«Ата баланың қорғаны»



Дата06.02.2022
өлшемі17,08 Kb.
#79540
Байланысты:
АТА-БАЛАНЫҢ ҚОРҒАНЫ


« Ата – баланың қорғаны»
Мен, Айдар Зейнеп Сүлейменқызы, атам Нысанбайұлы Айдар қажы туралы әкемнен, ағаларымнан естіген естеліктер хақында жазбақ болып, қолыма қалам алдым. Атам өмірден өтсе де, оның көзін көрген үлкендер аман болсын деген ой осы күнде мені мазалап жүр.
...Ия, артында ұрпағы қалған жақсы екен ғой. Атамнан қалған өрелі ой, асыл сөздер қаншама! Атам жоғары педагогикалық және ауылшаруашылық білім алыпты. Ауыл мектебінде қарапайым мұғалімнен бастап, мектеп директорына дейін көтеріліп, шәкірт тәрбиелеу ісінде жетістіктерімен көзге түсіп, жастармен жұмыс істеудегі жалынды бастамаларымен танылып, білім беру ісін жетілдіре түсуге сүбелі үлес қосқан жан. Өзі туып өскен ОҚО, Сарыағаш ауданы, «Калинин» ауылында қызметтерін абыроймен атқарып, ауыл- аймаққа сыйлы болған. «Тыл ардагері» медалімен және басқа да бірқатар мерекелік медальдармен марапатталып, 85 жыл ғұмыр кешіп, дүниеден өтті. Қазір әкемнен, ағаларымнан атам жайлы қызықты әңгімелер, артында қалған өсиет, ақыл – нақылдарын естіп жүріп, қағазға түсіруді жөн көрдім. Атамның :
Дүние қызыл гүл, қашқан түлкі,
Жігіттің қайда кетпес жиған мүлкі.
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.
Сыңайын байқасаң егер дос – дұшпанның,
«Түгі жоқ» деген сөзді ұрандаған,
Дұшпанға күлкі, таба болмас үшін,
Алладан сіз бен бізге құран қалған,-
деп толғанады. Мектепте ұстаз болып жүрген шағында:
Мәз боласың, кітап ұстап мұғалімге барғанға,
Ұялмайсың, қызармайсың сабақ білмей қалғанға-
деген өлең жолдары атамның нағыз ақындық қасиетін көрсетеді.

Айдар атам мен Аманкүл әжем он екі баласын өсіріп, білім беріп, азамат етіп, өз нандарын тауып жейтін жағдайға жеткізген. Өмірлерінің соңында Меккеге барып, қажылық парыздарын өтеген адал жандар.Ұлы Отан соғысы басталғанда қаршадай болса да, колхозда еңбек етіп, Ұлы жеңіске жетуге өз үлесін қосқан абыройлы азамат болған. Көрген – білгендерін ұрпақтарына, туыстарына үйретіп, жігіт ағасы болғанда ақылын айтып, кішілерге ізетпен қараған. Дана халқым « Көп жасағаннан емес, көп білгеннен сұра» демей ме? Бақсам, атамның « Көп екен көргенімнен көрмегенім, жақсы екен бәрінен де өлмегенім» деуі де ұрпақтарына әлі де берерім көп дегені екен ғой. Адамның өмірдегі әр кезеңін атам былайша өрнектепті:


Құрсақтан басталады құндақ басы,
Балалық ғұмырыңның гүл бақшасы.
Жігіттік жастығыңның жұрнақшасы,
Ағарар ағалықтың жылдап шашы.
Жетпейді – ау, ойнап жүрген бір күніңе,
Қызыл, жасыл дүниенің құнды ақшасы.
Көкжиекке күн батса, үтір қойып,
Ашылар таң мен түннің тырнақшасы.
Әр жылың леп белгімен аяқталса,
Алдыңда сұрақ белгі –сұм патшасы,
Кім білсін, қайда қашан жабыларын,
Өміріңнің ең соңғы бір жақшасы-
деп аяқтайды.
Соғыс жылдарында өткен балалық пен жігіттік шағын, бірде тоқ, бірде аш өткен кездерін еске ала отырып, қазіргі уақытта өмір сүрген біздерге қызыға қарайтын. « Оқыңдар, білім алыңдар. Жас кезде алған білімдерің өмір бойғы азықтарың. Білекті бірді жықса, білімді мыңды жығар" деп ақылын айтып отыратын. Өмірдің жалған, қиын екенін айта отырып, бірде мынадай өлең тармақтарын ақтара салды:
Өмір - керуен, басы жоқ, аяғы жоқ,
Шүкір дейміз жүргенге, қарнымыз тоқ.
Көш керуенді бақиға бұрдыңыздар,
Арасынан жалғанның қып – қызыл шоқ.
Топырақтан жаралдық әуел баста,
Жандылар да, жансыз да, қатты тас та.
Біз де барып қалармыз, құтылмаспыз,
Талқан бітсе, амал жоқ, одан басқа.
Ойласақ сияқтымыз, жырақтамыз,
Біріміз ұлық болып, біріміз құлы болып,
Ертең бақи болып тынармыз бірақ та біз,-
дегенін, әкемнің жазып алғаны бар. Қарап отырсам, ата баланың қорғаны екен. Өзі көрген қиыншылықты балам көрмесін дейді , өзі жете алмаған асуға ұрпақтарым жетсе дейді екен ғой. Өмірдің мәңгілік еместігін айта отырып, ұрпақтарына мол өсиеті мен тағылымын қалдырыпты.
Ия, көпті көрген көреген атам... Сіздің бейнеңіз мәңгі жадымызда, Сіз айтып кеткен ақыл мәңгі ойымызда. Пейіштен орын алып, ұрпақтарыңызды жебей жүріңіз!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет