1-3 жас аралығындағы бала тілі нормаланған, жүйеленген әдеби тіл қатарында болмаса да, уәжі мен толық мағынасы бар құрылым екені белгілі. Бала өмірге келгеннен дыбыстың арасында дамиды



Дата22.12.2023
өлшемі23,61 Kb.
#198388
Байланысты:
Баяндама


Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
Педагогика факультеті
Арнайы және инклюзивті білім беру кафедрасы

Баяндама
Тақырыбы: Балаларда 3-шi жылдарға дейiн сөздiң даму кезеңдерi


Орындаған:Қыпшақова М.М.
Топ: МДф-22-1k

Қарағанды 2023


Балаларда 3-шi жылдарға дейiн сөздiң даму кезеңдерi
Баланың сөйлеу тілі туа біткен процесс емес екенін көптеген авторлар дәлелдеген. Ол онтогенез барысында адамның әлеуметтік дамуымен байланысты. Сөйлеу тілінің дамуы мидің орталықтарының және оларды жалғайтын жолдарының қалпына, баланың ой-өрісі мен дене дамуына байланысты болады.
1-3 жас аралығындағы бала тілі нормаланған, жүйеленген әдеби тіл қатарында болмаса да, уәжі мен толық мағынасы бар құрылым екені белгілі. Бала өмірге келгеннен дыбыстың арасында дамиды. Сол дыбыстар бала тілінің қалыптауына әсер етпей қоймайды. Соның нәтижесінде бала тілі қалыптасады.
«Бала шыр етіп жерге түскенде дыбыспен бірге туады» деп Ж.Аймауытұлы айтқандай, дыбыспен өмірге келген бала өмірінің барлық кезеңін әртүрлі дыбыстардың арасында өткізеді. Сол дыбыстар арқылы баланың ойы, тілі, өрісі, танымы дами бастайды. Ғалым А.В.Петровский бала өмірінің жеті кезеңін көрсеткен: 1) Туғаннан 1-2 айға дейін – жаңа туған бала; 2) 1-2 айдан 1 жасқа дейін – нәресте; 3) 1-ден 3-ке дейін – ерте сәбилік шақ; 4) 3-тен 7 жасқа дейін – мектепке дейінгі балалық шақ; 5) 7-ден 11-125 жасқа дейін – бастауыш мектеп шағы; 6) 12-ден 14-15 жас аралығы – жеткіншектік кезең; 7) 14,5-17 жас аралығы – балаң жасөспірімдік. Ғалым баланың 1-3 жас аралығын ерте сәбилік кезең деп атаса, Ж.Қоянбаев бұл кезеңді сәбилік шақ деген. М.Қ.Бапаева «Даму психологиясы» атты еңбегінде «балалық шақтың өзі төртке бөлінетіндігін айтқан: нәрестелік кезең (туғаннан 1 жасқа дейін), ерте балалық шақ кезеңі ( 1 жастан 3 жасқа дейін), мектепке дейінгі балалық шақ (3 жастан 6 жасқа дейін), бастауыш мектеп жасы (6 жастан 11-12 жасқа дейін)» [1,124]. Ғалымдар жіктемесіне сүйене отырып, осы ғылыми зерттеу жұмысында аталған кезеңдегі баланың сөйлеу тілінің дамуын, оның сөздік қорын, сөйлеу үдерісінде кездесетін қателіктер, дыбыстық ерекшеліктер жайында тұжырымдар мен тілдік деректер көрсетіледі.
Бала 1-3 жас аралығында тілі шығып, тілдік қоры молайып, даму үстінде болады. Алғашқы кезде бала айналасындағы жақын адамдарына сұрақ қою арқылы өзіне ақпарат жинайды. Соның негізінде бала тілі дамып, сыртқа шыға бастайды. «Алғашқы кезде сәбидің сөзі үлкендердің сөзіне аздап қана ұқсайтын болады. Мұндай сөзді дербес (автономиялық) сөз деп атайды. Тіпті кейде үлкендер пайдаланбайтын сөздерді де қолданады» [2,104] дейді Ж.Қ.Дүйсенова мен Қ.Н.Нығметова. Расымен бала тілі негізінде сөйлеу, есту мүшелеріне, ойлау, түйсіну қабілеттеріне тікелей байланысты. Артикуляциялық мүшелері сөйлеу үдерісіне дайын болуына дейін бірнеше кезеңнен өтеді. Сол себепті бала бірден естіген сөзін қайталай алмайды. Мысалы: баланың сәбилік кезеңнің алғашқы кезінде «тамақ» сөзін «намақ» деп «т» дауыссыз дыбыстың орнына «н» дыбысын қойып немесе «алма» сөзін «ама» деп қысқартып айтуы қателік болып саналмайды. Дегенмен, баланың психологиялық және физиологиялық даму қарқынына да назар аудару керек. Себебі көбіне ата-әжесімен коммуникацияға түсетін балалардың тілі тез дамиды, ал балабақшадағы өзі сияқты тілі енді шығып келе жатқан балалардың арасында жүрген сәбилердің тілі баяу шыға бастайды. Баланың ойлау қабілетін дамыту арқылы танымы кеңейе түседі. Таным деңгейі жоғары баланың тілі тез дамиды. «Баланың танымы дамыса, онда тілі де дамиды» [3,48] дейді ғалым С.Н.Цейтлин.
Бала үлкеннің сөзін қайталап айта бастаған кезінде көбіне фонетикалық қателіктерді жасайды. Сәби «сабын» сөзін «шабын» деп немесе «шар» сөзін «сар» деуі мүмкін. Баланың тіліндегі ауысып отыратын дыбыстар өте көп кездесіп жатады: «р» мен «л» (радио – ладио), «р» мен «и» (Айбатыр – Айбатыи), «ж» мен «д» (жоқ – доқ), «т» мен «н» (тамақ – намақ), «б» мен «п»(банан – панан), «в» мен «б» (автобус – абтобус) және т.б. Бұл қателіктердің негізінде артикуляция мәселесі жатыр.
Бала 1-3 жас аралығында әрбір естіген сөзін түйсініп, сыртқа шығарады. Яғни, бала белгілі бір негіздемеге сүйене отырып, сөзін ой жүйесінен шығарады. А.Леонтьевтің пікірінше, бала сөйлегенде алдын ала оны ой жиегінен өткізеді, сол ой дыбыс не сөз болып үдеріске айналады [4,165]. Мысалы: 2 жасар Бекболат есімді бала допты «теп-теп» деп атайды. Баланың допты «теп-теп» деп атауына «тебу» сөзі түрткі болып тұр. Бір жағынан бала қандай бір грамматикалық заңдылыққа немесе лексикалық уәжге сүйеніп айтып тұрған жоқ, себебі оның жасы небәрі екіде. Бірақ бала допты тебетінін түсініп тұр. К.И.Чукотский «Ересектерде барлығы сатылымға дайын көйлектері бар дүкен сияқты. Ал балаларда енді өңделіп, тігіліп жатқан шеберхана секілді» деген. Әрбір бала көптеген жаңа сөздерді, қолданыста бар сөздердің жаңа формасын құрастырып жатады. Әрине, ондай мысалдар күнделікті тұрмыста өте көп кездеседі. Бұндай құрылымды сөздердің негізінде уәж жатыр. Ж.Аймауытовтың «Психология» атты еңбегінде осы мәселе жайында айтылған. «Жүре-жүре бала ішкі тілегін сыртқа шығару үшін дыбысқа еліктейді. Сиырды «мө-ө», қойды – «ма», мысықты – «мияу», итті – «ау-ау» дейтін болады» дейді ғалым [5,171]. Бұл тұста уәж мәселесіне тоқталмау мүмкін емес. Уәждеме - тіл арқылы аталған заттың немесе құбылыстың бір белгісінің көрінісі екені белгілі. Демек, бала естігенін дәл сол күйінде шығарады. Мысықтың мияулайтыны, сиырдың мөңірейтіні, қойдың маңырайтыны - бәріне белгілі әрекет. Бала құлағымен естігенін дыбыс не сөз күйінде сөйлеу әрекетінде қолданады.
1-3 жас аралығында бала тілінде кездесетін көптеген жаңа атаулар бар: доп – теп-теп (1,5 жас), шалбар – бұттық (3 жас), футбол – гол (2 жас), телефон – але (1,5 жас), теледидар – мутик (2 жас), мысық – нау (мияу) (1,5 жас), көкірек – тісте (3 жас), су – шай(1,5 жас), тамақ – ням-ням (1,5 жас), нан – ням-ням (1,5 жас). Келтірілген тілдік деректерге қарап, баланың қалыптастырған жаңа атауларының негіздемесі бар екендігіне көз жеткізуге болады. Әрбір ересек адам допты тебетінін, судың шай сияқты сұйықтық екендігін, мультфильмді теледидардан көретінін, мысықтың мияулайтынын, гол деген футбол ойының термині екендігін, телефонға келген қоңырауға алло деп жауап беретіндігін, шалбарды бұтқа (диалект сөз) киетіндігін біледі. Демек, бала уәжі бар, мағынасы мен қызметі сақталған, бірақ нормадан ауытқыған сөздерді қалыптастырады.
Сондай-ақ бала бір атаумен бірнеше нәрсені айтуы мүмкін. Мысалы, шайды да, шырынды да, суды да «су» деп атайды. Оның уәжі ішу екендігі белгілі.
Бала 1 жас пен 2 жас аралығында «бірсөзді сөйлемді» жиі қолданады. С.Н.Цейтлиннің пікірінше, «баланың алғашқы сөздері – оның алғашқы ойы болады. Бұл – «голофраза» деп аталады [3,209]. Бұл сөз белгілі бір ойды беретін, жағдайды түсіндіретін құрылым». Ғалымның пікірін тілдік деректермен дәлелдеуге болады. Мысалы, бала автобусты көрсетіп «абтобус» дейді. Бұл сөздің негізінде «әне, автобус» немесе «автобус келе жатыр (өтіп бара жатыр, тұр)» сөйлемдері жатыр. Баланың сөздік қорынын аздығынан сөйлемді толық айта алмайды, бір сөзбен жеткізеді. Осылайша бала бір сөзбен бір сөйлемнің мағынасын түсіндіреді.
2 жас шамасындағы бала біртіндеп екісөзді сөйлем құрастыра бастайды. Ғалым С.Н.Цейтлин «Язык и ребенок: Лингвистика детской речи» атты ғылыми еңбегінде баланың сөйлеу үдерісінде қолданған сөйлемдерді бірсөзді, екісөзді, үшсөзді сөйлемдер деп қарастырған [3,210]. «Бұл сөйлемдер - көбінесе субьект пен оның әрекеті («мамам келе жатыр»), әрекет және обьект әрекеті («мама, берші») немесе әрекет және әрекет орны («кітап анда»)» [2,105] дейді Ж.Қ.Дүйсенова мен Қ.Н.Нығметовалар. Тіл білімінде бұндай сөйлемдерді екісөзді сөйлем деп атайды. Бұндай құрылымды сөйлемдерге қарап, бала тіліндегі алғашқы морфологиялық бірліктерді көруге болады. Кейіннен бала жасына сәйкес инсан мен предикат, нысан мен предикат арасындағы байланыс (септік, жіктік, тәуелдік жалғауларын) айқындала түседі.
Қорыта келе, 1-3 жас аралығындағы бала тілі нормаланған, жүйеленген әдеби тіл қатарында болмаса да, уәжі мен толық мағынасы бар құрылым екені тілдік фактілер арқылы дәлелденді. Жоғарыда айтылған тұжырымдардан бала тілі лингвистикасын зерттеудің өзектілігі көрінеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


1. М.Қ.Бапаева. Даму психологиясы. – Алматы, 2014.
2. Ж.Қ.Дүйсенова, Қ.Н.Нығметова. Балалар психологиясы. – Алматы, 2012.
3. С.Н.Цейтлин. Язык и ребенок: Лингвистика детской речи. – Москва, 2000.
4. А.А. Леонтьев. Слово в речевой деятельности. –Москва, 2006.
5. Ж.Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. 4 том. - Алматы, 1998.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет