Мәтіндегі автор мен адресаттың қарым-қатынасы
Күнделікті өмірде қаншама автордың қаншама кітаптары жарық көруде.Ол өзінің асыл аңсарын, айнымас арманын,имандай иланымын, сарабдал сезімін өмірден өнерге көшіруі қалай жүзеге асатынын осы туындысында айтады. Ал ол кітаптың тағдыры оны қолдаған , талдаған оқырманына байланысты . Бірақ адресаттың кейде дұрыс қаралмай мәтінді немқұрайлы қабылдауының да пайдасы бар . Жазушының оқырман туралы ойы мен қиялының көркем образға айналатыны немесе автордың сырласы мен ақылшысы болатыны жайлы мысалдар баршылық . Шығармашылық үдеріс пен мәтінді танудағы оқырман қатысын анықтауда мынадай ұғымдар қолданылып жүр : адресат ( елес , жасырын , ауани , ішкі ) және нақты оқырман ( рецепиент , оқырман қауым ) .Әдеби үдерісте оқырман қауымның өз орны мен мақсаты бар. Көркем туынды тағдырына ерекше әсер ететін негіздеудің бірі-оқырман пікірі мен бағасы,осы маңайдағы талас-тартыстардан мәтін туралы көптеген мәлімет алуға болады.
Оқырман - адресат туралы ұғым ғылымға алғаш жиырмасыншы ғасырдың басында келді , ол « елес оқырман » бейнесінде болып , нақты оқырманға қарсы қойылды .Адресат негізінен автор қиялы тудырған бейне деп қарастырылды. Адресат пен автордың арасында көркемдік эстетикалық байланыс барлығы анық , яғни автордың оны мен есептесіп отыратыны да шындыққа жанасады . Адресаттың арнайы түрде қарастырыла бастағаны көркем шығармашылықтың екі жақты байланыс орнатуға деген ынтасын мойындауға байланысты . Көркем мәтін автордың оқырманға белгілі бір әсер етуге бағытталған мақсаттарын жүзеге асырушы болып есептеледі де , ол оқырманның қабылдауға деген ықыласын оятады . Автордың оқырманын сендіруге , иландыруға тырысатыны анық , осы жолда ол адресаттың ойы мен сезіміне әсер етуге ұмтылады .
Адресаттар туралы көптеген мәліметтерді шығарма тудырушының хаттары мен күнделіктерінен , мақалаларынан кездестіруге болады , ол жердегі мәліметтер сан түрлі елес оқырманның автор ойы мен қиялында тіршілік ететіндігінен мәлімет береді. Әдеби шығарманың адресаттарын оны оқу мен тану деңгейіне сәйкес шартты түрде мынадай топтарға бөлу қалыптасқан. Автор ойымен деңгейлес оқырман аз болмайды . Қаламгердің тезаурусынан жоғары адресаттар кездеседі. Суреткердің шығармашылығы бағдарымен мақсаты үйлеспейтіндер бар . Бағдары ұқсас , бірақ білігі төмен оқырман да аз емес . Осындай топтардың мәтінді оқып түсінуін жеке - жеке зерттегеннің берері мол. Мәтінді саналы түрде ұғынатын рецепиенттердің көбірек болғаны да жақсы . Оқырманның мәтінді мұқият оқып , терең тануы оны орнықты бағалауға жетелейтінін ұмытпаған дұрыс . Сауатты оқушысы бар қаламгердің үнемі ізденіс үстінде болатыны белгілі .
Оқырманына түсінікті болғысы келген авторлар мақалаларды жазып , баяндамалар оқып , өз шығармашылық ұстанымдарымен көпшілікті таныстыруды мақсат етеді . М. Әуезовтің өзінің « Абай жолы » романын қалай жазғанын баяндайтын мақаласынан көп ой түюге болады . Әдеби шығарманың шығармашылық тарихы мен оқырмандық тағдыры бар . Адресат шығармашылық ізденіске қатысса , оқырман кітаптың өміріне тікелей араласады .Жазушы ойы мен сезімінің мәтінде көріну-көрінбеуі,олардың оқырманға жету-жетпеуі, әсер ету-етпеуі көп нәрсеге байланысты. Адресат шығармашылығына сана мен түпсанадағы ұғым - түсініктер белсене араласады. Оқырман қауымның осындай герменевтикалық ізденістерінің нәтижесінде көркем туындының мазмұны өсе түседі , әрбір ұрпақ үшін айқын болған тұжырымдар бірігіп ұлттық мәдени құндылық құрайды .
Оқырман үшін күрес ХХ ғасыр ортасында өршіді . Кітап басу ісінің дамуы , техникалық прогресс те бұған өз үлесін қосты . Қалтаға сиятын кітап , мұқабасы жұмсақ басылымдар арқылы бестселлерлер таратылды . Енді оқырман жаулау өндірістік жолмен жүрді және ол байлық көзіне айналды .Детектив , шпиондық роман , боевик фэнтези , триллер , костюм дiк роман , көгілдір роман сияқты жанрлар өзіндік адресаттардың талап - тілектерін қанағаттандыруға қызмет етеді .
Қорыта айтқанда оқырманның автор таңдауға құқығы бар , соған сәйкес автор да өз оқырманының болғанын қалайды,және шығармасын соларға арнайды. Автордың уақыт қатпарындағы шығармасы өз оқырманын ұзақ күтіп жататыны да кездеседі. Түйіп айтқанда , әдеби зерттеулер оқырмандар пікірі мен ойларын,олардың сол шығармаға берген бағасын көкейлеріне түйе отыруы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |