Қазақ лирикалық прозасының даму арналары
С.Ш.Айтуғанова,
ф.ғ.к., доцент
Қазақстан, Астана
Қазақ әдебиетінің өзіндік даму тарихы бар. Сонау ауыз әдебиетінен нәр алып сусындаған әдебиетіміз уақыт өткен сайын өзіндік жаңалықтарымен, ізденістерімен дараланып тұратын қаламгерлер шығармаларымен толығып отырды. Соның нәтижесінде әр кезеңдегі қазақ қаламгерлері қалыптасқан дәстүрлі арнаны жаңашылдық сипатта жан-жақты дамыта отырып, қазақ әдебиетіне мол жаңалық әкелді. Қазақ әдебиетінің төріне жаңа кейіпкерлер келді, олардың мінез-құлқы күрделенді, әр түрлі жанрда жазылған жаңа мазмұнды шығармалар қатары кеңейді. Кейіпкер бейнесін сомдауда, өмір шындығын көркем өрнектеуде соны көркем бейнелеу құралдары жасалды. Яғни әдебиеттегі дәстүрлі арна жаңа сипат алды. Әдебиеттегі жаңашылдық – әрқашан асқан шеберлік пен зор таланттың нәтижесі, ол әдебиет пен өнердің өрісін кеңейте түседі. Тұрмыстың, қоғамдық тіршіліктің өзгеруіне, адамның өмір танудағы жаңа ұғым-түсініктеріне байланысты әдебиетте мазмұн мен түр жағынан жаңашыл шығармалар туады. Бұл тұрғыда кейбір дәстүрлік әдіс-тәсілдер сақталумен қатар жаңаша суреттеу, бейнелеу, сөз қолдану амалдары пайда болады. Әсіресе жаңа өзгерістер мен құбылыстарды аңғаратын соны бейнелеу құралдары жасалады. Бұл – әдебиеттегі жаңашылдықтың белгісі. Дәстүр мен жаңашылдық тек түрді, сыртқы өзгерістерді білдірумен қатар, ішкі мазмұнды бірдей қамтып, шығарманың идеялық-көркемдік немесе ұлттық сипатын жаңа сатыда елестетеді. Енген жаңалық әдебиетке сіңіп, дәстүрге айналып кетуі мүмкін. «Көркем творчество үнемі қозғалыс, даму үстіндегі күрделі әрі жанды процесс. Бұл процесте әр шынайы жаңашылдық өзінің сонылық қасиетін берік сақтай отырып, кейінгі дамуға да үлкен ықпалын тигізеді. Бұл ретте белгілі творчестволық озық жетістіктердің жаңашылдық өмірі мен дәстүрлік қызметі қатар басталады деуге болады. Нағыз дәстүрлік сипат алған көркемдік құбылыс әдеби дамуда бүтіндей жаңа серпіліс, жаңа белес дайындайды» [1, 35].
ХХ ғасыр әлем әдебиеті адамның ішкі субъективтік әлеміне терең үңіле отырып, өмірді жаңа қырынан таныды. Әлем әдебиетінде туындап жатқан жаңаша көзқарастардың әсері қазақ прозасына да өз ықпалын тигізіп, қазақ көркем сөз өнері өсіп, дами түсті. «Әдебиет – өмір айнасы ғана емес, өз тарапынан жаңа әлемнің жасаушысы да» [2, 55]. Әдебиеттегі осындай ерекшеліктердің бірі лирикалық прозаның дамуына қатысты болды. Кез келген нәрсенің жоқтан пайда болмайтындығы сияқты бұл құбылыс та әдебиетімізгі өзіне дейінгі дәстүрді жалғастыра отырып келді.
Орыс әдебиетіндегі лиризмнің кең өрістеу кезеңі 50-жылдардың екінші жартысынан басталды. Көркемдік-эстетикалық қуаты жағынан ғажайып шығармалар жазған орыс әдебиетінің көрнекті өкілдері И.С.Тургеневтің "Алғашқы махаббат", "Көктемгі тасқын", Ф.М.Достоевскийдің "Бейшаралар", Н.Г.Короленконың "Соқыр музыкант" сияқты шығармалары сезімді сан толқытатын лиризм өрнектеріне толы дүниелер екені даусыз. Бұл туралы Б.Майтанов: «Нағыз реалистік лиризм И.С.Тургенев, Н.Г.Кореленко, И.А.Буниндер шығармашылығында өзгеше стильдік бедер танытқаны мәлім. И.Паустовский табиғи және адам сұлулығын ерекше нәзіктікпен мөлдірлете суреттеуде романтикалық лиризм оңтайлылығын дәлелдейді» деп жазады [3, 189].
Орыс әдебиетінде лиризм құбылысын ерекше әрі жетік меңгерген А.П.Чехов болып табылады. Расында, Чехов лирикалық проза мүмкіндіктерін танытушы ұлы қаламгерлердің бірі саналумен қатар, жалпы, әдетте бірауыздан мақұлданатын қатал реалистік өнерінің тұла бойына лиризм шуағын жарасымды жинақтай білгені – тартымды факт. Чехов өз шығармаларында адамзат өмірінің мәні, оның құндылығы мен қайталанбас қасиетін ашуға тырысады. Оның әңгімелері күнделікті өмірдегі күйбең тіршілік бола тұрса да, сол өмірдің бақыты, еркін сәттері болатынына сенімділікпен қарайды. Зерттеушілердің пікірінше, мұндай пафосқа толы Чехов әңгімелеріндегі лиризм кейіпкерлердің мінезін айқындап, әңгіме жарқын мұң және ғажайып армандар жайлы ой қосады.
Көп жағдайда жазушының ішкі сезім толғаныстары туған жер, өскен орта тіршілігін суреттеумен беріледі. Бұл ыңғаймен келгенде, негізінен ауыл тұрмысы, бір кездегі балалық шағы қалған аяулы мекен жайды жан-жақты көңіл-күй әуендерін толғайтын қазақ прозаиктерінің де қалыс қалар реті жоқ еді. Жоғарыдағы дәуірде жарияланған туындылардың көбіне жалпыодақтық әдебиеттегі бағдарға сай адамгершілік, ар-ождан мәселелері әрдайым көне салт, дәстүрге мән бермей, ес-түссіз құлшынатындығы үшін сыналуға бейім қала мен ата-бабалар, халықтың асыл мирасын, әдебін әлі де шын жүректен әлпештейтін ел адамдарының ара-қатынасы көзқарастар шарпысуы арқылы пайымдалды. Бір есептен лиризмнің мазмұндық-идеялық төркіні осынау сағыныш, аңсау, адалдық, тазалық, жақсы мұрттарды алыс естеліктерден іздеп, өткенді бағалау сарындарымен тамырлас шыққан сияқты.
Белгілі жазушы Ғ.Мүсіреповтің: «Шеберлік біздің алдымызда тұрған бірінші мәселе. Классикалық әдебиеттен, ең алдымен классиктердің сөздерінен үйренуіміз керек. Олардың еңбектеріндегі үлкен шеберлікті меңгермейінше, үлкен әдебиет жасалмайды, тілек орындалмайды. Біз қазақ жазушылары, Толстойдың, Тургеневтің, Гогольдің, Чеховтың, Горькийдің мұрагерлеріміз, ең алдымен осы аталарымыздың шеберлігін меңгере білейік», - деуі де әдебиеттер арасындағы байланысты, дәстүр алмасуын жоққа шығармасы анық [4, 347].
Жалпы қазақ әдебиетіндегі лиризм үлгілері қай кезеңнен басталады деген сұраққа жауапты ертерек кезден бастаған дұрыс деп ойлаймыз. Кейбір орыс зерттеушілері орыс лирикалық прозасының бастау арналары сонау ауыз әдебиетінде жатқандығын да сөз қылып кетеді. Біз де лиризм үлгілері әлдеқайда ертерек кезеңнен бастау алған деген ойды айтқымыз келеді. Себебі лиризм элементтері кездеспейтін шығарма болмайды десек те болады. Өйткені кез келген шығармада белгілі бір дәрежеде баяндаушының, әңгімелеушінің өзіндік «мені», яғни көзқарасы, тебіренісі, толғанысы қандай дәрежеде болса да көрініс беріп отырады. Сондықтан біздің әдебиетіміздегі лиризмнің алғашқы көріністері сонау ауыз әдебиетінен бастау алады десек, қателеспейміз. Ауыз әдебиеті үлгілерінде, әсіресе ертегілерде, соның ішінде қиял-ғажайып ертегілерінде лиризм өрнектерінің молынан кездесіп отыратынын жоққа шығара алмаймыз. Сол сияқты, М.Әуезов өзінің «Әдебиет тарихы еңбегінде» Асан қайғы туралы аңыздарда лиризмнің үлгілері кездесетінін айтқан болатын. Ал С.