17. «Мәдени-генетикалық код – жаһандану дәуірінде ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап қалу кепілі». Сіз бұл пікірмен қаншалықты келісесіз? Өз жауабыңызды негіздеу үшін бірнеше дәлелдер келтіріңіз



Дата11.06.2023
өлшемі21,13 Kb.
#178653
Байланысты:
17-сұрақ обновленка Асанбекова


17. «Мәдени-генетикалық код – жаһандану дәуірінде ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап қалу кепілі». Сіз бұл пікірмен қаншалықты келісесіз? Өз жауабыңызды негіздеу үшін бірнеше дәлелдер келтіріңіз.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Қазақ Елі» идеясын жайдан жай көтерген жоқ болатын. «Мәңгілік Ел» мұратын жүзеге асыратын ұлттық саяси институт ретінде әлеуметтік-философиялық айналымға енгізді. Тілге байланыстыра отырып, баршамызға терең ой салды.
Оның: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ Мемлекеті деп атайтын боламыз» деуінде және «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» екенін қадап айтуында терең мән бар. Бұлардың бәрі ұлттық мемлекетттің белгілері.
Біз Тұңғыш Президенттің: «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел!», деген ұлағатын ұдайы басшылыққа алуға тиіспіз. Түйіп айтсақ, Мәңгілік Ел – шамшырақ идея, ал Қазақ елі мен Қазақ мемлекеті сол ұлы идеяның қозғаушы күші.
Біз қазіргі таңда алғашқысын ел рухының мәңгі сөнбейтін жарық жұлдызына айналдырсақ, соңғысының керегесін керу үстіндеміз. Сондықтан бүгінгі кезең дана тарихтың ұлттың ұлағаты болып қайта оралған кезеңі, қазақ халқы өзінің төл арманымен табысып, ұлттық тағына сеніммен отырған шағы.
Осы айтылғандарды саралай келгенде, Тұңғыш Президенттің: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды», деген пайымы одан сайын салмақты бола түседі. Генетикалық кодынан айырылған ел – қаңбақ. Тамырынан үзілгендердің бәрі тексіз. Бүгінде мемлекеттігі мен туған тілін сақтап отырғандар – сол текті елдер. Ал тектіліктің қайнары – тарихи сана. Арийлердің кезінде егілген, сақтардың тұсында көктеген, ғұндар дәуірлеген шақта масақтанған, көктүріктер жемісін терген, талай да талай өңделген, мәңгілік ұғымын туғызған, соған және сендірген ұлттық сана.
Римдіктер асқақтап тұрған шағында астанасын «Мәңгілік қала» деп атаған. Қидандар өздерін «Күміс еліміз» деп жариялады. Маньчжуриялықтар (шүршіттер) «Алтын ел» атауымен айбаттанып, Қытайды басып алды. Ал бізге, азаттық үшін ғасырлар бойы арпалысқан халыққа, тарихымен табысып, ұлттық намыспен дүр сілкінген ұлтқа «Қазақ елі» деген текті ат жарасар еді. Қазақ елі нығайтқан Қазақ мемлекеті қазақты мәңгілік етер еді.
Тегінде қазақ халқының ерік-жігері ерекше ғой. Ішкі-сыртқы жаумен сан ғасыр қиян-кескі айқасып жүріп, түбінде айы оңынан туатындығына иланды. Қандай қиямет болса да Ұлы Даланың ұранды байрағы құламайтындығына сенді. Алтайы алтынмен, Ұлытауы күміспен, Алатауы аспанмен, Қаратауы көктүріктің киесімен көмкерілген ұлан өңір келер ұрпаққа мәңгі мұра болып қалатындығына күмән келтірмеді. Азаттықтан айырылып жүріп те тәуелсіздіктің түбі бір қайта шырайналатындығын ұрандап айтумен болды.
Алаш дегенде, әрине, Алты Алаш еске түседі. Бүкіл түркі дүниесі көз алдыңда тұрады. Иоллығ-тегін тасқа қашап жазған «Тұтас түркі елі» идеясы жүрегіңді жылытады. Мәңгілікке түркі елдері тізе қосып бірге бет алсақ дейсің. Бұл арман-аңсау емес, солай болып жатқаны көңілді көншітеді. Осы игілікке ұйытқы болған бастамалардың қазақ елінде көтерілгеніне мерейленесің.
Анығында солай ғой. Тарихи тамырлас ағайындардың қайта бауырласуына қызмет етуге кіріскен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мен осы елдер парламенттерінің ассамблеясы, қандастардың ортақ тарихын түгендеп жатқан Түркі академиясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей ұсынысымен шаңырақ көтерді. Олардың аясы кеңейе беретіндігі ай мен күндей ақиқат. Түбі тұтастың тармақтанып барып қайта бірігетіндігі жаратылыстың табиғи заңдылығы.
Осы тарихи сананы қалыптастырудың заңды табиғи-эволюциялық жалғасы – рухани мәдениетті одан әрі жандандыру болып табылады. Осы тұс «Қазақстан – 2050» Стратегиясының мазмұнында былай деп айғақталған болатын: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды.Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек. Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады».
Сондықтан да тәуелсіздік алған жылдардан бері қайта жаңғырып келе жатқан руханиятымыз бүгінгі күні жаңа серпін ала бастады, азды-көпті кедергілер де жойылып, оны зерттеу және тәжірибемізде қолдану жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ол, әсіресе, өнеріміздің жаңаша серпін алуынан, оның тарихилық ұстанымдар бойынша құрылуынан, ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртудың жеделдеуінен т.б. анық байқалып келеді.
Сондай-ақ бұл Стратегияда көптен бері айтылып жүрген ана тіліміздің мәртебесін тағы да көтеру мәселесі қойылды да, Елбасы өз сөзінде халқымызға оны өркендете түсудің негізгі шарттары мен қоғамдық өмірдегі жүзеге асуының жалпы бағдарын ұсынып берді: «Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады.Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.Сондықтан оған бей-жай қарамайық.Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз».
Осы тұста, қазақ тілінің мәртебесінің жоғарылауын қолдаушылар, ұлттың зиялылары, мемлекеттік шенеуніктер т.б. қазақ ұлтының өкілдері кей жағдайда бір-бірімен қазақша сөйлеспейтіндігін, шындығында, ескеруіміз қажет және басты назарда ұстауымыз керек екендігін тағы да есімізге алуға тура келеді. Осыдан кейін «Бәріне мемлекет қана кінәлі» деген көзқарас басқа арнаға бұрылуы тиіс болды, ана тіліміздің ахуалы біздің әрқайсымызға тікелей байланысты екендігін үнемі ескеріп отыру қажеттігін халқымыз тереңірек түйсінуге мүмкіндіктер ашты. Бір қарағанда, қазақ тілі елімізде қанат жаймай отырған сияқты, қолданылу аясы көркеймей отырған сияқты болып көрінгенмен, нақты атқарылып жатқан іс-шаралар да жоқ емес.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет