қастың үсті жалпақтау, алқымы тайыз болады. Ердің екі қапталының басы биіктеу, ортасы жатыңқы, аттың арқасына батпайтын болуы тиіс. Ердің осы бес бөлшегі әзірленген соң, алдыңғы қасқа екі қапталды желімен қондырады, осыдан кейін артқы қасты біріктіріп, бел ағашты екі қастың аралығына салып, ағаш шегемен бекітеді. Екі қаптал ағаштарының ердің алдыңғы қасына жақын, орта шенінен таралғы өткізетін тесік қашайды, қапталдың алғы екі басынан құйысқанды жалғайтын және қанжығаға керекті тесіктер дайындалады, осы тесіктер арқылы керекті күмістелген темір шығыршықтармен әдемі айылбастар орнатылады. Ердің бөлшектерін желімдеп болған соң былғарымен қаптап, шеттерін күміс жалатқан шегелермен бастырып қағады. Күміс ерлердің алдыңғы, артқы қасы түгелдей күміспен жабылып, шегелермен, кейде асыл тастармен әшекейленеді. Ал тартпа, таралғы, өмілдірік, құйысқан түгелдей күміспен сәнделеді. Жасалу жағынан өте күрделі ,берік және жайлы да әдемісі – құранды ер. Мұндай ер 18, кейде одан да көп ағаш бөлшектерден құрастырылады. Ердің желімі әбден кепкен соң түйенің көнімен көктеп, ердің кісі отыратын жерін түгелдей қалың былғарымен қаптап тігіп, үстін күміс өрнектермен, асыл тастармен әдемілейді.
Ершік – жегу әбзелдерінің бірі. Ол арба, шанаға жегілетін көліктің арқасына салынатын ер тәрізді болады, қамыт көліктің /аттың/ омырауын қағып, иығын баспау үшін де керек. Оның қос қапталының астына киіз жапсырылады да, сосын тоқым үстіне салынады, содан кейін оның үстіндегі тесігінен өткізілген қайыс айылмен қос тәрте тиісті дәрежеде көтеріліп байланады. Кейде ершіктің орнына ер мен ашамай да қолданылады.
Жабу – малды ыстық-суықтан, шыбын-шіркейден, сона-масадан қорғау не түйеге артқан жүкті жауын-шашынға тигізбеу, кейде сәндік үшін түйе мен бәйге аттарына жабылатын жамылғы. Оны Қазақстанның әр облысындағы жергілікті қалыптасқан дәстүрге сай әр түрлі етіп жасайды. Жабудың қыстық және жаздық түрлері болады. Қыстық жабуды киізден, ал жаздық жабуды терме алашадан, кейде сәнді матадан да тігеді.
Желдік – тоқым мен ер қапталының арасына салынатын, былғарымен қапталған екі бөлек киіз. Олар төмен сырғып түспеуі үшін екі бөлек киіз. Олар төмен сырғып түспеуі үшін екі жерінен тесіп, қайыс тағып байлайды. Оны аттың арқасына ердің оқпаны тиіп, батпауы үшін салады.
Жүген – жылқыны жөнге бұру, байлау үшін қолданылатын әбзел. Қазақ шебері жүген жасауға да көп көңіл бөлген. Оны былғары мен қайыстан т.б. жасаған. Ол үшін қайысты тігіп, өріп, түйіп әшекейлеген. Жүгеннің қайыс, түйме, былғары, өрме жүген деген бірнеше түрлері бар. Былғары жүгенді астына қайыс салып тігеді. Жүген кеңсірік, желкелік, кекілдік, сағалдырық, ауыздық, сулық, тізгін, шылбыр сияқты детальдардан құралады. Тізгіннің қайыстан, ал шылбырдың қылдан өрілгені абзал. Жүген аттың басынан сыпырылып кетпеуі үшін, сағалдырықты аттың жағының астынан тоға арқылы бекітеді. Былғары жүген күмістелген бүркеншектермен әшекейленеді, кеңсірік пен кекілдірік арасын өрмемен жалғастырып, айқасқан жеріне асыл тас орнатады.
Көпшік – ердің үстіне салатын төсеніш. Оны көбінесе тысымен немесе тыссыз жасайды. Көпшікті әдетте киізден, жүн тартқан матадан, жүнін арасына келтіріп, беттестірген қой терісінен, аң терілерінен, сондай-ақ ішіне жылқының қылын салып былғары, жарғақ жастықшалардан жасайды.
Көтерме – атты арбаға, шанаға жеккенде ағаш жетегін көтеретін бау. Бұл бау ершіктің үстінен салынады.
Кісен - /темір тұсау/, жылқыны матау әбзелі. Шеберлер кісенді аттың аяғына темірден келістіріп иіп, аяқққа тиетін жеріне киіз салып, сыртын былғарымен қаптап тігіп жасайды. Кісеннің аттың аяғына салатын жерінің темірі екі бөлшектен тұрады, ашылу, жабылу жағдайы тоға арқылы істеледі, аттың оң аяғына салынатын кісеннің бөлшегінің біреуінде кішкентай шығыр болады, сол шығырдан кісеннің шынжырын өткізгенде бөлшек жабылады, ал екінші аяғына салатын кісеннің бөлшектерінің екі ұшында айқастырып жабылатын кілті болады. Кісен тек кілтпен ашылып, жабылады.
Қамшы – ат ер-тұрмандарының құрамына кіреді. Оны кейде «ат жүргізгіш» деп те атайды. Өйткені қамшыны негізінен көлікті жүргізу үшін қолданады. Ал керек болған жағдайда оны қару ретінде де пайдаланылады. Ондай қамшының сабы салмақты, өрімі жуан және ұзын болып келеді. Қамшы бүлдіргі, сап, алақан және өрімнен тұрады. Оның әрқайсысы әр заттан жеке-жеке дайындалып біріктіріледі. Қамшының сабын тобылғыдан, ырғайдан, тау ешкі және ақбөкеннің мүйізінен немесе еліктің сирағынан жасайды. Қолға ұстайтын жерін былғарымен қаптап, бүлдірге тағады. Кейде қамшының сабын тұтастай былғарымен қаптап, күміспен әшекейлейді. Күміс сапты қамшы көбінесе әйелдерге арналады. Ал ерлер қамшысының сабына темірден бауыр салып, қайыспен немесе жезбен орап сақиналайды. Мұндай қамшыны «сарала қамшы» деп атайды. Қамшының өрімі жақсы иленген қайыстан өріледі. Қамшы өрімін әр түрлі етіп жасау үшін таспа санын өзгертіп отырады.
Қамыт – көлікті арбаға,шанаға жегу үшін пайдаланылады. Оның ат қамыт, түйе қамыт, өгіз қамыт, сияқты түрлері бар. Қамыттың имек ағаштан жасалған қос құлағы болады. Олардың жоғарғы ұштарын қайыспен біріктіріп байлайды. Мұны желке бау деп атайды. Құлақ ағаштарының астына «шұжық» орнатылады. Қамыттың құлақтарына іктелмеген жалпақ қайыс өткізіледі. Оны құлақбау дейді. Құлақбау тәрте мен доғаның бастарын бір-біріне қосады. Ал қамыттың төменгі бастарын бір-біріне қосады. Ал қамыттың төменгі бастарын қосатын жіңішке қайыс тамақбау деп аталады.Оны қатты тартып байлағанда доға бастары тәртеге мықты болып бекиді. Қамыттың сыртын былғарымен, ал ішкі жағын қалың киізбен қаптайды.
Қанжыға - салт атқа бөктерген затты байлайтын жіңішке қайыс таспа. Ердің қапталының артқы алақанындағы тесікке өткізіліп бекітіледі. Ұзындығы 25-30 см. Қанжығаға мысалы, бұғалық арқан, шідер, тұсау, торсық, қоржын, атып алған аң, құс т.б. байлайды.
Қайысқан - ер аттың мойнына кетпес үшін былғарыдан қайыспен астарлап қайып жасалатын әбзел. Кейде ердің артқы қапталына байланатын екі ұшын өрген өрмелі, түймелі құйысқандар да кездеседі. Құйысқанды күміспен өрнектеп әсемдейді. Былғарыдан шашақ, жасап қымбат тастар қадайды. Құйысқанның ортасына былғары қайыстан дөңгелек тігеледі, осы дөңгелектің алдыңғы шеті ердің артқы қапталындағы шығыршыққа байланады, ал аттың құйрығының астына келетін артқы бөлігі ұзын тұтас қайыстан жасалып, ортасынан екіге иіліп, осы иілген жерін таспалап тіледі.
Мұрындық - түйенің, өгіздің екі танауы арасындағы мұрын шеміршегін тесіп, көлденең өткізіп қоятын жіңішке таяқша. Оны қатты ағаштан, көбінесе тобылғыдан жасайды. Мұрындыққа бұйда байлап, сол арқылы көлікті оңға, солға бұрады, жетектейді.
Өмілдірік - ердің артқа кетпеуін қамтамасыз етеді; сонымен бірге сәндік үшін де тағылатындықтан, оны қалың былғарыдан жасап, әшекелейді. Өмілдірік былғарыдан, қайыспен астарланып қайып тігіліп, өріп жасалады. Өмілдіріктің аттың кеудесінің алдына келетін ортасына былғарыдан қайыспен астарлап дөңгелек жасалып, шашақталған баулар салып, күмістелген бүркеншіктер, нақышталған өрнектермен әшейкеленіп, дөңгелек ортасына ақық тастар орнатылады.
Өре - аттың алдыңғы және артқы аяғына салатын тұсау. Өрені қылдан, қайыстан өріп, түйіп, жасайды, аттың аяғына салатын жерлеріне киізден астар салады.Атты өрелегенде өренің бір шетін айқастырып аттың артқы сол аяғына салады.
Сырқырауын – міндетті түрде әбден кепкен, жуандығы білектей, ұзындығы 1,5 метр шамасындағы қайыңнан жасалады. Сықаурынның бір жақ тегістелген жуан басын «алақан», үйшінің жамбасына дәл келетін орта тұсын «жамбастық», ал, жіңішке ұшын «тұтқалық» деп атайды. Қандай қисық ағаш болмасын оны оқтай етіп түзетектін немесе түзу ағашты көңілдегідей етіп ию арқылы оған жаңа мүсін беретін аты шулы тездің қарапайым көрінісі мен құрамы осындай ғана. «Қисық ағаш жатпайды тез қасында» деген халық мақалы да киіз үй сүйегін жасаудағы қарапайым қазақ тезінің орны бөлек екенін аңғартқандай. Әбден кепкен үй ағашын тезге салып түзету үшін, ең алдымен, оларды от қызыуна қақтап, балқытып алу керек. Ол үшін ағаштарын арнайы жасалатын «мор», «обын», «қоз» сияқты «пештерге» салады. Қазақстанның солтүстік аудандарында мор деп аталатын пешті тақыр жерге ұзындығын 3,5 метр, биіктігі мен көлденеңін 30-40 сантиметр етіп, екі қабырғасы мен төбесін кірпіштен не тастан қалайды, бір басынан 2,5 мерт мойын шығарады. Осы мойынға үй ағаштарын тігінен салып, пештің аузынан от жағады. «Обын» атты пеш жерден қазылып жасалады, Ол үшін ұзындығы 3,5метр, тереңдігі мен көлденеңі 40-50 сантиметр ор қазады. Ордың үстіне 3-4 жерден көлденең шабақ ағаштар орнатып, үстінен үй ағаштарын, ұзыннан-ұзақ сұлата жатқызады да, шыммен бүркей жауып, обының бір жағынан от жағады, екінші жағынан түтін шығады. Бұл пештерге үй ағаштарын салып, жібіту ісін үйшілер тіліне «мор салу» не «обын салу» дейді. Қазақстанның көпшілік аудандарында үй ағаштарын дайындау әдісі өте қарапайым келеді, яғни жағылған оттың қозына жібітеді. Мұндай әдісті үйшілер тілінде «қоз салу» дейді. Қоз жасау үшін тездің жанынан мол етіп қой не түйеқұмалақтарынан немесе қидан от жағады да, күлін жинамай орнында қалдырады. Ертеңіне сол күлдің үстіне тағы от жағып, әлі кебе қоймаған дымқыл құмалақ, тезек қалап, лапылдатып жандырмай бықсытып қояды да, от астындағы ыстық күлге алдын ала су бүркілген үй ағаштарын сұғып, 20-30 минуттан соң бір-бірлеп суырып алып, тезге салып өңдей бастайды. Дымдау үй ағаштарын қозға салар алдыңда оның күймей, буланып жылдам жібуіне жағдай туғызады. Кейде қозды құмнан да жасайды. Ол үшін тездің жанына көп қылып ұсақ құм үйеді, оны біраз жаймалап, үстіне қи жағады. Құм әбден қызған уақытта жоғарыда айтылғандай үй ағаштарын балқытып, жібітетін қозбоылп келеді.
Таға - жылқының тосырқамауы немесе мұздан таймауы үшін тұяғына қағылады. Тағаны сом темірден иіп, қақтап, шеге өтетін тесік сай салып жасайды. Бедерлі өкшелік шығарады. Тағаны ат тұяғына басы сайға кіріп тұратындай арнайы шегемен қағады.
