ояз аяқ артарын тағы алды. Сендерге берген малдың сауабы
бар. Әйтпесе, сонау қияндағы Алатауға жаяу жүріп, алты ай
жазға жете алмайсыңдар.
Ертістің арысы Рахым деген жігіттен біз осындай жақсылық
көрдік, Тұрар. Өзімнің қалың дулатымның көбінен көре алмаған
жақсылық бұл. Тегінде, Тұрар, адамдар руға, ұлтына қарап
бөлінбесе деймін. Қайда да кедейін – кедейі, байын – байы
алыстан таниды. Адамзат осылай туысады екен, атасына
нәлет! Өзімнің руластарым – Дауылбай мен Саймасайдан, Таубай
мен Мақаштан, тіпті дәу Омардан көрмеген жақсылықты мен
Талғардағы Қара Иваннан, Меркедегі Ақкөзден, Бодойбодағы
саха-жақұттан, түрмелердегі Ескендірлерден, мына Ертіс
бойындағы Рахымнан, жанымдағы жолдасым Мамытбек
қырғыздан көп көрдім.
Осы сөзім саған жетер күн болса, Тұрар бауырым саған
айтар әкелік өсиетім, рушыл болма! Руына тартқан – ұрлықпен
тең. Табыңа тapт.
Балқаштың арғы бетінде, Саяқ шөлінде мен Мамытбек
бауырымнан айырылдым. Ішінен қан өтіп, жүрек сыймай,
қайтып бас көтере алмай есіл ер, еліме жете алмадым-ау деп
еңіреп жатып жан тапсырды. Жан жолдасымды тақыр жердің
топырағына тапсырып, Балқашты айналып, Шуға да іліндім-
ау, әйтеуір.
* * *
Дал
аның түсіндей керқұла aт мінген қашқын сонда Шуды
бойлап, түстікке қарай көп жүрді. Шілдеден кейін өзен едәуір
тартылып қалса да, ботана суы әлі де әлуетті. Керқұла атты
жолаушы өзеннің жайдақтау жерін таңдап, ботана суды
жалдап өтіп, батыс жағаға шықты. Сонадайдан көрінген
ауылға тура тартуға бата алмай, жан-жақты шолып мол
тұрды. Арт жағында сексеуілді құм қалды. Өзен бойының
ажырығына жеткен аш ат жерге тұмсығын тығып, өзеуреп
жатыр. Жолаушы атты аяп, ауыздығын алып, өзі өзеннің
лайсаң суына жуынып-шайынып, біршама дамылдады. Бір
сәт шалқасынан түсіп, көзін жұмып жатыр еді, кер құланың
ауыздығы шылдыр-шылдыр қағып, оның есіне әлденені түсіргісі
келгендей тыным таппады.
Ауыздық шылдырынан басқа тағы бір үн жолаушының
құлағына еміс-еміс талып жеткендей. Бір кезде ол орнынан
атып тұрды. Ауыл жаққа қарады. Иә, ауыл шетіндегі үйден
түтін шығады. «Темір дүкен» деді өзіне-өзі. Кер құланы тез
ауыздықтап, үстіне қарғып мінді де, әлгі түтін шыққан үйге
қарай шоқыта жөнелді.
Темір ұста қызыл шырайлы, қияқ мұртты, нардай жігіт екен.
Самайынан күйе аралас тер тамшылайды. Үстіндегі киім басы
өзгешелеу бейтаныс адамды көріп, ұста дәу балғасын төске
сүйеп қойды да, сыртқа шықты. Бейтаныстың түрі қазаққа
келеді, бірақ басындағы әлдеқандай аңның терісінен тігілген
шошақайлау, құлақсыз бөркі, үстіндегі қатқыл сұр кенептен
сырылған бешпент шалбары, аяғындағы «рәботши» бәтеңкесі
– бұл өңірде тек майданнан қайтқан солдаттар киетін киімге
ұқсайды.
Жолаушы сәлем берді.
– Жол болсын, – деді ұста.
– Әлей болсын! Мерке жаққа бара жатқан жолаушы
едім. Балхаш бойындағы Сарыүйсіндерден келемін. Сонда бір
құдаларым бар еді.
– Е, осындай аласапыран заманда да кісі құда қыдырып,
жайбарақат жүрер ме еді?
Достарыңызбен бөлісу: |