13-дәріс. Тақырыбы: Еліктеу сөздер Жоспар



Дата13.12.2021
өлшемі33,21 Kb.
#125466
Байланысты:
Лекция-1631723658072


13-дәріс. Тақырыбы: Еліктеу сөздер

Жоспар

      1. Еліктеу сөздердің лексикалық және тұлғалық жағынан өзгеше сөз табы екендігі

      2. Еліктеу сөздердің түрленбейтіндігі

      3. Еліктеу сөздердің іштей еліктеуіш және бейнелеуіш сөздерге бөлінетндігі

      4. Еліктеу сөздердің құрылысына қарай дара және күрделі болып келетіндігі

Кілт сөздер: еліктеу сөз, еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер, дара және күрделі еліктеу сөздер.

Еліктеу сөз табына жататын сөздер адамды қоршаған табиғат құбылыстарының және айналадағы заттардың қозғалуынан шыққан дыбыстарға еліктеуден немесе адамның түрлі жағдайға байланысты әрекетіне, қозғалысына қатысты көріністердің, сонымен бірге желдің гуілі, жапырақтың сыбдыры, найзағайдың жарқылдауы, күннің күркіреуі, өзеннің сылдырап ағуы, заттардың құлап тусуі, домалауы, соқтығысуларына еліктеуден пайда болған мән-мағынаны білдіретін ұғым атаулары, сол сөздердің жиыны.

Қазақ тілі адамның көру, есту мүшелері арқылы түйсіну, ұғу қабілетінен пайда болған мұндай еліктеу сөздерге өте бай. Олар ауызекі тілде де, әдеби тілде де кеңінен қолданылады. Ойды дәл де ықшам, жинақты да көрікті етіп жеткізуде ерекше көркемдік мән үстейтін сөздер. Мысалы: Төрт-бес ат суға түсіп, шомылып, жүндері жылт-жылт етіп, көлшімектің жағасындағы балғын шалғынды бырт-бырт орады. (С.Сейфулин); Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды (М.Әуезов)-деген сөйлемдердегі «жылт-жылт, бырт-бырт, сырт-сырт» еліктеу сөздері айтылған ойды көріктендіріп тұр.

Сөз табы ретінде еліктеу сөз тілде кейіннен танылған сөздердің тобы. Ол түркі тілдерінің ертеректе шыққан грамматикаларында одағай сөз табының құрамында қаралып келген. Түркі тілдерінде еліктеу сөздерді өз алдына одағайдан алғаш рет бөліп, оның 115-тен артық құрылымдық түрі барын анықтаған чуваш ғалымы Н.И. Ашмарин. Түркі тіліндегі еліктеу сөздерді бұдан кейінгі кезеңде өз алдына бөліп, одағай сөзден айырмашылығын көрсеткен келесі ғалым Л. Н. Харитонов .

Қазақ тілінде де біресе үстеудің, біресе одағайдың ішінде қарастырылып келген еліктеу сөздердің жеке сөз табы болып бөлініп даралануы профессор А.Ысқақовтың есімімен байланысты. Ахмеди Ысқақов қазіргі қазақ тілінде «еліктеу сөздер» өзгеше бір сөздер тобына жататынын баспа беттерінде елуінші жылдардың басында жариялаған мақалаларында-ақ дәлелдейді . Бұған дейін жалпы түркологиядағы сияқты қазақ тіл білімінде де жеке аталмай басқа сөз таптарының ішінде аралас беріліп келген еліктеу сөз, осыдан кейін қазақ тілі грамматикаларына жеке сөз табы ретінде еніп, алпысыншы жылдардан бастап ғалымдардың назарына ілінген маңызды ғылыми тақырыпқа айналды. Епіктеу сөзге арнап Ш. Сарыбаев кітап шығарса , Б.Катембаева ғылыми жұмысының тақырыбы етеді.

Еліктеу сөздің жеке сөз табы болып танылуы, біріншіден, олардың бәріне ортақ дыбысқа, бейнеге еліктеу мағынасының болуы. Обьективті өмірде болып жатқан дыбыстар мен бейнелер еліктеу сөздер мәні арқылы ұғыны-лады. Еліктеу сөздер өзінің шығуы мен құрылысы жағынан еш сөз табына қосылмайды. Адам баласы тілінің пайда болуы, тілдің шығуы туралы пікірлердің бірі - дыбысқа еліктеу теориясы бойынша табиғаттағы дыбыстарға еліктеуден алғашқы сөздер жасалып, ол сөздер сол заттардың атауларына айналған делінеді . Түрлі тілдерде қарқ-қарқ, мияу-мияу, гу-гу, тарс-тарс, саңқ-саңқ, қор-қор, сықыр-сықыр, ыңқ-ыңқ тәрізді еліктеуіш сөздер және олардан жасалған қарқылдау, мияулау, гуіл, гуілдеу, тарсыл, тарсылдау, саңқылдау, қорыл, қорылдау, сықыр, сықырлау, ыңқыл, ыңқылдау тәрізді туынды сөздер жасалған. Бұдан тілдің шығуы еліктеу сөздерге байланысты болған деген пікірдің жаны бар екені көрінеді. Мысалы, «көкек» сөзі құстың «ку-кук» деп шығарған дыбысына байланысты, құстың бір түріне берілген атау. Мұндай атаулар тілде көп, әрі бұл туралы түрлі теориялар қазақ тіл білімінде айтылып та жүр. Бұған Қ. Хұсайыновтың ғылыми еңбегі дәлел . Бұл ғылыми зерттеуде қазақ тілінде нағыз дыбыс пен бейнеге еліктеуден пайда болған бір топ сөздердің бары, олардың дыбыс пен бейнеге еліктеу ұғымына байланысты ортақ мағынасы болатыны, ондай сөздер еліктеу сөздер тобына жататыны ғылыми тұрғыда дәлелденді.

