Зубанова Ақлима Арыстанқызы



Дата26.08.2017
өлшемі62,92 Kb.
#28978
Зубанова Ақлима Арыстанқызы,

Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының әдіскері

ОҚО, Арыс қаласы

Тақырыбы: Алғашқы академик - Арыс перзенті


Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тарихтан алар орны ерекше. Азамат соғысы мен зұлмат жылдарындағы Ұлы Отан соғысы мен әуресі көп әлеуметтік кезеңдегі жас ұрпақтардың тағдырлары мейірімді, жылы ұя балалар үйімен сабақтасып жатты.

1919 жылы қазіргі балалар үйінің ескі мекен-жайы орыстың бақуатты байынан босаған аш, жетімдер үшін үш мезгіл ыстық тамақ даярлап беретін бөлім болып ашылған. Көп ұзамай 1920 жылы балалар коммунасы болды.

1922 жылы балалар үйі болып аталынды.

Сол кездері тәрбиеленген тәрбиеленушілердің көбі халық мақтанышына айналды.

1910 жылы дүниеге келген, жеті жасында аштықтың салдарынан бауырлары мен ата-анасынан түгел айырылып қалған бала Төлегенді Арыс қаласындағы теміржол жұмысшысы Иван Кабанов тауып алып, алтыншы баласы етіп асырап алады. Он жасқа дейін кісі есігінде болады.

Академик, ағарту саласында ғұлама ғалым, мемлекет қайраткері, Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі, Қазақстан комиссарлары Кеңесі төрағасы, бірнеше мәрте Қазақ ССР-нің Жоғары кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, СССР-дің Үндістандағы елшісінің кеңесшісі болған. Тұңғыш БҰҰ-да ағылшын тілінде сөйлеген тұңғыш қазақ Төлеген Тәжібаевтың өмірі 1920-1923 жылдары балалар үйінде жалғасады.

Төлеген Арыстағы жеті жылдық мектепті 1924 жылы бітіреді. Мектепті бітіру куәлігінде барлық пәндерден үздік деген баға алады. Оны көрген И.Ф.Кабанов Төлегеннің болашағынан зор үміт күтіп, облыс орталығы Шымкент қаласына барып, сол кездегі ең беделді деген оқу орны педагогикалық техникумға оқуға түсіреді. Ол кезде техникум директоры жан-жақты өнер иесі, сегіз қырлы, бір сырлы дарын, романшы, драмашы, ақын, аудармашы, зерттеуші, бір сөзбен айтқанда Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов еді.

Т.Тәжібаевтың дарындылығы техникум директорының назарынан тыс қалмады. Техникумда оқу Төлегеннің өміріндегі ең маңызды кез болды деп те бағалауға болады, себебі өзі оқып жүріп халық ағарту саласында атқарылуы тиіс жұмыстарға өз үлесін, күш-жігерін бағыттай алатынын сезді. Ол дамыл таппай қоғамдық жұмыстарды белсене кірісіп істейтін, жігерлі, асқан білгірлігімен техникумдағы жүргендердің ішінде «қалалық трибуна шешендері» деп аталғандардың бірі болған.

Шымкенттегі техникум қазақ-қырғыз жастары оқитын ең жоғары оқу орны. Ол әрі интернат, әрі мектеп, әрі саяси-тәрбие ошағы болған. Төлеген осы ошақтың қазанында қайнап шыңдалды. Сөйтіп,1928 жылы техникумды үздік бітірді.

Педагогикалық техникумда озат, дарынды, асқан білгір студент болғандықтан оны оқытушылық қызметке қалдырды.

Төлеген Тәжібаевтың оқытушысы Жүсіпбек Аймауытов Алаш қозғалысы қайраткерлерімен астыртын байланыста болған.

