Қасиеті ерекше туған жерім!
Туған жер - тұғырың
Уа, дариға, алтын бесік туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!
Жаза алмас ем топырағыңды тебіренбей
Ақын болмай, тасың болсам мен егер,-
деп кезінде болашақ ұрпаққа мол әрі аса құнды мұра қалдырған Қасым Аманжолов ақын атамыз туған жерін осылайша өлең - жолдарымен сүйіп өткен екен.
Адам баласы үшін туған жердің қасиеті ерекше. Оны қайда жүрсе де жүрегіміз әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Халқымыздың туған жерді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қадір тұту - қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Себебі туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен дарыған."Ата мекен - алтын бесік"деп, ата - бабамыз тегін айтпаған. Ол өз перзентіне барын, нәрін береді. Төсінде тербетіп, аялап әлпештейді. Әр адам өз туған жерін мақтаныш етеді, қадір тұтады. Туған жерге қызмет ету - әрбір азаматтың игі арманы, мақсат - мүддесі."Ұлтарақтай болса да, ата - қоныс жер қымбат"- деген мақал әр адамның жүрегіне терең ілтипатпен алынатын мақал. Туған жердің табиғат да бір ерекше!
Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Дана халқымыз: «Алтын ұяң – Отан қымбат... Туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат», - деп туған жердің қасиетін ерекше бағалаған. Сондықтан әрқайсымыз Отанмызды ардақ тұтып, оның тарихын жете білуіміз керек. Және де жас ұрпақтың бойына ел тарихын, шежіресін сіңіру аға ұрпақтың басты міндеттерінің бірі болып табылады деп ойлаймын. Менің Отаным кішкентай болса да, мен үшін аса қымбат жер Балпық би кентінен басталады. Жайдары жандары, өзен-көлі, кең жазыққа ие байтақ даласы, табиғатты әсем етіп өрнектелген жануарлары, бәрі-бәрі маған ерекше ыстық болып сезіледі. Бұл жерде менің ой-санам қалыптасып, болашағымның іргетасы қаланды. Алғаш дүние есігін осы жерде айқара ашып, жарқын өмірге де осы жерде аяқ бастым. Алғашқы сезген иісім де кең даланың, яғни осы киелі мекеннің жұпары болатын. Алғаш аяқ тіреген жерім де осы даланың топырағы. Бұл киелі мекен адам жанын сергітіп, адамға рухани күш-қуат сыйлайды. Бой сергітер әсемдігіне қарап бейне бір жұмақ мекен дерсіз. Дәл осы жерде менің көңілді де, шаттықты, уайымсыз балалалық шағым өтті. Үйдің маңындағы аулада ойнағаным және бала - бақшаға барған көше әлі есімде. Сол кезде ол маған өте ұзын болып көрінетін.
Бұл өлкенің атап көрсетер ерекшеліктері көп. Соның бірі жылдың төрт мезгілі. Әр мезгіл айқын байқалып, өзіндік ерекшелігімен ерекшеленеді. Мен сол ерекшеліктерді қаламмен суреттеп көрдім:
Күзде дала қоңырқай түске боялып, адам жанын ерекше күйге бөлейді. Күзде жауған күз жаңбырлары дала үшін де айтарлықтай пайдалы болып саналады. Жаз бойы сайран салатын құстар жылы мекенге бағыт алып,кең даламен қимастықпен шулай қоштасады. Адамдармен қатар басқа да тіршілік иелері қыстық қамын жасаумен әлек болады.
Қысы қыңыр мінезді болғанымен,кең дала төсіне қарап қыңырлықты ұмытасың. Айналаға ақ кілем төселіп,жаның кіршіксіз тазалықты,пәктікті сезеді. Ақ мамыққа із түсіре жүгірген дала аңдарының ізі бейне бір кілем үстіне сырылған оюдай болып табиғатқа ерекше өң беріп тұрады. Боран дыбысы табиғат күйімен үндесіп, жаз құстарының орнын алмастырып тұрғандай күй кешеді.
Қыстан кейін келетін көктем мезгілі бұл мекенде ерекше байқалады. Табиғатпен бірге адам жаны жаңарып, табиғаттың әсем көрінісіне қарап ерекше күйге бөленесің. Қайта келіп жеткен құстар әні құлақ құрышын қандырып, айналаны әсем әуенмен жандандыра түседі. Осы сәтте күн де кең даланы жылуымен жылытып, нұрымен нұрландыра түседі. Көктемнің алғашқы жауыны жерге сіңіп жер бетін құлпырта түседі. Жайқала өскен дала гүлдеріне қарап еркіндікті, шексіз сұлулықты байқайсың. Көктеммен бірге келетін жақсылықтың, байлықтың,берекенің мерекесі-наурыз мейрамы бұл мекенде жоғары деңгейде аталып өтіледі. Ат шаптырып,дастархан жаю, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлерімізді өткізу біздің ауыл үшін жыл сайын атқарылатын істер. Осы арқылы біз салт дәстүрлерімізді дәріптеп, насихаттаймыз. Бұл игі іс салт-дәстүрлеріміздің тасада қалмауы, ұлттық санамыздың сөнбеуі үшін өте қажет. Бұл мезгілдің тағы бір ерекшелігі төрт-түліктің төлдейтін уақыты. Ел ішін береке мен мерекеге толтыратын бұл мезгілді асыға күтеміз.
Адам жанын сергітер тағы бір мезгіл-жаз мезгілі. Жаз мезгілі өзге мезгілдерден күннің ыстықтығымен ерекшеленеді. Бұл мезгілде балалар суға шомылып, қуанышқа бөленеді. Күннің жылуы ерекше таралатын бұл мезгілде ауылдың әрбір адамы көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Балалар доп қуысып мәз-мейрам болып жүреді. Алаңсыз балалық шақтың дәлелі айқын байқалады. Маған бұл мезгілдің кешкі уақыттары қатты ұнайды. Қызарып батқан күн көрінісі адамға шабыт сыйлап,адам бойында ерекше бір сезім қалдырады. Әрбір шаңырақ қыстық қам жасап, азық дайындайды. Бұл мезгіл кез-келген іс жасауға өте қолайлы кезең болып табылады.
Табиғатымыздың тағы бір байлығы-өзені. Бойына құс қонып,жағасын құрақ жапқан бұл өзен - Жалдама деп аталады. Бұл өзен үлкен аумақта созылып жатыр. Ауылдың жанында орналасқан бұл өзенге жаз бойы балалар шомылып, балық аулап қызықтайды. Өзенде балықтың көптеген түрлері кездеседі. Жалпы айтқанда бұл өзеннің күллі тіршілік атаулына тигізер пайдасы орасан. Мұнда көлік сирек жүретін, бірақ серуендеп жүретін адамдар көп болатын. Иә... Туған жер ұзаққа қиып жібермейтін... Жүректің әлсіз дүрсілі естіледі.
Қазір ержеттім, бірақ та өмір бойы мен үшін балалық шақтағы туған аула мен көше – менің кішкентай Отаным болып қала бермек. Сонымен бірге мен елімнің бір бөлшегімін, оның бүгіні мен болашағымын. Елімнің патриоты ретінде болашақта жалпы мемлекетімізге еңбегім сіңсе деймін!
«Отансыз адам, ормансыз бұлбұл», -деп дана халқымыз бекер айтпаған. Себебі, адам баласы туған жерсіз, Отансыз ғұмыр кешпейді. Әр адамның тұрақты үйі, мекені болу қажет.Сонда ғана адам бақытты өмір сүреді. Кіп-кішкентай бұлбұлдың өзі туған жерін іздейді, қайғырады. «Әркімнің өз жері - жұмақ», - дегені рас. Елбасымыздың:«Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деген сөзімен ойымды түйіндей келе, туған жер баға жетпейтің байлық таусылмайтын асыл мұра.Ол бізді ананың алақаныңдай аяулы етіп ұстады.Туған жер үмітің ақтап оны әрі қарай жаңартып көркейтуіміз қажет. Сондықтан барша отандастарымды егеменді еліміздің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етуге шақырамын.
Достарыңызбен бөлісу: |