Сабақтың барысы: 1. Психологиялық кезең.
- Балалар, сабақ бастауға көңіл-күйлерін қалай? Тақтаға көз салсаңдар, адамның көңіл-күйін білдіретін суреттерді көре аласыңдар. Қазір алдарыңда жатқан стикерлерге сол суреттерге қарап, көңіл-күйлерінді көрсететін суретті салыңдар. Жақсы. Сонымен бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: «Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы».
2. Кіріспе сөз: Мұқағали (Мұқаметқали) Сүлейменұлы Мақатаев 1931жылы 9 ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданы Қарасаз ауылында туған. Балалардың үлкені – Мұқағали еді. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына өтті. Әкесі Сүлеймен соғыста қаза тауып, анасы Нағиман мен әжесі Тиынның тәрбиесінде өсті. Ол 10-11 жастан бастап өлең шығара бастайды.
Әйелі – Лашын Әзімжанова. Тұңғыш қызы – Ләззат 1949 жылдың желтоқсанында дүниеге келіп, сәуірде суық тиіп қайтыс болған. Екінші қызы – Майгүл 1951 жылы мамырда дүниеге келген, 1962 жылы Алматыға көшіп келгеннен кейін машина апатынан қайтыс болады. Бұл қаза ақынға қатты соққы болады. Майгүлге арналған өлеңдер циклі баршылық. Қалған балалары – Жұлдыз, Айбар, Алмагүл, Шолпан.
Мұқағали орыс, неміс тілдерін жақсы білген.
1948-1949 жылдары ҚазМУ-дың филология факультетінде оқыған. К.Маркс атындағы кеңшарда (қазіргі «Текес») ауылдық кеңес хатшысы, мектепте мұғалім болды.
1952-1962 жылдары Қарасаздағы бастауыш мектепте орыс тілінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 1970 жылы Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, 1973-1974 жылы Мәскеудегі әдебиет және өнер институтында оқыды.
Ақынның тұңғыш өлеңдері «Қырман басында», «Қойшы бала - Әкітай», «Інімнің ойы», «Шебер». Өлеңдегі ұстазы – Қ.Аманжолов. Ақынның тұңғыш кітабы – «Ильич», ал кейінгі шығармалары «Ақ қайың әні», «Ару-ана», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Қырандастар», “Чили – шуағым менің», «Шекарада», «Большевиктер», «Өмірдастан», «Арман», «Шолпан», «Досыма хат», «Отаным, саған айтам», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт.Жан азасы» атты поэма-толғаулары бар. 650-ден астам лирикалық өлеңдері бар. Мұқағали – ақын, жазушы, драматург. Ақиық ақын 1976 жылы 27-інші наурызда 45 жасында Алматы қаласында қайтыс болды.
Достарыңызбен бөлісу: |