Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет30/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер

* * *


Қырғызбай атасы қартаяйын депті. Өзі баяғыдан қоян мінез 
қорқақ адам, енді тым қалтырап қалыпты. Соңғы уақыттың бура 
бұрқылы бұйығып жатқан мұны да шайқаған тәрізді.
Тұрардың  келгеніне  бәлендей  қуана  қоймады.  Неге  екенін 
ашып айтуға тағы батпады. Тұрардың мұның үйіне келіп түскенін 
білсе, өкімет аямайды. Соны шал сезеді.
Іңір  қараңғысында  Тұрар  үйге:  «Ассалаумаәлейкүм!»  –  деп 
кіріп келгенде Қырғызбай атасы намаз оқып отыр екен. Келген 
Тұрар  екенін  білсе  де,  былқ  етпеді.  Шариғат  намаз  бұзуды 
қаламайды.  «Шіркін-ай,  көкем  болса,  намазды  атып  ұрып, 
орнынан  қарғып  көтерілер  еді-ау»,  –  деп  Тұрар  ішінен  тынып 
қалды.
Ал  Салиха  шешесі  Тұрарды  көріп,  бас  салып  құшақтап, 
аңырап  тұрып  бір  жылап  алды.  Шалының:  «Ойбай,  қарыстыр 
жағыңды!»  –  деп  ысылдағанына  қарамастан:
– «Қайран ғана асылымның сынығы-ау, арманда кеткен есіл 
ердің  жұрнағы-ау,  теңдесі  жоқ  тұлпарымның  тұяғы-ау!»  –  деп 
көпке  дейін  теңселіп  тұрып  алды.
Әлден  уақыттан  кейін  шарт  жұмулы  көзін  ашып,  әлсіз 
шырағданның  алагеуім  жарығына  Тұрарды  шығарып  тұрып, 
тұла  бойына,  бет-жүзіне  үңіліп  тұрып  әбден  қарады.
–  Шынымен  Тұрармысың,  қарағым-ау!  –  Наудай  жігіт 
болыпсың ғой. Тіпә-тіпә, тіл-аузым тасқа! Аумаған Мырзағаның 
өзі. Ұқсамасаң-тумағыр. Киімі ғана басқа, шаш қойғаны болмаса, 
дәл  өзі.  Ойбу,  шаш  қойып,  кәпір  болайын  деп  пе  ең?  Қой  әрі, 
алдырып  таста!  –  деп  енді  дауысын  қатайта  бастады.
– Апа-ау, шаштан басқа көкемнен тағы қандай айырмашылығым 
бар? Тапшы, кәне – деп Тұрар да кемпірді иығынан құшақтап, 
аймалап қойды. Бұл ықыласқа тым тәнті болған Салиха, діңдей 
жігітке тағы үңіліп:
–  Дәл  өзісің  ғой,  Тұрар-ау!  –  деді  еркекше  жарықшақ 
дауысымен.  –  Ойбу,  аңқау  басым-ай,  әкеңнің  сақал-мұрты  бар 
еді-ау.
– Одан басқа?
– Одан басқасы – бәрі айнымаған әкең.


–  Таппадың,  апа,–  деді  Тұрар  кемпірді  жауырынынан  қағып 
қойып. – Көкем көзәйнек кимеуші еді ғой.
–  Алда  құдай-ай,  көзәйнегің  бар  екен  ғой.  Әлден  көзәйнек 
таққаны  несі?  Сол  да  сән  бе?  –  деп  кемпір  екі  езуі  салбырап 
ренжіп  қалды.
– Сән емес, апа, – деп күлді Тұрар. – Мұны кимесем, көзім 
бұлдырап,  кітап  оқи  алмай  қалатын  болдым.
–  Осы  кітап  оқи  берген  де  жақсы  емес-ау.  Шырағданның 
жарығымен  ет  беттеп  жатып,  ұйқы  көрмей  оқушы  ең  ғой 
ана  жылдары.  Көздің  майын  жеп  қойған  ғой.  О  баста  оқыса  – 
оқысыншы, бізден де бір азамат шықсыншы деуші едім. Білесің 
бе,  ана  жылы  оқуға  бала  аламыз  деп  мұғалімдер  келгенде, 
мына шал сені жаздырғысы келмей, мен көнбей қойып ем ғой. 
Сауатың ашылды, қара таныдың. Енді болды емес пе? Қырғызға 
да барып оқыдың, орысқа да барып оқыдың, жер түбіндегі Самар 
дей ме, соған да бардың. Ташкенге де бардың. Тегі мұның шегі 
бар  ма?  Сондағы  ұлық  болғаның  қайсы?  –  деп  Салиха  кемпір 
енді пендешілік жағына қарай қисайды. – Тәшкеннен бір шәйі 
көйлек ала келсең не ғылатын еді мына жаман шешеңе. Мен өле 
кетсем, баласының Тәшкеннен әкеп берген көйлегін аламыз деп 
кемпірлер  сүйегіме  түсуге  таласар  еді.
–  Әй,  антұрған,  оттай  бермей  қойсаңшы  енді!  –  деп  шалы 
шақ  ете  қалды.  –  Баланың  мазасын  ала  бермей,  шәй-пәй 
дайындасаңшы.
– Ойбу, сорлы басым-ай, шәй қоюды ұмытып кетіппін ғой, – деп 
Салиха салдырап сасып қалды. Лезде бұрқылдап, ашу шақырды. 
– Әй, қақбас, алыстан келгенде біраз айналып-толғанғанға нең 
кетті. Шәй-пұйы несі? Сой ана тоқтының біреуін! Тұрар алыстан 
келгенде соймағанда, менің жаназама сояйын деп пе ең?!
– Тоқты сойып, түнімен жайбарақат отыратын заман емес қой, 
жазған-ау, – деп шалы жуасып қалды.
– Рас айтасыз, ата, жайбарақат отыратын уақыт емес, – деді 
Тұрар салмақпен. – Қой сойып, ет асудың керегі жоқ, шәй, тіпті 
шалап болса да жетеді. Ал, ата, ауылдың хабарын айта отырыңыз. 
Не болып жатыр өзі?


–  Не  болушы  ед?  –  деп  Қырғызбай  бұл  сұрақтан  секем  ала 
қипақтады.  Баяғы  екі  шоқып,  бір  қарайтын  қу  әдеті.  –  Мен, 
әйтеуір,  араласа  бермеймін.  Әйтеуір,  абыр-сабыр,  еліңде  маза 
жоқ. Базарға бұрынғыдай мал да түспейтін болды. Жалғыз атын 
желдіктеп, жапа-тармағай бақан ұстаған едірең байлар, әйтеуір. 
Кімді шауып, қиратып тастайтынын құдай білсін, әйтеуір шетінен 
желігіп  алған.  Шетінен  бозаға  тойып  алған  адырлар  сияқты. 
Қорқамын,  тәрізі  жаман.  Кесірі  тиіп  жүрмесе  жарар,  әйтеуір.
– Көппен көрген ұлы той, несіне қорқасыз? Астыңызда атыңыз 
бар, бір шетінен барып сіз де тиіспейсіз бе? – деп мысқылдады 
Тұрар. Шалдың мұнша үркектеп отырғанына риза, сірә.
– Ой, шырағым-ай, шыбын жаным шықпа деп жүрген атаңа 
енді батырлық пайда болар деп пе едің?
– Е, баяғы Соқыр батырдың бір жұқанасы жоқ па бойыңызда? 
Алыңыз найза қолыңызға! – деп Тұрар шалды әжуалай түсті.
– Соқыр батырдың заманы мен бұл заман тең бе екен? Ол – 
мәрттер  заманы.  Ал  біздікі  «шықпа,  жаным,  шықпа».
Атасы  бүкпесіз  айтып  тұр.  Бұған  қояр  кінәсі  жоқ:  Кіммен 
кім соғысады? Не үшін? Не мақсат? – Онда атасының шаруасы 
болмас. Шалдың шаруасы базар еді, шәй-пұлын содан ажыратып 
жүруші еді, енді базардан соң кетсе керек Қырғызбайлар үшін 
елді кім билейді, тізгін кімнің қолына тиеді, бәрібір. Тек өз басы, 
ошақ қасы аман болса болды.
– Жә, ата, менікі жай сөз. Ал ендігі келген шаруам – маған 
атыңызды бере тұрыңыз. Бірақ менің келгенімді жан баласына 
айтпайсыздар.
–  Шырағым,  Тұрар,  сенен  мен  атты  аяп  отырған  жоқпын,  – 
деді атасы бірден мүжіле түсіп, ауру адамдай үні әлсіз естіліп. 
–  Тек  жүрсең,  тоқ  жүрерсің  деген.  Осы  шатаққа  шатыспай-ақ 
қой, шырағым. Әкең байғұс басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды. 
Одан  не  шықты.  Таспен  жапалақты  ұрсаң  да  жапалақ  өледі, 
жапалақпен  тасты  ұрсаң  да  жапалақ  өледі.  Мына  заман  –  тас. 
Оған  соқтықпа  деймін,  тілімді  алсаң.  Әкеден  қалған  жалғыз 
жетім, сен бір кесірге ұрынып жүрсең, Рысқұлдың түтіні мүлде 
тұтанусыз  қалады.  Осыны  ойлан.


–  Атаң  дұрыс  айтады,  –  деп  Салиха  бір  тұстан  ордаңдай 
қосылды.  Бұрын  ұдайы  Тұрарды  жақтап  отыратын  кемпір 
бұл  жолы  шал  жағына  шықты.  –  Мырзаға  байғұс  өзінің 
ұрыншақтығынан, бірбеткейлігінен тапты ғой. Қайда ғана қалды 
екен,  қарағе-ем!  –  деп  Салиха  сөзінің  аяғын  аңырата  бастады.
Кемпірі  Рысқұлға  жоқтау  айта  бастаған  сайын  Қырғызбай 
«тәйт!»  деп  тастаушы  еді,  бұл  ретте  үндемей  төмен  қарады. 
«Рысқұл жер бетінде жоқ» деген нанымға енді бұл мойынсұнған 
сияқты.
– Апа, қай-қайдағы жамандықты шақырмаңыз.
–  Итжеккенге  кеткеніне  он  жылдан  асты,  не  хабары  жоқ, 
не  ошары  жоқ,  тірі  адам  осы  уақытқа  дейін  бір  тіл  қатпай  ма 
мырзаға-о-о-у! Heгe кеттің хабарсе-ез-о-оу, аһ! – деп кемпір екі 
көзін  шарт  жұмып,  екі  бүйірін  таянып  алған.
Бұдан арғыға Тұрар төзе алмай:
–  Ата,  мен  жүремін,  мұнда  қалсам,  сендерге  кесірім  тиер. 
Кәне,  атыңды  ерттеп  бер!  –  деп  бұрынғы  өтінішін  бұл  жолы 
қатал  қайталады.
Шал сәл бүгежектесе де, мына қаһарлы үнге, өңменнен өткен 
отты көзге шыдай алмай, есікке қарай қалбалақтай жөнелгенін 
өзі де байқамай қалды.
–  Шәй  ішсеңші,  Тұрар-ау,  –  деген  Салиханың  сөзін  Тұрар 
естіген жоқ. Бұл кезде ол тастай қараңғы далаға шығып үлгеріп 
еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет