81
патшасына өзара достық қарым-қатынас туралы хат жолдайды, елші
жібереді. Бірақ орыс пен қазақ елі арасындағы бейбіт қарым-қатынас орнату
жөніндегі келіссөз айтарлықтай нәтиже бермейді. 1698 жылы жоңғарлар Шу,
Талас бойындағы қазақтарға елеулі соққы берді. Қазақ-жоңғар арасындағы
соғыс үздік-создық созылмалы сипат алады. 1708 жылы жоңғарлар қазақтар
мен қарақалпақтарды тағы шабады. Тәуке де, билер де жауға қарсы қол
бастар батырларға сөз салады. Осы тұста Төле би жауға тойтарыс берудің
жайын талқылаған барша қазақ батырлары мен билерінің, сұлтандарының
кеңесін өткізуге араласады.
1715 жылы Тәуке ханның қайтыс болуы бір орталыққа бағынып,
нығайып келе жатқан Қазақ хандығының әлсіреуіне алып келді. Хандыққа
таласқан сұлтандар өзгенің өздеріне билік, басшылық жасауын мойынсұнбай,
әрқайсысы өз ұлысына бас-басына хан болуға ұмтылды. Батырлардың
көпшілігі тұмсығының астындағыдан арғыны көрмейтін сұлтандардың,
рубасылардың ықпалында қалып қояды. Төле бидің: «Елге бай құт емес, би
құт», «Батыр деген барақ ит – екі қатынның бірі табады, Би деген бір бұлақ -
қатынның ілеуде біреуі табады», - деген даналық сөздері жай ұғар, жөн білер
билердің аздығы, билігі жоқ, білегі тоқ, жөн білмес, сыңар ру сұлтандар мен
батырлардың көптігі ел тағдырын қиын жағдайға душар еткен осындай ащы
шындықты жете сезініп, шамырқанған жаннан шыққан.
1716,1717 жылдары қазақ қолы жоңғарлардан бір емес, бірнеше жеңіліс
табады. Жекелеген батырлардың қайсыбірде жаудың шағын топтарымен
шайқасқа түсіп, жеңіске жетіп отыруы соғыс барысына айтарлықтай өзгеріс
енгізе алған жоқ. 1722 жылы Цин мемлекетімен өзара тыныштық туралы
келісімге келген жоңғардың жер қайысқан қалың қолы Шона Лаузаның
бастауымен қазақ даласына лап қойды. Балқаштан Сарысуға дейінгі аралық:
Түркістан, Сайрам, Ташкент қалалары жау қолында қалды. Жау жағадан,
бөрі етектен алған осындай алмағайып қиын шақта Төле би қайткенде өз
ұлысын аман сақтап қалу жолын ойлайды. Қойгелді, Бөлек, Тайлақ секілді өз
маңындағы батырлардың басқыншыларға қарсы күрестердің қолдап,
бағыттап отырады. Жауға қарсы қол бастауға қабілетті бар батыр ұландарды
бауырына тартады. Олардың қатарына күші асқаннан сасып, бас сауғалап
келген хан тұқымдары да, ақылы мен батырлығы сай түсіп, қарадан қара үзіп
шыққан, ханға бергісіз ержүрек ел ұлдары да болған. Әйгілі Абылай
батырдың Төле бидің қолында бой жасырып, тәрбие алуында осындай мән
бар еді.
Жау соққысынан ес жия алмаған қазақтардың бір тобы Бұхар мен
Самарқанға, бір тобы Шыршық өзеніне асты, бір тобы Сауран айналып,
Хиуаға ауды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Сауран айналған»,
«Қайың сауған» деген атаулар қазақ халқының тағдырындағы осындай ең бір
ауыр, трагедиялы кезеңнің шындығынан туған.
Босқан, болдырған халық Орта Азия хандықтары тарапынан да қысым
көрді:
Достарыңызбен бөлісу: