15 апта
Дәріс 15
Тақырыбы: Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудегі қазіргі көзқарас.
Дәріс мазмұны: Әдебиет – халықтың рухани қазынасының алтын қоймасы. Сол қойманы сақтай білген, сол қазынаны рухани қажетіне қарай орынды жарата білген халықтың ғана ұлт ретінде, халық ретінде болашағы бар. Сондықтан да сол әдебиетті төкпей-шашпай, жүйелеп, зерттеп, қай жерде не бар, ол бізге несімен қымбат деген сауалдарға уақтылы жауап беріп отыру барлық уақытта да күн тәртібінен түспейді.
Әдебиеттің өткені мен бүгінгісін замана талабына сай саралап, бұл мәселені шешіп отыратын – әдебиеттану ғылымы. Соның ішінде бар әдебиетке иелік жасап, шашау шығармай жинап, рет-ретімен жүйеге түсіріп, қай нәрсенің қай жерде, қандай қасиеті бар екендігін қапысыз саралап, дәуір тынысына орай оқырманның рухани қажеттілігін қанағаттандыруға қалтқысыз қызмет етуге тиіс – әдебиеттің тарихы.
Әдебиеттің тарихы – әдебиеттану ғылымының негізі болумен бірге көлемі жағынан ауқымдысы да, сондай-ақ шешімін күтіп тұрған проблемалары көбірегі де. Әдебиет тарихын жасау, оны дәуірлеу мәселесі әдебиетті зерттей бастаған кезден күн тәртібінде келеді. Сырт қарағанда, онда тұрған не бар, тарихты кезең-кезеңдерге бөліп, жаза берсе болмай ма деуге де болатын сияқты. Сөйтіп те келдік. Десек те заман өзгерді, заманмен бірге адам да жаңарды; қоғамдық сана өзгеріп, ғылым мен мәдениет дамыды.
Осының барлығы әдебиеттің, оның ғылымының алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Соның бірі – әдебиеттің тарихын жаңаша дәуірлеу, тың деректер мен пікірлермен толықтыра түсу, бүгінгі таңдағы қоғамтану ғылымының жетістіктерімен қаруланған, ХХ1 ғасырдың жаңа адамының талғамын қанағағттандырып, толғандырар сұрақтарына жауап бере алатын толыққанды әдебиет тарихын қайта жасау.
ХХ1 ғасырдағы қоғамдық дамудың өзіндік ерекшелігі болып табылатын жаһандану үдерісі адамзат қоғамының алдына мүлдем жаңа проблемалар қойып отыр. Батыста басталып, «бұл болмай қоймайтын, өркениетке апарар жол» деп, барынша насихатталып жатқан жаһандану жолындағы мәдениеттердің, әдебиеттердің барлығын жалмап, жұтып, халықтарды ұлттық рухани тамырынан айырып, мәңгүрттендіру арқылы бір оқ шығармай, әлемді бағындыру әрекетіне көшті.
«Мәдениеттер қақтығысының», сыпайылап айтқанда, «мәдениеттер тоғысының» негізгі соққысы ұлттық тілге, оның әдебиетіне бағытталып, әлемді алқымынан алып, халықтың жанды жерінен жаралап, рухын жоюда. Соның нәтижесінде Еуропаның батысындағы шағын ғана аралды мекендейтін 60 миллион ағылшынның тілін ана тілі санайтындардың саны 500 миллионнан, жалпы пайдаланушылар 1 миллиардтан асып, әлемнің 44 елінде мемлекеттік мәртебеге ие болып отыр (А. Кәрімұлы. Тіл майданы – біз үшін Отан соғысы. «Қазақ әдебиеті», 20-26.01.2012). Мұның барлығы басқа тілдердің, мәдениеттердің, әдебиеттердің жойылуы есебінен болып жатқандығы белгілі.
Практикалық сабақ тақырыбы: Рухани жаңғыру және қазақ әдебиеті тарихы.
СОӨЖ мазмұны: Ғылыми зерттеу әдіс тәсілдері және әдебиет тарихын дәуірлеу реферат.
СӨЖ мазмұны: Қазаргі поэзиядағы адамгершілік гуманизм
Әдебиет:
1. Байтұрсынов А. “Әдебиет танытқыш”. Алматы, Атамұра. 2003.
2. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. “Мектеп” баспасы. А., 1969.
3. Ќабдолов З. Сөз өнері . Алматы. “Санат”, 2002.
4. Елеукенов Ш. Әдебиет жєне ұлт тағдыры. Санат. 2002.
5. Мақпыров С. Әдебиеттануға кіріспе ( хрестоматия) А., 1991.
6. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. А. 1996. (құр. Ахметов З.)
7. Литературный энциклопедический словарь. М., 1987.
8. Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы. Шығармалар жинағы II том. А. 2007.
9. Үсенова А. “Қазіргі қазақ өлеңінің құрылысы: дәстүр және даму үрдістері” А, 2010
10. Тұрысбек Р. Ақиқат айнасы. Алматы. «Таймас» 2008.
Достарыңызбен бөлісу: |