Қалыптастырушы бағалау дегеніміз – оқушылардың әр сабақтағы оқу мақсатына жету деңгейі мен олқылықтарды анықтап, оны дер кезінде түзетуге, өзгерістер енгізуге мүмкіндік беретін тәсіл. Аталмыш амалды пән мұғалімдері күнделікті сабақта қолданады, ол үшін оқу мақсатына құрастырылған бағалау критерийлеріне сәйкес тапсырмалар жасақталады немесе қалыптастырушы бағалауға арналған нұсқаулықтан тапсырмалар алынады. Әрбір қалыптастырушы бағалау тапсырмасына дескрипторлар арқылы оқушыларға кері байланыс беріледі. Осы қалыптастырушы бағалауға қатысты пән мұғалімдерінің бойында кейбір ескере кететін жәйттар кездесіп жатады.
Пән мұғалімдері білім берудің дәстүрлі жүйесіне сәйкес күнделікті сабақта тақырыпты басты назарда ұстана отырып, оқулықтың тапсырмаларымен жұмыс жасайтын. Сондықтан оқу мақсатына қол жеткізуді көздейтін қалыптастырушы бағалау тапсырмаларын орындау назардан тыс қалатын – ды. Салдарынан бөлім бойынша және тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларын орындау нәтижесі төмен көрсеткішпен анықталуына әкеп соғады. Осындай жағдайды болдырмау үшін пән мұғалімдері қалыптастырушы бағалауға оқушылардың оқу мақсатына жетуі бағытында жұмыс жасайтындай тапсырмаларды ұйымдастыруы қажет.
Сол кезде оқушылардың бойында оқу мақсатына сәйкес тапсырмаларды орындау дағдысы қалыптасады да, жиынтық бағалау міндеттерін атқару кезінде алаңдау азаятындығы тәжірибеде дәлелденген. Критериалды бағалаудың екінші бөлімі жиынтық бағалау тапсырмалары болып табылады. Олар бөлім бойынша және тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмалары ретінде екі бөлімге жіктеліп қарастырылады.
Пәннің оқу бағдарламасындағы ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес бір бөлім аяқталған соң немесе ортақ тақырыптар тәмамдалған соң оқушылар бөлім бойынша мұғалімдер тарапынан құрастырылған жиынтық бағалау тапсырмасын орындауы тиіс. Жиынтық бағалау тапсырмасы сабақ үстінде белгілі жеткілікті уақыт аралығында ғана жүргізіледі. Тапсырма орындалған соң дұрысы мен бұрысы дескриптор арқылы тексеріліп, ұпайы қойылады. Бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмасы үш күн ішінде тексеріліп, оқушыларға бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмасын орындау дағдысын меңгеру деңгейін көрсететін парақша рубрика таратылады.
Рубрика арқылы оқушылар келесі бөлім бойынша жиынтық бағалау тапырмасына немесе тоқсандық жиынтық бағалауға дейін жеке дағдысы мен дайындығындағы олқылықтарды толықтыруға мүмкіндік алады. Қорытынды көрсеткіштің ақпараты ата-анаға мәлімделуі қажет. Жиынтық бағалаудың шешуші кезеңі тоқсандық жиынтық бағалау. Бұл бағалаудың тапсырмасы әр тоқсанның соңында жүргізіледі. Ол тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмасының ерекшелігіне сәйкес құрастырылады.
Бағалау ерекшелігі дегеніміз – бағалау тапсырмаларын құрастыруға негіз болатын іріктелген оқу мақсаттарын, тапсырма түрлерін, ойлау дағдыларының деңгейін, орындау уақытын, тапсырма санын сипаттайтын кесте. Осы кестеге назар аударғанда тапсырма құрастыру кезінде оқу мақсаттары мен жалпы ұпайдың көлемін өзгертуге болмайтындығын аңғаруға болады. Себебі тоқсандық жиынтық бағалау ерекшеліктеріне таңдаулы оқу мақсаттары алынған. Тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмасын мұғалімдер жеке түрде немесе мақсаттас әріптесімен бірге жасайды.
Құрастырылған тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмасы жүргізілмес бұрын тапсырмалардың сапасын анықтау үшін сараптамалық талдау жүргізуге ұсынылады. Жиынтық бағалау тапсырмасы балл қою кестесіне сәйкес тексерілген соң топтық жұмысты белсендендірудің тәсілімен (модерация) зерделенеді. Модерация үдерісі дегеніміз бағалауды стандарттау ұғымын білдіреді. Бұл бағытта әрбір паралелльдегі үш жұмысты ұсынуға болады. Жұмыстар модерациядан өткен соң оқушылардың жинақтаған ұпайы электронды журналға енгізіледі.
Критериалды бағалау жүйесін қолдану кезінде мектеп мұғалімдері тарапынан ескерілмей, назардан тыс қалған маңызды мәселелердің де барын ашып айтқанымыз жөн. Саусағымызды бүгіп санамалсақ: күнделікті сабақта оқушылардың оқу мақсатына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін тапсырмалар құрастыру; әрбір қалыптастырушы бағалау тапсырмасына оқушыларға дер кезінде кері байланыс ұсыну; кері байланыс үшін бағалау критерийі немесе дескрипторларды негізге алу; жиынтық бағалау тапсырмасын жүргізген соң, нәтижесі бойынша рубрикалар ұсыну; экспертизаға ұсынылған жиынтық бағалау тапсырмасын басқа сыныптарға таратпау, яғни әріптестердің арасында құпиялылық, сенімділік қарым-қатынасты қолдау; жиынтық бағалау тапсырмасын үйге орындауға бермеу; жиынтық бағалау тапсырмасына модерация жүргізу.
Достарыңызбен бөлісу: |