ЗҰЛҚарнай мен александр македонский екеуі бір адам емес



Дата15.09.2017
өлшемі71,98 Kb.
#32394
ЗҰЛҚАРНАЙ МЕН АЛЕКСАНДР МАКЕДОНСКИЙ

екеуі бір адам емес

Сұқбаттар мен талас-тартыстарға кейде арқау болатын сұрақ адам мен жаратушысы арасындағы қатынас мәселесі. Бұл мәселеде Жаратушы өз хабаршыларына (пайғамбарлары) жіберген кітаптарда мән-жайдың хабарын берсе де және мұндай сұрақтарға қатысты күмәндерді анықтауды Аллаһ бізге әмір етпесе де пенде ешқашан өзінің күдік пен күмәнға толы сұрақтарын қоюды толастатқан емес.

Сондай сұрақтың бірі, құран Кәрімнің «Кеһф» сүресінің 83-97-аяттарындағы «Зұлқарнайын» қиссасындағы Зұлқарнай мен біздің заманымызға дейінгі 356-323 жылдары өмір сүрген Македония патшасы Александр Македонский бір адам ба, әлде екеуі екі басқа адамдар ма? деген тақырыпқа байланысты тарихи көзқарас болып отыр.

Құран кәрімде Хұд, Лұт, Иса, Мұса секілді әнбиелер мен Піл оқиғасы, Зұлқарнайн қиссалары кездеседі. Шығыс халықтарының ауыз әдебиетінде «Ескендір Зұлқарнайын» мен «Зұлқарнайын» туралы бірнеше, бір-біріне кереағар көзқарастардың барлығын аңғардық. Біріншісі, Александр Македонскийдің лақап аты болып кеткен Ескендір Зұлқарнайын болса, екіншісі, Құрандағы Зұлқарнайынға теңелген тұлғалар. Үшіншісі, «Зұлқар-найынға» байланысты хадис пен риуаяттар.

Бірінші көзқарасқа әр елдердің ұлттық энциклопедияларында берілген мәліметтерді жатқызуға болады. Айталық, 2005 жылы жарық көрген Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясының 199-200 бетінде Ескендір Зұлқарнайын - әлемге аты мәшһүр қолбасшының бірі Александр Македонский деген Қ.Тұрсынқұлұлының мәліметі берілген. Жалпы энциклопедияларға тән нәрсе Құрандағы «Зулқарнайын» А.Македонский ме жоқ әлде, екеуі екі басқа адамдар ма, ол жағы дәйектелмейді. Одан басқа, ғаламтордағы пікірлерді көрсетуге болады. Мысалы, өзбек жорналшысы Әнуар Шүкіров ғаламторға жазған пікірінде былай дейді: «Зұлқарнайын қиссасындағы тұлға А.Македонский болуы әбден мүмкін,- дей отырып, оған өздігінше дәлелдер іздейді. Айталық, 37-100 жылдары аралығында өмір сүрген жақұт тарихшысы Иерусалимдік Иосиф Флавийдің «Жақұттар соғысы» (Иудейские войны) атты шығармасының 11-кітабының, 7-8 тарауларында А.Македонский туралы оқиғаларды баяндайды. Қысқаша келтірсек: «...Аландар Танаид (Дұнай өзені) дариясы және Мэотида (қазіргі Азов теңізі) жағалауларында жасаушы скиф тайпасы. Олар басқыншылық мақсатында Мидияға қарсы жорыққа шығады. Мүйізді Александр темір дарбазамен жолын бекітіп тастаған...» деген оқиғаны баяндай отырып, бұл жерде бұзық Яжус бен Мажус тайпасы Скифтер екендігі және олардың жолы дарбазамен (дуалмен) бекітілгендігі секілді Құрандағы қиссаға өте ұқсас оқиғаны келтіреді.

Жалпы, А.Македонскийді Құрандағы «Зұлқарнайынмен» бір адам деген мәселені әдебиетке кім енгізді? деген сауал туындайды. Өзбек зерттеушілері алдымен Низами, Дахлауи, Жами және Әлішер Науаи деп көрсетеді.

Ә.Науаидің бес дастаннан тұратын «Хамса» атты жинағындағы «Садди Искандарий» дастанындағы «Искандар» Ескендір Зұлқарнайыннің прототипі. Ең алғаш шығыс әдебиетінде «Ескендір Зұлқарнайынды» танытқан әзербайжан ақыны Иляс ибн Жүсіп Низами Ганжауи екен. Оның «Искандернаме» (1211ж.) дастаны және үндістандық ақын Хусрау Дехлауидің «Ойнаи Искандарий» (1299-1300 жж.), Абдурахман Жамидің «Хираднаме Искандарий» (1484 ж.) дастандары әлемдік деңгейдегі әдебиет туындылары саналады. Бұл аңыз-дастанды Ә.Науаи түркі тілінде жалғастырды.

1991 жылы «Ғафур Ғұлам» баспа өндірісінен Ә.Науаидің «Садди Искандарий» атты дастаны өзбек тілінде қайта басылды. Дастанның алғы сөзін жазған филолог-ғалым М.Хамидова «Искандар тарихи тұлға. Александр Македонский атымен бүкіл әлемге даңқы шыққан грек патшасы... Тарихи ақиқаттан ұзақ болған түрлі шығармалар өмірге келді. Аты аңызға айналған Александр кейіпі шығыс халықтарының заңғар ақындарының каһарманына айналды, прототипі болып қызмет етті», - дейді.«...Низами, Жами, Ә.Науаидің Зұлқарнайын мен А.Македонскийдің бір тұлға жөніндегі мәселеде екі ұдай пікірде болған» деп жазады өзбек зерттеушілері.

Екінші көзқарас бойынша, яғни Құрандағы Зұлқарнайынға теңелген тұлғалар өте көп. Солардың кейбірін атап көрсетейік, 2010 жылы «Аруна» баспасынан шыққан Ислам энциклопедиялық анықтамалығында Д.Қыдырәлі «Зұлқарнайын» ұлы патшаның лақап аты (195-196 бб) дейді. Зұлқарнайынды тәпсіртанушылар А.Македонский дегенге келіспейді - деп жаза отырып, оны «...Ибраһим пайғамбар ғ.с. дәуірінде Йеменде өмір сүрген құдіретті бір патша деп есептейді»,- деп пікір білдіреді. Одан басқа, А.Македонскийдің басының мүсіні мен оны жасағымен бірге өзеннен өтіп бара жатқан суретін беріп жіберген.

Тарихшылар Қуртуби, Табари, Ибн Асирлер Зұлқарнайын - Ибрахим пайғамбардың дәуірінде өмір сүрген және онымен бірге қажылық сапар жасағандығын жазады.

Ерте ортағасырлық парсы фольклорында Зұлқарнайынды Парсы патшасы Дарий (Доро) деп санайтындар бар. Одан басқа, әл-Мунзир бин ас-Сама және Әбу Қариб әл-Химияри екеніне байланысты аңыздар сақталған.

2007 жылы Ресейде жарық көрген «Исламский энциклопедический словарь»-дағы дінтанушы А.Ализаденің келтірген мәліметінде «Зұлқарнайын» батыс пен шығысты бағындырған, қол астына өткен тайпаларды бір құдайға сыйынуға үндеген. Пұтқа табынушылармен аяусыз күрескен. Ол Мекке маңына жерленген. Одан басқа, бүгінгі Сирия мен Медина қаласының аралығындағы «Думат аль-Джандале» елді мекеніне жақын Тахама тауында жерленген болуы мүмкін деп жазады.

Абу Райхан Беруни өзінің «Ал-Асар ал-Бақия анил қурунил хал» атты еңбегінде Зұлқарнайын Йемендегі Хумайр мемлекеті патшаларының бірі Абубәкір ибн Ывриқыс деп көрсетіпті.

Құранды қазақшаға алғашқы аударушылардың бірі Халифа Алтай: «Зұлқарнайын-сөзінің мағынасы «екі мүйізді», оның екі тұлымы немесе тәжінде екі мүйізі болғандықтан атанған, аты Ескендір, пайғамбар емес. Батыс, шығысты кезген» деп түсінік береді.

Үшінші көзқарас, Зұлқарнайынға байланысты аяттар мен хадистер. Құранның «Кеһф”сүресіндегі 83-97-аяттарға байланысты түсініктемеде Мұхаммед пайғамбарға Медина қаласының жаһұт ғалымдарының қойған күрделі үш сұрағының бірі «Зұлқарнайын» туралы болыпты. Құранда осы қиссаның басы: (Мұхаммед ғ.с.) Олар сеннен Зұлқарнайынды сұрайды: «Сендерге оның жайын түсіндірейін де (83-аят), - деп басталады. Одан ары қарай, Зұлқарнайын әлемде әділеттілік орнатушы патша, ол жердің батысына барып, онда тұратын адамдардың залымдарын жазалап, иманды адамдарға жәрдем жасайды. Бұдан кейін шығысқа барып, онда қорғансыз жандарды кездестіреді. Екі таудың арасына келгенде сөзі түсініксіз бір тайпаға кез болады. Олар Зұлқарнайыннан өздерін Яжуж бен Мажуж қауымынан құтқаруды өтінеді, сол үшін салық төлеуге әзір екендіктерін білдіреді.Зұлқарнайын оларға: «Раббымның маған бергені бес есе артық. Сендер маған күш көмегін жасаңдар да сендер мен олардың арасына бір бөгет жасайын»-деп таспен дуал соғып, оның арасына темір тақтайлармен бекемдеп, таулармен деңгейлес болған кезде көрікпен қыздырып, шойын құйып тастайды. Осыдан кейін Яжуж бен Мажуж бұл қорғаннан өте алмайды, оны бұзып өтуге күштері жетпейді. Содан соң, Зұлқарнайын: «Бұл Раббымнан бір мәрхамет. Қашан Раббымның уәдесі (қиямет күні) келсе, оны жермен жексен етеді. Сондай-ақ Раббымның уәдесі хақ», - деген Аллаһтан келген аяттарды айтқаннан кейін жаһұттардың бір тобы «Аллаһ туралы ілім арабтарға өтіп кеткеніне сенген хәлде» Мұхаммедтің дінін қабылдаған. Олардың арасынан кейіннен көрнекті сахабалар шыққаны ислам тарихынан белгілі. Ал қалған бөлігі күдік пен күмәнға толы тарасқан.

Яжуж бен Мажуж қауымы кімдер?-деген заңды сұрақ туады. Халифа Алтайдың көрсетуінше «Бұзақы Яжуж бен Мажуж қауымы Азербайжан тауларында өмір сүрген, Япас ұрпағынан болған бір бұзақы ел». Иосиф Флавийдің жазуынша Яжус бен Мажус тайпасы - Скифтер.

Олай болса, Зұлқарнайын салдырған дуал қайда?. Х.Алтайдың пайымы бойынша Қапқазда, тарихшы Иосиф Флавийдің көрсетуі бойынша Таяу Шығыста, парсылардың көрсетуінше Дарий салдырған Дербент қорғаны, кейбіреулердің пайымдары бойынша Ұлы Қытай қорғаны.

Араб тілінің мамандары «дуал – құран Кәрімде шығыс жақта екендігі айтылады, бірақ ол шығыстың қай өлкесінде екендігінен мәлімет жоқ. Сол дуал Аллаһтың уәдесі келіп, Яжуж бен Мажуж қауымы шыққанға дейін тұрады»,- дейді. Құрандағы аталған дуал-тоған «сад» деп аталады, яғни «тоғанды» құрған адам Зұлқарнайын екендігі көрсетілген. Дуал сөзі Құранда «радм» деп келген. Бұл екі сөз (радм, сад) екі нәрсенің арасына құрылатын тоған-тосықтан гөрі үлкен арнайы дуал мағынасын аңғартады екен.Дуалды Зұлқарнайын Аллаһтың әмірімен Яжуж-Мажуж деп аталған өте бұзық қауымның жолын тосу үшін салған. Оның қай жерде екендігі туралы мәлімет берілмепті. Сонымен қатар, «Зулқарнайын» сөзінің мағынасы: «Зул»-иесі, «карнун»-ғасыр немесе мүйіз, «найн» - екеу деген мағына береді дейді.

Мұхаммед пайғамбар с.у.с.- ның сол дуалды бас саусағы мен көрсеткіш саусағын таға тәрізді етіп көрсеткен мына хадисін келтірейік: Имам Ахмад ибн Ханбал р.а. Суфия Саури р.а. ден есіткен мына риуаятты айтады:

Зейнеп бинти Жахш р.а.:

«Расул с.а.с. ұйқысынан беті қызарған хәлінде оянды: «Ла илаһа иллаллаһ, жақындаған жамандықтан арабтардың жағдайына дабыл болсын, бүгін Яжужбен Мажуж радмінен (дуалынан) міне осынша ашылды», деп бас бармағымен көрсетуші саусағын екі ұшын жақындатып ( таға тәріздес, яки сақина секілді) көрсетті.

Мен:


«Ей, Аллаһтың Расулы, ішімізде тақуалар болса да мерт боламыз ба?»-дедім. Ол. «Иә, егер жамандық көбейсе,-деді».

Қорыта келе, көп тараған аңыздардың бірі - Александр Македонскийді Зұлқарнайынға теңеуі. Мұның тарихи шындыққа сәйкес келмейіндігін А.Македонский туралы деректерге сәйкес осы уақытқа дейін әлемнің әртүрлі елдерінде түсірілген 8 жуық көркем және құжатты фильмдерден байқауға болады. Яғни, оның Құрандағы «Зұлқарнайынға» ешқандай ұқсастығы жоқтығына көз жеткізеді. А.Македонскийдің бір құдайға сенуге шақырғаны туралы тарихи деректер кездеспейді.

Ал, қазақ ауыз әдебиетінде «жерді екі мүйізімен көтеріп тұрған өгіз туралы» немесе «екі мүйізді Зұлқарнайын патша туралы» аңыз-әңгімелерге құлағымыздың шалғаны бар. Қазақ халқының ауыз әдебиетіне зер салсақ, Құран сүрелеріндегі қиссаларға қатысты аңыз-әңгімелер жазуға әуес болмаған секілді. Хәкім Абайдың Низами, Жами, Науаидің «Ескендір Зұлқарнайын» туралы дастандарынан және Құрандағы «Зұлқарнайын» туралы аяттардан хабарсыз болған деп айта алмаймыз. Өзінің «Ескендір» атты поэмасында Абай А.Македонскийдің қанішер, жауыздық әрекеттерін суреттейді. Оның ақыры темір қорғанды қақпаға кездесіп, қамалды ала алмай дағдарысқа ұшыраған күйін көрсетеді. Осы арқылы оның «Зұлқарнайын» мен А.Македонскийдің бір тұлға емес екендігін көрсеткендей әсер қалдырады.

Белгілі исламтанушы Абдулла қажы Жолдасұлының айтуынша: «Халифа Алтайдың аудармасындағы «Ескендір» Зұлқарнайын Муса мен Қызыр пайғамбарлар заманында өмір сүрген патшаның аты. Ол А.Македонский емес, одан жеті ата бұрын, яғни шамамен 175 жыл жылдай ілгері өмір сүрген момын адам. Тарихшы Ибн Рушдтің көрсетуінше Мысыр перғауыны Рамзес ІІ-нің заманына сәйкес келетін сияқты. Ал Ескендір атын қойған Халифа Алтай емес, араб ауыз деректерінде Зулқарнайынға теңеп қойылған ат»-дейді.



Айналайын көпшілік осыған пікір қосыңдаршы!!!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет