Қазақ тілін оқыту әдістемесінің басқа пәндермен байланысы
Қазақ тілін оқыту әдістемесі педагогика, психология мен логикаға байланысты. Әдістеменің негізгі тірегі-қазақ тілінің фактілері. Онсыз әдістемесінің түрлі мәселелерін бөліп қарауға болмайды. Сондықтан әдістеме қазақ тілі фактілермен тығыз ұласып жатады. Әдістеме қазақ тілінен берілетін мәліметтерді мектеп оқушыларының ойына лайықтап оқыту қағидарын қарастырады. Бұл білім беру заңдылықтары лексиканың, фонетиканың, грамматиканың, орфография мен пунктуацияның заңдылықтары мен үндеседі. Негізгі тілдік фактілер бойынша білім берудің теориясы мен практикасы қарастырылады. Мектеп оқушыларына қазақ тілінен берілетін теориялық мәліметтер көлемі жағынан ықшамдалады. Яғни, тілдік фактілердің қорытылып, шешілген мәселелері мектеп оқушыларына жеткізіледі.
Мектеп оқушыларына қазақ тілінен берілетін тілдік фактілердің өзіндік белгілері лексикалық, фонетикалық, грамматикалық белгілері, анықтамалары әрбір сыныптың ерекшелігіне, олардың ой-өрісі білім дрежесіне лайықтанады. Қазақ тілін оқыту әдістемесі педагогикаға тікелей байланысты. Педегогиканың дидактика саласы жалпы дидактикалық принциптерді қарастырады. Педагогика жолы әдістеме теориясының мәселелерін зерттейді. Ал әдістеме әрбір жеке пәнді оқытудың теориясы мен практикасын қарастырады. Сондықтан әдістеме жалпы педагогикалық қағидаларға негізделе отырып, қазақ тілі фактілерінен білім берудің заңдылықтары мен әдістерін тікелей қарастырып , педагогикалық дидактикалық принциптерді қазақ тілінен білім беруде қалай іске асыру жолдарын ойластырады.
Педагогика – негізінен тәлім-тәрбие берудің заңдарын, оларды іске асырудың жұмыс жүйесін белгілейді. Тәлім оқушыларға берілетін теориялық білім мен практикалық дағды. Ал тәрбие-қазақ тілінен білім беруде мәтіндер (текстер), сөйлемдер, мысалдар арқылы және түрлі жаттығулар бойынша жүргізілетін жұмыс. Қазақ тілінен білім беруде тәрбие жұмыстарын мысалдарды таңдау арқылы жүргіземіз. Тәрбиелік мәні күшті сөйлемдер мен мәтіндерді ұсынамыз. Қазақ тілін оқыту әдістемесі психология ғылымына да тікелей байланысты. Тілдік материалдардың толық қалыптасуында түсінік, ой, түйсік, сезім және сигнал жүйелері үлкен рөл атқарады. Оқушыларға тілдік материалдарды толық игертуге сабақ процестерінің мәні зор.
1.Жаңа материалды таныту процесі. Мұнда жаңа материал оқушыларға хабарланады. Мұның өзіндік белгілері айтылады. Оны оқушылар естиді. Материалды толық меңгертудің негізгі кепілі дағдылар арқылы іске асырылады.
2.Материалды дағдыландыру процесі. Онда тақырыптық өзіндік ерекшеліктеріне қарай түрлі психикалық жұмыстар ескеріледі. Бұл жұмыс әр тақырыптың психикасы болып табылады.
3.Материалды қайталау процесі. Қазақ тілінен өтілген күллі материалдар еске түсіріліп пысықталады. Оқушылардың қазақ тілінен алған теориялық білімі мен практикалық дағдысы пысықталып, нығыздала түседі. Жұмыстардың барлығы психикалық ұғымдармен байланысты келеді. Қазақ тілінен берілетін білімді оқушылардың ойында қалыптастыруда пинестетикалық түйсік маңызды рөл атқарады. Бұл түйсік көру мен жазуға тікелей байланысты.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі логикаға да тікелей қатысты. Логика ғылыми дәл ойлау, дұрыс пікірлеу заңдылықтарын үйретеді. Сөйлемнің дұрыс құрылуын ойластырады. Түрлі тілдік фактілердің дәл болуын қарастырады, мұғалім мен оқушы сөзінің анық болуын қамтамасыз етеді. Мектеп оқулығындағы әр тақырыптың өзіндік белгілерінің және анықтама, ережелерінің дәл болуын ойластырады. Сондықтан қазақ тілін оқыту әдістемесі тілдік фактілерді түсіндіру мен жеткізуде логика ғылымындағы жаңалықтарға сүйенеді.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі төмендегі міндеттерді қамтиды: 1.орта мектепте оқытылатын қазақ тілінің мазмұнын анықтайды; 2.орта мектеп оқушыларына берілетін білімнің көлемін анықтайды; 3.орта мектепте оқытылатын қазақ тілі оқыту жүйесін анықтайды; 4.білім беру әдістеін топтастырып, құрылымдық ерекшеліктерін белгілейді; 5.сабақты топтастыра отырып, олардың түрлерін, құрылымдық ерекшеліктерін анықтайды.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттеу әдістері. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттеу әдістері теориялық әдістемені жасауда жиі қолданылады. Зерттеу әдісі мен білім беру әдісінің объектілері әр түрлі. Білім беру әдістері мектепте қазақ тілінен теориялық білім беру мен практикалық дағдыны қалыптастыруда іске асырылады. Ал зерттеу әдістері қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы ғылыми әдістемелік еңбектер және практикалық әдістемені жасау үшін қолданады.
Зерттеу әдістері қазақ тілін оқыту әдістемесін теориялық жағынан байытуда жиі пайдаланылады. Бұл ретте мынадай тәсілдер жүзеге асырылады:
1.Бақылау әдісі. Бұл әдіс қазақ тілінен білім беру және оны практикалық дағдылар арқылы іске асыруда қолданылады. Қазақ тілінен теориялық білімді мектеп оқушыларына меңгертуде түрліше психикалық дағды жұмыстары жүргізіледі. Олардың негізгі түрлері сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар болып табылады. Олар мыналар: үй тапсырмасының мақсаты, шартты түрде үйге тапсырылатын жұмыстың көлемі, оларды орындаудың методикалық жүйесі. Мұны тәжірибе жасаушы мұғалім сабақта және сабақтан тыс орындарда бақылау жасайды.
2.Эксперимент әдісі. Бұл әдіс те ғылыми-әдістемелік еңбек жасау үшін жүргізіледі. Эксперимент-ғылыми тәжірибе деген сөз. Бұл барлық ғылым саласында, ол қазақ тілін оқыту әдістемесінде тым жиі қолданылады. Теориялық және практикалық еңбектер сол арқылы жазылады. Эксперимент әдісі қазақ тілін оқыту әдістемесінде, негізінен, 1960 жылдардан кейін қолданылады. Бұл әдіс бойынша, қазақ тілі фонетикасын, синтаксисін, орфографиясын, пунктуациясын оқыту әдістемелері жасалады. Эксперимент өзінің іске асырылу мақсатына қарай төмендегі түрлерге бөлінеді: а) Бақылау эксперименті – кейін жүргізілетін әдістемелік эксперименттер материалын іске асыру үшін жүргізіледі. Алдымен экспериментке қойылатын объектінің жағдайын, мақсатын, мазмұнын, негізгі істелетін жұмыстың барысы мен негізгі нәтижелерін анықтайды; б) кең таратылған эксперимент. Мұнда сыныптық эксперименттің нәтижелері бірнеше мектептің бірнеше сыныптарында сыннан өткізіледі. Әр сабақта, әр сыныпта эксперимент материалдары іске асырылады. Негізгі мақсаты; біріншіден, экспериментке қойылатын материалдардың сабақ түрлері мен элементтерінде жүзеге асатындығын анықтайды. Әдістемелік эксперимент жұмысы төмендегіше өткізіледі: 1)экспериментке қойылатын материалдардың болжамы жасалынады. 2)бұдан кейін екі-үш мектептің бірнеше сыныбы таңдалады. 3)осы таңдалған сыныптарда тәжірибе жасаушы мұғалім сабақ өткізеді. Әдістемелік материалдың нұсқау болжамына сабақтың күрделі жоспары жазылады, онда экспериментке қойылатын объектінің мақсаты және оның мазмұны, оны іске асырудың әдістері, жұмысты жүргізудің жүйесі айтылады; в) әдістемелік жұмыстың негізгі қорытындылары бірнеше мектептің бірнеше сыныптарында сынап көріледі; г) экспериментке қойылатын материалды сынап көру үшін алдымен бақылау, мұнан кейін эксперимент сыныптарда жүргізіледі. Эксперимент сыныптарында әдістемелік нұсқау болжам бойынша оқытылады, оған лайықты материалдың көлемі мен жүйесі таңдалады. Эксперименттің нәтижелері бақылау жұмыстары бойынша өлшенеді. Ол процентпен немесе цифрмен көрсетіледі.
3.Әдістемелік мұраларды үйрену әдісі. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихында методистер Сейіл Жиенбаев, Шомғаш Сарыбаев, Қ.Жұбанов, Д.Әлімжановтар елеулі орын алады. Бұлардың әдістемелік көз қарастары, ұсыныстары сабақ беруде үнемі қолданылады. Сондай-ақ әдістеме теориясына арналған қазақ тілі синтаксисі мен ғылыми зерттеу жұмыстарына негіз болады.
4.Әдістемелік тәжірибелерді талдау әдісі. Қазақ тілі оқу әдістемесінен зерттеу жұмысын жүргізуде мұғалімдер тәжірибесі зор рөл атқарады, сондықтан мұғалімдер тәжірибесін жинақтау, олардың практикалық тәжірибелерін теорияға айналдыру, зерттеу жұмысының басты бағыты болуға тиіс. Мұғалімдер мен методистердің тәжірибелері екі жақты жарияланып отырады. Біріншісі, газет пен әдістемелік журналдарда басылады. Зерттеу жұмысын жүргізуде осыларды ескеруге тура келеді. Екіншіден, әдістемелік әрбір бірлестіктерде талданады. Оның нәтижелі жақтары сабақ беруде ескеріледі. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттеушілері мұғалімдердің тиімді, құнды тәжірибелерін талдап, мектеп қауымына насихаттайды.
Достарыңызбен бөлісу: |