Тебінгі - ер-тұрманның құрамына жататын әбзелдердің бірі. Тебінгі бір жағынан әсемдік үшін тағылса, екіншіден, тоқым қысқа болған жағдайда аяқ киімді аттың терінен қорғайды, ал тоқым ұзын болған жағдайда оны жылдам тозудан сақтайды.Қазіргі кезде тебінгіні жеке жасамайды, тек киіз тоқымдарға жапсырылып тігіледі. Халық арасында мұндай тебінгіні тоқымның тебінгісі деп те атайды.
Тепкіншек - жас баланы атқа мінгізгенде қолданылатын ертоқым әбзелдерінің бір түрі.Қазақ халқында 5-6жастағы баланы алғаш атқа мінгізгенде аяғы үзеңгіге жетпейтін болғандықтан, оған арнайы тігіліп, ою-өрнекпен әсемделген тебінгі-тепкіншек қолданылады. Тепкіншекті түрлі-түсті жүн жіппен термелеп тоқылған өрнекті басқұрдан немесе шұғадан т.б. қалың матадан астарлап қоржын сияқты етіп тігеді де,бетін кестелейді.Оны ердің үстіне салады,екі басына бала екі аяғын салып отырады.
Терлік - тоқымның астына салу үшін қойдың жабағы жүнінен жасалады. Шеттерін былғары болмаса матамен көмкереді.Терлік өз атына сай тер сіңіру және аттың арқасына ердің қапталы батпау үшін қажет.
Тоқым - ердің ат арқасына батпауы үшін салынатын төсеніштің бірі. Ол көбіне киізден сырып жасалады. Кейде киіз тоқымның жиегін шұға не барқыт сияқты маталармен көмкеріп, сыртын түгелдей қалың былғары мен қаптайды. Сырма тоқым мен көькерілген тоқымдарды көбінесе әйелдер жасайтын да, ал былғары тоқымдарды шебер ершілер ғана жасайды. Тоқымның көлемі де ,пішілу үлгісі де әр түрлі болады. Әйелдерге арналған көм тоқымдар үлкен, әшекейі көп, ал еркектердің тоқымдары шағын болады.
Тұсамыс – жылқы ұзап жайылып кетпес үшін пайдаланатын әбзел: аттың алдыңғы екі аяғына салынады. Оны жіп қайыс немесе ременнен жасайды. Түсамыстың тиек орнатылған алақаны балақбауы болады. Атты тұсағанда балақбаудың ат шашасы жағында болуы шарт. Тұсамыс болмаған жағдайда жылқыны жіппен де тұсай береді.
Үзеңгі - көлікке міну үшін қажет. Зергерлер оны қоладан құятын болған, темірден қақтап та жасаған. Үзеңгінің екі қабырғасының жоғары жағында таралғы өткізетін тесік болады, ол аяқ киімнің табаны тұратын жері тұтас сопақша болып келеді. Ершілер үзеңгіні кеппеген қайыңнан иіп немесе ойып жасайды, мұндай үзеңгілер атқа жеңіл болады және ол қыста аяқты қарымайды.
Шідер - жылқыны матау әбзелінің бірі. Оны қайыстан, кейде шынжырдан жасайды. Шідер-үш балақ болып келеді. Ол жылқының алдыңғы екі аяғы мен артқы бір тілерсегіне салынады. Әр балақта бір-бірден алақан, тиек және балақ баулар болады. Көп шідердің тұсауын,өресін және балақ бауларын жылқы қылынан жеке-жеке дайындап алып құрастырады. Ал қайыс шідерді сиыр терісінен иленген қалың қайыстан екі қабаттап жасайды. Қос қабатталған қайыс таспамен тігіледі. Мұндай шідердің тұсауы мен өрелігі шығыршық арқылы жалғасады. Өрме шідердің тұсауы мен өрелігі шығыршық арқылы жалғасады. Өрме шідердің үш балағы бөлек өріліп біріктіріледі. Оның балақ баулары қос қабат жіңішке қайыс таспалардан жұмырланып өріледі.
Шілия - қамытты аттың мойнына кетірмеу үшін пайдаланатын әбзел. Шілияны қайыстан тігіп, түйіп өріп істейді, шеберлер күміспен, жезбен қадақтап әсемдейді, әр жеріне қайыстан шашақ жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |