Адам мен қоғам тығыз байланыста дамиды. Олай дейтін себебім, қоғам әлеуметтік топтардан, әлеуметтік қауымнан құрылады. Ендеше, адамды адам ететін бірден-бір күш- қоғам ғана
Мен және Қоғам Адам мен қоғам тығыз байланыста дамиды.Олай дейтін себебім, қоғам әлеуметтік топтардан, әлеуметтік қауымнан құрылады.Ендеше, адамды адам ететін бірден-бір күш- қоғам ғана.
Қоғам сөзі ауқымды және күрделі мағынада қолданылады. Мысалы, Қазақстан қоғамы дегенде біз өзіміз азаматы болып табылатын мемлекетті, оның халқын ойға аламыз. Адамдардың әрекеті міндетті түрде белгілі бір табиғи ортада, қоршаған табиғатпен байланысты өтетіні белгілі. Ал адамдардың өздері табиғаттың бір бөлшегі екендігін ескерсек, қоғам дегеніміз материалдық дүниенің бір бөлшегі ретіндегі адамдардың табиғатпен және өзара байланыста бола отырып, бірлесіп өмір сүруі болып шығады. Қоғамның адамгершілік сипаты оның мүшелерінің рухани деңгейінен көрінеді, яғни, адам мен қоғам тікелей байланыста болады. Сондықтан келешек ұрпақ өздерінің рухани байлығына ерекше көңіл бөлуі керек. Мысалы, Қ. Мырзалиевтің «Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын» деген сөзі бар емес пе?! Демек, әр адамның қоғамда алатын орны ерекше, сол өмір сүру жолында алға ұмтылып, көптеген қиындықтарды бағындыра білуіміз керек. Қазіргі таңда жастардың қоғамдағы міндеті- сапалы білім алу. «Адамды білім сақтайды» деп А. Иүгінеки айтқандай, білім- мәдениеттің маңызды бөлшегін құрайды. Білімсіз ұрпақ жарқын болашақты құра алмайды. Біз қазіргі уақытта «Адам. Қоғам. Құқық» оқулығын қолға ала бастадық. Оқулықта жас ұрпақ өкілінің азаматтық және құқықтық қоғам құрылысына белсене араласатын, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды заман талабына сай меңгерген, айналада болып жатқан оқиғаларға қатысты өзіндік көзқарасы бар, өз Отанын шын сүйетін, саналы азамат болып шығуына септігін тигізетін біліммен қаруланған. Ал өзімізге бастауыш сыныптардан бері таныс өзін-өзі тану оқулығы өзгені, өмірді,қоғамды тануға, өмірдің мәнін ұғыну қиыншылықтарды жеңе білуге, сенімді, адал, жақсы адам болуға бағыттар береді. Яғни,біз өзін-өзі тану оқулығы арқылы қоғамнан алатын орнымызды,өзімізбен қатар қоғамның да дамитынын, жасымыз ұлғайған сайын көптеген қиындықтарды бағындыратынымызды, қоғамның қаншалықты қиын екенін ұғына білдік. Сондықтан қоғам күрделі процесс. Онда адамдар арасындағы қақтығыстар жиі кездесіп жатады. Ол қақтығыстардың көбі қоғамдық жұмыс бабымен, өндірістік мақсаттар көздеген көзқарастардың келіспеушілігінен немесе еңбекке қатысты даулардан ұшқындауы мүмкін. Адам. Қоғам. Құқық оқулығында «Қандай қоғам болса да тұйықталып өмір сүре алмайды. Адамдар қауымдастықтары өз ішінде және сырттай өзге қауымдастықтармен қатынас жасайды. Сонда адамдардың бірлескен рухани және материалдық қызметіндегі қатынастары да қоғамдық қатынастар болып шығады. Қоғамды құрайтын жүйешелер мен құрауыштар арасында толып жатқан байланыстар бар»,- дейді. Мысалы, «Ресей қоғамы» , «Қазақстан қоғамы» , т.б. Қоғамдар қызметіне қарай толып жатқан әрекет түрлерімен – саясатпен, шаруашылықтың белгілі бір түрімен, саудамен, табиғатты қорғаумен, мәдени және рухани шаралармен айналысуы мүмкін . Сол сияқты оқушылар да өз жастарына қарай еңбекпен, өз сүйікті істерімен, спортпен шұғылданады. Осы бастан оқушылардың білімге құштарлығын оятар болсақ, болашағымызда жарқын болмақ. Себебі, болашақ жастардың қолында! Жастайынан оқушының қандай салаға қызығушылығы бар екенін, қабілеттілігін анықтап, өмір сүруге бағыт-бағдар беру- мұғалімдердің ең басты міндеті. Сол жастардың өмірден өз орнын табуы, ата-анасының үмітін ақтап, алған білімдерінің жемісін көруі- мектебінің, білім берген ұстаздарының арқасы. Ел аузында «Арнасын тапқан адаспайды» деген сөздің мағынасы да осы болар, сірә?!
Қазірдің өзінде «Мен кіммін?»деген сұрақтар толғандыра бастайды. Бұндай қиындықтар өмірдің бір бөлігі ғана. Дәл осындай сәттерді артқа тастауға көмектесетін мұғалімдердің, достарымыздың , ата-анамыздың жанымызда болғаны қандай жақсы! Сонымен қоса, әрқашан да көмекке келуге дайын тұратын аса қадірлі– өзін-өзі тану оқулығы бар. Әр адам қоғамдағы міндеттерімен, өздеріне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Қоғамда оларға ортақ мақсат- Отанға адал қызмет ету, ұрпақ жалғастыру, адам боп қалу. Мысалы, Готфрид Келлер «Өзі тіршілік етіп отырған қоғамды терең түсінетін адам- нағыз білімді адам»,- деп, өз қоғамын көркейіткісі келетін адамның шынайы адам әрі түсінігі мол жан екенін айтқысы келді. Демек, өзін үлкен тұлға ретінде сезіне алмаған адам қоғамның, ұлттың мүшесі екенін сезіне алмайды. Әрбір адам қандай да бір іс үшін туады. Жер басып жүрген әр адамның қоғамда ғана емес, өмірде де өз міндеттері бар.
Тоқсан ауыз сөздің түйініне келер болсақ, адамдар өз еркімен қоғамға мүше болып, шамасына қарай тиісті міндеттер атқарады. Ендеше, қоғам –көпқырлы, күрделі объект, ерекше құбылыс.