Мақпыров лирикалық прозадан басқа лиро-эпикалық жырларды (немесе лиро-эпос), лиро-эпикалық поэмаларды, поэмаларды, дастандарды, балладаны, өлеңмен жазылған романды, роман-диалогты, публицистикалық романды, роман-очеркті, роман-эссені, сондай-ақ тарихи-көркем жанр үлгісіндегі өмірбаяндық (мемуар) шығармаларды, эпистолярлық (хат) үлгідегі туындыларды аралас жанрларға жатқызуға болатындығын айта отырып, олардың неліктен осы жанрға жатқызуға болады деген сұраққа жауап береді. Оның айтуы бойынша лиро-эпикалық жырлардың аралас жанрға жату себебі: «Жанр атауының (лиро-эпос) өзі-ақ аңғартып тұрғандай мұндай туындыларды кейіпкердің сезімі, толғаныстарымен (бұл лирикаға тән сипаттар) қатар олардың іс-әрекеттері де, халық тұрмысының көріністері (салт-дәстүр, көші-қон, кәсіп т.б.) де (бұл енді эпосқа тән ерекшеліктер) кеңінен суреттеледі. Біз аталған және басқа жырларды оқып отырып, Қозы мен Баянның, Жібек пен Төлегеннің бір-біріне деген шынайы сезім толқыныстарын, шын ғашықтық жайларының суреттелуіне (өйткені лиро-эпоста ғашықтық-сүйіспеншілік басты мәселе) де, сондай-ақ, олар өмір сүрген қоғам, ортаның, көшпенді ел тіршілігінің, тұрмыс-салтының да молынан бейнеленіп, жан-жақты көрініс тапқанына куә боламыз. Бұл, әрине эпикалық суреттеулер» [5, 159], - деп атап көрсетеді.
Демек, бұл пікірлерге сүйенсек, кейіпкердің ғашықтық, сүйіспеншілік сезімдерін, толғаныстары мен тебіреністерін беру сияқты лиризм үлгілері сонау ерте кезеңдегі әдебиетімізде қалыптасқан лиро-эпикалық жырлардан бастау алатындығына көз жеткізгендей боламыз.
Оның бергі жағындағы Шоқанның еңбектерінде, Ыбырайдың прозалық шығармаларында, бұларды айтпағанда Абайдың қара сөздерінде лиризм элементтері жоқ, мүлдем кездеспейді деп айта алмаймыз. Сондықтан қазақ әдебиетіндегі шығармаларға тән сыршылдықтың біздің ауыз әдебиетімізден бастап негізі қаланған деген ойға тоқтасақ қателеспейміз деген ой келеді. Ол кезеңдегі туындылардың мұндай ерекшелігі туралы сөз болмауы көркем шығармадағы лиризм мәселесіне кейінгі кезеңде ғана, яғни ХХ ғасырдың орта шенінде ғана көңіл бөліне бастауы себеп болса керек.
Қазақ әдебиетінде ХХ ғасырдың басындағы прозалық шығармалардан лиризм айшықтары анық көрінетінін байқауға болады. Мұндай шығармалардың қатарына «Қалың мал», «Ақбілек», «Бақытсыз Жамал» т.б. көптеген туындыларды атай аламыз.
Мәселен, Бейімбет Майлиннің шығармасындағы Шұғаның "Отаудың сықырлауығынан" қарап тұруының өзі лиризм көрінісі ретінде қызмет ететін деталь деуге болады. Мұның өзі кейіпкердің жан әлемі, қуаныш сезімі, қайғы-қасіреті – жан дүние иірімдерін тәптіштеп суреттеп кетер нақты поэтикалық көрініс. Бұл жерде Қасымжан әңгімесінен лиризм бедері айқын білініп қана қоймай, лирикалық пафос, сыршыл толғаныс арқылы лирикалық прозаның өміршеңдігі де айқын танылады.
Прозадағы жанды тербетер лиризм және әңгіменің бірінші жақтан баяндалуының өзі сезім иірімдерін сан құбылтып, өне бойына татымды сыршыл әуен қосқан. Т.Нұртазиннің айтуы бойынша, әңгімедегі лирикалық саз жазушының стильдік ерекшелігіне де айналып отыр.
Б.Майлиннің бұған дейінгі жазылған лирикалық шығармалары бізге таныс. Оның прозалық шығармасындағы лирикалық сипаттың басым болуы оның ақындығынан шығар деген де ой келеді. Қарап отырсақ, орыс әдебетінде де ақындардың жазған прозалық шығармаларында көбіне лирикалық прозаға тән сипаттар жиі кездеседі екен.