1919-1924 жылдары «Қазақ тілі» газетінің редакторы, 1924-1926 жылдары «Ақ жол» газетінің редакторы одан кейін Шымкенттегі педагогикалық техникум директоры болған. Соңғы қызметін 1929 жылы желтоқсанда кеңестік қуғын-сүргін саясаты арқасында «ұлтшыл», «халық жауы» деп айыпталып, қармаққа ілінді.1931 жылы атылған.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, Т.Тәжібаев өзінің қол жазбаларында «Менің ұлы оқытушым,тәлімгерім» деп оны әрдайым есінде сақтады. Кеңестік идеология тұсында Ж.Аймауытовтың атын ешкім де ашық айта алған жоқ, сол сияқты Т.Тәжібаев та ұлы ұстаз санаған оқытушысының атын ашық айта алмаса да сабақ беру барысында ұлы оқытушысының педагогикалық шығармаларының педагогика ғылымы саласының бастауы екендігі жөнінде насихаттады.

Т.Тәжібаев сол техникумда география пәнінен сабақ беріп екі жылдай мұғалім болып қызмет атқарды.

1931 жылы Кеңестік кезеңінде комсомол болып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, көзге көрініп жүрген Төлегенді өлкелік Лениндік жастар одағының атынан Мәскеу қаласындағы Н.К.Крупская атындағы коммунистік тәрбие академиясына оқуға жібереді. Бұл академияда Т.Тәжібаев теңіз түбіне байлағандай білімнің тұңғиығына тереңдеп бой ұрды. Өзінің білімге, ғылымға деген құштарлығымен көзге түсіп жүрді. Академияның комсомол комитеті құрамына кіріп, қатары арасындағы ерекше білгірлігінің арқасында көп ұзамай комитеттің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол жерде көптеген көрнекті психолог-профессорлармен, доценттермен танысып, жетекшілік ететін психология үйірмесінің жұмысына қатысып, өз білімін шыңдай түсті,тәжірибе жинақтады.

1935 жылы оқуын бітіріп, сол академияның аспирантурасын жалғастырып, психология кафедрасының аспиранты болды. Сол жақта жүріп, «К.Д.Ушинский Ресейдегі педагогикалық психологияның негізін қалаушы» деген тақырыпта диссертация қорғап, алған білімін жастарға жеткізу, адамгершілік, қоғамның адал перзенті болуға тәрбиелеуге асығып Қазақстанға оралды.

Т.Тәжібаев бар жоғы 30 жасқа толғанда мемлекеттік қызметке кірісті. Қызу еңбекті еліміздің тұңғыш жоғарғы оқу орны, республикамыздағы педагогикалық ғылымдардың орталығы болған Абай атындағы педагогикалық институтының педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істеді.

Т.Тәжібаев 1944-1957 жылдары Қазақ ССР-нің Сырты істер министрі, Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақ ССР министрлері Советі председателінің орынбасары қызметін атқарды. 1957-1961 жылдары дипломаттық қызмет саласына ауысып көптеген елдерге белгілі дипломат ретінде танылады. Осы кезде БҰҰ-ның Кеңес үкіметі делегациясының мүшесі жұмыстарын атқарады.

1954 жылы Қазақ ССР ғылым академиясының академигі болып сайланды.

1962 жылы докторлық диссертация қорғады.

Төлеген Тәжібаевтың еңбектері

Академик Т.Тәжібаев өзінің қысқа өмірі ішінде ондаған монографиялық еңбектер мен 150-ге тарта ғылыми мақалалар қалдырып кетті.

Оның ерекше еңбегі - «ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірлердің қалыптасуы» атты зерттеуі. Мұнда ғалым қазақтың ойшыл, оқымысты ұлдары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың педагогикалық –психологиялық ойларына тұңғыш рет терең талдау жасап, олардың қазақ мәдениетіне қосқан өлшеусіз мол ағартушылық еңбектерін саралап көрсетіп береді.

Т.Тәжібаевтың ұлттық патриоттық сезімді паш ететін тағы бір байыпты еңбегі - «Қазақстанның ауылдары мен мектептерінде қазақ балаларын тәрбиелеу» деген тармақшасында кеңестік тоталитарлық саясат үстемдік құрып тұрған кездегі халық педагогикасын арнайы сөз етіп, оған терең мән беруі автордың әрі көрегендігін, әрі батылдығын байқатады.

Т.Тәжібаев қазақ, қырғыз елдеріне тән ауыз әдебиетінің ерекше жанры айтыс өнерінің мән-мағынасына, қоғамдық-тәлімдік қызметіне арнайы тоқталып талдау жасаған. Төкпе ақындардың тапқырлығы мен шешендігіне, поэтикалық өлең үндестігіне ғалым ерекше көңіл бөліп, назар аударған.

Қазақ халқының фольклорлық шығармаларының адам өмірімен байланысты туындайтынын айта келіп, жоқтау, естірту, өлгенге көңіл айтумен байланысты туындаған тұрмыс-салт жырларының тәлімдік мәніне ерекше тоқталады. Яғни өлең-әндер мен жырлар арқылы халықтың қуанышы да, қайғы-мұңы да, психологиялық көңіл-күйі де баяндалып беріліп отырған, сол арқылы кейінгі жастарды туыстыққа, бауырмалдыққа, елді-жерді сүюге тәрбиелеу көзделген дейді.

Ғалымның назарынан ұлттық ойындар мен тұрмыстық салт-дәстүрлерге байланысты туған өлең-жыр,әндер де тыс қалмаған.
1993 жылы жарық көрген академик Т.Тәжібаевтың «Жалпы психология» атты оқу құралы ғалымның 1938-40 жылдар аралығында қазақ студенттеріне оқыған дәрістерінің негізінде құрастырылған. Оқу құралы он тоғыз тарауды қамтитын «Психологияның жалпы мәселелері», «Психикалық процестер», «Жеке адамның психологиялық өзгешеліктері » атты үш бөлімнен тұрады. Бұл оқу құралының басқа оқу құралдарымен салыстырғанда логикалық –құрылымдық жүйесінде өзіндік ерекшеліктерін байқауға болады. Біріншіден, осы оқу құралының түсінікті әрі жатық төл тілімізде жазылуы, екіншіден, кез-келген ғылымның даму тарихы, өркендеу, даму кезеңдері көрсетілуі бұларды кезең-кезеңмен жүйелі түрде беруге тырысқандығы.

Т.Тәжібаевтың 1948 жылы жарық көрген «К.Д.Ушинскийдің психологиясы және педагогикалық психологиясы» атты еңбегінде орыстың ұлы педагогының педагогикалық еңбектерінің мазмұнындағы психологиялық білімдерге талдау жасап көрсетеді.

Ушинский педагогика мен психологияны бір-бірімен тығыз байланыстыра отырып,бұл пәндердің жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға білім беру жөніндегі мақсаттарын айқын белгілеп, осы тұрғыдан арнаулы зерттеулер жүргізіп, психологиялық талдаулар жасаған.

Еліміздің тарихында елеулі із қалдырға , көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әйгілі ғалым, академик, педагогика ғылымдарының докторы Т.Тәжібаев 1964 жылдың 14 маусым күні науқастан өмірден озды.

Төлеген Тәжібаевтың есімі 1988 жылы өзі тәрбиеленген Арыс балалар үйіне берілді.

Ғасырға жуық ғұмыры бар, Қазақстанда алғашқы ашылған Т.Тәжібаев атындағы отбасылық балалар үйі «Дарынды балалар-Қазақстанның болашағы» атты энциклопедиясының 2010 жылы алғаш шыққан бірінші басылымына енді.



Келешек қоғам – бүгін біздің қандай жұмыстар жасап жатқанымызбен айқындалатындықтан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға дұрыс, нәтижелі тәрбие беру үшін, ертеңгі күні балалар өмірден өз орындарын дұрыс тауып кетулеріне жол сілтеп отырған ұжымға шығармашылық табыс тілеймін.

Балалар үйі Т.Тәжібаевтың атын иеленіп отырғандықтан біз академиктің атын жарқырата беруге күш жігерімізді саламыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет