М.Әуезов: «Осы алуандас, 1930-1940 жылдары өзім жазған мақалаларды, кіріспе сөздерді, рецензияларды еске ала отырып «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы атты еңбекті дайындаудағы жауапкершілігімді сезіне отырып, оны айырықша сынға аламын. Бұл кітап – Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателер жөнінде» деген қаулысынан соң, 1948 жылы шыққан еді. Бірақ өзінің соңғы қалпында да бұл көп кісі бірігіп жазған еңбектің бірнеше тараулары мен бөлімдерінде өрескел қателер жіберілген құнсыз кітап боп шықты. Сол томның авторының бірі және редакторы болғандықтан да, маған бұрынғы көп қателіктерді қайта қарап, толығынан түзеп жазуға мүмкіншілік берілген еді. Бірақ мен өзімнің бұрынғы мақалаларымдағы және өзге де көп авторлардың оқу құралдарындағы, жоғары оқу орындарының программаларындағы, зерттеулеріндегі, кіріспе сөздеріндегі, жеке очерктері мен монографияларындағы қателіктерді маркстік-лениндік методология жолымен зерттеп шығу жағын қамтамасыз ете алмадым».
М.Ғабдуллин: «Кейінгі кездегі оның әдебиеттану саласындағы еңбектеріне жасалған талдаудың нәтижесіне жүгінсек, ол өзінің зерттеу жұмыстарында маркстік-лениндік диалектиканы пайдаланудан алыстап кеткенін көрсетті. Қазақ эпосының тарихына қатысты мәселелерді М.Әуезов бұқара тарихы мен таптық күрестен бөліп алып, өткеннің мәдени мұраларының әлеуметтік-таптық мәнін ажыратпай қарастыруды жалғастырып келеді. Бұл жайлар «Қазақ әдебиеті тарихының очерктерінде» және Қазақ ССР тарихының (1943 және 1949) І томындағы эпосқа арнап жазған тарауларында кездеседі. Бұл еңбектерінде М.Әуезов қазақ эпосының тарихын антимаркстік «сана ағымы» теориясы тұрғысынан баяндайды, өткеннің эпикалық мұраларына сыни тұрғыдан келу туралы лениндік-сталиндік ілімді көзге ілмейді, қазақ халқы орыстарға қарсы, Иван Грозныйға қарсы күресті-міс делінетін өзінің ескі көзқарасын қайталайды. Өткеннің эпикалық мұралары туралы айтқанда, М.Әуезов «Едіге», «Қобыланды батырдың» Марабай нұсқасын және «Еңсегей бойлы ер Есім» сияқты реакциялық, феодалдық – хандық дастандарды халық мұрасының қатарын жатқызады. «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» («Литературный критик» журналы,№1, 1940) атты мақаласында ол халық қарақшысы Едіге туралы: «Едіге батыр және халықтың жоғын жоқтаушы, бәріне сүйікті кейіпкер», – деп жазды»,– дейді.
М.Әуезов: «Томның зерттелмек материалдары арасынан сол кездегі оқу құралдарында, жинақтарда көп тарап жүрген «Орақ», «Мамай», «Шора» сияқты дастандарды кіргізбей шығарып тастағаным болмаса, бар жайды барарына барғыза алмадым. Өзімнің зерттеуімде бірыңғай ағым жүйесін бұзып, «Қозы Көрпештің» кей нұсқаларын және «Қыз Жібекті», онан соң бір топ ертегілерді тыңнан сынап тексергеніммен, бұл істегендерім жеткіліксіз болды. Және «Қорқыт» жайын тексеруде де оны дұрыс деп бағалап, терістік жасадым. Ал бұл ескерткіш кейін, 1951 жылы реакцияшыл шығарма ретінде сыналды. Қатал сынап, талдау әдісін және реакцияшыл феодалдық мазмұндарды әшкерелеп ашу негізін «Қарасай», «Қази», «Алпамыс» сияқты эпостарға және «Қобыландының» Марабай жырлаған феодалдық нұсқасына қолдана алмадым. Сол әдісті, әсіресе, өрескел залалды феодалдық-монархиялық тарихтық жырларға, нақтылап айтқанда, қазақ еңбекші халқының қас дұспаны Кенесары мен Наурызбайға, солар жайындағы жырларға қолданып, оларды таратып сынауға орын берілмеді.
Осылардың орынына, бірінші томда, бұрынғы оқу құралдарында, жоғары мектеп программларында, монографияларда талданып жүрген хандық-феодалдық фольклорға берілген жағымды бағалалар молайтылып, бұрынғы қалпынша қайталанып отырды».
М.Ғабдуллин: «М.Әуезовтің редакциясымен және тікелей қатысуымен басылған (1948 ж.) «Қазақ әдебиеті тарихының» І томында өрескел саяси қателер жіберілді. Бұл кітап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 жылы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы» шешіімінен кейін жарық көрді. Біақ та М.Әуезов партияның шешімдерінен тиісті қорытынды шығармады. Керісінше, ол бас редактор ретінде, халық жаулары Исмаиылов пен Жұмалиевтің буржуазиялық-ұлтшыл және кеңеске қарсы көзқарастарының таралуына жағдай жасады», – деп «атап» көрсетті өзінің кешегі ұстаздарын.
Бұл кезде ол екеуі де – Исмаиылов пен Жұмалиев жиырма бес жылды арқалап, жер аударылып кеткен болатын. Енді М.Әуезовтің солармен біргі істегенінің өзі айып болып тағылды.
Осы әшкерелеуден кейін туған қатерлі күндерде баспаналап Мәскеуге барған кезінде А.Фадеевке М.Әуезов:
«Мәселе мынада, Университеттің ректорының міндетін атқарушы адам маған ұлтшыл деген жаманатты жапсырып, мені қызметтен шығарды (көшірмесі қосымшада беріліп отыр). Эпос туралы талқыдағы өзінің баяндамасында доцент М.Ғабдуллин мені: өзінің бұрынғы саяси қате ұстанымында тұрақтап қалған, сондай-ақ өзінің эпос туралы мақалаларында кеңес еліне жау буржуазиялық-ұлтшыл идеяны насихаттап келген буржуазияшыл ұлтшыл ғып шығарды.
Соңғы үш жылда республика көлемінде кеңінен орын алған әдебиеттану саласындағы буржуазиялық-ұлтшыл қателіктерді сынаған қажетті де маңызды сыни талқыларда менің қателерім туралы да көптеген әділ, принципті, обьективті тұрғыда дұрыс пікірлер айтылды. Ол туралы өткен көптеген жиналыстарда өз мінімді мойындай сөйледім, ол жөнінде жолд. Пономаренкоға да жаздым, ол туралы қосымшасы ұсынылып отырған талқыда сөйлеген сөзімде де айттым»,– деп түсінік берді.
М.Ғабдуллин: «Онысымен де қоймай, қазақ әдебиеті тарихының авторларының бірі ретінде оның өзі қазақ халқының қарақшысы Кенесары мен Наурызбайды және Қорқыт туралы феодалдық – хандық аңызды дәріптеді, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» тұрмыс –салттық жырын теріс талдады. М.Әуезовтің бұл еңбектерінде аталған туындылардағы әлеуметтік-таптық қатынастардың белгісі де жоқ».
Сонда «әлеуметтік-таптық қатынастың» белгісін анықтау үшін Қодар құлды мадақтауы тиіс пе еді Әуезов? Бұл мінеу емес, логикалық қисынды іздеу ғана. Сөздің ретіне орай М.Әуезовтің:
«Сонымен қатар, үш жыл бойы осы мәселелердің барлығын талқыға салған пікірлердің нәтижесінде маған айтылған сыннан, талқыланған жиналыстардың қорытындысынан (Қазақ университетіндегі сияқты) екіұшты сыңаржақ әділетсіздікке жол беріліп келеді», – деген уәжінің шындығын шығару ғана.
М.Ғабдуллин: «Мұның барлығы, М.Әуезовтің өзінің бұрынғы буржуазиялық-ұлтшыл тұжырымын соңғы уақытқа дейін қазақ әдебиеттануында насихаттап, бүгінге дейін сүйрете жалғастырып келе жатқандығын дәлелдейді. Бұл ретте М.Әуезовтің қателігі кездейсоқ қате емес. Бұл қателіктің тамыры – оның қазақ әдебиетіндегі «Алашорда» идеясының көсемі болып жүрген жылдардағы қайраткерлігінде жатыр. Бұл контрреволюциялық партия талқандалғаннан кейін М.Әуезовке буржуазиялық-ұлтшыл ашық ұстанымнан кетуіне тура келді. Міне, содан бастап аталған «қателер» пайда болды, талдаулардың нәтижесі, мұның бәрі М.Әуезовтің сол бір буржуазиялық-ұлтшыл көзқарасының нақты және бүркемеленген жүйесі екенін танытты».
Бұған дейін үш жыл бойы айтылып келе жатқан айыптауларда дәл осындай «нақты, жүйеленген», ашық үкім шығарылған емес. Міне, осы тұста М.Әуезовтің жүрегі жанып күйіп кетіпті.
М.Әуезов: «Біріншіден, менің өткен кезде жазған, оның ішінде қате пікірдегі мақалаларымды, көркем туындыларымды, сол талқыланып отырған тарихи тақырыпқа арналған көптеген пьесаларымды, повестерімді, романдарымды, тіпті қате пікірде жазылған мақалалардағы жайлардың өзі пьесаларым мен прозалық шығармаларымда дұрыс көрсеткен жазушылық еңбегімді еш жерде және ешқандай сыншы ескерген емес.
Менің негізгі шығармашылық еңбегімнің назардан тыс қалғаны сондай, таяуда эпос жөніндегі талқылауда негізгі баяндамашы М.Ғабдуллин менің барлық өміріме және қызметіме саяси қатаң үкім шығара отырып, өзінің қорытынды сөзінде: маған – жазушы ретінде емес, тек ғылыми қызметкер ретінде баға бергенін айтты. М.Ғабдуллиннің бұл үкімінің шындығын жоғарыдағы Алматыда өткен талқылауға қатысқан Л.И.Климович растай алады.
Бір жағынан алғанда, адамды құртуға бағытталған сын айта отырып, екінші жағынан, сенің негізгі қызметіңді ескермейді. Адамға баға беруге келгенде мұнда қандай қисын, қандай әділет бар?»,– деп жан ұшыра жанашырлық сұрайды А.Фадеевтен.
Бүған да қанағаттанбаған М.Ғабдуллин:
«Өзінің әдебиеттанушылық еңбектерінде осындай өрескел саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтар жіберген М.Әуезовтің осы уақытқа дейін баспасөз арқылы жіберген қателіктерін мойындамай, сынға алмай келуі өзінің бұрынғы жіберген қателіктерін үнсіз және табанды түрде қорғағаны емес пе екен?», – деген салмақты сұрақ қояды (Қазақ эпосының жағдайы мен зерттеудің міндеттері туралы. Вестник Академии наук Казахской ССР,1953, № 4).
Бұл – әдеби не ғылыми пікір емес, тура айыптау үкімі еді. Бұған М.Әуезов:
«Қазақ әдебиеттану ғылымындағы салт-саналық қателіктерді сынау, маркстік-лениндік тұрғыдан дәлелдеп сынау 1951 жылы «Правдадағы» «Қазақстан тарихы мәселелері марксшілдік-лениншілдік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала шыққан соң, әсіресе, мол өріс алды. Фольклор, XIX ғасыр әдебиеті, абайтану жөніндегі біздің қателерімізді анықтау – жыл санап менің де ғылымдық түсініктер мен міндеттерімді дұрыстап ұғынуыма себеп болды. Бірақ сол бағыттағы түзетулерді өз лекцияларыма кіргізе жүргеніммен, партияның қаулыларына сай боларлық кесек ғылыми еңбек жазып үлгіре алмадым», – деп жауап берді.
Ұстазымыз болған марқұм М.Ғабдуллин өзінің осы баяндамасын Орталық партия комитеті зорлап жасатқанын, еріксіз ұстазына қарсы шығуға мәжбүр болғанын, араздықтың ұзаққа созылғанын, «Қазақ әдебиеті» газетіне ашық хат жазған соң Мұхтар Әуезовтің өзі хабарласып, «Абай» романына «Кірбіңі кеткен көңілден» деп қолтаңба жазып бергенін қинала отырып, бізден де кешірім сұрағандай нәумез күйде әңгімелеп беріп еді. Біз арлы ұстаздың арылуын түсіндік, келер ұрпақ қалай қабылдар екен деші?!.
Осы талқылаудан кейін М.Әуезов А.А.Фадеевке:
М.Әуезов: «Екінші, өзінің фольклор тақырыбына арналған және өткендегі өзге де еңбектерінде буржуазиялық-ұлтшылдық бағытта көптеген өрескел саяси қателіктер жіберген, соның ауыртпашылығын күнәсінің салмағы бұрыннан белгілі маған аудара салуға тырысып жүрген сыңаржақ бағыттағы ауқымды бір топ адамдар бар. Бұл адамдар: не ана, не мына тақырып бойынша алғаш пікір білдірген адамның ықпалында кетіп, қателікке ұрындық-мыс деп ұйымдасқан түрде мені нұсқайды. Сонымен қатар, партия мүшесі, аса жауапты қызметке ие, ғылым мен әдебиет майданында ондаған, одан да көп жылдар бойы істеп келе жатқан бұл адамдар: алғашқы қателескен адамды көрсету арқылы олар жауапкершіліктен құтылады, бұл олардың кінәсін жеңілдетеді – деп қарайды. Бірақ та, бұл адамдардың қателігі менің қателігімнен де үлкен әрі зиянды, олар тек мақала ғана жазумен шектелген жоқ, мектепке арналған оқулықтар жазды, хрестоматиялар құрастырды, бірігіп мектепке, вуздарға арналған (ұзақ жылдар бойы оқулықтың орынын алмастырып келген) бағдарламалар жасады, олар көптеген жылдар бойы, осы күнге дейін осы авторлық құрамды сақтай отырып өздерінің осы ұжымдық еңбектерін қайталап бастырып келді.
Алайда, талқылаулардағы, жиналыстардағы сөздерінде аталған адамдар біреулердің кінәсін жеңілдететін, екіншісінің кінәсін ауырлатып, соның ішінде менің кінәмді ҚазГУ-дің ректорының бұйрығы сияқты талқандай көрсетумен келеді. Өзіме деген әділдікті ғана талап ете отырып, менің қаламымнан 21 пьеса, бірнеше роман, бірқатар повесть, көптеген әңгімелер шыққанын еске сала кетемін. Көрсетілген пьесалардың жартысынан астамы кеңестік тақырыпқа арналған, бұлардың көпшілігі қазақ театрларында тұрақты қойылды. Мен бұл арада Абай туралы романдар тізбегіне тоқталып жатпаймын. Бір ғана айтарым, менің интеллектулды-шығармашылық ізденісімнің ірі туындылары болып саналатын ірі шығармаларымның жекелеген кемшіліктеріне қарамастан, олар ұлтшылдықты насихаттайтын кітаптар болып саналмайды. Керісінше, олардың ең басты жетістігі, олардың ең қасиетті мәні – орыс мәдениетіне, орыс халқына деген терең де шынайы махаббат пен құрметте, яғни, қазақ ұлтшылдығына белсенді түрде қарсы тұрғандығында. Менің ұзақ жылдардан бергі еңбегімнің ең мәнді жақтары туралы үнсіз қала отырып, жүгенсіз саяси айып таға отырып, бұл адамдар менің жеке басыма аяусыз зорлық көрсетіп отыр, сол арқылы адал да ізденгіш кеңес жазушысына, маған – бүгінгі жауапты шығармашылық жұмысыммен айналысуыма зор кедергі жасап отыр», – деп шағынды.
Осы науқанда филология ғылымдарының докторы Н.С.Смирнова да «өңешін бір созып» қалды. Ол тұста миф те, аңыз да, әфсана да саясаттанып кетіп еді. Соның бір «үлгісін» Н.С.Смирнова ұсынды.
Н.С.Смирнова: «Қазақ халқының қас дұшпаны Кенесары Қасымов туралы халық арасында мынадай аңыз әлі де сақталып келеді. Бұл аңыздың кейіпкерлері – кедейлер, олар ханға қарғыс айтып, оның ажалын күтеді. «Сен өлген соң,–дейді кедей кейіпкерлер ханға,– үш жүздің барлығы күндей жадырап шыға келеді». Мұны «ішек-қарыны сыртынан көрініп тұрған» екі кедей жігіті айтады. Олар аштықтан сүйретіліп келе жатып, сұлтанның ауылының жанынан өткенде оның үйіне кіруге жасқанады. Олардың бірі: «Қасымның балалары аталары Абылай мен Қасым сяқты қатыгез, қанішер деп естідім» – дейді. Аштықтан бұратылған жігіттер ақыры ауылға келгенде Кенесарының қорлығына ұшырайды. «Аш қасқырдай жалаңдаған олар» жазықсыз жолаушыларды қамшының астына алады. «Егер Абылайдың ауылы он болса, біздің ауылымыз мың. Солар-ақ шынжырлы қарғыбауына байланып айдалада қала берсін. Аулақ кетейік бұлардан. Айналып өтіп, іргемізді ажыратайық»,– деген жәбір көрген жігіттердің сөзімен аңыз аяқталады».
Міне, осылай Кенесары мен Наурызбайды М.Әуезовтің бетіне шіркеу ретінде ұстай отырып, өзінің хатында «өзінің ауыртпашылығы мен күнәсінің салмағын» Әуезовке «аудара салуға тырысып жүрген сыңаржақ бағыттағы ауқымды бір топ адамдардың» бірі Н.С.Смирнова да: .
«(...) Қазақстан фольклоршыларының ақсақалдық беделге (академическим авторитетом) бас иіп, ғылым мен әдебиеттің партиялық принципін елемеуінің кесірінен оқулықтардың, хрестоматиялардың, зерттеулердің ішіне жаулық пиғылдағы, халыққа жат нұсқалар мен буржуазиялық-ұлтшыл бағыттағы зерттеулер көптеп енгізілді. Бұған ең алдымен соңғы уақытқа дейін өздерінің фольклорға деген жат көзқарастарынан айырыла алмай келген М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов кінәлі»,– деп үш бірдей ғұламаның көзіне «қамшысының ұшын тигізді».
Бұл жолы Әуезовті жалғыз түтпей, оған Марғұлан мен Мұқановты қоса шүйкелеп, «халық жауларының» тобын толықтапты. «У ішсе – ұлылар ішсін» деген болуы керек. Осыдан кейін барып «қамырдан қылшықты айырып», Әуезовті ана екеуінен бөліп алды.
Н.С.Смирнова: «М.Әуезов 20-жылдардан бастап оның өзі редактор болған В.Сидельниковтың «Қазақ халық ертегілері» жинағына сын көзімен қарамады, марксизм-ленинизмнің талаптарын ескермеді, ұлтшыл көзқараспен өңделген фольклор үлгілерін халықтық шығарма ретінде ұсынып келді. М.Әуезов ұзақ жылдардан бері қазақ халқының жауларының бірі қағазға түсіріп, жариялаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Жанақ нұсқасын, «Қобыландының» Марабай нұсқасын және «Қыз Жібекті» зерттеп, мақала жазып келеді, осы тақырыптардың негізінде пьесалар («Айман – Шолпан», «Хан Кене», «Қара қыпшақ Қобыланды») жазды.
Бұл да жауапсыз қалдыруға болмайтын «айыптың» бірі еді.
М.Әуезов: «Фольклор мен тарихи тақырыпқа қалам тартқан өзімнің жазушы және ғылым қызметкері есебіндегі еңбектерімді салыстыра келсем, қателіктің көбі ғылыми-зерттеу жұмыстарымнан кеткен екен, ал жазушы ретінде жазған көркем шығармаларымда олардың мазмұны идеялық-тарихи тұрғыдан толығырақ, дұрысырақ ашылғанын, танымды шыққанын аңғарамын. Бұның себебі, менің жазушылық еңбекте марксистік диалектиканы дұрысырақ меңгергенім, бұл алуандас еңбекке көбірек маманданғаным, көбірек әзірлігім, дайындығым болғаны әсер етті ғой деп білемін. Осы айтылғанға мысал ретінде өзім жазған «Айман-Шолпан», «Қобыланды», «Бекет», «Түнгі сарын» пьесаларын, «Еңлік-Кебектің» соңғы вариантын және Абай жөніндегі романдарды атауға болады. 1930 жылдарға шейін жазған «Хан Кене» сияқты өзім айыптаған пьесаларға, жаңағы аталған, 1930-1940 жылдар ішінде жазылған шығармалар ұқсамайды. Бұларда – феодалдық санаға қарсы халықтық сана немесе таптық, тарихтық озғын ойлар өткен заман оқиғаларын көрсетудегі негізгі бағыт, мақсат болып отырады».
Енді мұқым қазақ халқы үшін жағымсыз Қодар құл мен қарақшы Бекежанның күндері туып, кеңестік идеологияның және смирновалардың күшімен жағымды кейіпкерге айналып, олар таптық қаһарман ретінде дәріптелу құқына ие болды.
Н.С.Смирнова: «М.Әуезов осыларды және өзге де халыққа жат ауыз әдебиетінің туындыларын «көркемдік құны жоғары», «оқиға құрылымы күрделі әрі бай», «озық өңделген» деген сияқты желеумен әсіре мақтайды. Мысалы, М.Әуезовтің пайымдауы бойынша «Кенесары – Наурызбай дастанының ««оқиға құрылымы күрделі әрі бай», аталған адамның өңдеуіндегі «Қыз Жібек» – «тұрмыстық-лирикалық дастандардың ішіндегі ең үздік әсерлі және формасы жағынан тамашасы» екен. Сонымен қатар М.Әуезов Жанақтың нұсқасындағы «...көшпелі тұрмыстың талантты бейнеленуін» де өзінше түсінеді. Алайда ол осы тұрмыс суреттері қандай ұстаным тұрғысынан бейнеленгеніне баға беретін ең маңызды методологиялық талапты айналып өтеді. М.Әуезов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Жанақ нұсқасындағы патриархальді-феодалдық қарым-қатынасты мадақтаған тұстарына тоқталмайды. Жанақ нұсқасында жырдың халықтық нұсқасында жоқ Тайлақ би бейнесі келтірілген. Осы кейіпкер арқылы Жанақ реакциялық феодалдың бейнесін мадақтайды. Керісінше, Жанақ нұсқасында Қодар жағымсыз, «қара сүйек» құл, «Қодардың өзі де, сөзі де дөрекі» боп көрсетіледі. М.Әуезов өзінің зерттеулерінде Жанақ ақынның нақты әлеуметтік ұстанымы – Қазақстанның Россияға қосылуына, қазақ халқының орыс халқымен барған сайын тығыз араласуына қарсылығы туралы үндемейді. Шоқанның сөзіне сүйенген Г.И.Потанин: «казак станицаларының маңында тұратын, шидем шалбардың орынына сидам шалбар киіп, өгіз мініп жүрген қандастарын көргенде» Жанақтың оларды қалай мазақтап күлгенін еске алады. Ш.Уәлиханов Жанақты кәрі, заманы өткен жыршы деп санаған. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Жанақ нұсқасынан бұқарашыл көріністі іздеген М.Әуезов, оны Қодардың құдық қазуы мен байдың жылқалары туралы алаңдауынан табады. Ал Жанақ бұл нұсқадағы осы көріністе феодалдың мүддесі үшін істеген құлдың еңбегін дәріптеген».
М.Әуезов: «Өзімнің зерттеуімде бірыңғай ағым жүйесін бұзып, «Қозы Көрпештің» кей нұсқаларын және «Қыз Жібекті», онан соң бір топ ертегілерді тыңнан сынап тексергеніммен, бұл істегендерім жеткіліксіз болды».
«Сонымен... партия мүшесі, аса жауапты қызметке ие, ғылым мен әдебиет майданында ондаған, одан да көп жылдар бойы істеп келе жатқан бұл адамдар, алғашқы қателескен адамды көрсету арқылы (өздері) жауапкершіліктен құтылады», М.Әуезов «олардың кінәсін жеңілдетеді – деп қарайтындардың» бірі Н.С.Смирнова М.Әуезовке қарата:
«М.Әуезовтің бір жақты, «сана ағымы» сарыны бойынша таңдап алған дерек көздері бүкіл тарихи-әдеби процесті буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан бұрмалаушылық болып табылады және бұл оның қазақ халқының орыс халқымен жақындасуының қас дұшпандары – Бұқар жырау, Дулат, Шортамбай, Мұрат сияқты феодалдық-хандық дәуірдің жыршыларын мақтаған «зар заман» теориясымен тікелей байланысты», – деген тұжырым шығарды.
«Зар заман» ақындарының күні тәуелсіздік алған соң бір-ақ туды.
Қазақ тілін білмей қазақ мифологиясы мен ертегілерінің, эпостарының көркем жүйесін Мұхтар Әуезовке, Әлкей Марғұланға, С.Мұқановқа «түсіндіріп берген» Н.С.Смирнова да осылай кер заманның кернейін тартып, үкім айтты.
Эпос туралы талқы қаулысыз қалды. Өйткені ол майдан енді ушығып келе жатқанда ұлы көсем Сталин қайтыс болды. Жұрт қаралы күй кешті. Соған қарамастан «көсемді аза тұта жүріп» 1953 жылы 16 наурыз күні Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институты мен Жазушылар одағының төралқасы біріккен бас қосу өткізіп, алдағы болатын қазақ эпосы туралы өтетін талқыда жасалуға тиісті әлеуметтік-тұрмыстық жырлар туралы М.Ақынжановтың баяндамасының жобасын талқылады. Негізгі әңгіме – баяндаманың мазмұны жөнінде қозғалған. Бүкілодақтық үлкен талқылауда М.Әуезовке қаратыла жасалған ең шешуші шабуылдың қарсаңындағы қара жарыс, яғни, дайындық болғандықтан да және Сталин жерленгеннен кейін іле-шала өткен мәжілістің қас-қабағын аңғарту үшін айтылған пікірлерді ішінара іріктеп, мазмұндап береміз.
Ғ.Мұсабаев (Тіл және әдебиет институтынан): «Институттың дирекциясының тапсырмасы бойынша Ақынжанов жолдастың қазақтың жырлары туралы 86 беттен тұратын баяндамасын мұқият оқып шықтым. Ол: 1. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларының тарихтағы орыны және олардың әдеби нұсқаларына біздің көзқарсымыз. 2. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларының туу кезеңдері туралы. 3. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларының әлеуметтік сыпаты – деген үш тараудан тұрады.
Баяндаманың басты принципті кемшілігі – баяндаманың ұзына бойында оның мақсаты мен міндеті анықталмаған. Қандай мәселе бойынша талас туып отыр, қандай тақырып бойынша пікір таласы туындап отыр, осы жағы түсініксіз қалған. Екіншіден, баяндамада нақты деректік дәлелдер жоқтың қасы. Автор, тіпті осы мәселенің өзіне тікелей қатысты марксизм-ленинизм классиктерінің пікірлері мен партияның идеология мәселесі жөніндегі шешімдері келтірімеген. Үшінші, баяндаманың ғылыми деңгейі өте төмен. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларының мәселесіне зерттеу жасалмаған. Қорытындылары сенімсіз, автордың өз пікіріне қарсы шығады. Төртінші, баяндаманың мазмұнына қарағанда, автор деректер мен теориялық еңбектермен таныспаған сияқты әсер қалдырады.
... Осы тақырыпқа қатысты «мифологиялық мектеп», «көшпелі сюжет теориясы», «фольклорды салыстырмалы теория арқылы зерттеу теориясы», «өзара алмасу теориясы», «шығыс теориясы» сияқты теориялық мәселелер баяндамадан тыс қалған. Сондай-ақ, баяндамада: «сюжеттің өздігінен пайда болуы теориясы», «антропологиялық теория», «психологиялық мектеп», А.Веселовскийдің «тарихи мектебі», Карл Крон мен Анри Ааркенің «тарихи-жағырафиялық мектебі» немесе еңбекші қауымның қандай да бір шығармашылық қабілетін жоққа шығарып, оны тек ақсүйектерге телитін Ганс Науменнің теориясы сыни тұрғыдан талқыланбаған. Тіпті кеңестік фольклор ғылымындағы ескірген пікІрлерге де тоқталмайды. Фольклордың шығу тарихы жөніндегі жоғарыдағы теорияларға, соның ішінде әдеуметтік-тұрмыстық жырлардың шығу тегіне де қысқаша анықтама бере кеткені дұрыс болады...
Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларын кезеңге бөлу мәселесін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны арқылы шешуге тырысқанымен, оның пікірлерінің барлығы ақ жіппен тігілген абстрактілі жалаң сөзге құрылған. Хан, сұлтан, би, старшина, басқақ, князЬ атауларының кездеспеуіне және оның зиратының басына қойылған балбалдарға сүйеніп, оның сібір татарлары мен Алтай якуттарында да (тобаларда – Т.Ж.) бар екенін тілге тиек етіп, автор «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын ІҮ ғасырдағы көне түркі дәуіріне жатқызады. ... Автор М.Әуезовтің бұл дастан ХҮ-ХҮІ ғасырда шыққан деген тұжырымын дәлелмен жоққа шығара алмаған... «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын башқұрттарға, татарларға, якуттерге, алтайлықтарға қазақтардан тарағаны жөніндегі жорАмалы да сенімсіз, монғол тілінде Баян – бай, Қодар – дөрекі деген мағына береді – деген сөзі де ұшқары... Халықтық нұсқалар дегеннің өзі талданбаған, ақсүйектердің идеологиясын ұстанған дастан нұсқалары әшкереленбеген...
Жалпы алғанда автор бұл мәселеге қатысты материалдармен таныспақ түгілі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының барлық нұсқаларымен де танысып шықпаған. Ол баяндамасында: «Жырдың алғашқы 16 нұсқасына қатысты М.Әуезовтің білдірген пікіріне толық қосыламыз, өйткені оның қолындағы нұсқалар біздің қолымызға түспеді. Сондықтан да біз барлық нұсқаларды қорыта тұжырымдаған Әуезовтің қорытындысымен келісеміз»,– деп жазады. Сөйте тұрып, баяндаманың 71–72-беттерінде дастаннын үзінді келтіріп: мұндай тамаша жолдар барлық 16 нұсқада да кездеседі, – дейді. Сонда өзі оқымаған нұсқалардың «тамашалығын» қайдан білді, егерде негізгі материалды оқымаса, онда қандай байыпты ғылыми қорытынды жасамақ, «сыртынан қарап тон пішуге» бола ма?, – деген орынды сұрақ туындайды. Осыған орай баяндамашыға мынадай сұрақ қоюымыз заңды:
1) Егерде Әуезовтің осы тақырыпқа орай айтылған пікірі дұрыс боса, онда бұл дастанның халықтығы туралы дискуссияны бастаудың қандай қажеті бар?
Достарыңызбен бөлісу: |