Шын мәнінде эпикалық жанрға бет бұрған ақынның прозалық шығармасына лирикалық туынды жазудағы тәжірибесі ықпалын тигізбей қоймайтын сияқты. Сол себепті де олардың шығармалары таза «эпиктердің» шығармасынан сәл де болса өзгешеленіп тұрады. Әрине, біз мұны айтқанда, лирикалық прозаны тек ақындар ғана жазады, немесе жазушының өлең жазуы шарт деген мақсатта айтып отырған жоқпыз. Әйтпесе, прозадағы лирикалық стильді тек поэтикалық мектептен өткен жазушылармен ғана байланысты десек ағаттық болар. Мәселен, Ғ.Мүсірепов, Ә.Әлімжанов, С.Мұратбеков, Ш.Мұртаза, Т.Нұрмағамбетов сияқты өзіміз зерттеу нысаны етіп алып отырған жазушылар ақын емес, бірақ олардың прозасы лирикалық болып есептеледі. Олардың әрқайсысының шығармасы өзінше ерекше, бірін-бірі қайталамайды.
Мәселен, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты белгілі жазушылардың шығармашылығында лирикалық сипаттың ерекше үлгілерін көре аламыз. Олардың лиризмді беруде өзіндік ерекшеліктері бар. М.Әуезов көбіне кейіпкердің жан дүниесін табиғат суреттерімен астастыра отырып жеткізе біледі. Жалпы жазушы шығармаларында пейзажды құбылта, әртүрлі мақсатта қолданудың шебері екені сөзсіз.
Ал Ғ.Мүсіреповтің шығармаларындағы лиризм өрнектері мүлде бөлек. Оның лирикалық кейіпкерлері, образдары көбіне астарлы, меңзеу түрінде болып келеді. Жазушы әрбір детальді ойната, құбылта қолдана отырып, оны символдық образ дәрежесіне дейін жеткізе біледі.
Жазушының «Кездеспей кеткен бір бейне» туындысы нағыз лирикалық прозаның үлгісі болып табылады. Шығарманың кезінде поэма деп аталуы да осы сипатына қатысты айтылса керек. Ал «Қыран жыры», «Өмір жорығы», «Жапон балладалары» сияқты шығармалары қазақ әдебиетіндегі символдық туындылардың ішіндегі шоқтығы деуге болады.
Әсіресе 60-жылдардан бастап қазақ прозасы лиризм өрнектеріне бай, идеялық бағыты айқын шығармалармен толыға түсті. Олардың қатарына С.Мұратбеков, Қ.Ысқақов, Ж.Молдағалиев, Т.Жармағамбетов, Ә.Кекілбаев, Ж.Түменбаев, Т.Нұрмағамбетов, О.Бөкей т.б. көптеген жазушыларды жатқызуға болады. Олардың ізденістері лирикалық прозаның композициясына өзгерістер енгізуге, байыта түсуге алып келді және ежелгі озық әдеби үрдістерді шебер пайдалана білуге жетеледі.
Қаламгерлердің қай-қайсысы да бұл ерекшеліктерді өзіндік табиғатын, стилін сақтай отырып, дамыта түскен. Мұның өзі олардың шеберліктерін көрсетіп, стилін айқындай түседі.
Жазушы бойына дарып, дамыған әдеби дәстүр әдебиетке жаңа заман рухын таныған жаңалық үлгісін әкелсе ғана жаңашыл стиль болып табылады. Бұл жазушыларды да дәстүрді дамыта отырып, жаңа заманның, яғни өз заманының рухына үн қосарлық өзіндік стильдерімен ерекшеленген талантты қаламгерлер деп атауға болады.
Өміршең шығармалары арқылы ұлттық әдебиетіміздің зор мақтанышына айналған Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты өзіндік стилімен, шеберлігімен дараланған жазушыларымыздан үйреніп, ізін жалғастырып қана қоймай, өзіндік тұрғыдан дамыта да білген Ә.Кекілбаев, С.Мұратбеков, Ә.Әлімжанов, О.Бөкей, Қ.Ысқақ, Д.Исабеков, Т.Ахметжан, Н.Ораз сияқты қаламгерлер туындыларынан лирикалық прозаға тән ерекшеліктерді әр қырынан көруге болады. Олардың әрқайсысы осы жолда тынбай еңбектеніп, ең алдымен туындысының идеясы мен көркемдік сапасын өз биігіне шығарды.
Көркем әдебиеттің міндеті тек өмір шындығын тізбектеп айтып беріп қана қоймайды, адамның жанын да зерттейді деуге болады. Ол адамның ішкі жан дүниесіне бойлап, болмысын танытып, жанындағы дерттің сырын, себебін ұғуға ұмтылса, көркем шығарма осылардың себебін анықтап, оны емдеудің жолдарын қарастырады. Жазушылар алдарына қойған осындай мақсатқа жетуде адамның жан дүниесін, сезім сырын, көңіл-күйін оқырманға жеткізу үшін авторлық баяндау, суреттеу, әңгімелеу, пікір айту сияқты тәсілдерді алмастырып қолданады.
Зерттеуші Б.А.Ахундов: «XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы шұғыл әлеуметтік қадамдар шындықтың тек эпикалық кең картинасын ғана емес, өзгермелі дәуірдің эмоционалдық атмосферасын бере алатын лирикалық баяндауларды да қажетсінеді. Лирикалық романда идеялық салмақ «эпикалық» емес, лирикалық бөлімге; кейіпкер істері мен әрекеттерін сипаттауға емес, оның толғаныс, әсерлену, сыр ашу сәттеріне түседі»,- деп жазады [6, 278].
Қаламгердің шын жан сыры халық жүрегінен орын табу үшін ол шығармада көңіл-күйдің, ой-арманның гуманистік сипаттары басым болуы қажет. Себебі лиризм «оқушының интеллектуалды-эмоционалдық сергектігіне сенімнен» қуат алады. Сондықтан да ғалымдар лирикалық прозадағы басты шеберлік кілті суреткердің өз өмірбаяны мен уақыттың күрделі тарихи, қоғамдық, рухани құбылыстарын терең байланыстырып, өмір шындығын қызғылықты беруі деп ұғады.
Жазушылардың шартарап ізденістері лирикалық прозаның композициясына өзгерістер енгізуге итермеледі және ол қадамдар ежелгі озық әдеби үрдістерді өнерпаздықпен пайдалана білуге жетеледі. Мысалы, Прибалтика әдебиетінде шағын новеллалар құрылымына «ассоциативтілік пен метафоралық» сипаттар дендеп енді.
Мұндай құбылыс қазақ әдебиетінен де мол байқалады. Фольклорлық сарындар, тарих пен бүгінгі таң оқиғаларын салыстыра бейнелеу, көне аңыз, әңгімелерде түйінделген өмір ақиқаттарына қазіргі шындықтан үндестік іздеу арқылы психологиялық толымдылыққа қол арту – прозаның барлық жанрында бел алған стильдік тенденция. Тынымбай Нұрмағамбетов, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Тобық Жармағанбетов, Өтебай Қанахин, Нығмет Ғабдуллин, Қалихан Ысқақ, Дулат Исабеков, Талаптан Ахметжан сияқты көптеген қазақ жазушыларының шығармалары осы бір адам жан сырын ізгі мұраттар жолындағы өрлеу сұлулығымен суреттейтін нәзік күйлі арнаның өрістей түскенін айғақтайды. Бұл қаламгерлердің әрқайсысы қазақ лирикалық прозасының дамуына елеулі үлес қосты дей аламыз. Әрине, лиризм – ең басты шеберлік өлшемі емес және оны негізгі стильдік бағдарына табиғи түрде айналдырған жазушы эпикалық қарымдағы әріптестерінен бір сүйем де қалыс тұрмайтынын ұмытпаған жөн. Мәселенің екі жағы да шығармашылық тәсіл мен дарын қуатының заңды жарасымымен шешілетіні күмән туғызбаса керек.
Көркемдік дегеніміз толып жатқан элементтер мен олардың компоненттерінің, яғни сюжет пен композицияның, тіл мен стильдің қарым-қатынасы бірлігінен құралады. Демек, автордың баяндау мәнерінен жасалады. Баяндаудың сәтті шығуында автордың дүниетаным мен жеке шығармашылық бағыты, композиция мен сюжет, кеңістік пен уақыт ұғымдары арасындағы байланысты түсіне білу қабілеті, көркем деталь-штрихтарды қолдану машығы үлкен рөл атқарады. Демек, лиризм табиғаты жазушының мол ізденісін, суреткерлік парызын байқататын құбылыс.
Әдебиеттер тізімі
1. Дәдебаев Ж. Қазiргi кезеңдегi қазақ тарихи прозасының дамуындағы М.Әуезов дәстүрi. –А.: 1981. 47 б.
2. Лизунова В. Современный казахский роман. – А.: Изд-во АН Каз ССР, 1964. -360 с.
3. Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі. Зерттеулер. –А.: Жазушы, 1987. - 232 б.
4. Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. –А.: Жазушы, 1970. -330 б.
5. Мақпырұлы С. Адамтану өнері. –А.: Арыс, 2009. – 214 б.
6. Ахундов Б.А. Литературные направления и стили. –М.: Мысль, 1976. - 346 с.
Достарыңызбен бөлісу: |