практикалық- неміс философы Гегель философияны өмір көшінен үнемі кеш қалып жүреді деп сынаса да, қазіргі философияның, онымен айналысатын философ мамандардың негізгі мақсат-міндеті оның практикалық сипатын зерттеу болуы деп ойлаймыз. Жан-жағынан адам, өмір, қоғам, дүние, табиғат туралы түсініксіз сұрақтар қаумалап, өмірден, қоғамнан өз орнын таба алмай қиналған қазіргі заман адамына құрғақ теориялар мен шым-шытырық абстракциялардан пайда шамалы, оған өзінің кім екенін, дүниеге келгендегі мақсатын түсіндіріп беретін, алдынан күнбе-күн тосып отырған қиыншылықтарды жеңуге көмектесетін, бір сөзбен айтсақ, практикалық сипаты бар философия қажет. Бірақ, бұл пікірден философия күйбең тіршіліктің пендешілік қажеттіліктерін түсіндіруді қанағат тұтып қоюмен шектелуі қажет деген тұжырым туындамауы керек, керісінше, ол әрбір адамды терең толғаныс-ойларға жетелеп, өткінші нәрселерден мәңгілік, мызғымас құндылықтарға бойлауға шақыруы тиіс.