Бастаңғы – ауылдағы үлкен кісілер бір жаққа қонаққа немесе басқа себептермен қотарыла кеткен жағдайда қыз-келіншекткр бас қосып, бір үйге жиналады. Қазақ салтында ерулік, ас беру, сүндет тойы секілді кәделер аса кәдірлі іс. Сондай кәденің біріне шақырған кісінің ниетін сыйлап, шақырылған ауылдың үлкен кісілері түгел баруға тырысады. Қыз балалар ондайда оңаша қалады. Сонда бастаңғы ойынын бастайды. Емін-еркін ойнап-күліп, қысылып-қымтырылмай сырласады. Бұл ойынға қыздардың қалауы бойынша жас жеңгелері де қатысады. Қазақтың отбасы тәрбиесіндегі «Қызға қырық үйден тыйым» деген қатал тәртібі қыз баланың албаты секеңдеп, ербеңдеп жүруіне жол бермейді. Қазақта қыздың ары қатты ардақталады. Ол бүкіл отбасының абройы. Сондықтан қыздың өз үйінен себепсіз не рұқсатсыз ұзап шығуы ата-ананың намысын қорлайды да, оған қатаң тыйым салады. Бойжеткен қыз шешесімен не жеңгесімен үй шаруасымен шұғылданады. Бос уақытында кесте тігеді, ою ойып, терме тоқу өнерін үйренеді. Сөйте жүріп өзінің төсек-орнын, жасауын, үй мүлкін де қамдап алады. Бастаңғы – қыздардың үй іші шаруасында өз бетімен еркін әрекет етуінің бір шарасы. Бастаңғыға жиналған қыздардың әр қайсысы тәтті-дәмдіні, құрт-майды үйден ала келіп, ортақ дастарқанға салады. Тамақты өздері әзірлейді. Бұл ойынның астарында үлкен тәрбиелік мән жатады. Қыздар осы ойын арқылы қонақ күтудің, табақты мүшелеп тартудың жөнін іс жүзінде орындап байқауға бейімделетін түрі бар. Тағы бір шарты – өлең айтылмайды, шу болмайды. Алайда басқа ойын ойнап, көңілдерін көтереді. Үлкен кісілер байқаусыз келіп қалып, көздеріне түспеу үшін құрт-май, тәтті беріп, үй маңында сенімді, тіл алғыш балаларды қарауыл қаратып қояды. Өйткені бұл қылықтарын үлкен кісілердің біліп қоюын әбестік деп ұғады. Бастаңғы- қазақ қыздарының ежелден келе жатқан дәстүрлі ойыны.
↑жоғарыға Ине жасырмақ- жастардың бас қосуында, көбіне үйде ойналатын ойын. Қажетті бұйымдар: ине және домбыра. Ойын шарты: ойыншылар ең алдымен, бастаушыны сайлайды. Ол, біріншіден, тәртіпті бақылайды, екінші, домбырада, немесе басқа музыкалық аспапты ойнайтын кісіні табады; үшіншіден, ойын ережесін түсіндіріп, екі ойыншыны таңдайды. Ойыншының біреуі бөлмеден шығып кетеді де, үйде қалған екінші инені өз бойындағы киіміне жасырады, немесе басқа біреуге береді. Бастаушының белгісі бойынша үйге қайта оралған іздеуші инені ойынға қатысушылардың жағасынан, бас киімдерінен іздей бастайды. Іздеуді жеңілдету үшін музыкант домбырада ойнап отырады. Егер іздеуші ойыншы нысанаға жақындай түссе, домбыра күмбірлей жөнеледі. Ал, егер нысана тұсынан іздеуші өтіп кетсе, домбыра үні бәсеңси бастайды. Іздеуші инесі бар кісіге жақындаған не алыстаған сайын домбырашы оны әр қилы сарынмен бағыттап, дәлдеп отырады. Нысанға дөп келген іздеуші ине осында-ау деген кісіні әбден тінте тексеріп, инені табуға тырысады. Ине жасыра алмаған, кәде бойынша ән салып, не әзіл айтып айып төлейді. Ал табылмаса іздеушінің өзі айып тартады.