Қазақ халқының қол өнері көне заман тарихымен бірге дамып, бірге қайнасып келе жатқан бай қазына. Қазақ халқының қол өнерінің бір саласы киім тігу



Дата05.10.2023
өлшемі24,09 Kb.
#183852
Байланысты:
Реферат


Қазақ халқының қол өнері көне заман тарихымен бірге дамып, бірге қайнасып келе жатқан бай қазына. Қазақ халқының қол өнерінің бір саласы – киім тігу.

Ерте заманнан күні бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан қазақтың ұлттық киімдері әлі де аз емес.

Еуразия даласын қоныс еткен көшпелі ел қазақтардың басқа халықтарға ұқсамайтын киім ұлгілерін табиғи ерекшеліктер мен көшпелі тіршілікке сәйкес қалыптасты. Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол – біздің ұлттық мәдениетіміз.

Қазақ халқының ұлттық киімдеріп ерлер киімдері және әйелдер киімдері деп екіге бөлсек; ерлер киімдеріне: айыр қалпақ, зерленген тақия, шапан, шалбар, тымақ, ішік, саптама, етік жатады. Ал әйелдер киімдеріне: қос етік, койлек, сәукеле, кимешек, кебіс-мәсі, тақия, бөрік, көкірекше жатады.

Айыр қалпақ – ерлердің киізден тігілген жеңіл бас киімі. Айыр қалпақ жұқа етіп басылған ақ киізден тігіледі. Ол негізгі екі бөліктен құралады. Олар – қалпақтың төбесі төрт сайдан (бөліктен) тұрады. Шебер тігілген төрт қиынды киізді арасына қара барқыттан сыздық салып, қайып тігеді.

Сонда қалпақтың төбесі күмбез тәріздес болып шығады. Қалпақтың етегі жалпақтығы төрт елідей етіп, дөңгелектеп қиып алынған ақ киізден жасалады да, оны жоғарғы бөліктің (төбе) етегіне сыздық салып қондырады. Сәнді болу үшін, қалпақтың қайырмасының астыңғы жағы кейде қара түсті барқытпен көмкеріледі. Қалпақтың төбесіне қара не басқа түсті шашақ тағып, төбесін төрт сайы әр түрлі жібек жіптермен кестеленеді. Ақ киізден тігілген айыр қалпақ әрі жеңіл, әрі салқын, әрі сәнді болып келеді. Соңғы кезде жергілікті өнеркәсіп орындары айыр қалпақты әр түсті киізден жасап шығарып жүр.

Тақия – ерлердің жеңіл бас киімі. Тақияның түрлері көп. Биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ, тана болмайды. Оның есесіне олар «мүйіз» «ат ерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді, машинамен, қолмен «таңдай», «ирек», «қабырға» тігістермен әдеміленіп сырылады. Тақияны пүліштен, қыжымнан ал астарын жібек, сәтеннен тігеді. Биік төбелі тақия мен тегіс төбелі тақияны тіккенде оның етегін жалпақтығын үш елідей етіп тік төрт бұрыш етіп қиып алады. Оның төбесі үш бұрышы формалы төрт не алты сайдан құралады. Алдымен оларды тігісін ішіне қаратып құрайды да, одан соң сайлардың етегін тақияның етегіне қондырады.

Тақия мыжылмай өз формасын сақтап тұру үшін оның астары мен қос астарын беттестеріп жиі етіп сыриды. Одан кейін тысын жауып, шетін басқа түсті матамен әдіптен көмкереді. Сайлардың және тақияның төбесі мен етегін қоспа тігістері бастыра жібек жіппен әдемілеп шалып тігеді.

Қазіргі кезде жергілікті кәсіпорындар әр түрлі тақия жасап шығарады.

Шапан – Қазақстан мен Орта Азия халықтарының ұлттық киімі. Оны қалың матадан арасына жүн, мақта салып, астарлап немесе қос астарлап сырып тігеді. Ол негізінен тік жағалы да болады. Шапан: сырмалы шапан, қаптал шапан, қималы шапан деп бөлінеді. Қыз-келіншектерге арналған қималы шапанды түрлі-түсті масатыдан тігіп, жаға-жеңіне, етегі мен екі өңіріне зер ұстайды. Түйме орнына асыл тастар орнатылған күміс қапсырма (ілгек) тағады.

Қазіргі кезде түрлі-түсті мастыдан екі өңірі мен жеңі кестеленген немесе зер ұсталынған жадағай (арасына жүн, мақта салмай) шапандар тігіліп сатылады. Қазақ халқының арасында сыйлы адамдарға сыйлық ретінде шапан кигізу дәстүрі кең тараған.

Жарғақ шалбар. Иленіп, әбден өңделген жұқа теріні қазақтар «жарғақ шалбар» дейді. Қызғылт түске боялып, түрлі-түсті өрнек салынған жарғақ терінен тігілген шалбарды «жарғақ шалбар» деп атаған. Бұл сәнді киімді кезінде батырлар, бектер мен билер, сал-серілер салтанатқа киген.

Тымақ. Қазақта тымақтың түрлері көп, соның ең бағалысы - түлкі тымақ. Оның маңдайы мен құлақтарының ішкі жағына түлкі терісі тігіледі де, сырты мақпалмен, пүлішпен немесе басқа асыл маталармен сырылып тысталады. Үш бұрышты киізден құралып, шошақ болып келеді.

Ішік - қазақтың ұлттық киімдерінің бірі, оны елтіреден, сеңсеңнен, әр түрлі аң терлерінен тігеді, сырты матамен тысталады. Ішік тігілетін терінің түріне қарай: елтірі ішік, сең сең ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік, пұшпақ ішік, орман ішік, жанат ішік, бұлғын ішік т.б. деп аталады. Ішік тігетін теріні шел майынан, көк етінен арылтып алған соң ашыған айран жағып илейді. Тері әбден иі қанғанда ирек ағашпен тарап, қолмен ұқалап, керіп – созып жұмсартылады.

Ішікті жөрмеп тігеді және тігістерінің бәрі терінің тақыр жағына қарайды. Жұқа терлерді мақта жіппен тіксе, ал дайын болған соң, оның тақыр бетін бидай шүберек көктейді де барқыт, шұға, пүліш сияқты қалың тыстық маталармен тыстайды, қасқыр ішікке қасқыр не түлкі терісінен, сеңсең ішікке елтіріден, басқа түрлеріне құндыз не қиюға арналған жылы киім. Мысалы: қасқыр ішік, түлкі ішік, бөкебай ішік, қарсақ ішік, бұлғын ішіктер қыста, пұшпақ ішік, зорман ішік, жанат ішік, елтірі ішіктер қара күзде, көктем айларында киюге арналған.

Сеңсең ішік қасқыр ішіктерді ерлер, қалған түрлерін көбінесе әйелдер киген. Әйелдер мен бойжеткендер киетін ішіктер өте сәнді етіп тігіледі. Олардың өңіріне, жеңінің ауызына, етегіне айналдыра құндыздан, сусардан жұрын ұстайды. Тысына жібектн кесте тігеді. Елтірі ішік аса марқаймаған қозының бұйра елтірісінен тігіледі. Сеңсең ішік – марқа қозының сеңсеңінен түлкінің пұшпақ терісінен тігіледі. Ішіктің қайсы түрі болса да, әрі жылы, әрі киюге сәнді тамаша киім.

Саптама етік – ішіне киізден астар салып, былғарыдан тігілетін жылы аяқ киім. Ол негізінен, қыс бойы далада қызметте болатын малшыларға, механизаторларға, аңшыларға қолайлы. Саптама етік жылқының, сиырдың терісінен иленген былғарыда, көннен тігіледі. Ол түзу табан және қисық табан болып келеді. Оның өкшесі аласа, қонышы тізені жауып тұрарлықтай ұтым болады. Ал басының айындысын қонышының айындысына дәл келтіріп, тігісін ішіне қаратып қос тарамыспен тігеді. Басын қондырған соң оның қонышын қусырады. Етіктің қонышын қусырғанда етік жылы әрі берік болу үшыін тігістің арасына жіңішке былғары таспадан сыздық салып, қос тарамыспен жиі етіп тігеді.

Етіктің басы қондырылып, қонышы қусырылып болғаннан кейін етікті қалыпқа тартады. Ол үшін ең алдымен қалыпқа өлшеп жұқа былғарыдан іштік немесе ішкі қлтан қиып алып, оны ағаш шегемен қалыптың табанына бірнеше жерден шегелеп бекітеді. Етік басының сүрі өкше деп аталатын бөлігіне жұқа былғарыдан астар салып, екі арасына қайынның тозынан не қатты сіріден қос астар салып, қабаттап қайып тігеді. Бұдан соң етіктің басын қалыпқа кигізіп, жіңішке тарамыспен оның шетін іштікке айналдыра көктейді. Етіктің табанына суық (ызғар) өтпеу үшін ішкі ұлтан мен сыртқы ұлтанның арасына бірнеше қабат көн салады. Қос ұлтан салынып болған соң сыртқы ұлтанды шегелейді. Ұлтан қопарылмау үшін етіктің үзеңгілігіне дейінгі бөлігіне шеге екі қатар қағылады да, үзеңгілігінің тұсынан бастап өкшесіне дейін бір-ақ қатар қағылады. Саптама етіктің өкшесі аласа болады. Өкше тозбау үшін оған нәл қағады. Саптама етікті кең етіп тігеді.

Күннің райына қарай етікті бір байпақпен де, қос байпақпен де киеді. Саптама етікті малшылар қауымының талаптарына қарай қазіргі кезде фабрикалық тәсілмен көптеп өндіру қолға алынуда. Мұны Семей аяқ киім фабрикасы қолға алып, оның бірінші тобын тұтынушыларға жөнелтті. Болашақта саптама етік шығару ісі дұрыстап жолға қойылып, оның өндірістік қуаты арттырылмақ.

Қос етек көйлек – жібек, торғын, шәйі сияқты асыл матадан тік жаға, кең етек етіп тігілетін көйлек. Етегіне өрнектеліп, бүрмеленген қос желбіршек салынады, сондықтан оны «қос етек көйлек» деп аталады.

Шапан – қалындықтың сырт киімі. Ол да асыл матадан алтын жіппен зер салынып, өрнектеліп тігіледі. Шапанның өңіріне оюлы өрнек салынса, етегіне өсімдік тектес өрнектер кестеленеді. Бұл - өсіп-өңсін, өркенді болсын деген тілек белгісі.

Камзол – әйелдердің ұлттық киімінің бір түрі, оны көйлек сыртынан киеді. Ол барқыт, пүліш, мақпал сияқты асыл, сапалы кездемелерден тігіледі. Камзолды кей жерлерде «жеңсіз бешпент» немесе «көзекей» деп атайды. Камзолда жең де, жаға да болмайды және де екі өңірі тек тыс пен астардан тұрады. Камзолдың астары үшін көбінесе атлас, шағи, торғын пайдалынады. Оның екі өңірі біріне бірі сәл жетпей тұратындай етіп тігеді. Сондықтан, түйме орнына камзолдың алдына зергерлер әшекейлеп жасаған, алтын, күміс жалатып, асыл тастан көз орнатқан қаусырма қадалады. Камзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және етегіне айналдыра алтын оқа басады не зер тігеді. Кейде құндыз бен түлкінің қара пұшпағымен әдіптейді.

Қыздар мен жас келіншектер киетін өте сәнді болады. Оның екі омырауына алтын, күміс жалатқан қозалар, шарбақ түймелер, меруерт, маржандар тағылады. Кейбір жерлерде күміс теңгелерді тесіп тағып қояды. Қазіргі кезде жергілікті өнеркәсіп орындары барқыт пен пүлішпен сәндеп тіккен камзол шығаратын болды.

Көк сауыр етік. Қазақтың етігі де басқа киімдермен қатар арнайы тігіледі. Қазақ етігінің өкшесі биік, табаны түрлі өрнектер салынып, көкшіл болуға боялып әсемделеді. Мұндай етікті «көк сауыр етік» дейді.

Сәукеле – әйелдің бас киімі, оны ұзатылған қыздар және оның еріп жүретін құрбылар киген. Сәукеленің негізгі бөліктері тәж, төбе, құлақ бау және артқы бойы. Сәукеленің төбесі қиық конус тәрізді болып келеді. Оның төбесінде «тәж» деп аталатын жартылай дөңгелек айдары болады. Оны асыл тас, алтын, күміс, меруерт, маржанмен өрнектеп алтын жіппен әшекелейді.

Сәукеленің төбесінің биіктігі екі сүйем, кейде оданда биік болады. Сәукелені өлшеп пішіп алып, ішіне астар, сырт жағына бидай шүберек ұстап жиі етіп сыриды. Одан соң оның сыртын қамқа, дүрия, торғын сияқты асыл матамен тыстайды. Сәукелені әшекейлеу үшін оның тысының сыртыны зер жіптен тоқылған оқаларды белдеулеп басады. Оның етегін мақпалмен не қара барқытпен әдіптеп көмкереді. Ал маңдай тұсына зер не жібек шашақтың шоқтарын тағады. Шашақтың сәукелеге жалғасқан тұсын асыл тастан көз орнатқан алтын, күміс түйреуіштермен бекітеді. Сәукеленің ең сыртынан шашақты, әшкейлі жібек матамен төгілтіп жауып қояды. Ол көйлектің етегі сияқты жерге сүйретіліп жүреді. Сәукелеге ұзын құлақ бау тағады. Оны шеті шырайландыра зер не жібек жіппен шалып көмкеріледі. Түбіне сәнді түйреуіш түйреледі. Қазіргі кезде де кейбір жерлерде қалындықтың басына сәукеле кигізіп, ақ желек жабатындар да кездеседі.

Кимешек – жасамыс (егде) әйелдер киетін бас киім. Ол өң бойы көкіректі жауып тұратын тұтас матадан тігіледі. Ақ матадан бет жағы ойылады. Жағы, өңірі оқаланып кестеленеді. Төбесіне сәнді үшін шылауыш немесе күндік сияқты ақ мата оралады.

Мәсі – аяқ киімнің бір түрі. Оны былғарыдан, шегіреннен, құрамнан тігеді. Мәсінің сыртынан кебіс не ластық (калош) киіледі. Көбінесе мәсінің қонышы астарланып, көмкеріледі. Ал ұлтаны жалаң қабат болады. Ол тарамыспен жағынан жөрмеп немесе жара шаншып өбістіре тігу арқылы ұлтарылады. Етікші мәсі тіккенде ең алдымен мәсінің басын, қонышын жұқа былғарыдан, ұлтанын қалың былғарыдан пішіп алады. Одан соң тігісін ішіне қаратып, басын қондырады. Осыдан кейін мәсінің қонышын тігеді.

Мәсінің қонышын қусырғанда тігістің арасына жіңішке сыздық салады.

Мәсі - әрі жеңіл, әрі жұмсақ аяқ киім. Ол әсіресе тазалық үшін қолайлы. Соңғы жылдары жергілікті кәсіпорындар мәсіні көптеп шығаратын болады. Аяқ киімнің бұл түріне деген сұраныс жылдан-жылға көбейе түседі.

Кебіс – табаны қалың, өкшесі биіктеу, сыртына түрлі өрнектер салынып тігілетін, мәсінің сыртынан киюге арналған аяқ киім.

Тақия – қазақта тақияның түрі көп. Соның ішінде аса сәндісі, көркемі - бүлдіршін қыздар киетін үкілі тақия. Ол биіктігі 10-15 см мөлшерінде дөңгеленіп тігілген, жалпақ төбесіне үкі тағылатын жеңіл бас киім. Айнала жиегіне ою салынып, түрлі асыл тастармен көмкеріледі. Оны жас қыздар ұзатылғанға дейін киеді. Ұзатылған кыз - қыз ғұмырдың белгісі – тақиямен «сыңсу» айтып қоштасады.

Бөрік – қазақтың ертеден қалыптасқан ұлттық бас киімі, оны бағалы аң терісінен және төлдің елтірісінен тігеді. Оның жаздық және қыстық түрлері болады. Терінің түріне қарай бөрік әр алуан аталады. Құндыз бөрік, сусар бөрік, кәмшат бөрік, жанат бөрік, түлкі бөрік, елтірі бөрік т.б. деп аталады. Оны ерлер де, қыздар да киеді. Бөріктің төбесін көбінесе алты сай (қиық), төрт сай болып келеді. Оны тіккенде алдымен өлшіп алып, жұқа киізден алты не төрт сай етіп пішеді. Әр сайдың төбеде түйісетін ұштары үш бұрыш тәрізді, етек жақтары тік төрт бұрыш сай болып. Осы қиындылықтардың бір бетіне шүберектен астар, екі арасына жұқа матадан бидай шүберек салып жиі етіп сыриды. Одаң соң жеке-жеке сайларды біріне-бірін өбістіріп ішінен де, сыртынан да жөрмеп тігеді. Оның сыртын асыл матамен (барқыт, пүліш, қамқа т.б.) тыстайды. Бөріктің іші сай болса, оның тысы да сонша сай болады. Бүдан кейін бөріктің төбесінің етегін жай матамен астарлап тігеді де төменгі жағын төрт елідей терімен (қылшығын сыртына қаратып) көшкереді.

Бұрын қыздар киетін төбесіне үкі, жібек шашақ тағып, зер жіппен, жібек жіппен кестелеген, меруерт, маржан тізбелер, алтын, күміс түйме қадаған. Кейде бөріктің етегін жауып тұратындай етіп айналдыра зер не жібек шашақтар ұстаған. Бөрікті қазақ халқы сияқты қаракалпақ, қырғыз, башқұрт, татар, ұйғыр т.б. халықтар да киеді.

Көкірекше – жейденің немесе көйлектің сыртынан киетін жеңсіз, жеңіл киім. Оның өңірі мен етегі өрнектеліп, кестеленеді. Қыз балалардың көкірекшесінде теңгелер, маржан сияқты әшекей заттар қадалады. Ыңғайлы, ықшам көкірекшені көбінесе балалар жейденің, көйлектің сыртынан киеді.

Экономика-Заң колледжі



Реферат
«Қазақ халқының ұлттық киімдері»
Орындаған: Назира Кәрім, 2 курс студенті
Тексерген:Баян Есенгалиевна, тарих пәнінің оқытушысы

Астана қаласы, 2022ж

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет