Оқулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен



бет82/297
Дата14.11.2022
өлшемі5,72 Mb.
#158178
түріОқулық
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   297
Байланысты:
Uchebnik Gigiena-kaz yaz (копия)

Пестицидтер өсімдіктерді насекомдардан, кенелерден, бактериялардан, вирустардан, саңырауқұлақтардан, арамшөптерден және тағы басқалардан қорғаудың химиялық құралы ретінде кеңінен қолданылады. Алғашқы кездері пестицидтер адамның шаруашылық қызметінде және жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушылармен күресуде үлкен роль атқарды. 1948 жылы швейцариялық химик Пауль Мюллер инсектицид ретінде пайдалануға болатын ДДТ (дихлодифенилтрихлорэтан) ашқаны үшін Нобель сыйлығын алған болатын, оны пайдалану нәтижесінде бөртпе сүзегімен, маляриямен және басқа да жұқпалы аурулармен аурушаңдықты және олардан болатын өлім-жітім деңгейін күрт төмендетуге мүмкіншілік болды. Алайда 70-жылдардың басында-ақ, оны қолдану нәтижесінде байқалатын барлық қауіпті жағдайлар анықталып, бұл препаратты қолдануға тыйым салынды. Қолданылатын барлық дерлік пестицидтер жоғары дәрежеде уытты және қоршаған ортада ұзақ уақыт айналымда жүретін, өте баяу ыдырайтын қауіпті қосылыстар (VIII тарау) болып табылады. Топырақтан өсімдіктерге, атмосфералық ауаға, суаттарға тасымалдана отырып, пестицидтер адамға әр түрлі жолдар арқылы әсер етеді. Пестицидтермен өңделген топырақтан пестицидтердің белгілі бір мөлшері үнемі буланып отырады, ол ауаның ылғалдылығы жоғары кезінде ауыл шаруашылық егіс далаларында қатты уланулар туғызатын улы тұмандар түзілуіне себеп болады, өйткені, бұндай жағдайларда атмосфераның жер бетіне жақын төменгі қабаттарында пестицидтердің концентрациясы ШРЕК бірнеше ондаған есе жоғары болады. Адамның ластанған топырақпен тек басқа орта арқылы ғана емес, тікелей байланыста болуы да қауіпті. Пестицидтерді бақылаусыз қолдану топырақ микробиоценозының едәуір өзгеруіне де, топырақтың өздігінен тазару процестерінің тежелуіне де әкеп соғады.
Қазіргі кезде дүние жүзінің барлық елдерінде 1- класты қауіпті пестицидтерді және тұрақты хлорорганикалық пестицидтерді пайдалануға шектеу қойылған, полихлорлы бифенилдерді өндіруге және пайдалануға тыйым салынған, пестицидтерді олардың жылжымалылығын төмендететін түрлерініде пайдаланады, химиялық қорғау құралдары биологиялық құралдармен алмастырылады. Алайда, қазіргі уақытқа дейін ДДТ және басқа да өндіруге және қолдануға тыйым салынған хлорорганикалық пестицидтер әр түрлі аймақтардың қоршаған орта нысандарынан табылуда. Мысалы, ШРЕК деңгейінен 2 есе және одан да артық ДДТ жоғары концентрациялары Қазақстанның мақта, күріш дақылдарын өсіретін, қаракөл мен бақша шаруашылықтары шоғырланған Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының топырағында анықталады.
Агрохимикаттарға қарағанда, көптеген химиялық ластаушылар өнеркәсіп өндірісі процесінде немесе адамның тұрмыстық қызметі барысында топыраққа кездейсоқ түседі. Олар өнеркәсіп орындарынан, автокөліктен атмосфералық ауаға бөлінетін заттар (III тарау), шаруашылық-тұрмыстық және өнеркәсіптік ағынды сулар (IV тарау), ластанған суаттар, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтардың жинақталған және көмілген орындары болып табылады.
Атмосфераға түсетін өнеркәсіптік шығарындылар топырақты ластаушы көздердің ішіндегі ең маңыздысы болып табылады, өйткені, олардың құрамында улылығы мен қауіптілігі түрліше, химиялық табиғаты алуан түрлі заттар кездеседі. (III тарау). Ірі өнеркәсіптік қалаларда өнеркәсіптік шығарындылар есебінен топыраққа түсетін химиялық жүктеме қалыптағыдан 40 есе, ал ең жоғарғы деңгейі - 600 есе артық. Әдетте, топырақтағы химиялық қосылыстардың ең жоғарғы концентрациялары өнеркәсіп орындарына жақын жерлерде байқалады. Мысалы, Өскемен, Лениногорск, Зыряновск, Шымкент, Балқаш қалаларының түсті металлургия кәсіпорындарының өнеркәсіп аудандарында қорғасын, мырыш, кадмий, мыстың топырақтағы концентрациялары ШРЕК мөлшерінен 100-500 есе, санитарлық-қорғаныс аймағында (1,0 км-ге дейінгі) – 50-100 есе, 5 км-ден 40 км-ге дейінгі ара қашықтықта – 2-3 есе артық болады.
Фторсутек пен фтордың басқа да қосылыстарын ауаға бөлетін Жамбыл суперфосфат зауытының маңындағы топырақтар фтор қосылыстарымен ластанған. Заводқа жақын жердегі топырақтағы фтордың ең жоғарғы концентрациясы ШРЕК мөлшерінен 2-5 есе артық.
Шымкент қаласының және оған іргелес жатқан аймақтардың топырағы қорғасын және фосфор зауыттарының ауаға бөлетін қалдықтарымен ластанады. Топырақтың марганец, қорғасын, кадмий, кобальт, молибден, фтор, хроммен және мөлшері ШРЕК мөлшерінен 3 есе артық және одан астам болатын сынаппен едәуір ластануы Теміртау қаласының қара металлургия кәсіпорындары орналасқан ауданында байқалады. Сынап осы аймақта орналасқан синтетикалық каучук өндірісінің технологиялық үрдістерінде пайдаланылады.
Мұнай-газ конденсаты кен орындарының кәсіпорындары (Батыс Қазақстан, Атырау облыстары) топырақты мұнай өнімдерімен, фенол, ванадий, бариймен ластайды. Ақтөбе қаласындағы ферроқорытпа, хром қосылыстары зауыттары және ЖЭО атмосфераға топыраққа сіңіріліп отыратын, хром мен бордың көп мөлшерін бөледі.
Топырақты ластаудың айтарлықтай маңызды көзі жылу энергетикасының кәсіпорындары болып табылады. Ірі ЖЭО-да қатты отынды жағу кезінде топыраққа күл, күйе және улы металдар түседі. Бұлардан бөлінген күл мен басқа зиянды заттар жүздеген шақырым территорияларға таралады. Бұдан басқа, ЖЭО айналасында ауданы 2-3 км2 болатын жердің топырағын күл үйінділері – отынның жанғанынан қалған күлді жинаған жер учаскелеріндегі күл ластайды.
Қалдықтардың өте көп мөлшерін, өнеркәсіптік қалдықтардың жалпы көрсеткішінің 75%-ын кен өнеркәсібі бөледі. Қайта өңдеуге қолданылмайтын бос жыныстар кеніш маңында тау жыныстары үйіндісі түрінде жинақталады. Кенді алғашқы өңдеу (байыту) барысында кейін өндірістік үрдіске қажетті минералдық компонентерді бөліп алады, ал кеннің қалған бөлігін қоймада сақтауға жібереді. Жыныс үйінділері мен сақтау қоймалары топырақтың орасан зор аудандарын алып жатады, ал қалдықтардың құрамында болатын, көбінесе уытты және қауіпті болып саналатын түрлі химиялық қосылыстар топыраққа, ауаға, суға өтеді. Қазақстан Республикасы үшін бұл мәселе аса өзекті болып табылады, өйткені оның территориясында темір рудасының (Қостанай облысы), түсті металдардың (Батыс Қазақстан, Жезқазған облыстары), тас көмірдің (Қарағанды, Павлодар облыстары), фосфордың (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары) және мұнайдың (Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары) кен орындарын пайдаланады.
Топырақ айтарлықтай дәрежеде автокөліктен бөлінетін, құрамында қорғасын, мыс, кадмий, марганец, мырыш қосылыстары, көмірсутектер, бенз(а)пирен және т.б. бар, пайдаланылған жанармай газдармен ластанады (III тарау). Ең жоғары дәрежеде ластануы көлік қозғалысы көп автотрассалардың маңындағы топырақтарында байқалады. Қозғалтқыштары бензінді автокөліктер көп журетін жолдардың бойындағы топырақта қорғасынның концентрациясы 300-500 мг/кг-ға (қорғасынның ШРЕК – 20 мг/кг), бенз(а)пиреннің концентрациясы – 50 мг/кг-ға дейін жетуі мүмкін.
Топырақтың ластануында кәсіпорындардан шыққан ағынды сулар үлкен роль атқарады. Өнеркәсіптік ағынды сулар өндірісте суды пайдаланғаннан кейін түзіледі. Әр түрлі өндірістердегі олардың құрамында, осы кәсіпорындардағы технологиялық үрдістердің ерекшелігіне, шикізат ретінде қолданылатын немесе өндіріс барысында түзілетін заттарға, түрлі қалдықтарға байланысты едәуір айырмашылықтары болады. Өнеркәсіптік ағынды сулардың құрамындағы ластаушылардың мұндай кең спектрі олардың санитарлық қаупін жоғарылатады. Көп жағдайларда ағынды суларды жоюдың соңғы кезеңі оларды суаттарға ағызып жіберу болып табылады. Алайда, өнеркәсіптік ағынды сулар, олармен ластанған су көздері арқылы және ағынды суларды ауылшаруашылық дақылдарын суару үшін, т.б. мақсаттарда пайдаланғанда, топырақты да ластауы мүмкін.
Ядролық қаруды сынау, ядролық реакторлардағы апаттар, халық шаруашылығының әр түрлі салаларында иондаушы сәулелену көздерін пайдалану себебінен топырақтың белсенді заттармен ластануы өте қауіпті болып табылады (ХII тарау).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   297




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет