Ақшалова Б. Н. ф.ғ. к., доцент



Дата08.09.2017
өлшемі153,23 Kb.
#31879
Ақшалова Б.Н.- ф.ғ.к., доцент

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Экономикалық терминдердің зерттелу тарихынан қысқаша мағлұмат.

Терминологиялық лексика туралы сөз болғанда, алдымен 20-30 жылдары совет тіл білімпаздары техника терминдері туралы бірталай құнды еңбектер жазғаны белгілі. (Қараңыз:Чаплыгин С.А.,Лотте Д.С. 1937).

Негізінен, терминдерді зерттеуде және оның қоғам үшін мәнін, маңызын анықтауда А.А.Реформатскийдің, В.В.Виноградовтың, О.С.Ахманованың, И.Ф.Протченконың, Р.А.Будаговтың, К.М.Мүсаевтың, Л.И.Скворцовтың, В.П.Даниленконың, Т.С.Канделакидің, А.В.Сперанскаяның, И.Н.Волковтың, М.Ш.Гасымовтың т.б. зерттеуші ғалымдарымыздың рөлі орасан зор. Бұл жөнінде қазақ түрколог тілшілері: А.Байтүрсынұлы, Қ.Жұбанов, Н.Т.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ә.Т.Қайдаров, М.Балақаев, Ш.Сарыбаев, Ә.Әбдрахманов, С.Исаев, Ө.Айтбаев, Б.Қалиев қазақ тіл білімінде құнды пікірлер қозғап, қазақ терминологиясының дамуына сүбелі үлес қосқандарын атап кетуге болады.

Ал "термин" деген ұғымның өз басына келсек, күні бүгінге дейін бұл жайлы бірыңғай пікір қалыптаса алмай келеді. (Ө.Айтбаев. Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы. Алматы.Қазақ ССР-інің "Ғылым" баспасы. 1988.86.).

"Термин"- бұл арнаулы қолданыс саласындағы ғылыми немесе өндірістік-технологиялық, ұғымның атауы болып табылатын және дифинициясы бар сөз немесе сөз тіркесі. (Прохорова Б.Н. Актуальные проблемы современной русской лексикологии. М. Изд-во МГУ.1973.стр.40).

Ғылыми анықтағыш еңбек "Советский энциклопедический словарь (Москва. 1980) термин жөнінде мынадай аныктама береді, термин рим мифологиясында шекара құдайы және ол "шекара", "шек" деген ұғымды білдіретін латын сөзі.

Термин (ағыл) дегеніміз арнайы ұғымдар мен арнайы заттарды дәл белгілеу үшін жасалған (қабылданған, енген және т.б) тілдегі арнайы сөздер мен сөз тіркесі. (Ахманова О.С.Словарь лингвистических терминов.М.1966). Қазақ Совет энциклопедиясында да негізінен осы типтес анықтама берілген: "Термин, атау-ғылым сол сияқты тұрмыстың белгілі саласындағы ұғымдарды дәл атау үшін жұмсалатын сөздер мен сөз тіркестері. (Қазақ Совет Энциклопедиясы Алматы.1977.2-т.).

Тіл білімінің белгілі мамандарының бірі А.А. Реформатский термин мен терминология ұғымының теориялық мәнін ашып беруге тырысады. Ол термин, үғым, сөз түсініктерінің өзара байланысы жөніндегі түрлі пікірлерді сүзіп шығып, екі түрлі бағытқа ден қояды: бірі- терминді белгілі бір затпен байланысты қарайтындар да, екіншісі-ұғыммен байланысты қарайтындар. А.Реформатский терминді ұғыммен байланыстыра қарайтын бағыттың белең алып келе жатқанына назар аударады. Ол мұның яғни термин мен ұғымның өзара қатыстылығы әсіресе ғылымда айқынырақ көрінетінін байқайды. Сөйтіп осы уақытқа дейін термин мен терминологияға беріліп келген анықтамалардың көп кемшілігі барын сынай отырып, терминнің жоғарыда сөз болған ерекшеліктеріне төмендегі белгілерді қосады: термин емес сөздердің мағынасы көбінесе контекс арқылы ашылып отырса, термин сөздер контекске тәуелді емес. Сондай-ақ термин сөздерге көп мағыналық экспрессия жат екенін баса айтады.

Термин мәселесімен тікелей айналысқан қазақ ғалымы, белгілі лингвист Қ.Жұбановта терминнің өзіндік өзгешелік сипатын дұрыс түсінбеушіліктен кеткен қателерге назар аударады. (Жубанов К.О исследования по казахскому языку.Алма-Ата.1966. 273 с.).

Байқап отырсақ, әрбір терминге берілген анықтама оны жеке термин ретінде даралап, ерекшеліктерін көрсетіп, мәнін ашады.Терминнің басты белгілері: бір мағынада қолданылуы, дәлдік, қысқалық, жүйелілік. Термин термин болуы үшін, алдымен оның дұрыс жасалынуы, содан кейін әлгі дұрыс жасалынған терминнің тілімізде кең қолданыс табуы тиіс.

Жалпы термин жасау дағдысында А.Байтұрсынұлы ұстанған ең басты екі принципті аңғарамыз. Оның бірі және ең негізгісі-термин жасауда қазақ тілінің өз мүмкіндігін барынша сарқа пайдалану. А.Байтұрсынұлының еңбектері, әсіресе оның "Тіл құралы" мамандардың назарын әлі күнге аударып келеді, себебі мұнда ол қазақ сөзін алғашқы рет жүйелі түрде терминдік мәнде қолданады.

Осы алып тұлға қазақтың ұлттық ғылымы жолында өзіне дейінгіге көлеңке түсіріп, кейінгіге шам болып жанып, сәулесімен жол сілтеп тұрғандай болды. А.Байтұрсынұлы салған сара жол- ғылымды ұлт тілінде меңгеру, ұлт тілінде сөйлету. Ғылым атаулары қазақ тілінде нақты баламаларын тапқанда ғана ғылымды қазақша сөйлете аламыз. Ал, ғылым атаулары ана тілінде жасалмаған жағдайда "ұлттық ғылым" тіркесі орынсыз. Ахаң жасаған әдебиет, тіл ғылымы атаулары мыңға жүк боларлық жаңалық, қазақ тілінің танымдық деңгейін шырқай көтерген, оның оралымдығын, бейімділігін, бейнелілігін, қала берді сөз байлығын жарқырата көрсеткен аса терең мағыналы құнды еңбек болатын. (Ш. Біләлов "Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың өзекті мәселелері". Алматы. 1996.40 б.і.) Біздерге күрмеуге келмейтіндей көрінетін қазақ тілінің мүмкіндігі шексіз екендігі, қай ғылым болса да сөйлете алатындығы А.Байтұрсынов еңбектерін оқығаннан кейін айдай көрінеді. Ш.Біләловтың жоғарыда аталған кітабында "кезінде терминжасам ісіне мол пайдасы тиген тарихи документке" оның он принципіне талдау жасалады. Солардың кейбіреуіне өз ойымызды білдірейік. Шарт бойынша "сословие", "состав," "клетка", "слет" сияқты қазақ тілінде баламасы жоқ немесе терминнің қазақша нұсқасы бастапқы мағынадан ауытқитын болса, оны аудармай алған дұрыс деген принципке Ш.Біләлов та, біз де қосыла алмаймыз, себебі баламасы жоқ сөз кемде-кем, оны еңбектеніп іздеп табу қажет. Ал, ол дегеніңіз-уақытты, көп ізденуді талап ететін ауыр жұмыс.

