Қыздар! Жаңдарында жүрген жігіттерді ақылмен, әдептілікпен, сыпайы мінезбен, сүйкімді назбен тізгіндей біліңдер. Жігіттердің жұлқынған асау жүрегін адамгершілік асыл қасиеттермен бұйдалап алып, оларға айтқандарыңды істетіндер: арақ ішкізбеңдер, айқайға жуытпаңдар. Оларды түнгі он екіде мас боп рестораннан қайтып, тынымдап жатқан жұрттың шырқын бұзып, терезесінің түбінен текедей бақылдап өлең айтып өтпейтін етіңдер. Өйткені қыз жетектесе ілеспейтін, қыз қиылса көнбейтін жігіт жоқ бұл дүниеде. Өйткені ақыл анадан тарайды, адамгершілік әйелден басталады, қыздан – қылық, тәрбие, тәлім туындайды. Өздеріңе табиғат сыйлаған осы бір өзгеше өнерлеріңді қастарыңда қаумалап жүрген жігіттерге игі әсер етуге жұмсаңдар. Жігіт – жаныңда жүрсе жолдасың, жауға жұмсасаң – жолбарысың. Жігіт – ортада жүрсе орманың, шетке шықса қорғаның. Қорғаның, қормалың сенің! Жігіттерден жылы күлкі, жұмсақ әзілдеріңді аямаңдар. Бірақ оларды жұрт көзінше сүйісіп, сүйкенісіп тұруға үйретпеңдер!Оларды жарбаңдатып, жабыса құшақтатпаңдар. Адамның асыл махаббат сезімін ардақтап, бүркеп, қымтап ұстауға баулыңдар. Оларды нәпсісін тыйып, намысын биік ұстауға тәрбиелеңдер.Сөйтіп, олармен тату, дос, қимас құрбы болып өсіңдер, шырақтарым! Өмірдің қызық ләззаты – адал достық, айнымас қамқорлық, асыл махаббатта екенін әрқашан да естеріңде сақтаңдар.