«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты» деп Шопенгауэр айтқандай, адамның ең қымбат байлығы – денсаулық.Ал денсаулықтың қорғаны – дәрігер.
Рас, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ақ халаттылардың іздей бастаймыз ғой. Дәрігерлерді «ақ халатты абзал жандар, адам жанының арашасы» деп жатамыз. Қалай айтсақ та артық етпейді. Дәрігерлерді ұлықтау, құрметтеу - әр пенденің азаматтық борышы,. Кез - келген адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен аялы алақандарының жылуын сезінеді. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үзілген үміттер жалғанады. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, жанына - дауа, тәніне - шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құштарлығын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын алатын медицина қызметкерлері.
Жалпы, медицина – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр саланың бірі. Сол себепті кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты меңгеру оңай емес екенін мойындайды. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында қателесуіне болмайды. Сол себепті дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілін жетік меңгеруі міндетті.
Халық денсаулығының мықты болуы – медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында екені белгілі. Осыған орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында денсаулық сақтау саласына ұдайы назар аударып, медицина ғылымының дамуына, өркендеуіне серпін берген азаматтарды қолдап, халықтың денсаулығын түзетер, салауатты өмір салтына жетелер медициналық технологиясы озық орталықтар ашу қажеттігін әрдайым қадап айтады. Өзгенің өмірі үшін күресіп, ажалға араша болған адам денсаулығына қауіп төнгенде дер кезінде көмек көрсете білген дәрігерлер қауымының ерен еңбегін, маңдай терін ескерусіз қалдыруға болмайды.
Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін ақ халатты абзал жандарымыз мың алғыс!