Ашық тұқымдылар , жалаңаш тұқымдылар (Cymospermae) тұқымы мен тұқым бүрі жеміс жапырақшасының үстінде ашық жататын жоғары сатыдағы өсімдіктердің ежелгі тобы. Олар девон, тас көмір, пермь кезеңдерінде пайда болған. Ашық тұқымдылардың 600-дей түрі саговниктәрізділер Cycadophyta, гинкготәрізділер (qіnkgophyta), қылқан жапырақтылар (Conіferophyta) және Qnetophyta гнеттәрізділер немесе қабықты тұқымдылар (Qnetophуta) болып 4 топқа бірігеді. Қазақстанда 3 тұқымдасы, 6 туысына жататын 25 түрі бар. Олар негізінен Қазақстанның таулы аймақтарына топтасқан. Ашық тұқымдылардың түрлеріне Алтайдың самырсынды тайгасы, Тянь-Шаньның шырша және сирек аршалы ормандары жатады. Ашық тұқымдыларға жататын өсімдік түрлерінің тұқым мен тұқым бүрі жабық тұқымдылардай аналық керегесімен қапталмайды. Сонымен қатар олардың гүл серігі мен трахеялары да болмайды, ал гүлдері дара жынысты, бір үйлі. Ашық тұқымдылар – ағаш тәрізді өсімдіктер (ағаштар, бұталар, шырмауықтар), олардың ішінде шөптесін өсімдіктер мүлде кездеспейді. Ашық тұқымдылардың ормандарда атқаратын рөлі ерекше. Олар су айналымын реттейді, топырақты эрозиядан сақтайды. Кейбір түрлерінің (қарағай, самырсын, шырша, т.б.) шаруашылыққа маңызы зор.