Сол принциптің төртіншісінде "Әр қилы жағдайда әр алуан мағынаны білдіретін мануфактура (саяси-экономикалық және тауартану мағынасында) продукт (өндіріс өнімі және азық-түлік мағынасында) сияқтылар бір пәнде термин ретінде алынсын да, екіншіде жай сөз ретінде аударылсын" деген қағида да дұрыс анықталмаған. Экономикаға байланысты мануфактура - "өндіріс деген термин, ал продукт сөзінің аудармасы - өнім. Ал, бір сөзді аударып та, аудармай да қолдану, терминге тән жүйелілік белгісіне қайшы келеді.

Алтыншы пункт бойынша, аударуға келетін терминдерді аударғанда оның ғылыми мәні дәл берілуін қадағалау қажет. Аудару кезінде қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктері қатаң сақталуы тиіс деген принципті мақұлдап, "Макроэкономиканы" тәржімалауда қолданған жеріміз бар.

Оныншы пунктте де өте маңызды мәселеге мән беріледі. Атап айтқанда, Ұлы Октябрьден бері әсіресе орыс тілінің сөзжасау тәжірибесінде қолданылып келе жатқан біріккен күрделі сөздер мәселесі әңгіме болады. Саяси экономия (политэкономия), ауатком (райисполком) т.б.тәрізді жаңа тіркесім терминдер қазақ тілі заңдылығына орай жасалып, Мемтерминком бекіткеннен соң ғана қолданысқа ендірілсін-деген қағидаға да келісуге болады.

Экономикалық терминдерге келетін болсақ, олар сауда-саттықтың кең құлаш жайып өркендеуіне байланысты ерте кезден-ақ қолданыла бастаған.

1913 жылы "Айқап" журналында экономикалық шаруашылық жағдайына байланысты мақалаларда базар, доход, тауар, план, һөнер кәсіб т.б.сөздер кездеседі. Халқын байыту, қазыналық доходты арттыру, құрал ақша көбейту, халқын оқулы қылу жолында... һеш нәрседен қорықпады, шаршамады. (Айқап. 1912.N13.289-6.). Мундағы доход сөйлеу тіліндегі қолданысынан гөрі тұрақтылық, ресми мәні сезіледі. Доход экономикадағы жалпы түсім, пайда емес, мемлекеттің тұрақты қоры мағынасында жұмсалып тур. Бұран шет патшалықтардың істеген мата тауарларына муқтаж екен (Сонда.1913.N9.1916)."Айқап тілінде "Дүнияда туруға бірінші тірек болған" промышленность яғни һөнеркәсібі бізде жоқ.(Айқап. 1913.N9.190-6.).

Кейінгі кездердегі мерзімді баспасөзде тіркес құрамындағы сөздердің арасы жақындап, бірігіп кетті, соның салдарынан "һөнер кәсіб"-өнеркәсіп тұлғасына өзгеріп, біріккен сөз болып кетті.

Тіл ғылымы саласында лексикологияның бір тарауы-лексикография-сөздіктердің жасалуына байланысты сөздер, терминдер зерттеліп белгілі бір ғылыми жүйеге түсті.

1936 жылы басылып шығарылған "Қазақ тілінің терминдері" деген кітапша латын әліпбиімен жазылған. Оған 160 экономикалық термин кірген:

Валовая прибыль – Вarliq өnim

Выработка – өnіm (19)

выручка – tysim (19)

маклер – deldal (23)

мена - ajьrnas (23)

прибыль – najda (26)

реклама - reklam (27)

рента - renta (27)

ссуда – qarьz (28)

товар - tavar (29)

Кейіннен 1962 Әбдіров М., Құлқашев Т., Долыбеков С., экономика терминдерінің орысша - қазақша сөздігін құрастырды. 1974 жылы "Қазақстан" баспасынан М. Әбдіровтың "Қазақша экономикалық сөздігі жарық көрді. Ол-қазақ тілінде тұңғыш рет жасалып, жарық көрген қысқаша экономикалық түсіндірме сөздік. Оған академик С.Бәйішев (ол кезде профессор) редакциялық жасаған. Жалпы 406 сөздер мен сөз тіркестері қамтылған.

Мырзаберген Малбақов "Қазақ сөздіктері" деген еңбегінде ғалым аламыз Р.Сыздықованың қазақ лексикографиясының келелі мәселелерін жан-жақты сөз ететін көлемді мақаласында, сауда капиталына байланысты ұғымдарды білдіретін сөздер ретінде: өсім, аренда, өсімші, сүтқор – банкир, пайда -прибыль, борыш, қарыз - заем, долг, кіреу - заклад, бексель -вексель, задетка – задаток, сома - капитал, дүкен – магазин, мүлленшік - миллионер, саудагер - торговец, залал - убыток, баһа -цена секілді аудармалары бар,- дейді. (М.Малбақов. Қазақ сөздіктері.Алматы."Ана тілі". 1995).

Ешмұхамед Букиннің сөздігінде (тұңғыш сөздік, 1883 ж. Ташкент қаласында шығарылған) осы атаулар түгелге жуық бар, бір ғана айырмашылығы - қарыз сөзінің орнына "несие" қолданылған. Р.Сыздықова термин жасау жайында "Қазақ қоғамы өміріне жаңадан еніп жатқан құбылыстар мен ұғымдардың атауын жасауда өткен ғасырдың өзінде-ақ қазақ тілі өз ресурстарына иек артқаны білінеді,-дейді Малбақов (Қазақ сөздіктері.Алматы.1995).

Әдебиет:


1. Ө.Айтбаев. Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы. Алматы.Қазақ ССР-інің "Ғылым" баспасы. 1988.86

2. (Қазақ Совет Энциклопедиясы Алматы.1977.2-т.).

3. Айқап. 1913.N9.190-6.

4. М.Малбақов. Қазақ сөздіктері.Алматы."Ана тілі". 1995

5. Ақшалова Б.Н. Макроэкономика (аударма). Білім. 1997.
Қазақ тіліндегі кейбір экономикалық терминдердің қолданылу аясы.

Халқымыз көз жеткізбегенге сөз жеткізеді деп бекер айтпаған. Соңғы бес жыл ішінде жарық көрген енбектерге, экономикалык сөздіктерге, басқа тілдерден қазақ тіліне аударылған макроэкономикалық зерттеулерге назар аударсақ, ГБ.Жунісов., Ү.Мәмбетов., Ү.Байжомартов.1994). қазақ тілінің сөздік қоры, лексика - грамматикалық жасалу тәсілдері аталған ғылымның қажетіне жарап жатқандығын көруге болады. Бұл аталған пікірдің айғағы ретінде "Макроэкономика" оқулығының аудармасын тілге тиек етуге болады.

Біз ең алдымен қазақ тілінде экономика термині ретінде қалыптасқан сөздерді, онан соң шет тілдерінен кірген аударылмайтын терминдерді макроэкономиканың негізін құрайтын негізгі қаңқасы деп есептеуге болады.

Тәржімалау процесінде байқалғаны бұрын кунделікті өмірімізде сирек немесе қолданыла бермейтін сөздер мен сөз тіркестері:

үлгі - модель - model

қозғалмайтын мүлік - недвижимость –real estate

деңгей - уровень - level

ықпал - воздействие - influence

кедергі - помеха - disturbance

жарнама - реклама - advertisement

куэлік - полис - policy

тәсіл - метод - method

кепіл - залог- mortgage

құжат - документ -document

құнды қағаздар - ценные бумаги – securities

аз уақыттың ішінде күнделікті өмірімізге еніп кетті.

Макроэкономиканы аудару процесінде жалпы терминдердің бәрі бірдей қолданыла бермейді. Біз бұл екінші жағдайға аса көңіл бөлмей, ең жиі қолданылатын экономикалық терминдерді статистика - есептеу тәсілі арқылы біраз қарастырдық. (Н.Д.Андреев.1967.,А. Қ.Қүрышжанов, А.Қ.Жүбанов, А.Б.Белботаев Қүманша - қазақша жиілік сөздік.1978). Кейбір кездерде бірінің мағынасына ұқсас синонимдері қолданылуы керек болып қалады. Біреулері өте жиі қайталайды, басқалары ондай емес. Санмен белгілемегенмен өте жиі қолданыс тапқан терминдерді атап өтелік: ақша, айырбас курсы, сұраным, ұсыным, ұтымды күтулер, табыс өнім, деңгей, нарық, тұтыну, инфляция, шығын, кіріс, төлем, баланс, ақша қоры, құнсыздану, процент мөлшерлемесі, жүмыссыздық, несие, тапшылық, молшылық, болжам, қарыз, бағалы қағаздар, банк, акция, экономика, қысқа мерзім, ұзақ мерзім, реттеу, қаржыландыру. Бүл терминдер - экономика ұғымының тірек сөздері.

Нарықты экономикаға байланысты сөздерді, терминдерді сандық-статистикалық әдіс арқылы зерттегенде, жиі қолданылатын сөздер қатарына қазақтың байырғы сөздері: құн, мұра, несие, тауар, сауда, шығын, бәсеке, кор жататыны байқалды.

Қазіргі қазақ тілінде экономика термині ретінде қолданылатын "Құн деген сөзі, орыс тіліндегі баламасы – стоимость, қазақ халқының сәздік қорында өте ерте кездерден колданылады. Құн сөзі барлық түркі халықтарының тілінде бар. Х-ХІ ғасырларда Караханидтер мемлекетінің дәуірлеп жоғары көтерілген кезеңі еді. Бұл ұлы түркі мемлекеті Қытайдан бастап. Каспийге шейін созылған кең территорияны алып жатқан болатын. Оның орталығы -Кашгар, солтүстігінде Баласағун батысында Самарқанд, сауда, саяси орталығы болып есептелетін. (Юсуф Хос Хожиб "Қутадғу билиг" 1972. 8 бет.) Осы сөз Октябрь революциясынан бұрын адамның төлеуіне берілетін мал-мулік дегенді білдіретін атау ретінде қолданылған: "Өлтірілген кісі үшін қарсы жаққа төленетін айыптау төлемі". (Қазақ Совет Энциклопедиясы.7 том.37 бет.). Ертеде Төле би мен Қазыбек би бір өлген кісінің құнын даулап Алшын еліне барған...".(Н.Төреқулов "Қазақтың жүз шешені".1982.124 б.). Осы сөздің төркінін қарасақ, монғол тілінде хүн (С.Хабшай., Ә.Мініс, "Моңғолша-қазақша сөздік", 1954, 3076., Г.Ж.Санжеев.1947.279 б.). - адам деген мағынада (хундәч - адамшыл - қонағуар) ауған, орду (Урду-русский словарь под ред.А.П. Баранникова. 1951. стр. 312. Афгано-рус.словарь под ред. член-корр. Е.Э.Бертельса, 1950,стр.245.), тілдерінде қан, кісі өлімі деген мағынада қолданылады. Бұл сөзді ертеректе шыққан бір сөздікте құн деп жазғак. (А.Ф.Бурдаков "Русско-монгольский словарь".1935. с.309).

Сөйтіп, қазақ тіліндегі құн деген сөз адам деген уғымда болған. Өйткені ерте кезде өлтірілген адамның құнына не адам алып, не адам өлтіреді екен; муны: "қанға қан; қанды қанмен жуады" деген мәтелдер содан қалған. Бұл сөз, әрине, ауған, орду тілдерінен ауысып келген деуге болмайды, өйткені арада жатқан өзбек, түрікмен сияқты қаяың елге соқпай, олар қабылдамаған сөз бірден қазақ халқының тіліне ауыса қоймайды. Сондықтан бұл сөзді қазақ халқы өзінің тікелей көршісі монғолдан ауысқан болуы ықтимәл. С.Е. Малов, бұл сөздің сары ұйғыр тілінде хұн-қан деген мағынада қолданылатынын айткан. (С.Е. Малов "Язык желтых уйгуров", 1957. стр.130). Ал ертеде қазақ халқының сары ұйғырлар мен де қатынасы болған.

Міне, бұл сөз бұрын "адамның төлеуі" деген мағынада қолданылып, адам деген ұғымды ғана білдірсе, қазір саяси экономикалық терминге айналған. (І.Кенесбаев,Ғ.Мусабаев.1975, 50-51 бет.).

Ал, қазір "құн" сөзінің мағынасы өзгеріп, нарықтық экономика тілінде: құн - 1)бірнәрсенің ақшаға шаққандағы бағасы немесе бір нәрсеге жұмсалған шығын шамасы; 2) тауарды өндіруге жұмсалған және осы тауарда затқа айналған қоғамдық еңбек.(Ж.Аяпова, Е.Арынов.1993.259 бет.).

Осыдан келіп, құнға байланысты мынадай тіркестер жасалды: қосымша құн, қүнды ақша қоры, құны жоғары ақша, қосымша құнға салынатын салық, кредит кұны, "ноу-хау" лицензия құны т.б.

Нарықтық экономикалық терминдер, сөздер әр түрлі сөз тіркестері арқылы да жасалады: Мәселен: бір ғана нарық сөзіне байланысты тіркестер; нарық - рынок - mагкеt сөзі төмендегі тіркестерді тілімізге қалыптастыра бастады: мемлекеттік мекемелер нарығы, монополиялық бәсеке нарығы, сатып алушы нарығы, сатушы нарығы, өндіруші нарығы.аралық сатушылар нарығы, өндіруші нарығы, делдалдар нарығы, несие капиталының нарығы, таза бәсеке нарығы, нарыққа қатысты теория, нарықты мемелекеттік реттеу, нарық коньюнктурасы, нарықтық құн нарықтық инфрақұрылым, нарық тепе – тендігі, нарық күштері, нарық қорлары, нарыққа шығу, жабық нарық, банка-ралық нарық, т.с.

"Баға" сөзін алайық. Оның алғашқы мағынасы біреу болған:

1. Заттың құны, нарқы. Мұндай аттың бағасы кем дегенде 40-50 сом - деді Нығметжан Балуан Шолаққа (С.Мүқанов. Шығармалар). Совхоз жүмысшыларына, колхозшыларға және басқа тұтынушыларға олардың жеке пайдалануы үшін керекті облыс белгілеген баға бойынша сатып беріледі. (А.Әбішев. Ауылда). Біреуі басы артық жүн-жұрқасынан құтылғанына қуанса, біреуі өзіне керегін қалағанынша таңдап, қадағына екі - үш тиыннан баға кесіп жатыр. (Ғ.Сыланов,Асау арна).

Сол мағынасы әлі де көнерген жоқ, қайта әкономика термині болып қалыптасты.

2. 0қушының білім дәрежесін анықтауда қойылатын бес балдық жүйе. Оқу майданындағы жарты жылдықты өте жақсы бағамен аттандырып, ол "уһ" деп бір дем алды. (М.Иманжанов. Адам туралы).



3. Ауыспалы мағынасы - қадір-қасиет. Баға жетпес. Ұлы Отан соғысы жалдарында Жамбыл өзінің шабытты өлеңдерімен халыққа баға жетпес қызмет көрсетті (М.Қаратаев. Туған әдебиет). Бағасы асты. Қадірі артты, беделі артты. Жарас ай, өзің болдың анық ағам, асты ғой бәрінен де сенің бағаң (М.Әуезов. Шығармалары).

Ей Біржан, жасың үлкен, өзің аға, қымбаттығым белгілі білсең баға. (Біржан сал).

Ал, "бірінші" баға-экономикалық баға, заттың құны. Қалған екі баға сол негізгі баға сөзіне еліктеуден және ұқсатудан келіп шыққан. Негізгі мағына мен ауыспалы мағынаны ажырату оңай; "Баға" экономикалық термин ретінде келгенде, оның қолдану аясы өте кең:

"Баға" - экономикада келесі тіркестермен қолданылады: дүниежүзілік нарық бағасы, көтерме сауда бағасы, тұтыну бағасы, лицензиялық бага, талап бағасы, өндіріс бағасы, нарыққа бойлап ену бағасы, бөлшек сауда бағасы, сиф бағасы, өзгермелі баға, кейіннен тіркелетін баға, анықтамалық баға, "тыныштандырушы" баға, фактуралық баға, фас бағасы, фоб бағасы, франко бағасы.мақсатты баға, баға лидері, баға маркетингі, баға шегермесі, кооперативтік сауда бағасы, ноу-хау бағасы, биржалық баға, белдеулік баға, үстеме баға, инженерлік-консультациялық қызметтердің бағасы, баға деңгейі, баға деңгейіндегі өзгерістер, баға көрсеткіші, баға қоры, баға факторы т.б.

Сөздің заттар мен құбылыстардың және олардың белгілерінің бейнесімен тікелей байланысты лексикалық мағынасы тура мағына екені белгілі.

Қазіргі тілімізде экономика ғылымында қолданылып жүрген терминдердің тамыры ескі заманда жатқандығы белгілі. Нарықтық қатынастарға байланысты олар күнделікті қолданылатын лексикамызға айналды. Бұл сөздер казіргі өркениеттін жеткен биігіне, қоғамдық даму дәрежемізге тікелей байланысты.

Нарық І. Сатылатын заттардың тұрақты кұнын білдіретін баға ретінде қолданылатын қазақтың байырғы сөзі. Бұлғын терісі өте жоғары нарықпен бағаланады. (Ж.Кенжебаев.Орман). Базар нарқынан артық сұрамайтын (С.Бегалин.Замана). Алайда бұл сөздің ауыспалы мағынасы да жоқ емес. Ол -парық қадір, қасиет. (Түсіндірме сөздік.1973).

Шіркін дүние-ай! Бір үйдің төресі де өзім болып, ештеңенің нарқын білмедім-ау! (К.Асанов, Сағыныш). Алды көктем, жігіттің арты жаз боп, Асыл енге көрінбес нарқың аз боп. (Ғ.Кайырбеков, Қанатты). (М.Ә.Қараев.1993.426.). "Үйдегі сауданы базардағы нарық бузар" (Мақал). "Нарыққа көнбеген -парыққа көнбес.

Экономикаға байланысты нарық мағынасы.

Нарық - экономика саласы, бұл салада тауардың ақшаға айналу және керісінше ақшаның тауарға айналу процесі жасалады. Экономиканың әртүрлі саласында өндірілген тауарларды сатып алу - сатудың өзара байланысты актілердің жиынтығы. (Іскер адамның экономикалық сөздігі.1993.235-бет.).

Экономикалық оқулықтарда бұл термин көбінесе сөз тіркестері арқылы қолданылады;

Әдебиет:


1. Н.Д.Андреев.1967.,А. Қ.Қүрышжанов, А.Қ.Жүбанов, А.Б.Белботаев Қүманша - қазақша жиілік сөздік.1978

2. Махмуд Кашгарий. Девону луготит турк.т.т. I-IV. 196О-1967гг



3. Ж.Аяпова, Е.Арынов.1993.259 бет

4. Ақшалова Б.Н. Макроэкономика (аударма). Білім. 1997.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет