Егемен Қазақстан, 06 Мамыр 2010 | Руханият
Загрузка ...
Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мен оны меңгеру туралы әңгіменің айтылып жүргеніне, қарап отырсақ, 20 жылдай уақыт өтіпті. Еш өзгеріс жоқ деуден аулақпыз әрине, бірақ көпшілік құлшына меңгеріп, мемлекеттік тілді мойындап, мәртебесін жоғарылатып жатыр деп те айта алмаймыз. Арада осынша жыл өтсе де қазақ тілінің еңсесін көтеру осы күнге дейін өзінің шешуін таппаған басты мәселенің бірі болып тұр. Ал елдің елдігін танытатын түр-түсінен кейін ана сүтімен бойға даритын ана тілі десек, осы тілдің көсегесін көгертіп, өрісін кеңейту ұлтым деген ұрпақтың мойнындағы қарызы бен парызы емес пе?!.
Егемендіктің арайлап таңы атқан кезеңде енді бұдан былай заңсыз әрі негізсіз аясы қысылып, тынысы тарылған қазақ тілінің бағы жанар деп жас балаша сенген едік. Алайда бұл төңіректегі алыпұшпа көңіл көп ұзамай су сепкендей басылды. Себебі, қазақ тілінің мәселесін көтеру, оның күнделікті өмірде қолдану аясын кеңейту жан-жаққа жалтақтаумен жүзеге асуда. Ұзақ жылдар ішінде ешқандай жұмыс жүзеге аспады, сең жібімеді деп айтуға болмайды. Қазақ тілін үйренемін, білемін деген адамға барлық жағдай жасалған, бағдарлама қалыптасқан. Мемлекеттік органдардың барлығында дерлік мемлекеттік тілді үйрету курстары ондаған жылдардан бері өз жұмысын тоқтатқан емес. Алайда ықылас болмаған соң еңбектің еш болатыны бар.
Тақырыпты жалпыламай-ақ көтеріп отырған проблеманың заңгерлер арасындағы қолданыс аясын қарастырайын. Қыры мен сыры мол, нақтылықты талап етіп, болжам мен босаңсуға жол бермейтін заң саласында, құқық қорғау органдарында, еліміздің елдігін, халықтың ертеңге деген сенімін нығайтар заңгерлер арасында мемлекеттік тіл өзін әлі де еркін сезіне алмай отырғаны жасырын емес. Бұл органдарда қазақ тілі іс қағаздар айналымына ішінара ғана араласып жүр. Заң саласында әлімсақтан ана тіліміз мүшкіл хал кешіп келеді десек, қателесеміз. Тіл жанашырлары айтып, басылымдарда жазып жүргендей, өткенге зер салсақ, қазақ тілі мемлекетаралық қатынас тілі де болған. Қазақ хандығының іргесін көтерген әз Жәнібек, Керей хандардан бастап Қасым, Ақназар, Ер Есім, әз Тәуке, Абылай хандар мемлекеттік, мәмілегерлік құжаттарды қазақ тілінде жүргізген. “Қасым ханның қасқа жолы”, “Жеті жарғы”, бес дуан ел билерінің басқосуында талқыланып қабылданған 73 баптан тұратын нұсқасын хакім Абай жазған “Қарамола” заңы ана тілімізде жарық көрген. Ендеше, бүгінде ресми тілді, заң тілін қазақшаландыру аса ауыр, адам баласы түсініп, ұғынып болмайтын сөз жинағы ретінде қабылдау жалқаулықтың, немқұрайлықтың белгісі екені анық. Мәселені шешудің алғышарттарының бірі – алдын-ала тергеу кезінен бастап мүмкіндігінше тиісті құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізуге тырысу. Елбасы Н.Назарбаевтың үнемі “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” деп қайталауының сыры – отаншылдықтың, ұлттық тұғырымызды бекемдеудің, текті тәрбиенің темірқазығы – ана тіліміздің тағдыры өз қолдарыңда дегені емес пе?!. Ендеше, ел тыныштығының сақшысы болған жігіттердің, халықтың қорғаны болған заңгер азаматтардың ана тіліне деген көзқарасы өзгерсе, құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілде іс жүргізу кеңінен тарала бастары анық. Бүгінде сотқа келіп түскен қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді қарап, саралап отырсақ, алдын-ала тергеу органдары қызметкерлері өздеріне ыңғайлы, жеңіл болу үшін қалыптасқан тәжірибе бойынша күдіктілерден жауап алуды тек орыс тілінде жүргізеді. Күдікті ретінде ұсталған азаматтан қай тілде жауап беру ыңғайлы екендігін сұрау, ресми тілді дұрыс түсінбей жатқан жағдайда тергеуді мемлекеттік тілде жалғастыруға талпыныс жасау тәжірибеде жоқтың қасы. Осының салдарынан кейін іс сотқа келіп түскенде түрлі кедергілер туындап, жәбірленуші немесе айыпталушы тарап істің мән-жайын толық түсіну үшін сот отырысының қазақ тілінде жүргізілуін талап етуі сирек кездесетін жағдай емес. Осыған орай сот органдарына барлық алдын-ала тергеудің айыптау қорытындысын қазақшалауға тура келеді. Кей азаматтар өздерінің не турасында айыпталып жатқандарын соттан айыпталу қорытындысын қазақша алған кезде түсіне бастайтын кездері де кездесіп жатады. Бұл заңсыздықты жойып, заңдылықты сақтауға тиіс заңгерлеріміздің кей кезде тіл туралы заңға қайшы әрекет жасауының белгісі. Мұның басты себебі, жасыратыны жоқ, тіл туралы заңның орындалуына деген қатаң талаптың болмауы. Бізде қалыптасқан тәжірибе бойынша, басшы таңертең тіл проблемасын көтерсе, түстен кейін сол бағыттағы жұмыс жандана бастайды да келер күні қайта ұмытылады. Ал қатаң талап қойылмаған соң нәтиженің де шала болары анық. Қостанай облыстық сотына өткен жылы түскен 18500 кіріс құжаттарының үштен бірі қазақ тілінде келген. Ал оларға қайтарылған қазақ тіліндегі жауаптың да қарасы осыған жетеғабыл. Дегенмен кейбір аудандық, қалалық соттардың іс қағазын мемлекеттік тілде жүргізуі әлі де шабан. Мысалы, Қарабалық ауданында – 5, Қостанай қалалық сотында – 4, Лисаков қалалық сотында 6 пайыз ғана болып отыр. Қостанай облысындағы 27 аудандық және оған теңестірілген соттардың барлығында дерлік іс қағаздары негізінен орыс тілінде жүргізіледі. Бұл тілдік ортаның жұтаңдығына және жоғарыда айтқандай тергеу жұмыстарының жүргізілуіне де байланысты талаптың аздығынан да болып отырған көрініс. Соттарда іс қағаздарының ішкі айналымы қазақ тілінде жүргізілуі керек десек, Қостанай облысында 2007 жылдан бері ешқандай жұмыстар атқарылмаған. Тек өткен жылдың екінші жартысынан бастап сең қозғалып, соттардың өз арасында және мемлекеттік мекемелермен хат-хабары мемлекеттік тілде жазыла бастады.
Дегенмен, сот саласындағы қызметкерлер, судьялардың барлығы бірдей қазақша сөйлеп кетті деп айта алмаймыз. Қара қылды қақ жарған судьялар арасында ескіліктен бас тартып, уақыт талабына сай тіл мәселесін түпкілікті шешуге белсене араласып кеткендері аз. Ал заңгерлерге мемлекеттік тілді үйретудегі әр өңірдің қолданып жүрген өз тәсілі әзірге айтарлықтай нәтиже беріп отырған жоқ. Әр басшы өз шама-шарқына қарай ұжымға қазақша үйретуге талпыныс жасайды, қазақ тілінен сабақ ұйымдастырады. Дей тұрғанмен, әсіресе, солтүстік өңірлерде ауыз толтырып айтарлық ештеңе жоқ. Осылайша, заңды құқығын қорғау үшін құқық қорғау органдарына, прокуратураға, сотқа жүгінген қазақ тілді азамат өз елінде жүріп, өзінің жан күйзелісін қазақ тілінде тыңдар, оны дұрыс түсінер заңгер таппай шарқ ұрады, сарсаңға түседі. Сондықтан “Келісіп пішкен тон келте болмас” демекші, мемлекеттік тілді заңгерлер қауымына үйретудің тұтас қазақстандық ұтымды, нәтижелі, ұғынықты, сапалы бір бағдарламасын жасау уақыты жеткен секілді. Және де сөзбұйданы қойып, сол бойынша қарқынды жұмыс бастау қажет. Тәуелсіздіктің басында барлық құзыретті органдарда жұмыс тек мемлекеттік тілде жүргізілсін деп бірден қатаң қарамауды саясат та қажет еткен шығар. Алайда, жазушы С.Елубай айтпақшы, бүгінде бұл мәселе пісіп-жетілді ғой. Ол Қазақстан жері мен мемлекетінің тарихи иесі, ғасырлап ұлт азаттығы жолында “мың өліп, мың тірілген” қазақ ұлты енді бүгінде сол тәуелсіздікке қолы жеткен кезде кешегі бодан заманда шектетілген, қысым көрген тіл туын жерден іліп алып, төбесіне көтере алмауымыз ешқандай қисынға сыймайтын құбылыс. Бұл келеңсіздік қазақтардың ұлттық намысын шабақтайтын негізгі фактор екенін ашық айтатын мезгіл келді.
Сондықтан бұл іс заңгерлер арасында да шешуін ұзақ күткен ең басты мәселе. Бұл түйінді шешу үшін алдымен арнайы сөздіктер санын көбейтіп, қазақ тілінде тергелген, сотта қазақша қаралған істер бойынша тиісті әдістемелік материалдар дайындауды жаппай қолға алған жөн. Болашақта құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтудің тағы бір маңызды тұсы заңгерлерді дайындайтын жоғары оқу орындарында қазақ тілін үйрету бағдарламаларын күшейту болып табылмақ. Қазақтың тілін білмейтін сол арқылы елдің әдет-ғұрпынан, ұлттық ерекшелігінен еш хабары жоқ шәкірттен келешекте елдің елдігін бекемдейтін азамат шығар деп үлкен үміт күте алмасымыз анық.
Қай маман болмасын мемлекеттік қызметке орналасқанда “Тіл туралы” заң бойынша арнайы сынақтан өтеді. Ал оның мемлекеттік тілді аз да болса білуіне баса назар аударып жатпаймыз.
Бұл мәселе судьялыққа үміткерлерден емтихан алу кезінде де ескеріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, алдағы уақытта бұл салада мемлекеттік тілдің көсегесін көгертіп, қолданыс аясын кеңітеміз десек, жас буын өкілдерінің қазақ тілі мәселесіне немқұрайлы қарамауына осы бастан қам жасаған жөн.
Көзі ашық, көкірегі ояу әр қазақстандықты қазақ тілінің мәселесі толғандыратын кез жетті. Ендігі алаңдайтынымыз, осы мүмкіндікті уыстан шығарып алып, баршамыз “қолымды мезгілінен кеш сермедім” деп өкініп қап жүрмесек игі. Ал бұған жол бермеу үшін алдымен заңдылықты жақтап, заңсыздықты даттап жүрген заңгерлеріміздің, барлық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өзге заңдар секілді тіл туралы заңның орындалуына да баса назар аударуы керек. Әр адам өзінің бойындағы мемлекеттік тілді үйренуге деген немқұрайлылық пен жалқаулықты жеңіп, ана тіліне деген көзқарасын өзгертіп, намыссыздықтан арылып, бұқаралық іске белсене араласар мезгіл. Бұл – уақыт талабы.
Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ, Қостанай облыстық сотының төрағасы.
ҚОСТАНАЙ.
Достарыңызбен бөлісу: |