Қабыршақ қанаттылар, көбелектер (гр.Lepidóptera, көне грекше: λεπίς, көне грекше: λεπίδος — қабыршақ және көне грекше: πτερόν — қанат) – жәндіктер класының бір отряды.
Екі жұп қанаттары болады, олардың беттерін ұлпа қабыршақ басып жатады (отрядтың аты осыған байланысты қойылған). Бұл қабыршақтар көбелектің қанаттарын алуан түске құбылтып тұрады. Қабыршақтарының құрылысы, ондағы пигмент түсі әрбір түр, жүйеленімдік топта әр түрлі болады. Қанаттары бір-бірімен ілмек арқылы жалғасады. Қанатының түсі арқылы күндіз ұшатын көбелектер өз түріне жататын көбелектерді ажыратады, сондай-ақ қанатының түсі мен оның бетіндегі өрнегінің қорғаныштық та маңызы бар. Қабыршақ қанаттылырдың денесінің ұзындығы 3 – 8 мм-ден 200 – 300 мм-ге дейін ең ірісі – Оң түстік Америкалық қоңыр көбелек (жайған қанатының ұзындығы 30 см-дей), Еуропа көбелектерінен – емен көбелегінің қанаты 12 – 15 см. Аузы гүлдің шырынын соруға бейімделген, ұзын тұмсыққа айналған. Тыныштық күйде ол шиыршықталып оралып жатады. Кейбір түрлерінде мұндай тұмсық жетілмеген. Денесі бас, кеуде және құрсақ бөлімдерінен тұрады. Басында бір жұп фасетті көздері, көзшелері және иіс, дәм сезу қызметін атқаратын мұртшалары орналасқан. Бұлардың көру органы жақсы жетілген. Дәм сезу органдары тек аузында емес, кейде аяғында да болады. Кеудесінде үш жұп аяқтары және екі жұп қанаттары бар. Құрсағында 2 – 5 қос «жалған» аяқтары болады.