Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе



Дата04.11.2016
өлшемі73,72 Kb.
#217
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе...

 Мақсаты: Абайды терең таныту, мектеп бағдарламасына енген өлеңдерін мәнерлеп оқыту, қара сөздерінен ғибрат алу, әндерін шырқау, аудармаларынан хабардар ету.


Дамыту: Абай атамыздың қалдырған асыл мұрасын әр тәрбиеленушінің ой-санасына жеткізу, оқушылардың ойлау қабілеттерін, сөйлеу тілдерін дамыту.
Тәрбиелік Абай шығармалары арқылы Отан сүйгіштікке, ұлтжандылыққа,
мәні: адамгершілікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердіұлы, М. Әуезов портреттері, Абай туралы жазылған цитаттар, буклеттер, рефераттар, Абай балалары т. б.

1. Кіріспе:


Мұғалімнің сөзі. Бүгінгі ашық тәрбие сағатымыз Абай атамыз жайлы болмақ. Абай атамыз жайлы 1-сыныптан бастап оқып келеміз, бүгін білгенімізді қорытамыз, білмегенімізді үйренеміз. Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ақыны, ұлттық жазба әдебиетіміздің атасы.
Абайды бүкіл әлемге танытқан біріншіден: өлеңдері мен қара сөздері болса, екіншіден: М. Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясы болды. Мұхтар бала кезінде ұлы ақыннан бата алған. Мұхтар Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы. Ол осы еңбегіне өзінің соңғы жиырма жылын арнады, бұл роман біздің заманымыздағы ең ұлы шығармалардың бірі ретінде бағаланады. 4-томдық роман эпопея 1942-1957 жылдар арасында жарық көрді.

2. Өмірбаяны:


А. Құнанбаев 1845 жылы 22 тамызда Семей облысы, қазіргі Абай ауданы, Шыңғыс тауында дүниеге келген. Туған жылы – жылан. Абайдың шын аты – Ибраһим. Шешесі Ұлжан – Ибраһим деген атты өзгертіп Абай деп қойған. Ақынның арғы тегі Орта жүз, Тобықты, Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Абайдың жеті атасы: Айтек, Олжай, Айдос, Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбай, Абай. Руы – Тобықты.
Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілмен ел анасы атанған кәрі әжесі Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз, ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінез көнтерлі, әзіл – қалжыңға шебер, жөн-жобаға жетек, өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті.

Абай жасынан ынталы, зерек бала болады. Ол, ертегі, әңгіме, өлеңдерді тез жаттап алған. Ол сауатын Ғабитхан молдадан ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл медреседе араб, парсы тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады.


Ол сол кезде өлең шығарумен де әуестенеді, бірақ шығарған өлеңдердің көпшілігі бізге жеткен жоқ және ол өз өлеңдерін жас достарының атымен таратты.

Бала Абай дін оқуын місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылды. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да орысша да оқуы аяқталады. Абайдың басқа балаларынан алымдылығын аңғарған Құнанбайұлы елге шақырып алып, өз жанына ертіп, әкімшілдік – билік жұмыстарына араластырады.

Әке еркімен ел ісіне жастай араласқан Абай тез есейіп, балалықтан да ерте айырылып, жастайынан ел ішіндегі әңгіме, сөз өнерін, билердің шешендік өнеріне құлақ салып, өзінің ерекше талантымен бойына сіңіре береді. Әке – шешесінің қасында жүрсе де жас Абай оқудан қол үзбейді, бос уақытында қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиеті алыптарының өлең, дастан, қиссаларына ден қояды.

Біраз жылдан ел басқару жұмыстарына араласқан Абай 28 жасқа келгенде бұл істен бас тартады. Жас 30-дан асқан Абай орыс тіліндегі кітаптарды мықтап оқуға бұрылады. Орыстың ұлы ойшылдары қараңғылықтан құтылатын бірден – бір дұрыс жолы – орыс және қазақ мәдениетінің жақындасуы деп білді. Орыс халқының рухани мәдениетінің нағыз бағаларын тауып, таныған шақта Абайдың ой-өрісі мейлінше кеңейді.

Ән: Айттым сәлем Қаламқас.

Абайдың шығармалықпен еркін араласуы 1880 жылдар болды. Бұл кездердегі көпшілік өлеңдері Көкбай Жанатайұлы атымен таратылды. Абай мен Көкбай 25 жыл айырылмас жолдас, айнымас дос болған.


1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бастады. Оқи жүріп, білімін толықтыра жүріп, 40-тан асқан шағында біржолата ақындыққа берілді.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ – барды, ертегіні термек үшін.
Көкіргеі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі достарға бермек үшін.
1886 жылдан бастап ол И. А. Крылов, А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов шығармаларын қазақ тіліне аудара бастайды. Ақын өлеңді дәл аударуды мақсат еткенде орысша айтылған ойды, қазақша жеткізуге асқан шеберлігімен және таң қалдырды. Абай – қазақ әдебиетіне шын мәнінде аударма тәжірибесін енгізген ақын.

Абайды Абай еткен, оның тұлғасын, жан дүниесін, арман – мұратын танытқан – поэзиясы, асқақ шабыттың қуатымен жүрегін жарып шыққан сөздері.


Ол керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Туған ел табиғатын сипаттауда оның суреткерлік шеберлігі айқын аңғарылады. Табиғат көркін, жан – жануарлар тіршілігін, табиғат аясындағы елдің әлеуметтік өмірін, қазақ халқының көшпелі тұрмысын тығыз байланыстырады. Көшпелі елдің өмір тұрмысының ауырлығы, тынымсыз әрекеті, адамдардың тағдыр тауқыметіне мойынсұнуы, олардың көңіл-күйлері аяушылық сезімін туғызады. «Қыс», «Жаз», «Жазғытұрым» өлеңдерін оқу.
Бұл өлеңдері табиғатты аялауға, еңбекті дәріптеуге, қазақ халқының әдет – ғұрпын білуге тәрбиелейді. Елді бірлікке, татулыққа шақыру-өлеңдерінің ең бір күшті сарыны. Ел, жұрт деген ұғымдарды Абай қалың ел, қазақ жұрты, халық деген кең мағынасында алып, адал еңбекке, береке – бірлікке, достыққа шақырады.
«Қалың елім, қазағым қайран жұртым»

Бұл өлеңде тағдырдың талқысына түсіп, шырқы бұзылған халық бейнесін суреттейді. «Қазағым», «елім», «қайран жұртым» деген ақын туған халқы үшін жаны ашып, елжіреп отыр.


Халықтың тұрмыс – тіршілігіне арналған өлеңдері өте суреткерлікпен, дәл мазмұнмен, шынайы болмыспен түсіеікті баяндалған.
«Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай»
«Қансонарда бүркітші шығады аңға»
«Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» өлеңдерін оқу

Бұл өлеңде қыс қаһарының халық тұрысына әсері, саятшылық өнердің қиындығы мен қызығы, жағдайлап мінер аттың сыры мен сынының келісуі әр оқырманға ой салады.


Хор: Желсіз түнде жарық ай.
Өмір, адам тағдыры, дүние, заман ағымы жайлы пікірлері, дүние-танымы көбірек көрінетін өлеңдеріне қатысты Абайды ойшыл-философ ақын дейміз. Ақын өлеңдерінде адамгершілікті жоғары ұстау қажеттілікті – татулық, жақынды сыйлау, кішіпейіл болу, қулық, арамдыққа бой ұрмау, қуанышта, қайғы мұң, күйініште бірлікте болуға үндейді.
Ақын әр түрлі адамдардың мінез – құлқын, іс-әрекетін, қарым – қатынасын да сынға алды. Адам мінезін түзету – заманды түзетудің күшті құралы деп қараған. Абай адамгершілікті, әдептілікті ең негізгі моральдық принцип ретінде атап көрсетті.
«Әсемпаз болма әрнеге», «Басты бұлғаң», «Дүтбайға»
«Жүрегім нені сезесің», «Жігіттер, ойын арзан күлкі қымбат» өлеңдерін оқу.
«Қайратпен ақыл жол табар» өлеңінде әділеттік, мейірбандық болған жерде ақыл мен қайрат та жақсылыққа жеткізеді деп түйіндейді.

Ғылым – білімді уағыздаған ағартушы ақын ақылды, білімді адамды аса жоғары бағалайды. Не нәрсеге болсын ақыл – таразы, дүниенің сырын танып білуде ақыл – білімнің мүмкіндігі шексіз мол деп санайды. Абайдың ғылым үйренуге ұмтылған жастарға арналған өлеңдерінен бұл көзқарасы айқын танылады. Жастардың басқалар айтқан сөзге ермей, ақылмен өлшеп, тапқан өз пікірі болу керектігін айтып, сол пікірде табандап тұра білу қажеттігіне назар аударады. Ғылымда басқаның пікіріне сын көзімен қарау қандай қажет болса, өмірде жеңіл – желпі әңгімеге әуестенбей, білікті, тәжірибелі адамдардың сөзін ұғып, тәлім алу да сондай қажет екенін ақын орынды айтқан. Адамның өмірі мағыналы, саналы болу керек деген байлам жасайды, адамның өмір сүруі, іс-әрекеттері, алдына қоятын мақсаттары өз заманына, заман талабына сәйкес болу қажеттілігін айрықша ескертеді. Алғы күнді болжай білген – дана ақын.


«Жасымда ғылым бар деп ескермедім»,
«Интернатта оқып жүр»,
«Адам болам десеңіз» өлеңдерін оқу.

Ақын ғылыми ұғым тілімен сөйлеуге тек қара сөздерінде ғана барды. Абайдың өлеңдеріндегі бірталай маңызды ой пікірлер поэмалары мен қара сөздерінде жаласыр, толыға түскен. Ол өзінің ғақлия-өсиеттерін 1890-1898 жылдар аралығында жазған 45 қара сөзі бар. Абай қара сөздерін түгелдей дәстүрлі шешендік сөз үлгісіне құрайды. Қара сөздері тақырып жағынан алғанда ақынның өлеңдерімен астасып жатады.


24-сөзі – күншілдік; 25-сөзі – құлшылдық; 26-сөзі-надаедық;
27-сөзі-өсиет; 28-сөзі – парыз; 29-сөзі – сақтық туралы әңгімелейді.
Адал еңбек ету, егін салу, саудамен айналысу, өнер үйрену, білім-ғылымды игеру, қоғамдағы әр түрлі топтардың қылып жүрген харекеті, мінез – құлқы, адамгершілік, имандылық секілді бірталай мәселерді қара сөзінде кеңінен толғайды, үлкен көрегенділікпен көптеген құнды пікірлер түйеді. Абайды қара сөздеріне қатысты жазушы десек те қателеспейміз.
37-ші, 36-шы қара сөздерінен үзінділер.

Би: «Адай» күйіне қойылған би.

Абай сөз өнерінің, өлеңнің, ән мен күйдің қоғамдық маңызын аса жоғары бағалады. Өлеңдері мен бірге әндері де халық арасына кеңінен тараған. Нота сауаты болмаса да домбыра өмірлік серігі болды.
Абай сазгер. Музыка зерттеушілері «Абайдың әндері мен сөздері тығыз байланыста, әндерінің әуенін тек қана өзінің негізі сөзімен орындау керек»- деп жазды.
Абай өз әндерінде табиғат сұлулығын, адамның көңіл-күйін әсерлі әуенмен бейнелеп жеткізеді. Ауыздан – ауызға, әкеден – балаға мұра болып келе жатқан Абай әндері бізге де жетті. 15 әні белгілі
Құлақтан кіріп бойды алар
Жақсы әнмен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй.
Дүние ойдан шығады,
Өзімді өзім ұмытып.
Көңілім әнді ұғады,
Жүрегім бойды жылытып.
Абай орыстың және татардың халық әндерін жақсы білген. Немістің ұлы ақыны Гетенің «Горные вершины» атты өлеңін М. Лермонтов орыс тіліне аударды, орыс композиторы А. Рубинштейн ән жазды. Бұл өлеңнің сөзі мен әуені Абай жүрегін баурағаны сонша, ақын оны қазақ тіліне аударып, «Қараңғы түнде тау қалғып» атты ән шығарған.
Әндері: «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да».
Ұлы ақын Абай ақылды, тапқырлықты қажет етеді және өте қызық ойын деп жұмбақты жақсы көріпті. Өзі де жұмбақ шығарыпты. Абай ата жұмбақтары мен шешулері.
Ақынның 7 ұл, 3 қызы болған және немере інісі Шәкәрім Құдайбердиевті ақындыққа баулып тәрбиелеген. Ұлы Абай оның әйгілі ақын болып қалыптасуына үлес қосқан. Есейе келе Шәкәрім ағасы Абайдың сол ұмытылмас қамқорлығын еске алып: «Абай болмаса менің ақын болуым екі талай еді» деген екен.
Абайдың үміт күткен талантты балалары: Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Мекайл. Әкелерінің өлеңдерін жатқа айтып, халық арасына таратқан, әнші, домбырашы болған.
Абайдың орыс мәдениетімен жақсы танысуға сол кезде Санкт-Петербургте оқып жүрген баласы Әбдірахманның ықпалы күшті болды.

Көрініс: Абай мен Әбіш.


1987 жылы Абай өміріне Оразбай бастаған дала шонжарлары қастандық жасады. Оның үстіне өзінің мұрагері, білімді, дарынды ұлы Әбдірахманның қайтыс болуы жығылғанға жұдырық болып тиді. Көп ұзамай сүйікті баласы, талантты шәкірті Мағауия өлді. Ауыр күрес пен қайғылы, қиын өмірден қажыған Абай 1904 жылы ауыр сырқаттан қаза болады.
Өлді деуге болама айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артынан сөз қалдырған...
Абай өзінің туған жерінде Шыңғыс тауының етегіне таяу Жидебай өңіріндегі қыстауының жанына жерленеді.
Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы Петербургте басылып шықты. Оны Абайдың інісі Ысқақтың ұлы Кәкітай жинақтан бастырған. Абайдың 8 мың өлең жолы, 45 қара сөздері, бірнеше әндері мен аудармалары, поэмалары қалды.

Абай өлеңдерінен жас Абайдың жалын атқан сезімін, жігіт ағасы Абайдың толғаулы ойлары мен әрекетін, тоқтасқан Абайдың халық қамқоры, халық ұстазы болғанын көреміз. Ұлы Абай өмірінің соңына дейін қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресті.


Абай есімін есте қалдыру мақсатында Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби – мемориялдық мұражай бар. Абай қыстауы қалпына келтіріліп, Семейдегі Абай қорық мұражайының филиалына айналдырылды. Ақын жерленген зиратқа гранит пен мрамордан құлпытас орнатылды. Семейде еліміздің көптеген қалаларында ескерткіш орнатылған.

Жер бетіндегі күллі қазақ қауымы өздерінің ұлы Абайымен мақтанады. Олар күн өткен сайын Абайды жаңа қырынан тануда. Өйткені Абай мұралары бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдігімен мәңгі жасайтын ғажап туындылар. Абай шығармалары қазірдің өзінде көптеген тілдерге аударылып, әлем халықтарының жақсы бағасын алуда.


Абай классик ақын. Абай бейнесі музыка әлемінде күрделі музыка опера мен романстарға арқау болуда. Абай есімімен аталатын аудан, ауыл, мектеп, көше, «Опера және балет театры», ақындар үшін «Абай атындағы сыйлықтар» бар.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет