«Ана тілі» газеті



Дата15.09.2017
өлшемі45,79 Kb.
#33564
«Қоғамдық тіл инспекциясы тиімділігін көрсетті»

тақырыбындағы мақалаға талдау



(«Ана тілі» газеті, «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры» айдары)

10-наурыз 2016 жыл


Тәуелсіздік алғанымызға 22 жылдан асса да, бүгінде мемлекеттік тіл мәселесінде талқыға салатын жайттар аз емес. Соның бірі – мемлекеттік тілдің аймақтағы ахуалы.

– Тілімізге мемлекеттік мәртебе берілгеніне жиырма үш жылдан астам уақыт өтке­німен, ана тіліміз әлі күнге дейін орыс тілінің қолданылу деңгейіне жете алмай келе жатқанын мойындауға тиіспіз. Бірақ бұл ана тіліміздің қолданылу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар тоқтап қалды немесе мүлдем жүргізілмей жатыр деген сөз емес.


Бүгінде Елбасының тапсырма­сы­мен туған тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында еліміздегі барлық мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымын қазақ тілінде жүргізу ісі қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің өңірімізде де нәтижелі орындалуда. Бұдан он шақты жыл бұрын іс қағаздардың 32 пайызы аударма болатын. Мекеме мамандары үйреніп қалған әдетпен құжатты алдымен орыс тілінде дайындап, содан кейін ғана қазақша нұсқасын әзірлейтін. Аударма құжаттарда грамматикалық, стилистикалық, орфографиялық қателер өріп жүретін еді. Қазір жағдай мүлдем басқаша, іс жүргізушілер мемлекеттік тілде құжат толтыру жұмысына әбден төселген. Бұл – құжат жұмысын сауатты жүргізуге үйрететін қысқа курстар жұмысының нәтижесі. 2005-2006 жылдары құжаттарды қазақша дайындауға үйрететін курстарға 100 пайыз қазақтар келетін, бүгінде олардың саны күрт азайып, мұндай курста 70 пайыз өзге ұлт өкілдері оқиды. Бұл олардың да мемлекет тілін мойындай бастағанын көрсетеді.

– Соңғы кезде «Тілімізді дамыту бағытында жұмыстанудамыз» дегенді жиі естиміз. Себебі қазақ тілін дамытудың қажеті жоқ, ол ықылым заманнан дамыған, сөзге бай тілдердің бірі. Бұған күмән келтірсеңіздер, бір уақыт ата-бабамыздан қалған мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерге, жыр-термелерге үңіліп көріңіздер. Бір ғана Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» романында 21 мың қазақтың сөзін пайдаланыпты. 1926 жылы Бакуде өткен түркі әлемі тіл мамандарының дүниежүзілік құрылтайында Ахмет Байтұрсыновтың тіл туралы баяндамасын тыңдаған ғалымдар қазақ тілінің ең көркем, бай тіл екенін бір ауыздан мойындапты. Сондықтан сөздік қоры мол, әдемі тілімізді дамытамыз деп әлі күнге дейін қызылтанау болып жүргеніміз, әрине, күлкілі. Менің ойымша, дамытсақ дегеннен гөрі, қалпына келтірсек дегеніміз дұрыс болатын шығар. Біз қазіргі таңда мемлекет бағдарламасына сәйкес шынында да, осы бағытта көптеген жұмыстар атқарудамыз. Іс қағаздарды қазақшаландырудан бас­тап, ономастика саласын реттеу және ділімізді қазақыландыру бағытындағы жұмыстардың бәрі қалпына келтіруге жатпай ма? Мысалы, мораторий жарияланғанға дейін қаладағы 36 көше және облыс көлеміндегі 19 елді мекен Кеңес дәуіріндегі атауын өзгертіп, бұрынғы қазақы есіміне қайтадан ие болды. Бұйырса, енді бір азғантай уақыттан кейін мораторий алынып, бұл бағыттағы жұмысымызды қайта жалғастырмақпыз. Жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру үшін тіл мамандарының ұйым­дастыруымен жыл сайын ауқымды іс-шаралар өткізіліп келеді.


Мұның сыртында жергілікті телерадиокомпания арқылы әр жыл сайын көптеген бағдарламалар мен хабарлар түсіріліп, көрсетілуде. Осының бәрі қазақылығымызды қалпына келтіру үшін жасалып жатқан жұмыстар деп білемін. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта еліміздегі өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді мойындап, балаларын қазақша оқытуға құлшыныс танытуда.

– Біреулер тәуелсіздігімізге 22 жыл­дан астам уақыт өтсе де, қазақ тілі әлі де өз тұғырына қона алмай келеді. Бұған мемлекет тарапынан неге қатаң шара қолданылмайды?» деп даурығады. Меніңше, бұл істе бірыңғай мемлекетті кінәлай беру дұрыс емес. Мемлекет «Тіл туралы» Заң қабылдап, халықты қазақыландыру үшін түрлі іс-шаралар өткізуге қомақты қаржы бөліп келеді. Балаларды мемлекеттік тілде тәрбиелейтін балабақшалар мен қазақша оқытатын мектептер ашуда, мемлекеттік тіл сая­сатын жүргізуге арналған бағдарлама әзірлеп, оны жүзеге асыруға нұсқау берді. Тіл мамандары оны белсенді түрде жүзеге асыруға кірісіп кетті. Олай болса, ана тіліміздің төрге озуына не кедергі болып отыр? Біріншіден, тіліміздің әлі күнге дейін тиісті тұғырына жете алмай жүргеніне кеудесінде намысы жоқ қандастарымыз кінәлі. Кеңес дәуірінде орысша оқыған қазақтардың көбісі әлі күнге дейін сол тілде сөйлейді. Өкінішке орай, мұндай шала қазақтардың көбі – бизнесмендер, олардың бірқатары еліміздегі ірі кәсіпорындарға жетекшілік етуде. Бай ағаларымыз бен апаларымыз отбасыларында орыс тілінде сөйлеседі және жұмыс орнындағы құжаттарын да сол тілде жүргізеді. Біз оларды білсек те, ештеңе істей алмаймыз. Себебі кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау талабына байланысты олардың құжаттарын тексеруге ешкімнің құқы жоқ. Олар өздері қазақша білмеген соң балаларын да орысша оқытады.


Жиырма жылдан астам уақыт бойы ана тілі мәртебесінің тиісті деңгейге жете алмауына осындай жағдайлар кедергі келтіруде. Тіл мәселесін түпкілікті шешуге әр отбасы атсалысуы керек. Біздің елімізде кейбір ата-аналар тіл мен дін мәселесін балабақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдеріне тапсырып қойғандай. Балаларын қазақша мектепке берген ата-аналардың өздері үйлерінде олармен орыс тілінде сөйлеседі. Сөйтіп, олар баланың мектепте үйренгенін жетілдірудің орнына, олардың қазақша сөздік қорының кемуіне ықпал етуде. Осыдан келіп, қазақша сөйлей білгенімен, оны мойындамайтын ұрпақ пайда болады. Бұл орайда хатшылары мен іс жүргізушілерін қазақша оқыту курстарына жіберетін орыс тілді ұжымдардың да жағдайы осыған ұқсас. Курста жүргенде әжептәуір қазақша тіл сындырып қалғандар жұмыстарына қайта кіріскеннен кейін білгендерін ұмытып қалады. Сөйтіп, оларды оқытуға жұмсалған қаржы құмға сіңген судай боп, із-түссіз кетуде. Қысқасы, ана тіліміздің мерейін үстем қылып, абыройын асқақтату үшін әр қазақ өз тілін туған баласындай сүюі керек. Сонда ғана біздің тіліміз Қазақстан секілді көп ұлтты елде, шын мәнінде үстемдік ете алады.

Қорытынды:

Туған тілімізді мойындатудың тағы бір амалы – «Мемлекеттік тіл туралы» Заңын қабылдау. Мұндай заң бізден басқа ТМД елдерінің бәрінде бар. Мысалы, мына көрші Ресейде мұндай заң баяғыдан бар және ол тек қана өз тілінің мүддесін қорғайды. Бізге де осындай заң қажет. Тіл мамандарының осы мәселені көтергеніне сегіз жылдай уақыт болды. Бұл заңның жобасы ҚР Парламентіне де бірнеше рет ұсынылды. Бірақ неге екені белгісіз, бұл жоба әлі күнге дейін қаралмай келеді. Жалпы, біз заң атаулыны қатты құрметтейтін халықпыз ғой. Егер жаңағы айтқан жоба заң ретінде қабылданып, күшіне енетін болса, бұл заңның әр тармағын орысың да, қазағың да бұлжытпай орындайтынына өз басым имандай сенемін. Сөйтіп, қазіргі уақытта басымызды қатырып жүрген көптеген мәселе өз шешімін тез арада табар еді.



Қазақ тілі және мәдениеті

кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Қ.С. Қалыбекова

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет