Қазақ хандығы бірлік пен еркіндік ұясы
Биылғы жылдың еліміздің тарихындағы, халқымыздың тағдырындағы алатын орны ерекше. «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Қазақ тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық» – деп президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтып өткендей бұл ғасырда өмір сүріп отырған барша ұрпақ ғылым саласында өзіндік жол салар дара ұрпақ болуы тиіс. Олай болса болашаққа нық қадам жасау бүгіннен басталады. 2015 жылы Керей мен Жәнібек Шу мен Талас өзендерінің арасындағы аймаққа орналасып, қазақтың туын көкке көтергеніне 550 жыл толады. Бұл оқиға қазақ халқының тарихындағы маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық аумағын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.
Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Нұрлы жол болашаққа бастар жол» атты кезекті жолдауында 2015 жылы елімізде ресми түрде төрт мерекенің атап өтілетінін айтқан болатын. Сол әр мерекенің ел тарихында алатын орны ерекше. Солардың ішінде – Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толатын атаулы күн айырықша деуге болады.
Өйткені еліміздің Қазақстан Республикасы деп, жеріміздің – Қазақстан деп, халқымыздың қазақтар деп атауының басында қазақ хандығының тарих төріне көтерілуі тұр.Жалпы, Қазақ хандығының құрылуы – біз үшін әлемдік мағынасы бар оқиға. Дегенмен, ол өзінен өзі құрылған мемлекет емес оның алдында мыңдаған жылдың тарихи үдістер болған. Бұған қатысты Елбасы Ұлытау төріндегі сұхбатында «шығыста – Берел, батыста – Сарпайшы, оңтүстікте - Түркістан» деп ертеден бергі мәдени құндылықтарымызды атап өткен болатын.
Қазақ мемлекетінің іргесі Жәнібек хан тұсында қаланды деуге толық негіз бар. Ұлттың тарихымызда сақталып қалған халық аңыздары мен өлеңдерінде Жәнібек ханды Әз Жәнібек деп атаған. Әз Жәнібек хан ерекше марапатқа ие болған. «Қазақ хандығына – 550 жыл» деген тақырыппен қазақ мемлекетіне зор еңбек сіңірген Керей, Әз Жәнібек, Бұрындық Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Салқам, Жәңгір, Тәуке және т.б. хандар. Халқымыздың қилы-қилы заманды басынан кешіргенін, «елім» деп еңіреген қандай қасиетті ұл-қыздары болғанын білмей тұрып, өзіміздің кім екенімізді ұғармыз деу – бекершілік.Әрісі – Керей хан, Әз Жәнібек, берісі – Абылай хан бабаларымыз бен қазіргі қазақтың арасын бір алтын желі жалғастырып тұрғанын, сол желінің үзіліп қалмауын үнемі ойлау – қай-қайсымызға да парыз. Ахмет сұлтан Кенесарыұлының «Кенесары және Сыздық сұлтандар» атты аса құнды өмірбаяндық жазбасы – сол желінің бір тармағы. Қазақ тарихына ой көзімен қарар болсақ, «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Абылайдың ақ жолы», деген қағидалар көрініс берген болар еді. Енді бұған тұңғыш Елбасымыз «Нұрсұлтанның нұрлы жолын» қосыңыз. Әрдайым осы жолдар бізді Асан Атаның «Жерұйығына» бастай берсін дегім келеді. Үш жүздің басын қосқан Абылай хан заманында қазақ халқы бір адамның баласындай тату-тәтті өмір кешкені белгілі. Қазақ халқының тарихында ең соңғы Тәуелсіз хандық туын тік ұстаған әйгілі Абылай хан екендігі жылнамашылар жадында жаттаулы. Дүниенің төрт бұрышымен де тіл табысып, ымырашылдығымен «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» жұмақ дәурен құрғысы келген және де сол ойын көбіне іс жүзіне асыра білген Абылай саясаткерлігі, ақылгөйлігі адам айтса нанғысыз еді. Бір жағынан алпауыт Ресей патшалығы омырып, екінші бүйірін ұлы Қытай кеміріп жатса да, жалпақ қазақ елін қанжығаға байлатпай, бірде егеулі найза ұшымен, бірде уәлі тілдің уытымен қорғап, жер қайысқан жау қолдарынан құтылып кетіп отырған Абылай хан парасатын берік ұстанғысы келген қаһарлы немере Кенесары батырдың да атамекен үшін арыстандай айбат шегуі шексіз болды. Қазақтың үш жүзінің басын қоссам деген ақиық арман жетегіндегі ел тарихындағы ең соңғы хан туралы талантты ақын Мағжан Жұмабаев: «Алашта Кенекемдей ер болмайды», - деп бекер жырлаған жоқ. Жауын жасқап, өзін асқақ ұстай білген азамат өмірінің қарама-қайшылықтарға толы жорық жолдары, қиян-кескі күресі кейінгі ұрпаққа көмескіленіп жетті. Ол бастаған отаршылдыққа қарсы «ақ патшаны» абыржытқан он жыл бойғы көтеріліс сипаты бұрындары «реакцияшыл», «буржуазиялық ұлтшылдық» саналып, кері насихатталып келді. Ал мұның өзі қаншама жыл бойы қалың жұртты шынайы тарихтан алыстатты.
Көрнекті қолбасшы, ұлт азаттық көтерілісінің аса білікті жетекшісі Кенесары Қасымұлы 1841 жылы хан сайланғаннан кейін хандық мемлекетке көптеген өзгерістер енгізген еді. Оның алдына қойған мақсаты – патша өкіметінің тартып алған жерлерін халықтың өзіне қайтару; жаппай салынып жатқан әскери бекіністерді жою; тәуелсіз ел болу...Міне осындай ұлы мұрат жолында қанды жорық жасап, халықтың ұлттық батыры ретінде тарих бетінде қалған қазақтың соңғы ханының есімі мен ерлігі жөніндегі шындық қаншама жылдар жабулы жатып, енді халқымен қайта табысу үстінде. Тарихи толғамдар топтастырылған жинақтарда тағдыры қайшылықтарға толы Кенесарыдан басқа Абылай хан ұрпақтары – Наурызбай батыр, Сыздық сұлтан және басқа қазақ сардарларының күрескерлік рухы кеңінен жазылған. Ел азаттығы үшін арыстандай алысқан Кенесары Қасымұлының туғанына 190 жыл толуына орай көпшілікке ұсынылған «Хан Кене» еңбегінің, өткен тарихымызды таразылауға септігін тигізері сөзсіз.
Асыл текті, алмас тілді бабаларымыздың өнегесі, өткен тарих болмысы өз бояуымен қалың жұрт алдына қайта жайылуда. Қоспасыз шындықты білгісі келген ұрпақ зерделі зерттеулер күтеді. Әсіресе елін, жерін жат жұртқа отарлауға бермеймін деген ұранмен қанын да, тәнін де пида қылған қазақ хан-батырлары қақындағы шындық іс бәрінен де қымбат. Ел-жұртына ақ жол тілеген хандар жайында сыр шертетін әр замандағы жыраулар мен жазушылардың таңдаулы өлең-жырларын, дастандары және аңыз-әңгімелерін жас ұрпақтың құлағына сіңіру үлкен қажеттілік.
Осы орайда, оқырман қауымына тарихи оқиғалар тізбегін тану мақсатында «Хандар кестесі» (Шығыс хандарының жылнамалық кестесі) кітабін оқы деп кеңес берер едім. «Хандар кестесі» - оқырман қауымға тарихи тақырыпқа жазылған «Алтын тамыр», «Көмбе» атты роман-эсселерімен жақсы таныс жазушы Қойшығара Салғариннің ұзақ жылғы зерттеу еңбегінің жемісі. Кітап анықтамалық мақсатта нақты деректерге құрылған. Сондықтан өз халқының тарихын танып, өткенін жете білсем деген әр адам бұл кітаптан ерекше мол мағлұмат ала алады. Өйткені мұнда сонау скиф патшалығынан кешегі қазақ хандығына дейінгі жиырма бес ғасырлық аралықты қамтып, осынау Ұлы Далада әр кезеңде өмір сүрген патшалықтар мен қағанаттардың, мемлекеттер мен хандықтардың билеушілерінің жылнамалық кестесін жасай отырып, сол кезеңдердің тарихынан нақты деректер береді. Тарихи фактілерге сүйенген автордың оқырманды ойға шақыратын жаңа пайымдаулары да баршылық. Кітап қазақ халқының бағзы замандардан бергі тарихын жүйелеп білгісі келген оқырмандарға арналған.
Абылайдың ақ туы астында тәуелсіздік үшін күрескен бүкіл қазақ қауымы ежелден еркіндік аңсаған ел екенін танытып келеді. Сол қилы кезеңдерді алуан қырынан толғап, терең әңгімелейтін көптеген ортақ жинақтар, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен хан-батырлар туралы тарихи толғамдар, мен әңгіме-дастандар, оқырмандар қазынасына айналмақ.
Ибраева Ардақ Қадыржанқызы,
Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің кітапхана меңгерушісі
Достарыңызбен бөлісу: |