2.Көру анализаторлары. Көздің формасы жұп түзінді, шар тәрізді. Оның сыртқы жағында орналасқан жас бездері сұйықтық зат бөледі. Сұйықтық көзді құрғап кетуден сақтайды. Көз алмасы 3 қабықтан тұрады: сыртқы, ортаңғы және ішкі. Сыртқы қабық- ақ қабық деп аталады. Ақ қабықтың алдыңғы жағы қасаң қабыққа айналған. Ақ қабықтың астыңғы жағында ортаңғы немесе тамырлы қабық орналасқан. Онда көптеген қан тамырлары болады. Тамырлы қабықтың алдыңғы жағы кірпікше денеге және нұрлы қабыққа айналған. Көздің түсі осы нұрлы қабықтағы пигментке байланысты. Нұрлы қабықтың ортасында қарашық дейтін тесік болады. Көз қарашығы арқылы көз алмасының ішіне жарық сәулесі өтіп, торлы қабыққа барады.
Торлы қабық ең ішкі, үшінші қабық болып есептеледі. Онда жарық сезгіш клеткалар- таяқшалар мен қолбашылар болады. Осы клеткаларға жалғасып жататын нерв талшықтары жинақтала келіп, көру нервтерін құрап, миға барып жалғасады.
Көз қарашығының астында 2 жағы бірдей дөңес линза пішіндес мөлдір дене жатады. Ол көз бұршағы деп аталады. Ал ақ қабақпен қоршалған және көз алмасы қуысының бәрін шыны тәрізді дене деп аталатын мөлдір қоймалжың сұйықтық толтырып тұрады. Көз бұршағы мен қасаң қабақтың арасында қуыс болады. Ол қуыс мөлдір сұйықтыққа толы болады.
Көздің оптикалық қасиеті. Кез келген жарық көзі немесе әртүрлі заттардан шағылысқан сәулелер көз ішіне барып сынып, торлы қабыққа бейне береді. Көз өте күрделі оптикалық система тәрізді. Жарық сәулесі көздің торлы қабығына барып, бейне беру үшін алдымен қасаң қабықтан, мөлдір сұйықтықтан, көз бұршағынан және шыны тәрізді денеден өтеді. Жарықтың сыну күші диоптриймен өлшенеді. 1 метр фокусты қашықтықтағы линзаның сындыру күші 1 диоптрий тең. Көздің бүкіл оптикалық жүйесінің сындыру күші алыстағыны қарағанда 58д, жақындағыны қарағанда 70д тең. Жаңа туған баланың көзінің сындыру күші- 80д, оқушыларда- 52-68д тең.
Аккомодация. Көз жіберіп қараған нәрселер анық көріну үшін, белгілі нүктелерден шығатын жарық сәулелер фокусы көздің торлы қабығының арғы жағына барып түсіп фокус құруы тиіс. Адам алыстағы нәрсеге қараған кезде жақындағы нәрсе бұлдырап көрінеді. Себебі ол жарық сәулесінің бір жерге шоғырланып түспеуіне байланысты. Аккомодация көз бұршағының серпімділік қабілетіне байланысты жүзеге асырады.Көздің әртүрлі қашықтықта тұрған нәрселерді анық көруге бейімделу қабілеті- аккомодация деп аталады. Жақын тұрған нәрсені қарау кезінде көз бұршағы едәуір дөңестенеді, соның нәтижесінде нәрселерден шығатын сәуле торлы қабыққа барып шоғырланады. Көз бұршағының өзгеруі кірпік бұлшықеттерінің жиырылып босаңсып отыруына байланысты. Жас өскен сайын аккомодация өзгеріп отырады. Олай болу себебі, көз бұршағының серпімділігі біртіндеп өзгереді де, формасының өзгеру қабілеті төмендей түседі. Жас ұлғайған сайын анық көру нүктесінің қашықтығы өзгереді. Мысалы: 10 жаста көзден 7см қашықтықта, 20 жаста- 8,3см, 35 жаста- 17см, 60-70 жаста 80-100см қашықтықта болады.