Еліктеу сөздерін сөз табы ретінде танудың екінші себебі, оларды түрлендіретін морфологиялық көрсеткішінің жоқтығы және оларды басқа сөз таптарынан бөліп тұратын айрықша белгі олардың дыбыстық құрамы жағынан өздеріне тән жүйесінің болуы. Профессор Ш.Сарыбаев қазақ тіліндегі еліктеу сөздер дыбыстық құрамының бес түрін көрсетеді. 1) «Дауыссыз-Дауысты» дыбыстардан құралған үлгі-модель. Бұған «ду, гу, зу» сияқты екі дыбыстан тұратын еліктеу сөздерді жатқызады; 2) Дыбыстық құрамының қатары «Дауыссыз-дауысты-дауыссыз» болып үш дыбыстан құралған модельді еліктеулерге «сар, маң, шыр» т.с. с. үш дыбыстан құралған сөздерді келтіреді. 3) «Дауыссыз-дауысты-дауыссыз-дауыссыз» ретімен құрамы төрт дыбыстан тұратындарына «былқ, сырт, дұрс» сөздерін жатқызады. 4) «Дауыссыз-дауысты-дауыссыз-дауысты-дауыссыз» дыбыстардан тұратын үлгіге «жалаң, қылаң, сылаң, ырсың, ербең» т.с.с. құрамы бес дыбыстан құралған еліктеу сөздерді жатқызады. 5) «Дауыссыз-дауысты-дауыссыз-дауыссыз-дауысты-дауыссыз» үлгісіне негізінен туынды түбір болатын «жалб-аң, қорб-аң, жалт-ың, кірж-ің» сияқты еліктеу сөздерін келтіреді . Бұл модельдер қазақ тіліндегі еліктеу сөздерінің дыбыстық құрамы мен құрылысында басқа сөз таптарына ұқсамайтын өзіндік ерекшелік барын айқындай түседі.

Еліктеу сөздердің біразының семантикасы табиғатта ұшырасатын әр алуан дыбыстармен байланысты мағыналарды білдірсе, кейбірінің мағыналары сол табиғаттағы әр қилы көріністердің бейнелерін білдіреді. Мысалы, «мылтық тарс етті», «қарға қарқ етті» деген мысалдарда, «тарс» мылтықтың атылуынан шыққан, «қарқ» қарғаның қаңқылдауынан пайда болған дыбыстардың мағынасын беріп тұрса, «Алшаң басып аю келеді», «Абай кілт бұрылып, жалт қарады» дегенде «алшаң, кілт, жалт» сөздері бейнеге еліктеу мағынасын білдіріп тұр.

Еліктеу сөздер ішкі мағыналық ерекшеліктеріне орай екі салаға бөлінеді, бірі - еліктеуіш (еліктеме) сөздер, екіншісі - бейнелеуіш (бейнелеме) сөздер аталады.

1. Еліктеуіш (еліктеме) сөздер дегеніміз - өзіне тән лексика-семантикалық мағынасы адамның есту мүшесі құлақ арқылы дыбысқа еліктеу ұғымын білдіретін еліктеу сөздердің бір мағыналық түрі.

Адамның тыныс мүшесі арқылы шығарылатын дыбыстау мағынасын білдіретін еліктеуіш сөздер тілімізде едәуір. Мәселен, бір ғана ұйықтауға байланысты еліктеу сөздер ішкі мағыналық реңіне қарай «қор-қор, пыс-пыс, быр-быр»сияқты сөздермен беріледі.

Адамның көңіл-күйіне қатысты күлудің он бес түріне Ш.Сарыбаев мына еліктеу сөздерді атайды: «ду күлу, жырқ-жырқ күлу, кеңк-кеңк күлу, қарқ-қарқ күлу, мыңқ-мыңқ күлу, мырс етіп күлу, сақ-сақ күлу, солқ-солқ күлу, сық-сық күлу, сылқ-сылқ күлу, сыңғыр-сыңғыр күлу, таңқ-таңқ күлу, тарқ-тарқ күлу, шаңқ-шаңқ күлу, ырқ-ырқ күлу, т.б.» келтіреді.

Түрлі жан-жануарлар, хайуан, аң-құстардың дауыстарына еліктеуден пайда болған түрлі еліктеуіш (еліктеме) сөздер де бар. Мысалы: «Бақ-бақ еткен текені, қар жауғанда көрерміз...» деген сөйлем ішінде келген «бақ» еліктеуіш сөзі еркек жынысты ешкі малы шығаратын дыбыс мағынасын білдірсе, «Құлындар шіңгір-шіңгір кісінесіп, ойнақтап тұяғымен көтерді шаң» деген өлең жолындағы «шіңгір-шіңгір», жылқы малының құлына тән кісінегенде шығаратын дыбысқа еліктеуден туған еліктеуіш сөз.

Адам организмінде болатын алуан түрлі сезім құбылыстары су-су, дүрс-дүрс, зырқ-зырқ, лүп-лүп, лып-лып, дір-дір, зу-зу, зың-зың, зырқ-зырқ, даң-дұң, әңкі-тәңкі, шың-шың, дың-дың, астан-кестен, ың-жың, мең-зең, алай-түлей, ұйқы-тұйқы, алау-жалау, сап-сап, әлем-жалам сияқты еліктеме сөздер арқылы беріледі. Еліктеуіш сөздер тілде қолданылған жеріне әрдайым әсемдік, ықшамдылық сипат беріп, шығарма тілін көріктендіріп турады. Мысалы: Бермеймін демеймін-ау, салдыр-гүлдір жүрісіңнен қорқамын «Ә.С.). Аюкеме оңашалана бергенде, күңк етіп қапып едім, шоқ басқандай зыр ете түсті.

2. Бейнелеуіш сөздер -табиғаттағы құбылыстар мен заттардың және неше алуан жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаттары мен әрекет қимылдарын көру мүшесі-көз арқылы қабылданған бейне-көріністердің атаулары. Бейнелеуіш сөздер адамның, нетүрлі заттардың қимыл-әрекетінің бейнелі еліктеу мағынасын білдіреді. Мысалы, «Саусақтары бұлың-бұлың етті де кетті» (Ғ.С.); «Аттар борт-борт желіді» (С.М.); «Бұланбай мен Алшағырдың үй іштері кешіп келіп, абыр-сабыр болып қалды»(Ғ. М.) - деген сөйлемдерде адам саусағының, аттың жүрісінің, адамдардың түрлі қимыл әрекетінің көрініс бейнелері «бұлың-бұлың, борт-борт, абыр-сабыр» бейнелеуіш (бейнелеме) сөздерінің мағынасы арқылы берілген.

Бейнелеуіш сөздер адамның не заттың қимыл процесін ғана көрсетіп қоймай, олардың сыртқы көрінісінің бейне-сипатына байланысты қалыппын да білдіреді. Мысалы, «дал-дал, ойқаң-тойқаң, пара-пара, дода-дода, әлем-жәлем, опай-топай, алақ-жалақ, мылжа-пяылжа» сөздері заттың сыртқы тұлғалық көрінісінің бейнесін білдіретін сөздер. Осылардың біразын сөйлем ішінде келтірейік: «Алға!» - деп, құшырланып тиіскенде, дал-дал боп қақ жарылған мидай тақыр» (Бекежанов). Үстіндегі ер тоқымы пара-пара (Ә.Көшімов). Скважина ауызы ойқан-тойқан болып қалды (Ғ.Мұстафин).

Бейнелеуіш сөздерге жалпы жарық сәуленің қатысы арқылы көзге шағылысу бейнелерінің мағыналарын білдіретін оттың жануы, күннің жарқырауы, жалтыр нәрсенің жылтылдауы байланысты мағыналарды білдіретін «жалт-жұлт, жарқ-жұрқ, лап-лап, лау-лау» сияқты сөздер де жатады. Етістік сөздерден -аң, -ең, -ң жұрнағы арқылы жасалынған туынды еліктеу сөздер де бейнелеуіш сөздердің мағынасын білдіреді. Мысалы, сүйрең, қисаң, созалаң. Жалпы адамның, тірі жанның, нәрсенің қимыл-қалпын көру Қабілеті арқылы қабылдаудан пайда болған еліктеу мағынасындағы сөздер бейнелеуіш сөздер тобына кіреді.

Адамның көру қабілеті арқылы танылатын бейне-құбылыстар, тірі жанда болатын сезім-күйлер семантикалық жақтарынан құбылып түрліше мағынаны білдіруіне байланысты, өз ішінде бірнеше топтарға бөлінеді.

1. Адам мен хайуанаттардың, құстардың жүрістерінің бейне-сипатын білдіретін бейнелеуіш сөздер тобына «алшаң-алшаң, тайраң-тайраң, апыл-тапыл, қаз-қаз, қақшаң-қақшаң, митың-митың, байпаң-байпаң, күйбең-күйбең, талтаң-талтаң, маң-маң, қойқаң-қойқаң, тепең-тепең, шоқаң-шоқаң» т.с.с. сөздер жатады.

2. Адамдар мен хайуанаттардың, құстардың қимыл, іс-әрекеттерінің сырт тұлға көріністерін бейнелейтін сөздерге «қылт-қылт, қылтың-қылтың, елбек-елбек, елең-елең, еңкең-еңкең, мықшың-мықшың, қыбжың-қыбжың, қутың-қутың, елбек-елбек, сылқ-сылқ, былқ-былқ, қалт-құлт, ербең-ербең, шыбжың-шыбжың, қаужаң-қаужаң, шошаң-шошаң» сияқты сөздер жатады.

3. Көру сезімі арқылы танылатын әр қилы заттардың құбылып көрінуі және адамның бет пішінінде болатын қуаныш, реніш сияқты реңктердің, құбылыстардың бейнелерін білдіретін сөздер тобына «жарқ-жұрқ, жалт-жұлт, мөлт-мөлт, жымың-жымың, лау-лау, лап-лап, лып-лып, алау-жалау, жылт-жылт, алай-түлей, бұлдыр-бұлдыр, ұйқы-тұйқы, бурқ-бұрқ, алай-түлей, елең-алаң, апақ-сапақ, қылаң-қылаң, жапба-жұлба, тоз-тоз, құж-құж, ығы-жығы, айқыш-ұйқыщ, олпы-солпы» тағы осы сияқты мағынадағы бейнелеуіш сөздер жатады.

4. Ойламаған жерден, қапылыстан, кенеттен шұғыл істелетін қимылдың көрінісін, құбылысын бейнелеу мағынасын білдіретін сөздерге «сау-сау, сумаң-сумаң, қылп-қылп, зып-зып, қылт-қылт» сияқты сөздер жатады.

5. Қимыл процестің тәртіпсіз, жүйесіз астан-кестен, үсті-үстіне болған қалпын білдіретін бейнелеуіш сөздер мағынасын «жапыр-жұпыр, астан-кестен, абыр-сабыр, ойран-топыр, қапыл-құпыл, опыр-топыр, бұлан-талан, ұмар-жұмар» бейнелеуіш сөздері білдіреді.

Бейнелеуіш сөздердің көпшілігі ауыспалы мағынада жиі қолданылады.

Еліктеу сөздер мағыналық түрлері жағынан ғана емес, фонетика-грамматикалық сипаттары жағынан да өзіндік ерекшелікке ие. Еліктеу сөз табына жататын сөздердің буын құрылымы, морфологиялық тұлғалары бір-бірімен ұқсас, орайлас келеді.

1. Еліктеу сөздердің фонетикалық сипаты олардың дыбыстық құрамы, буын жігі, айтылу ырғағы арқылы анықталады. Еліктеу сөздер дыбыстық құрамы жағынан басқа сөз таптарындағыдай шашырап жатпай, белгілі бір заңдылыққа бағынған. Еліктеу сөздердің түбір күйіндегі дені негізінен екі, үш, төрт дыбыстан құралған бір буынды түбір сөздер болып келеді де, ал қосарланып келгенде бес-алты дыбысқа дейін жетеді. Еліктеу сөздердің дыбыстық құрамындағы дыбыстардың тіркесуінде белгілі бір қалыптасқан жүйелі заңдылықтың болуы, олардың басым көпшілігінің негізгі түбір форма екенін көрсетеді.

Еліктеу мағынасын білдіретін сөздерде болатын мұндай ерекшеліктермен қатар, олардың құрамында келетін дауысты және дауыссыз дыбыстардың келуінде де ерекшелік бар. Дауысты дыбыстардың барлық түрлері емес, белгілі бір түрлері ғана еліктеу сөздің құрамында келеді. Еліктеу сөздерді жасауға тек «а, е, ы, і, ұ, ү, у» дауыстылары қатысады. Сонымен бірге бұл дауысты дыбыстар бірен-саран еліктеу сөздің басында болмаса, бірінші дыбыс болып келмейді, көбіне негізінен екінші орында тұрады. Дауысты дыбыстардың жуан-жіңішкелігі еліктеу сөз білдіретін мағынаның өзгеруіне әсер етеді. Дыбыстық құрамы жағынан бірдей жуан дауыстылар қатысқан еліктеу сөздің мағынасы, жіңішке дауысты дыбыстар бар сөздердің мағынасынан бөлек мағынаны білдіреді. Мысалы, бір топтағы еліктеу сөзге жататын құрамында жуан «а» дауысты дыбысы бар «шаңқ» сөзі мен жіңішке «і» дауысты дыбысы келген «шіңк» еліктеу сөзінің ішкі білдіретін мағыналары бірдей емес. «Шаңқ» сөзі көлемі жағынан ірі, үлкен заттың, әрі одан шыққан дыбыс қарқынының күштілігін білдірсе, «шіңк» сөзінің мағынасы көлемі кіші заттардан әлсіз шығатын дыбысты білдіреді. Еліктеу сөз құрамындағы дауысты дыбыстардың жуан, жіңішке түрлері, оның айтылуына да әсер етеді. Жуан дауысты дыбыс бар еліктеу сөз күшті қарқынмен айтылса, жіңішке дауыстысы жай қарқынмен айтылады. Бул еліктеу сөздерінің айтылуына тән дауыс ырғағының болатынын көрсетеді.

Еліктеу сөздердің құрамына дауысты дыбыстар сияқты барлық дауыссыз дыбыстар да қатыса бермейді. Әрі сөздің басы мен соңында келетін дауыссыз дыбыстың түрлері біркелкі болмайды, олардың келуінде де өзіндік ерекшелік бар. Дауыссыз дыбыстан басталған еліктеу сөздердің бірінші дыбысы дауыссыздың қай түрінен басталғанына шек қойылмайтын болса, соңында келетін дауыссыз дыбыстардың түрі мен орналасуында белгілі тәртіп болады. Негізінен үш, төрт дыбыстан тұратын соңы екі дауыссыз дыбысқа аяқталатын тұйық және бітеу буынды еліктеу сөздердің алдыңғы дауыссызы үнді, соңғысы қатаң дауыссыз болуы шарт. Мысалы, «сылқ, бүлк, сырт, еңк, епп» т.б.

Еліктеу сөздердің соңында келген р, ж, ң дыбыстары созылып айтылады. Мысалы, гүр-р-р ете түсті, быж-ж-ж ете қалды, дың-ң-ң етті., ыр-р етті, мыж-мыж-ж болды т.б. Басқа сөз таптарына жататын сөздердің соңында сирек кездесетін «ж» дыбысы еліктеу сөздердің соңында көп кездеседі. Мысалы, гүж- гүж, баж-баж, шыж-быж, мыж-мыж т.б.

Басқа сөз таптарында «л» дыбысынан басталатын сөздердің алдында естілетін «ы,і» протетикалық дыбыс (лақ, лай, леэде, ласт.б.) еліктеу сөздерде айтылмайды. Мысалы, «лақ етті, лап ете қалды, лау-лау етті».

Егер дыбыс жылдам, шұғыл, тез шықса, онда еліктеуіш сөздің айтылу интонациясы да тез шұғыл болады. Ал дыбыс шұғыл болмай, созылыңқы шықса, онда еліктеуіш сөздерде созылыңқы интонациямен айтылады.

Екі буынды дыбыстық еліктеуіш сөздердің соңғы дыбысы көбіне вибрациялық «р» дыбысына аяқталады. Мысалы, «даңғыр-дүңгір, тықыр-тықыр, салдыр-гүлдір т.т.

Үш дыбыстан құралған еліктеу сөздердің соңғы дыбысы сонор «р, л, м, ң» дыбыстарына аяқталады. Мысалы, «дыр, дал, шым, шың, маң».

Төрт дыбыстан құралған еліктеу сөздердің үшінші дыбысы сонор, ал төртінші дыбысы міндетті түрде қатаң дауыссыздарға бітеді. Мысалы,» сарт, бырт, былқ, селк, тарс» т.т.

Буын түрі жағынан бір буынды еліктеу сөздердің көбі ашық және бітеу буынды сөз болып келеді. Мысалы: зу, ду, гүж, шың, мырс, селк т.б. Қосарланып келген еліктеу сөздердің сыңарлары аралас буынды сөздерден тұрып, көбіне екі буынды болады.

Бір буынды негізгі түбір еліктеу сөздер интонациясы жағынан мағыналарына орай бірде жылдам ырғақпен, бірде баяу, аңырын ырғақсыз айтылады. Жалпы еліктеу сөздер интонацияға бай, әрі олар құбылмалы келеді. Олардың интонация байлығы, оларды омонимдес зат есімдермен салыстырғанда анық байқалады. Мысалы, «Қор болды» мен «қор ете түсті» деген екі тіркестің бірінші заттық мағынадағы «қор» сөзі жай, қоңыр интонациямен айтылса, «қор ете түсті» тіркесіндегі «қор» еліктеу сөзі жұлып алғандай күшті екпінмен айтылады. Мұндай интонациялық құбылмалық «дар асты -дар ете қалды», «қыз бала- қыз-қыз қайнады», «шөп шапты - шөп ете қалды» тіркестеріндегі омоним сөздердің айтылу интонациясының бірдей еместігінен де көрінеді. Бұл еліктеу сөздердің интонациялық құбылу шеңбері кең екенін көрсетеді.

2. Еліктеу сөздер морфологиялық құрамы жағынан жалаң және күрделі тұлғаларда келеді. Жалаң түбір еліктеу сөздерге негізгі түбір еліктеу сөздер мен олардан синтетикалық тәсіл арқылы жасалынған туынды сөздер жатады.

Негізгі еліктеу сөздер айналадағы табиғат құбылыстарын құлақпен есту арқылы қабылдаған дыбыстардан және көзбен көру арқылы қабылданған елес-көріністердің бейнелерінен пайда болған түсініктердің атаулары, демек, сол дыбыстар мен бейнелердің атаулары есебінде қызмет ететін бір морфемадан тұратын түбір сөздер болып келеді.

Туынды еліктеу сөздерге негізгі түбір еліктеу сөздер мен басқа атаушы сөздерге жалғанғанда еліктеу мағынасын тудыратын сөз тудырушы жұрнақтардың қосылуынан жасалынған, морфемдік құрамы жағынан екі морфемадан (түбір морфема + қосымша морфема) тұратын туынды сөздер жатады. Синтетикалық тәсіл арқылы туынды еліктеу жасайтын негізгі сөз тудырушы жұрнақтар: -аң, -ең, -ң, -ың, -ің, -алаң, -елең, -лаң, -лең. Мына «балпақ -балп-ақ», «жылтың-жылт-ың», «томпаң-томп-аң», «елпең-елп-ең», «көлбең - көлб-ең», «сылаң - сыл-аң», «ирелең - ир-елең», «бұралаң - бұр-алаң», «шұбалаң - шұбалаң» сөздері екі морфемадан құралған туынды түбір еліктеу сөздері. Мысалы: Арқа арбадан қорбаң етіп түсті. Ол жайнамаз үстінен түспей, шоқаң-шоқаң етті де отырды.

Еліктеу сөздердің күрделі түрі негізінен қос сөзді түбірлер болып келеді. Күрделі түбір тұлғалы туынды еліктеу сөздер аналитикалық тәсіл арқылы негізгі не туынды түбір елікгеу сөздердің қайталанып немесе қосарланып келуінен жасалады. Мысалы, «күж-күж, быж-быж, шыр-шыр, шыж-шыж, пыс-пыс» еліктеу сөздері негізгі түбір еліктеу сөздің қайталануынан жасалынған қайталама түбірлі қос сөз тұлғалары. Ал бір сыңарының фонетикалық өзгеріске ұшырап қосарлануынан жасалынған «шыж-мыж, шарт-шұрт, арбаң-тарбаң, алақ-жұлақ» сияқты еліктеу сөздер қосарлама немесе қосарланған түбір еліктеу сөздеріне жатады.

Бір сөздің қайталануынан жасалынған қайталама түбірлі еліктеу қос сөздердің бір қалыпты болған дыбысқа еліктеуді білдіреді. Мысалы, тырс-тырс, быж-быж т.б. Ал қосарлама қос сөздердің мағынасы әр түрлі дыбысталған еліктеулердің мағынасын береді, Мысалы сатыр-сұгыр, бұрқан-тарқан, шаңқ-шұңқ, т.т.

Күрделі еліктеу сөздер сыңарлары фонетикалық дыбысталуы және беретін мағынасына байланысты бірыңғай қосарлы және әр түрлі аралас қосарлы болып келеді. Күрделі еліктеу сөздердің бір сыңарының дыбыстық өзгеріске ұшырау арқылы қосарланған еліктеу сөздер қатарына «жапыр-жұпыр, қыбыр-жыбыр» сияқты сөздер жатады. Ал аралас қосарлы күрделі еліктеу сөздер сыңарларының дыбыс саны тең келмейді және мағыналық жағынан бірі мәнді болса, екіншісі мәнсіз сөз болады. Кей еліктеулердің екі сыңары да мәнсіз сөздерден қосарланады. Оны мына «ойпаң-тойпаң, апалаң-жұпалаң, абыр-сабыр, тасыр-тұсыр» сияқты қосарланған түбір еліктеу сөздерінің сыңарларынан көруге болады. Мұндай қосарланған түбір еліктеу сөздердің сыңарларының біреуі, кейде екеуі де жеке қолданылмайды.

Күрделі түбір еліктеу сөздердің сыңарлары арасында «да, де, та, те» шылаулары келетіндері де бар. Мысалы, «гүрс те гурс, жалт та жұлт, елтең де селтең, тасыр да тұсыр» дегендер аналитикалық тәсіл арқылы жасалынып тұрған тіркесті күрделі еліктеу сөздер. Бұндай тіркесті түбірлер көбіне әр түрлі бейне, дыбыстауға байланысты аралас еліктеу ұғымын білдіретін сөздер болып келеді. Мысалы: Ел қағынды, мал сабылды, ұрлық, өтірік, гу де гу (Абай).

Еліктеу сөздер басқа сөз таптарынан жасалмайды. Керісінше басқа сөз таптарын жасауға негіз сөз болады. Еліктеу сөздердің зат есім мен етістік жасауға қабілеті күшті. Сөз тудыратын еліктеу сөздердің өнімді басты жұрнақтары: -ыл, -іл; -да, -де; -ақ, -ек; -ыр, -ір; -ық, -ік. Мысалы, «гүрсіл естілді, жалтақ бала, жаптыр қағаз, бүлкек жүріс» деген тіркестердің ішінде не? сұрағына жауап беріп тұрған «гүрсіл» сөзі туынды зат есім, ал «жалтақ, жалтыр, бүлкек» сөздері қандай? сұрағына жауап беретін туынды сын есімдер, яғни еліктеу сөздерден жасалған есім сөздер.

Бір буынды еліктеу сөздерінен -ыл, -іл жұрнақтары арқылы зат есім жасалатын (сыр-ыл) болса, оның үстіне -да, -де жұрнағы жалғану арқылы туынды зат есімнен жаңа сөз- туынды етістік (сыр-ылда) жасалады. Туынды зат есімнің де, туынды етістіктің де негіз сөзі еліктеу сөз болады. Еліктеу сөздерден жасалған етістіктер қазақ поэзиясында есімше, көсемше формаларға түрленіп келуі, әсіресе өлең ұйқасы көсемшенің «-ып» формасында қолданылуы жиі кездеседі.

Қазақ тілінде еліктеу сөздерге -дақ,-дек жұрнағы жалғану арқылы зат есімдер де жасалады. Олар жер-су аттарында көп кездеседі. Мысалы, Ысылдақ (сайдың аты), Лоқылдақ (бұлақ ата), Бақырақсай (өзен аты), Сарқырама (өзен аты) т.б. Кейбір еліктеуіш сөздер сықырлауық, сылдырлауық, тоқылдауық сияқты туынды етістіктен жасалған туынды зат есімдердің жасалуына да негіз болған. Кейде –у жұрнағының еліктеу сөзге бірден жалғануынан жасалынған зат есім сөздер сирек болса да кездеседі. Мысалы, шаншу, қыңқу, каңқу. Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман. Ел арасында қыңқу, сыңқу көбейді.

Туынды еліктеуіш сөздерге -ла,-ле жұрнағы тікелей жалғанып та туынды етістік жасалады. Мысалы, «талтаңда, сопаңда, бұраңда, қиқалаңда» туынды етістіктердің негіз сөзі «талтаң, сопаң, бұраң, қиқалаң» - туынды еліктеу сөздері. Аталған сөздердің үстіне «-да» жұрнағы жалғанып, жаңа туынды етістік жасалған.

Кейбір еліктеуіш сөздерге «и» жұрнағы жалғанып та етістік жасалады. Мысалы, «бүкши, секси, түкси» т.т. Осылай еліктеу сөздерден сөзжасам жұрнақтары арқылы екі сөз табының туынды түрлері жасалатын болса, «ет, бер, қақ» негізгі мәнді кемекші етістіктердің еліктеу сөздерге тіркесінен күрделі етістіктер жасалады. Мысалы, «тарс етті, лап берді, бүрсең қақты».

Еліктеу сөздер синтаксистік қызметі жағынан қандай сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы, оның сөйлем ішінде қолданылу орнына және олардың өзге сөздермен өзара тіркесіне байланысты болады. Еліктеу сөздер көп жағдайда зат есім сөздің алдында атау тұлғада тұрып, қандай? қай? сұрағына жауап беріп, анықталушы сөздің анықтауышы сөйлем мүшесінің қызметін атқарады. Мысалы, Шаңқ-шұңқ айқай естілді. Қандай айқай естілді? - Шаңқ-шұңқ. Бұл - бастауышты анықтап тұрған сөз, анықтауыш мүше. - Не естілді?-Айқай. Зат есімнен болған бастауыш. Еліктеу сөз атау тұлғада зат есім сөздің орнына қолданылғанда сөйлемнің бастауыш мүшесі де бола алады. Мысалы, Төңіректі шаңқ-шұнқ басты. -Не басты? -Шаңқ-шұңқ. Мұнда еліктеу сөз заттық ұғымдағы сөздің орнына жүріп, сөйлемнің бастауышы болып тұр. Етістіктен болған баяндауыштың алдында тұрып, сөйлемнің пысықтауышы қызметін де атқара алады. Мысалы, Үй іші де ду күліпті. - Не істеді? - Күлді. -Қалай күлді? - Ду. Күлу қимылының қалай болғаны «ду» еліктеу сөзі арқылы білініп тұр.

Сөйлемде еліктеу сөздер көбіне жеке қолданылмайды, негізінен басқа сөздермен тіркесіп, күрделі сөздің құрамында келеді. Көбіне «ет» етістігімен тіркесте келіп күрделі сөйлем мүшенің қызметін атқарады. Мұндайда аналитикалық формадағы етістік сөйлемнің күрделі баяндауышы болады. Мысапы, «тарс ете қалды, арс-арс етіп, арс етті, жарқете қалды, жарқ-жұрқ ете қалды»-деген тіркестерде, «арс, тарс, жарқ» еліктеу сөздері атау тұлғада «ет» етістігімен тіркесіп келіп жаңа туынды сөз - күрделі етістіктің бір түрі -құранды етістіктер жасап, олардың бірі - көсемше формада, екіншісі -шақтық формада, үшінші-төртінші-аналитикалық формаларда түрленіп тұр. Мұнда грамматикалық формаларға түсіп тұрған еліктеу сөз емес, еліктеу сөзге «ет» етістігінің тіркесі арқылы жасалынған құранды етістіктің грамматикалық формаларға түрленуі, етістіктің грамматикалық категориясында жұмсалуы. Еліктеу сөздердің кейбіреуі «бер, қақ» сияқты етістіктермен тіркесіп келіп, құранды етістік тұлғасын жасайтындары бар. Мысалы, «лап берді, шап берді, сылаң қақты, бүрсең қақты» деген кұранды етістік құрамында қолдану кездеседі. Профессор АЫсқақовтың еліктеу сөздерді «жеке-дара қолданылмайтын формалар», «түрленбейтін сөздер» - деп атауы, осы ерекшелігіне байланысты болса керек. Еліктеу сөздер сөйлемде басқа сөздермен ішкі тіркес құрып, күрделі мүшенің құрамында айтылады, бірен-саран жағдайда болмаса еліктеу сөздер көбіне етістіктермен тіркеседі. Көмекші етістікпен тіркес келгенде грамматикалық формалар еліктеу сөзге емес, көмекші етістікке жалғанады.

Еліктеуіш сөздерде заттану процесі жиі кездеседі. Мұндай жағдайда олар зат есімдерше түрленеді. Мысалы. Осы абыр-сабыр, даң-дұңын тыста тұрып есітті. Мұнда «даң-дұң» еліктеу сөзіне әуелі «-ы» тәуелдік, онан соң «-н» септік жалғаулары жалғанып келіп несін? Деген зат есімнің тәуелдеулі септік формасының сұрағына жауап беріп тұрған заттанған сөз. Еліктеу сөздерге әдетте жалғаулар бірден тікелей жалғанбайды, тек заттанған жағдайда ғана зат есімнің категориялық көрсеткіштері жалғанып сөйлемде бастауыш, толықтауыш мүшелерінің қызметін атқарады.

Еліктеу сөздер толық мәнді етістіктермен де, көмекші мәнді етістіктермен де тіркесіп келеді. Осы тіркесу сипатына қарай олардың синтаксистік қызметі де әр түрлі болады. Еліктеуіш сөз әр уақытта етістік алдында тұрады. Еліктеуіш сөздер негізгі мағыналы етістіктермен тіркесіп оның алдында келгенде, әрдайым күрделі пысықтауыштың қызметін атқарады. «Ет» көмекші етістігімен тіркесіп қолданылғанда, күрделі баяндауыш не күрделі пысықтауыш болды.

Еліктеу сөздер сөйлемде зат есім сөздің орнына жүріп заттанып қолданылғанда, олара зат есімнің көптік, септік, тәуелдік категорияларының формаларына түрленеді.

Еліктеу сөздердің жалаң түрі мен күрделі (қосарланған) түрінің қай-қайсысы болса да, көбіне «ет» етістігімен еркін тіркеседі. Кейде толық мағыналы дербес етістіктердің ішінен тек өздерінің мағыналарына орайластарымен ғана тіркес құрайды. Еліктеу сөздер барлық сөз таптарымен тіркесе бермейді. Сөз таптарының кейбір сөздерімен некен-саяқ тіркескенімен, сын есім, үстеу, шылау сияқты сөз таптарымен мүлде тіркеске түспейді.

Еліктеу сөздер атау тұлғада зат есімдерден бұрын тұрса, анықтауыш (шаң-шұң дауыс естілді), шығыс септігі формасында (шаң-шұңнан бас қатты) келсе, толықтауыш, етістікпен тіркескенде сын-қимыл пысықтауыш (маң басты, жалт қарады) болады. Ал, «ет» көмекші етістігімен тіркесетін еліктеу сөздер құранды мүшенің құрамына енеді де, тұтас бір күрделі мүшенің не күрделі баяндауыш, не күрделі пысықтауыштың қызметін атқарады. Мысалы, Қиралаң етіп, артқа қарап Сұңқардың құлақ шекесіне азу тістерін қадамақшы болған Зуылдың сақ еткен тістері ауа қармады. Қара кемпірдің бетінен бұрқ ете түскен қызыл қан төмен қарай жылжып түсе берді. Зырқ еткен жүрегі бұлқынып барып тынышталды. Денесі селк еткен Жаныс алдында бойы ұзарып, кеткөн өлі денені көрді (Д.Бейс).

Қорыта келгенде, еліктеу сөздердің негізгі сипаты мынадай:

1. Еліктеу сөздер дыбыстық құрамы жағынан белгілі бір заңдылыққа бағынған жалаң түбір күйінде екі, үш, төрт, кейде бес, алты дыбыстардан тұратын сөздер. Қосарланып келгенде еліктеу сөздердің сыңарларының дыбыстық құрамы екіден бес-алты дыбысқа дейін жетеді. Мысалы, зу, пыр, саңқ, ербең, жалбаң, зу-зу, пыр-пыр, сарт-сұрт,сатыр-сұтыр, қорбаң-қорбаңт.б.

2. Еліктеу сөздердегі дауысты дыбыстардың жуан, жіңішке және ашық, қысаң болуы сол сөздердің мағынасына әсер етеді Мысалы, «сарт етіп түсті» мен «селкете түсті», «шиық етті» мен «шіңкетті» мағыналары бірдей емес. Сөз құрамында жіңішке дауысты дыбысы бар сөздер жуан дауысты барына сөздерге қарағанда, қимылдың әлсіз, жай, қысқа болғанын білдіреді.

3. Еліктеу сөздердің соңғы дыбыстары қос дауыссызға аяқталады. Оның алдыңғысы міндетті түрде үнді, кейінгісі қатаң дыбыс болады.

4. Еліктеу сөздер түбір күйінде тұрғанда нақты қандай мағынаны білдіретіні білінбейді. Олардың мағыналары көбіне дыбысқа, көрініске, құбылысқа тәуелді болып келетіндіктен, еліктеудің дәл мағынасы оның басқа сөздермен тіркеске түскенін де анық білінеді. Мысалы, «сылқ, жылп, сылп» еліктеу сөздерінің мағынасы жеке тұрғанда түсініксіз. Егер бұларды «Рақима сылқ-сылқ күлді» (Б.Майлин); «Малта аузына жылп етті, екі ерні сылп етті (С.Сейфулин) сияқты сөйлемдердегідей «күл, ет» етістіктерімен тіркесте қолданғанда олардың мағынасының анықтығы мен толықтығы байқалады. Өйткені «сылқ, жылп, сылп» еліктеулері адамның күлуімен, құрт-малтаның ауыздан түсу қимылы мен еріннің қозғалу қалпына қатысты бейнеден пайда болған сөздер. Егер ондай қимылдар болмаса, «сылқ, жылп, сылп» сөздері де тумас еді.

5. Еліктеу сөздер «ет» көмекші етістігімен тіркес келгенде, негізінен сөйлемнің пысықтауыш, баяндауыш мүшелерінің қызметін атқарады.

б.Заттанғанда болмаса, еліетеу сөздерге көптік, септік, тәуелдік және жіктік жалғаулары жалғанбайды.

7. Есім сөздер мен етістіктерден еліктеу сөздер жасалмайды, керісінше еліктеу сөздерден есім мен етістіктер жасалады.

8. Қосарлы түбір еліктеу сөздер құлаққа естілетін дыбыстың не көзге көрінетін елестің және адам организмінде болатын сезім, күйдің үсті-үстіне бірнеше рет қайталанғанын білдіреді. Мысалы: Арқа арбадан қорбаң-қорбаң етіп түсті. Ол жайнамаз үстінен түспей, шоқаң-шоқаң етті де отырды.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары
9. Еліктеу сездер ерекше логикалық екпінге ие.

1. Еліктеуіш сөздердің мағыналық топтары

2. Еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер

3. Еліктеуіш сөздердің фонетикалық ерекшеліктері

4. Негізгі түбір және туынды түбір еліктеуіштер

5. Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметі



Әдебиеттер:

  1. Сарыбаев Ш. Еліктеуіш сөздер. Алматы, 1982.

  2. Катембаева Б. Еліктеуіш сөздерді оқыту. Алматы, 1973.

  3. Катембаева Б. Подражательные слова в казахском языке. АКД., Алма-Ата, 1965.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет