Абайдың аударма дәстүрі
Б.А.Ердембеков,
ф.ғ.д., профессор
Қазақстан, Өскемен
Абайдың қазақ әдебиетінде ашқан үлкен жаңалығы – профессионалдық үлгідегі көркем аудама жанрын әкелді. Алдында үлгі етер ешқандай нұсқа жоқ айтақыр жерден бірден шыңдалған аударма жасауы Абайдың ақындық кемеңгерлігін тағы бір мәрте дәлелдегендей. Абай аудармаларына алғашқы ақындық тәжірибе деп қарамай бірден ақынның ұстанған принциптері мен шеберлік жолына аса жоғары межеден баға беретін себебіміз, Абайдың бұл дәстүрді еркін игерген ғажайып құдіретімен ғана түсіндіруге болады.
Абай аудармасының бір қыры нәзира үлгісімен жалғасып жатыр дегенді басшылыққа алсақ, жаңашыл ақын шығыстан келген сол нәзирагөйлік дәстүрдің өзін түлетіп, жағрапиялық аясын ғана емес, идеялық-тақырыптық желілерін байытып кетті.
Көркем шығармаларды аудару Абайға бірден келмегені белгілі. Дәстүрлі нәзира үлгісінің негізінде барып Абай орыс ақындарының шығармаларына көңіл аударды. Нәтижесінде Пушкиннің «Евгений Онегині» қазақша сөйлеп, қазақ сахарасына ән боп жайылды. Бұл туынды абайтанушы ғалымдар тарапынан нәзиралық үлгідегі аударманың озық үлгісі ретінде жоғары бағаланды.
Ақындық өнердің басқа салаларындағыдай Абайдың көркем аударма саласындағы жаңалығы оның қасындағы шәкірттерін бірден елітті. Қазақ поэзиясына келген жаңа құбылысқа дені орыс тіліне жетік Абай мектебі өкілдерінің қызығып, бірден бас қоюы заңды-тын. Абайдың бағыт-бағдарымен, тікелей қолдауымен Европа, орыс ақын-жазушыларының түрлі деңгейдегі әдеби туындылары қазақша сөйлей бастады. Шәкәрімнің А.Пушкиннен аударған «Дубровский», «Боран», Л.Толстойдан «Алты әңгіме» әңгімелер циклы, американ жазушысы Г.Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны», Әсет ақынның «Евгений Онегин», Уәйіс Шондыбайұлының «Иванушке-дурачок», Тұрағұл Абайұлының М.Горкийден аударған «Челкаш», А.Неверовтен «Мен өмірге жерікпін», «Ортақшыл Мария» әңгімелері, Б.Прустан «Антек», Д.Лондоннан «Баланың ерлігі», бізге жетпеген Д.Лондоннан «Матин Иден» романы сияқты кейбірі нәзиралық үлгіде жалпы оқиғасы қазақшаланса, кейбірі түпнұсқадан алыс кете қоймаған түрлі жанрдағы көркем шығармалардың дүниеге келуінің басында Абай тұр.
Абай мектебіндегі аудармашылық дәстүр тақырыбы абайтану ғылымы, оның ішінде Абай мектебі, Абай дәстүрі тақырыптарының аясында өз деңгейінде зерттеліп те келеді. Олардың бәріне тоқталып, пікір білдіру жұмысымыздың мақсаты емес. Әйтсе де, Абайдың аударма мектебіне қатысты кейінгі жылдары жазылған еңбектердің ішінде Б.Атығайдың «Абайдың ақындық мектебіндегі аудармашылық дәстүрдің қалыптасуы» деген кандидаттық дисертациясының тікелей осы тақырыпқа арналғандығын айту ләзім. Сондай-ақ, Абай мектебі тақырыбын тікелей зерттеген Қ.Мұхамедханұлының еңбектеріне қоса, Шәкәрім мұрасын зерттеуші ғалым Б.Әбдіғазиевтің, Әсет ақын мұрасын зерттеуші С.Қожағұлдың монографияларындағы тағы басқа еңбектердегі ақын шәкірттердің аудармалары туралы дүниелердің бар екенін ескере отырып, осы тақырыпқа қатысты ғалымдар назарынан тыс қалған кейбір мәселелер туралы ой өрбітсек дейміз.
Біздің басты мақсатымыз – Абайдан басталған ұлттық аударманың алғашқы қарлығаштары Абай мектебі шәкірттерінің аудармаларын тұтас бір шығармашылық бірлік аясында қарастыру. Яғни, Абай мен оның шәкірттері арасындағы аударма жанрының қалыптасып, дамуын көрсету арқылы Абайдың аударма мектебінің қазақ әдебиетіндегі орнын айқындау.
Абайдың аударма дәстүрі қазақ әдебиетіне өзіндік принциптері мен шеберлік үлгісін ала келді және Абай көздеген тағылымдық, тәрбиелік сипаттарға құрылды. Әр ақын-шәкірт өз шама-шарқына қарай, аударманың түрлі үлгісін игере отырып ұстаз қойған биік межені бағындыруға тырысты. Аударма дәстүріндегі ұстаз бен шәкірт арасындағы тақырып таңдау, шығарма оқиғасын иіп әкеп ортақ идеяға жұмылдыру сияқты ақындық мектептегі тұтас шығармашылық процестің мәнін ашу – Абай мектебіндегі жаңа жанр қалыптасуының ұлттық әдебиетіміздегі орнын айқындай түсетіні анық. Осы арада ақынның аудармалары туралы салмақты зерттеулер жазған З.Ахметов Абайдың аударма өлеңдерін бүгінгі аударма туралы ұғым-түсінік тұрғысынан келіп бағалаудың дұрыс еместігін айта келіп: «...Абай болса, ол қазіргі аудармашылардай тек түпнұсқаны бар қалпында жеткізуді ғана мақсат етпеген. Қай шығарманы болсын өз көңіл күйіне үйлестіре, қысылмай, қымтырылмай еркін тәржімелейді. Сонда да кейбір аударма өлеңдері түпнұсқамен өте жақын келіп, мейілінше үндес шығып жатса, ол – оның ақындық шеберлігінің бір қырынан көрінуі, қызықтап, қазақшалап отырған түпнұсқаның сарыны мен өз ой-сезімінің арасындағы үйлестіктің нәтижесі» [1, 167],- дейді. Ақын шәкірттердің аудармалары туралы зерттеу жұмысында осы пікірді назарда ұстанған жөн. Аудармалар шәкірттердің орыс тілін білу дәрежесіне, ақындық шеберлігіне, түпнұсқа авторының айтар ойын қаншалықты дәл тауып, тамырын дөп басқанына қарай әр-түрлі үлгіде және қилы көркемдік деңгейде жазылды. Мәселен, Әсеттің «Евгений Онегині» мен Уәйістің «Иванушке-дурачогын» Шәкәрім, Тұрағұл аудармаларымен бір үлгіге, бір деңгейге қоюға келмейді. Тіпті, Шәкәрімнің «Дубровскийі» Әсет, Уәйіс аудармаларындай нәзира үлгісіне жақын дегенімізбен, алдыңғысының көркемдік деңгейі көш ілгері. Ал, Толстойдан аударғандарының сәттілігін екі ақын арасындағы рухани туыстықтан іздеген жөн. Сондай-ақ, Тұрағұлдың прозалық аудармаларындағы еркін аударылған «Челкашынан» дәлме-дәл (жолма-жол) аударған «Мен өмірге жерікпіні» сәтсіздеу шыққан. Міне, әр ақынның аударма жолындағы ізденістері мен жетістіктерін ғана емес, әрқайсының шама-шарқына байланысты кемшін соғып жататын тұстарын жеке-дара қарамай Абайдың өнеге-ықпалының, осы саладағы сүрлеу жолының бағыты аясында қарастырғанда ғана Абай мектебіндегі аударма дәстүрінің тынысына толық баға бере аламыз. Бір ескеретіні Абай айналасындағы көркем аудармаға барған шәкірттердің көбі орыс мектебінің маңай-қарасын көрмеген, көргендерінің өзі тіл сындырудан ары бармай, негізгі сауатын Абай алдында ашқандар. Арнайы орыс мектебінен өтпей, классикалық аударма үлгісін ұсына білген Шәкәрім, Тұрағұл сынды шәкірттердің таң-тамаша етер таланты мен қоса ұстаз Абайдың осыншалық деңгейде тіл үйрету қабілетіне тәнті боласың. Әрхам Ысақовтың естелігіне көз жүгіртейік: «Абай ауылында орысша сөйлей, жаза білетұғын мынандай адамдар болды. Абайдың өз інісі Ысқақ, Оспан, Шәкәрім, Кәкітай, баласы Тұрағұл, Мекаил, көршілері Хабидолла, Сүлеймен, Махмет, Мүрсеит, Солтанбайдың Ысқағы, Ырсайдың Ысқағы. Осы айтылған адамдар өмір бойы орыс школын ашып көрмеген, Абайдың ғана алдында болып тәлім-тәрбие алғандар» [2, 169].
Демек, Абайдың қазақ әдебиетіне әкелген кезекті бір жаңалығы – профессионалдық үлгідегі көркем аударма жанрын тудыруы десек, ол - аударма саласын қалыптастырып қана қоймай, бірден үлкен биікке көтере білген шебер аудармашы. Төл әдебиеттің ерекшеліктерін ескере отырып, орыстың ең таңдаулы туындыларын кереметтей шеберлікпен қазақша сөйлеткен ақынның құдіреті соңындағы шәкірттердің аңсарын өзіне аударып, бұл жанрдың сол ортада тез қанаттануына себепкер болды. Абай және оның айналасындағы аудама жанрының қалыптасып, келе-келе классикалық деңгейге жеткен туындылар Абай айналасында қалыптасып, қанат жайған қазақ әдебиетіндегі алғашқы аудармалар болуымен құнды.
Әдебиеттер тізімі
Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. –А.: Ана тілі, 1995. -272 б.
Ысқақов Ә. Абайдың өмір жолы. / Кітапта: Жүрегімнің түбіне терең бойла. –А.: Жазушы, 1995. -296 б.
Достарыңызбен бөлісу: |