ЗАҢгер және мемлекеттік тіл егемен Қазақстан, 06 Мамыр 2010



Дата27.03.2018
өлшемі58,53 Kb.
#39725

ЗАҢГЕР ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ


Егемен Қазақстан, 06 Мамыр 2010 | Руханият

 Загрузка ...

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мен оны меңгеру туралы әңгіменің айтылып жүргеніне, қарап отырсақ, 20 жылдай уақыт өтіпті. Еш өзгеріс жоқ деуден аулақпыз әрине, бірақ көпшілік құлшына меңгеріп, мем­лекеттік тілді мойындап, мәртебесін жоғарылатып жатыр деп те айта алмаймыз. Арада осынша жыл өтсе де қазақ тілінің еңсесін көтеру осы күнге дейін өзінің шешуін таппаған басты мәселенің бірі болып тұр. Ал елдің елдігін танытатын түр-түсінен кейін ана сүтімен бойға даритын ана тілі десек, осы тілдің көсегесін көгертіп, өрісін кеңейту ұлтым деген ұрпақтың мойнындағы қарызы бен парызы емес пе?!.



Егемендіктің арайлап таңы атқан кезеңде енді бұдан былай заңсыз әрі негізсіз аясы қысылып, тынысы тарылған қазақ тілінің бағы жанар деп жас балаша сенген едік. Алайда бұл төңіректегі алыпұшпа көңіл көп ұзамай су сепкендей басылды. Себебі, қазақ тілінің мәселесін кө­теру, оның күнделікті өмірде қолдану аясын кеңейту жан-жаққа жалтақ­таумен жүзеге асуда. Ұзақ жылдар ішінде ешқандай жұмыс жүзеге аспады, сең жібімеді деп айтуға болмайды. Қазақ тілін үйренемін, білемін деген адамға барлық жағдай жасалған, бағдарлама қалыптасқан. Мемлекеттік органдардың барлы­ғында дерлік мемлекеттік тілді үйре­ту курстары ондаған жылдардан бері өз жұмысын тоқтатқан емес. Алайда ықылас болмаған соң еңбектің еш болатыны бар.

Тақырыпты жалпыламай-ақ кө­теріп отырған проблеманың заң­герлер арасындағы қолданыс аясын қарастырайын. Қыры мен сыры мол, нақтылықты талап етіп, болжам мен босаңсуға жол бермейтін заң сала­сында, құқық қорғау органдарында, еліміздің елдігін, халықтың ертеңге деген сенімін нығайтар заңгерлер арасында мемлекеттік тіл өзін әлі де еркін сезіне алмай отырғаны жасы­рын емес. Бұл органдарда қазақ тілі іс қағаздар айналымына ішінара ғана араласып жүр. Заң саласында әлім­сақтан ана тіліміз мүшкіл хал кешіп келеді десек, қателесеміз. Тіл жана­шырлары айтып, басылымдарда жазып жүргендей, өткенге зер салсақ, қазақ тілі мемлекетаралық қатынас тілі де болған. Қазақ хандығының іргесін көтерген әз Жәнібек, Керей хандардан бастап Қасым, Ақназар, Ер Есім, әз Тәуке, Абылай хандар мем­лекеттік, мәмілегерлік құжаттар­ды қазақ тілінде жүргізген. “Қасым ханның қасқа жолы”, “Жеті жарғы”, бес дуан ел билерінің басқосуында талқыланып қабылданған 73 баптан тұратын нұсқасын хакім Абай жазған “Қарамола” заңы ана тілімізде жарық көрген. Ендеше, бүгінде ресми тілді, заң тілін қазақшаландыру аса ауыр, адам баласы түсініп, ұғынып бол­май­тын сөз жинағы ретінде қабылдау жалқаулықтың, немқұрайлықтың белгісі екені анық. Мәселені шешудің алғышарттарының бірі – алдын-ала тергеу кезінен бастап мүмкіндігінше тиісті құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізуге тырысу. Елбасы Н.Назар­баевтың үнемі “Қазақ қазақпен қа­зақша сөйлессін” деп қайталауының сыры – отаншылдықтың, ұлттық тұғырымызды бекемдеудің, текті тәрбиенің темірқазығы – ана ті­ліміздің тағдыры өз қолдарыңда де­гені емес пе?!. Ендеше, ел тыныш­тығының сақшысы болған жігіттер­дің, халықтың қорғаны болған заңгер аза­маттардың ана тіліне деген көз­қарасы өзгерсе, құқық қорғау орган­дарында мемлекеттік тілде іс жүргізу кеңінен тарала бастары анық. Бүгінде сотқа келіп түскен қылмыстық, аза­маттық, әкімшілік істерді қарап, сара­лап отырсақ, алдын-ала тергеу органдары қызметкерлері өздеріне ыңғайлы, жеңіл болу үшін қалып­тасқан тәжірибе бойынша күдікті­лер­ден жауап алуды тек орыс тілінде жүргізеді. Күдікті ретінде ұсталған азаматтан қай тілде жауап беру ыңғайлы екендігін сұрау, ресми тілді дұрыс түсінбей жатқан жағдайда тергеуді мемлекеттік тілде жалғас­тыруға талпыныс жасау тәжірибеде жоқтың қасы. Осының салдарынан кейін іс сотқа келіп түскенде түрлі кедергілер туындап, жәбірленуші немесе айыпталушы тарап істің мән-жайын толық түсіну үшін сот оты­рысының қазақ тілінде жүргізілуін талап етуі сирек кездесетін жағдай емес. Осыған орай сот органдарына барлық алдын-ала тергеудің айыптау қорытындысын қазақшалауға тура келеді. Кей азаматтар өздерінің не турасында айыпталып жатқандарын соттан айыпталу қорытындысын қазақша алған кезде түсіне бастайтын кездері де кездесіп жатады. Бұл заңсыздықты жойып, заңдылықты сақтауға тиіс заңгерлеріміздің кей кезде тіл туралы заңға қайшы әрекет жасауының белгісі. Мұның басты себебі, жасыратыны жоқ, тіл туралы заңның орындалуына деген қатаң талаптың болмауы. Бізде қалыптасқан тәжірибе бойынша, басшы таңертең тіл проблемасын көтерсе, түстен кейін сол бағыттағы жұмыс жандана бастайды да келер күні қайта ұмы­тылады. Ал қатаң талап қойылмаған соң нәтиженің де шала болары анық. Қостанай облыстық сотына өткен жылы түскен 18500 кіріс құжатта­рының үштен бірі қазақ тілінде келген. Ал оларға қайтарылған қазақ тіліндегі жауаптың да қарасы осыған жетеғабыл. Дегенмен кейбір аудан­дық, қалалық соттардың іс қағазын мемлекеттік тілде жүргізуі әлі де ша­бан. Мысалы, Қарабалық ауданында – 5, Қостанай қалалық сотында – 4, Лисаков қалалық сотында 6 пайыз ғана болып отыр. Қостанай облы­сын­дағы 27 аудандық және оған теңесті­рілген соттардың барлығында дерлік іс қағаздары негізінен орыс тілінде жүргізіледі. Бұл тілдік ортаның жұ­таң­дығына және жоғарыда айтқандай тергеу жұмыстарының жүргізілуіне де байланысты талаптың аздығынан да болып отырған көрініс. Соттарда іс қағаздарының ішкі айналымы қазақ тілінде жүргізілуі керек десек, Қостанай облысында 2007 жылдан бері ешқандай жұмыстар атқарыл­маған. Тек өткен жылдың екінші жартысынан бастап сең қозғалып, сот­тардың өз арасында және мем­лекеттік мекемелермен хат-хабары мемлекеттік тілде жазыла бастады.

Дегенмен, сот саласындағы қыз­меткерлер, судьялардың барлығы бірдей қазақша сөйлеп кетті деп айта алмаймыз. Қара қылды қақ жарған судьялар арасында ескіліктен бас тартып, уақыт талабына сай тіл мәселесін түпкілікті шешуге белсене араласып кеткендері аз. Ал заң­герлерге мемлекеттік тілді үйретудегі әр өңірдің қолданып жүрген өз тәсілі әзірге айтарлықтай нәтиже беріп отырған жоқ. Әр басшы өз шама-шарқына қарай ұжымға қазақша үйретуге талпыныс жасайды, қазақ тілінен сабақ ұйымдастырады. Дей тұрғанмен, әсіресе, солтүстік өңір­лер­де ауыз толтырып айтарлық ештеңе жоқ. Осылайша, заңды құқығын қорғау үшін құқық қорғау органдарына, прокуратураға, сотқа жүгінген қазақ тілді азамат өз елінде жүріп, өзінің жан күйзелісін қазақ тілінде тыңдар, оны дұрыс түсінер заңгер таппай шарқ ұрады, сарсаңға түседі. Сондықтан “Келісіп пішкен тон келте болмас” демекші, мем­ле­кеттік тілді заңгерлер қауымына үй­ретудің тұтас қазақстандық ұтымды, нәтижелі, ұғынықты, сапалы бір бағдарламасын жасау уақыты жеткен секілді. Және де сөзбұйданы қойып, сол бойынша қарқынды жұмыс бастау қажет. Тәуелсіздіктің басында барлық құзыретті органдарда жұмыс тек мемлекеттік тілде жүргізілсін деп бірден қатаң қарамауды саясат та қажет еткен шығар. Алайда, жазушы С.Елубай айтпақшы, бүгінде бұл мәселе пісіп-жетілді ғой. Ол Қазақ­стан жері мен мемлекетінің тарихи иесі, ғасырлап ұлт азаттығы жолында “мың өліп, мың тірілген” қазақ ұлты енді бүгінде сол тәуелсіздікке қолы жеткен кезде кешегі бодан заманда шектетілген, қысым көрген тіл туын жерден іліп алып, төбесіне көтере алмауымыз ешқандай қисынға сыймайтын құбылыс. Бұл келеңсіздік қазақтардың ұлттық намысын шабақтайтын негізгі фактор екенін ашық айтатын мезгіл келді.

Сондықтан бұл іс заңгерлер ара­сында да шешуін ұзақ күткен ең басты мәселе. Бұл түйінді шешу үшін алдымен арнайы сөздіктер са­нын көбейтіп, қазақ тілінде тер­гелген, сотта қазақша қаралған істер бойынша тиісті әдістемелік мате­риалдар дайындауды жаппай қолға алған жөн. Болашақта құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде мем­лекеттік тілдің қолдану аясын кеңей­тудің тағы бір маңызды тұсы заң­герлерді дайындайтын жоғары оқу орындарында қазақ тілін үйрету бағдарламаларын күшейту болып табылмақ. Қазақтың тілін білмейтін сол арқылы елдің әдет-ғұрпынан, ұлттық ерекшелігінен еш хабары жоқ шәкірттен келешекте елдің елдігін бекемдейтін азамат шығар деп үлкен үміт күте алмасымыз анық.

Қай маман болмасын мемлекеттік қызметке орналасқанда “Тіл туралы” заң бойынша арнайы сынақтан өтеді. Ал оның мемлекеттік тілді аз да болса білуіне баса назар аударып жатпаймыз.

Бұл мәселе судьялыққа үміткер­лерден емтихан алу кезінде де ескеріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, алдағы уақытта бұл салада мемлекеттік тілдің көсегесін көгертіп, қолданыс аясын кеңітеміз десек, жас буын өкілдерінің қазақ тілі мәселесіне немқұрайлы қарамауына осы бастан қам жасаған жөн.

Көзі ашық, көкірегі ояу әр қазақ­стандықты қазақ тілінің мәселесі толғандыратын кез жетті. Ендігі алаңдайтынымыз, осы мүмкіндікті уыстан шығарып алып, баршамыз “қолымды мезгілінен кеш сермедім” деп өкініп қап жүрмесек игі. Ал бұған жол бермеу үшін алдымен заңды­лықты жақтап, заңсыздықты даттап жүрген заңгерлеріміздің, барлық құ­қық қорғау органдары қызметкерле­рінің өзге заңдар секілді тіл туралы заңның орындалуына да баса назар аударуы керек. Әр адам өзінің бой­ындағы мемлекеттік тілді үйренуге деген немқұрайлылық пен жалқау­лықты жеңіп, ана тіліне деген көз­қарасын өзгертіп, намыссыз­дықтан арылып, бұқаралық іске белсене араласар мезгіл. Бұл – уақыт талабы.



Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ, Қостанай облыстық сотының төрағасы.

ҚОСТАНАЙ.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет