Төртінші баяндама: Қазақстан жерiнде сүтқоректiлердiң 180, құстың 500, бауырымен жорғалаушылардың 52, қос мекендiлердiң 12, балықтың 104-ке жуық түрi бар. Омыртқасыз жәндiктер шаян тәрiздiлер, ұлулар, құрттар, т.б. бұдан да көп. Тек жәндiктер түрлерiнiң өзi-ақ 30 мыңнан асады. Қазақстанның солт-ндегi орманды дала белдемiнде бұлан, елiк, ақ қоян, сұр тышқан, су егеуқұйрығы, орман тышқаны, бұлдырық, ақ кекiлiк, көл айдындарын су құстары - аққу, қаз, үйрек, шағала, тарғақ, қасқалдақ мекендеген. Едiл өз. жағалауынан Алтай тауы бөктерiне дейiнгi астық тұқымдас шөп пен жусан, бетеге өскен далалық белдемде суыр, дала алақоржыны, сүйiрбас сұр тышқан, кәдiмгi сұр тышқан, дала тышқаны, саршұнақ, ал құстан - дуадақ, безгелдек, жылқышы, сұңқар, бозторғайлар, қыранқара, дала құладыны кездеседi. Көктемнен күзге дейiн бұл жерлерде ақ бөкен үйiрлерi жайылады, олар қысқа қарай шөлдi аймаққа ығысады.
Едәуiр бөлiгiн Жайық өзенінiң аңғарындағы орман алып жатқан далалық белдемнiң батыс бөлiгiн бұлан, елiк жайлаған, мұнда еуропалық қара күзен, жұпартышқан, орман сусары да кездеседi. Бұдан 200 жыл бұрын түгелдей жойылуға жақын қалған құндыз қайта пайда бола бастады. Қосмекендiлерден Жайық, т.б. өзендердiң аңғарында орман бақасы, т.б. кездеседi. Мұнда бұлдырық, сұр кекiлiк, тырна, бозторғай көп. Далалық белдемнiң шығысында суыр, дала тышқаны, дала шақылдағы, ақ қоян, сiлеусiн, елiк, арқар мекендеген. Өсiмдiк жамылғысы әркелкi шөлейт белдемде саршұнақтар мен қосаяқтың, құм тышқаны мен қоянның бiрнеше түрi кездеседi. Мұнда ақ бөкен де, сондай-ақ 20 ғ-дың 40- 50 жылдарында қарақұйрық та көптеп кездесетiн. Бұл белдемде құстан дуадақ, шiл, бозторғай, т.б. бар. Қыста қар тоқтап, көктемде қар суы жиналатын Үстiрт пен Маңғыстау жартастарының арасында кездесетiн үстiрт арқары жұсаң өсiмдiктермен қоректенiп, ащы суды қанағат етедi. Үстiртте ұзын инелi кiрпi, қарақұйрық, шөл сiлеусiнi - қарақал кездеседi.
Сазды және қиыршық тасты шөл дала жануарларынан Қазақстаннан басқа жерде кездеспейтiн ерекше тұқымдас өкiлi - жалманды атап өткен жөн. Ол тек Бетпақдалада, Балқаш к-нiң солт. жағалауындағы кейбiр аудандарда, Алакөл және Зайсан қазаншұңқырында ғана бар. Солт. Балқаш маңындағы бiрнеше жерден ғана тiршiлiк ететiн бес башайлы ергежейлi қосаяқ та ерекше жануар. Мұнда құстан шiл, қылқұйрық, тырна, жек дуадақ кездеседi. Оңт. Балқаш құмында осы араға ғана тән сексеуiл жорға торғайы, шөл дала жапалағы тiршiлiк етедi. Құмайтты шөлде бiрқатар кесiртке (жұмырбас, ешкiемер), жылан (оқ жылан, айдаһар, қара шұбар жылан, т.б.) түрлерi, дала тасбақасы тараған. Республиканың қиыр оңт-ндегi кейбiр жерлерде келес сақталып қалған. Өзен-көл аңғарларындағы орман-тоғайларда елiк, жабайы шошқа, құм қояны, қырғауыл, т.б. кездеседi. Балқаш, Сасықкөл, т.б. көлдердiң жағалауындағы қалың қамыс арасында бiрқазан, жалбағай, ақ құтан, көк құтан, қарақаз, шағала бар. Алакөл айдынын өте сирек кездесетiн, Қазақстанның “Қызыл кiтабына” енгiзiлген реликт шағала қоныстайды. Қазақстанның шығысы мен оңт-н қоршап жатқан таулардың жануарлар дүниесi де сан алуан. Қылқан жапырақты Алтай ормандарында бұлан, марал, құдыр, сiбiр таутекесi, арқар, алтай көртышқаны, қоңыр аю, бұлғын, құну, күзен, барыс, тиiн, борша тышқан, алтай суыры, құр, шiл, т.б. кездеседi.
Зайсан қазаншұңқырынан оңт-ке қарай созылып жатқан тауларда [Сауыр, Тарбағатай, Жетiсу (Жоңғар) Алатауы] марал, елiк, арқар, сiбiр таутекесi, қоңыр аю, сiлеусiн, барыс, ұзынқұйрық саршұнақ мекендейдi. Жетiсу (Жоңғар), Iле Алатауы мен Талас Алатауында көкшiл суырдың орнына қызыл суыр және өте сирек кездесетiн Мензбир суыры жерсiндiрiле бастады. Қазақстанның оңт.-шығыс тауларында жыртқыш құстардан қозықұмай, тазқара, бүркiт тiршiлiк етедi.
Кең байтақ Қазақстан жерiн мекендеген жабайы жануарлардың тәжiрибелiк маңызы бар: олардың кейбiреулерi (ақ бөкен, марал, жабайы шошқа, ондатр, суыр) ауланады, екiншi бiреулерi - өсiмдiк пен жануар зиянкестерi (саршұнақ, тышқан, т.б.) мал мен адам ауруларын таратады. Кемiрушiлер жазық және таулы жерлерде оба ауруын, тышқан тәрiздi, кемiрушiлер туляремия, лептоспироз, қуқызба ауруларын таратады. Қансорғыш кенелер аталған аурулардың кең етек алуына себепкер болып, малға бiрқатар қан-паразиттiк аурулар жұқтырады.
Бесінші баяндама: Жануарлар түрлерiнiң қазiргi сипаты бiрқатар жағдайларға байланысты, олардың аралығында, ең алдымен, жердiң аса кең аумақта игерiлуi, осыған орай жер суару, не керiсiнше, көптеген жайма су аңғарларын құрғатып, тех. дақылдар егу нәтижесiнде жер бедерiнiң өзгеруi сияқты жағдайларды атап көрсету керек. Мұның нәтижесiнде соңғы 150 - 200 жыл iшiнде республика бойынша керқұлан (Пржевальский жылқысы), қабылан, тұран жолбарысы, тоғай бұғысы сияқты түрлерi жойылып кеттi. Көптеген аса бағалы аң түрлерiнiң азайғандығы соншалық, тiптi оларға жойылу қаупi төнген. Бұлардың қатарына қарақұйрық, үстiрт арқары, арқар, Мензбир суыры, ортаазия өзен құндызы, қарақал жатады. Құстардың iшiнде дуадақ, безгелдек, жорға дуадақ, қоқиқаз, орақтұмсық, жылан жегiш қыран, бүркiт, балықшы, кезқұйрықты субүркiт саны тым азайып кеттi. Олардың бәрi Қазақстанның “Қызыл кiтабына” енгiзiлдi. Сондай-ақ, Қазақстанның “Қызыл кiтабының” 3-басылымына қорғауға алынған аңдардың 40 түрi, құстың 56 түрi, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрi, қосмекендiлердiң 3 түрi, балықтың 16 түрi енгiзiлдi. Қорықтарда көптеген сирек кездесетiн жануар түрлерi мемл. қорғауға алынды (қ. Ақсу-Жабағылы қорығы, Барсакелмес қорығы, Қорғалжын қорығы, Наурызым қорығы, Марқакөл қорығы, Үстiрт қорығы). Республикамыздың қазiргi жануарлар дүниесi алуан түрлi, ал оның кең байтақ жерiнде бұрын да көптеген жануарлар мекендеген. Мұнда бiр кезде құрып кеткен омыртқалылардың 200-ден астам түрi, көне дәуiрдегi теңiз жайылмасында тiршiлiк еткен бауырымен жорғалаушылардың, балықтардың, омыртқасыз жәндiктердiң, мәселен, ұлулардың бiрнеше жүздеген түрi табылды.
Қазақстанның құстар әлемі
Сұрақтар мен тапсырмалар:
Қазақстанда өсімдік-жануар дүниесінің таралу ерекшеліктерін атаңдар.
Өсімдіктер мен жануарлардың қандай түрлері «Қазақстанның Қызыл» кітабына енгізілген.
Өздерің тұрған аймақтың өсімдік-жануарларын атаңдар, таралу ерекшеліктері неге байланысты?
Өсімдіктер мен жануарлардың таралуын кесте сызып, жазып келу (табиғат зоналары бойынша).
Достарыңызбен бөлісу: |