Ақиқатпен бетпе – бет
Сәлем, оқырман! Менің қазір сіз оқитын әңгімем ХХІ ғасырдағы «қазақ қыздары» туралы болмақ. Өте өзекті мәселе талқыға түсетіні анық. Ендеше, сені бұл тақырып қызықтырса соңына дейін оқып, өз ойыңмен бөлісуіңді сұраймын!
Иә, қазір ХХІ ғасыр. Қазақстан дамыды, бірақ “қазақ” сол баяғы қазақ! Ал, қазақ қызы ше? Неге қазіргі қыздарда біздің бұрынғы Жібек пен Еңлігіміздегідей инабаттылық, имандылық, кішіпейілділік, ар-ұят жоқ? Әрине, Қазақстан ХХІ ғасырдағы тарих сахнасында, бірақ ол біздің қазақилығымызға балта шабу деген сөз емес қой?! Әлде, қысқа белдемше мен ашық көкірек қазақилыққа тән деп ойлайсыз ба?
Мықты ішім ашитыны: ол қазақтың қызы ғой, орыстың емес, американың емес, ҚАЗАҚТЫҢ! Көпке топырақ шашпаймын ғой, әрине. Бірақ көптің өзі көзге күйік, елге бүлік болып жүр емес пе?! Ішімдік ішіп, шылым шегу оның анасынан қалған нәрсе ме еді?! Болашақта бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетер аналар сиқы осы ма?!
“Жігіттер бүйтті, жігіттер сүйтті” деп шығады. Қарағым, өзін қырық жерден тыйса, оған жігіт түгіл шайтан да тимесі анық! Түнгі клубтың ханшайымы бола тұра, ырқыл-жырқыл жүретін болса, кім-көрінгенгенге жабыса кететін болса қалай ұялмай жер басып жүреді екен?! Әлде, ол ашық киінбесе, лас сөз айтпаса, шылым шекпей, ішімдік ішпесе мылқау немесе мүгедек болып қала ма?! Қазақилықтан неге қашады? Неге қызықпайды? Оған ешкім күнде сәукеле ки, қазақша сырға тағып жүр деп талап қойып жатқан жоқ қой! Ең бастысы көркем мінезді болу! Бұл дінде бар нәрсе, бізге қойылған талап осы! Осы қиын ба? Тым күрделі ме? Бір сәт ойлана ма екен, сол “кәпірліктің” арқасында тозаққа баратынын? Алланың ең жек көретін құлы болатынын? Сірә, бастарында қатырмайды-ау!
Кейде аялдамадан кейбір қыздарымыздың үлкен бар, кіші бар-ау деп қымсынбай жігіттермен «білгендерін» істеп тұрғанда шыдамай төмен қарайсың. Ардақтауды, адалдықты, құпиялықты қалайтын махаббат атты құдыретті аяққа таптау емес пе бұл? Әрине, мұндай көргенсіздіктің өзіндік себептері көп екенін білеміз. Бірақ ең бастысы тәрбиенің кемшілігі екендігінде дау бола қоймас. Тек өз ұлтын, тілін сүйіп, қастерлейтін адам ғана сонау әлімсақтан мирас болып келе жатқан ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық, инабаттылық сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады.
Өзім қыз бала болсам да, қазіргі заманның “қатыгездерін” жек көремін! Жасым небәрі он жетіде ғана. Ал өзімнен кіші 14-15 жастағы сіңілілеріме қарасам, мен олардан кіші сияқты сезінемін өзімді. Осылардың арқасында дәстүрімізде болмаған сүреңсіз жағдайлар бой көрсетуде. Қазақ қыздарының көбі бір-бірімен орысша сөйлеседі. Өз ұлтының тілінде сөйлеуге талпынбайтыны өз алдына, кейбіреулері тіптен оны намыс көреді. Мектеп қабырғасындағы бірсыпыра қыздарымыз жарассын-жараспасын денелерін жартылай жалаңаш көрсететін киімдер киіп, өздерінің сыпайылығынан, жастық жарасымдылығынан айырылады. “Жастықтың өзі жастығымен әдемі” дегендей, жас қыздардың өздері-ақ қырдың қызыл қызғалдағындай әсем ғой! Қайда асығады? Уақыт өте келе бәріне де үлгереді емес пе?
Әдемі бойжеткен, ибалы, иманды, мәдениетті ару болса кем болмайды. Бұл сөздеріммен барлығын жөнге саламын деп айтпаймын. Мендік мақсат кішкентай болса да уланған саналарына түрткі болу.
Қыз емес, қыздың аты қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын!
Үлкеннің алдын орап, сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын!,
-міне болашақта қазіргі бойжеткендерді осы өлең жолдарындай сипаттағанын қалаймын! Қыздарымыз ұлтжандылығымен, өздеріне тән нәзіктігімен, сүйкімділігімен, ұяңдығымен, рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс! Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы, сыйлы. Ертеңгі күні не болатынын білмегендіктен, тек өздеріне сеніп, бүгінгі күнмен ғана өмір сүретін адамдар тобына айналып бара жатырмыз ба?-деп, қорқамыз. Себебі, біздің қоршаған ортамыз жаңа дүниелер арқылы қалыптасу үстінде. Сондықтан шығар, біз, өзіміздің адами құндылықтарымызды жоғалтып, кейбірі ну орманның ішінде жүргендей адасып, теріс жолға түскендері қаншама?
Өзім аталмыш жастардың бірі бола отырып, жастардан жиіркенуге шақырудан аулақпын. Күнделікті жол үстінде тілі мен сипаты бұзылмаған, көркемділігі мен инабаттылығы бойына жарасқан қаракөз апа-сіңлілерімізді топтап жолықтыруға болады. Ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани қазынамызды жоғалтпай заман ағымынан қалмау – уақыт талабы. Өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекетіміздің тірегі – жастар! Ал біздің баянды болашағымызға артар сенім мол! Сол сенімді абыроймен ақтайық!
Достарыңызбен бөлісу: |