Қазақстан-2030 Стратегиясы– ел дамуының 2030 жылға дейінгі арналған стратегиялық бағдарламасы. 1997 жылы 1 қазанда қабылданған. Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған арнауында баяндалған. Стратегияда көзделген мақсат – ұлттық бірлікке, әлеуметтік әділеттілікке, халықтың экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізу үшін тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнату. Осы мақсатқа орай мынандай ұзақ мерзімді негізгі бағыттар бөліп көрсетілді:
Ұлттық қауіпсіздік: аумақтық тұтастықты толық сақтай отырып, еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуы. Мемлекеттің тұрақты түрде дамуын қамтамасыз ететін барлық қажеттіліктер шеңберіндегі бастапқы шарт – ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттіліктің сақталуы. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі көрсеткіші ретінде демократиялы, индустриясы дамыған басты мемлекеттермен байланыстарды күшейту, халықаралық институттар мен форумдардың көмегі мен жәрдемін пайдалану қажеттігі атап көрсетілді. Мұның өзі халықаралық қоғамдастық тарапынан Қазақстанға қолдау жасаудың жақсы жолға қойылуын, бай табиғи қорлардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді, Қазақстан азаматтарының өз еліне деген сүйіспеншілік сезімін арттырады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысындағы сөзсіз басым бағыт сыртқы саяси қызметке, Қазақстанның өз көршілерімен және дүние жүзінің жетекші елдерімен өзара тиімді қатынастар қалыптастыруға саяды.