Т.Т.Тұрлығұлов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. А.А.Бейсембаева, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. “Педагогика тарихы” (білім беру және педагогикалық ойлар тарихы) оқулығында әр тарихи дәуірдегі тәрбиелеу, оқыту, білім беру мәселелерi жан-жақты қамтылады. “Педагогика тарихы” атты оқулық студент жастардың қоғамның дамуындағы құндылықтарды түсiнуiне және өздерінің тұлғалық қасиеттерiн қалыптастырып жетілдіруіне ықпал етеді.
Оқулық педагогикалық жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушыларына, аспиранттарға, магистранттарға, студенттерге және білім беру қызметкерлеріне арналады.
КІРІСПЕ
Қазақстан Республикасының бүкіл әлемдік білім кеңістігіне ену ұмтылысы білім саласына жаңа тұжырымдамалық көзқарас пен оның сапасын арттыруды талап етеді.
Педагогика тарихы пәні болашақ ұстаздардың тарихи мұраларға қызығушылығын арттырып, олардың бойында жалпы адамзаттық рухани және ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға ерекше назар аударады, болашақ мұғалімнің ой-өрісін кеңейтеді, оларды педагогикалық классикалық шығармалармен таныстырып, түрлі халықтардың тәрбие, оқыту мен білім беруіне қосқан жетістіктерімен таныстырады.
Болашақ ұстаздар әр тарихи дәуірдегі тәрбие, оқыту, білім беру тәжірибелерін зерделеп, қазіргі білім саласындағы мәселелерді байыпты ойластырып шешуге үйренеді.
Қазақстан Республикасы қабылдаған “Мемлекеттік мәдени мұра” бағдарламасы ежелгі Еуразия даласының тұрғындары мен тайпалары, қағанаттары мен түрік этностарының ортақ мәдени мұраларын, қазақ халқының рухани-адамгершілік дәстүрлерін, елімізді мекендеген этностардың мәдени байлықтарын, әлемдік өркениет құндылықтарын ой елегінен өткізіп, еліміздің тарихын тың көзқарас арнасында зерделеуді қажет етеді. Осыған орай, еліміздегі ұлттық тәлім-тәрбие жүйесінің, өзінің мыңдаған жылдар бойғы қалыптасуындағы мол тәжірибесін, педагогикалық идеяларын және ой-пікірлерінің даму тарихын алғаш рет жүйелеп ұсынып отыр.
Педагогика тарихы пәнінің мазмұнында шетелдердегі тәлім-тәрбие, білім беру және педагогикалық ойлар тарихы, Таяу және Қиыр Шығыстың ежелгі мемлекеттеріндегі, Египет, Израиль-Иудей патшалығы, Ирак, Үнді, Қытай елдеріндегі тәлім–тәрбие мен мектептерді, Шығыстың Антикалық замандағы, орта ғасыр дәуіріндегі, және Византиядағы ағарту ісі, Қайта өрлеу дәуіріндегі Батыс Еуропа, АҚШ елдеріндегі тәрбие, мектеп және педагогика мәселелері қарастырылады.
Сонымен бірге, Х ғасырдан бастап Ресейдегі педагогикалық ой-пікірдің дамуы, тәрбиелеу, оқыту және Кеңес дәуіріндегі (1917-1990 ж.ж.), тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдеріндегі мектеп пен педагогиканың дамуына сипаттама беріледі.
Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірлер мен мектептердің тарихы адамзаттың қоғамдық құрылыс кезеңдеріне сай 9 кезеңге бөліп қарастырылады:
Еуразия даласындағы алғашқы қауымдық қоғам кезеңіндегі тәрбие;
Таяу және Қиыр Шығыстың ежелгі мемлекеттерінің – Шумер тәлім-тәрбиесі мен мектептері;
Сақтар мен ғұндардың мәдени - жауынгерлік тәрбие дәстүрлері;
Ұлы түркі қағанаты және оның тәлімдік-танымдық мұрагерлері (VI-IX ғ.ғ.);
Араб-шығыс мәдениетінің Қазақ даласына тарауы, орта ғасыр оқымыстыларының тәлімгерлік ой-пікірлері (Х-ХV ғ.ғ.);
Қазақ хандығы кезеңіндегі ұлттық тәлім-тәрбие (жыраулар поэзиясындағы тәлімдік ойлар);
Қазақ даласындағы Ресей отаршылығына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар және ағартушылық демократиялық идеялардың өркен жаюы;
Кеңестік дәуірдегі қазақ педагогикасының ғылым ретінде дамып қалыптасуы;
Егеменді Қазақстан Республикасындағы ұлттық тәлім-тәрбиенің қайта жандануы.
Педагогика тарихы пәні ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тәлімдік мұраларға терең талдау жасап, қазақстандық біртұтастық, ынтымақтастық, патриотизм рухында мәдениет сабақтастығын нығайтып, көп қырлы білімдік кеңістіктің дамуына қажетті алғы шарттарды қалыптастырады.