Қазақстан эстрадалық музыкасының қалыптасуы мен дамуы



Дата21.04.2017
өлшемі77,22 Kb.
#14298
Қазақстан эстрадалық музыкасының қалыптасуы мен дамуы

Профессор Г.Ж. Қарамолдаева,

П.ғ.к., доцент Д.О.Қарамолдаева
Қазақстан эстрадалық музыкасының қалыптасуы мен дамуын сараптай отырып оны музыка зерттеушілері үш тарихи кезеңге бөліп қарастырады:

Біріншісі қазан төңкерісіне дейінгі кезең. Оған 18-19 ғасырда өмір сүріп, ел арасындағы той-жиындарда, жәрмеңкелерде өнер көрсеткен өнерпаздар мен шаншарлар – Айдарбек, Күндебай, Текебай, Тонтай, Торсықбай тағы басқаларды жатқызады;

2 - кезең өткен 20 ғасырдың бас кезіндегі қазақстан эстрадасында болған жаңа құбылыс – көпшілікке арналған әндерді шығарушы авторлар мен орындаушылардың қалыптасқандығымен ерекшеленеді. Кеңес дәуіріндегі қазақ эстрадасының қалыптасуына композиторлар А.Жұбанов, Е.Г.Брусиловский, Л.Хамиди мен әншілер Ж.Омарова, Р.Қойшыбаева, Р.Бағланова, Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, ағайынды Абдуллиндер т.б. елеулі үлес қосқандығы айтылады. Бұл кезде музыкалық эстрадамен қатар көркем сөз оқу шеберлері де қалыптасты. Олардың қатарында Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Ә.Жолымбетов, Г.Ғалиева т.б. есімдерді атауға болады.

3 кезең – қазақ эстрадасының кәсіби сипатқа ие болу кезеңі. Ол өткен ғасырдың 2-жартысы. Онда қазақ ән өнерінің жалпы халықтық сипатқа ие бола бастағандығы, 1950-1980 жылдары қазақ эстрадасының көкжиегіне Б.Байқадамов, Ә.Еспаев, Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев, Е.Хасанғалиев, Ә.Бейсеуов, Т.Базарбаев, С.Бәйтереков, К.Дүйсекеев т.б. сазгерлер көтеріліп, шығармалары ел арасына кеңінен таралғандығы айтылады.

Біздің қарастырғалы отырған мәселеміз – осы үшінші кезеңнің бір саласы болып табылады. Атап айтсақ, 1967 жылдардан бастап Қазақстандағы пайда болған жаңа музыкалық орындаушылық бағыттар (вокалды-аспаптық ансамбльдер), оларды қалыптасуы мен даму жолдары.

Эстрадалық музыканы көпшілік - қабылдауға жеңіл, ойын - сауыққа арналған XX ғасыр музыкасының әртүрлі формалары ретінде қабылдайды. Негізінде эстрадакөпжанрлы сахна өнері түрі. Оған музыка, ән, би, сөз, қуыршақтар театры, акробатика, цирк өнері түрлері тағы басқа жанрлар кіреді. Көп жанрлылығына қарамастан, әр жанрдың өзіне тән көркемдік ерекшеліктері, мәнерлеу құралдары, сахнаға шыққан әр өнерпаздың тікелей көпшілікпен байланыс жүргізе алатын ашық аланы (эстрада) бар. Бұл жерде әрине әрбір орындаушының ешкімге ұқсамас жеке тұлғасы, имиджі, ішкі қуаты, сахнаға шыққан уақытынан бастап көрерменді өзіне тартып аларлық қасиеті ерекше роль атқарады.

Ал жалпы эстрада сөзі латын тілінен аударғанда «еден», «аланқай», «төсеніш» деген ұғымдарды білдіреді. Талқылама сөздіктерде ол туралы былай делінген: «Біз эстрада деп жерден сәл көтерілген ашық концерттік алаңды айтамыз, ал сахна деген сөздің ұғымы «шатыр», «палатка» дегенге саяды. Ал былай алып қарайтын болсақ, қазіргі кезде үш жағынан жабық алаң. Сонда екеуінің мәні шынында да қарама қарсы: эстрада – ашық, ал сахна – жабық орын.

Ашық алаңдағы орындаушылық актердің көрермендермен не шымылдық, не рампа арқылы бөлініп тұрғандығын, соған қарамастан олардың халықпен тығыз байланыста екендігін көрсетеді. Олардың өзара тағыз байланыста болуының ерекше жүйесі қалыптасқан. Орындаушының сахнадан жолдаған әрекетіне көрермендер міндетті түрде әрекет жасайды. Эстрада жанрында жұмыс істейтін орындаушы көрермендерге бір табан жақын болады, өзін еркін ұстайды, еркін қимылдайды, еркін қозғалады. Сондықтан да эстрада сөзінің сипатын өнердің жеңіл қабылдауға болатын түрі деп қарауға болады.

Кеңес одағында джаз стилін өнер түрі ретінде қабылдауға тиым салынған кезде, музыканттар оның өткір ырғағын сәл ғана «майдалап» атын осылай өзгертуге мәжбүр болды. Сөйтіп 40-жылдарда «эстрадалық музыка» деген термин пайда болды. Соңынан джаз «ақталып» кеңінен тарай бастаған уақытта, эстрадалық музыка атауы би ырғағындағы әндер мен музыкаларға көшті, кейініректе олардың қатарына поп-музыкалар, көпшілікке танымал оперетталардан үзінділер т.б. енді.

1967 жылы Қазақстан Республикасында пайда бола бастаған вокалдық-аспаптық ансамбльдер де осы эстраданың бір саласы болып табылады, дегенмен оларға бұрыннан қолданып келе жатқан эстрада сөзі тіркеліп, эстрадалық ансамбльдер деп аталып кетті, сондықтан бізде осы «эстрадалық» деген терминді қолданамыз.

Эстрадалық музыка туралы айтылып та, жазылып та жүр. Пікірлер қарама-қайшы. Талғам әртүрлі. Көпшіліктің (жастардан басқа) пікірін тыңдасақ «оның зиянынан басқа ешқандай пайдасы жоқ», «түкке тұрмайтын дыбыстар жиынтығы», «тіпті үйреніп алып айтайын десең де құлағына кірмейді», «сөзі мен әуені келіспейді, мағынасы жоқ», «тәрбиелік мәні жоқ», «дүрсілден басқа дымы жоқ» т.б. деген әңгімелерді жиі естиміз. Шынында да эфирде орындалып жатқан қайсы бір әндерді қанша тыңдап, үйренгің келсе де, оның әуенін қабылдай алмайтын кездер болады, бірақ эстрадалық музыканың барлығы бірдей қабылдауға, тыңдауға болмайтын нәрселер ме? Оның жастар психологиясына әсері қандай? Егер ол қажетсіз болса, концерттерді былай қойғанда, жеке басымыз өткізілетін той-думандарда эстрадалық музыка естілісімен-ақ неге еріксіз оның еркіне бағына кетеміз? Ырғақ естіле бастағанда делебеңіз қозып, өзіңіз қалай қозғалып кеткеніңізді білмей қаласыз.

Қарашаш Тоқсанбайдың «Қазақ эстрадасы, қайда барасың?» атты «Егемен Қазақстан» газетінде (24 қантар, 2006 ж.) жарияланған мақаласында эстрадалық музыка туралы мынадай ойлар бар: «қалай десек те, мынадай пікірге жұрттың бәрі толығымен қосылады – ол басқа өнер түрлеріне қарағанда ел арасына тез тарайтын, адам жанына өте жақын да ыстық жанр. Оның ғажап сиқырына үлкен де, кіші де ұйып бөлене қалады. Әуені қандай жеп-жеңіл болса, санаға сақталуы мен жатталуы да сондайлық жылдам әрі оңай. Халық өзінің түрлі жағдайындағы көңіл-күйін осы өнер арқылы танып бағалап келген».

Бүгінгі таңда эстрадалық музыка жастардың өнер саласындағы ең бір етене жақын сүйіп тыңдайтын жанры. Жұмыс істеп отырып та, көшеде келе жатып та, сабақ оқып отырып та, құлақтарына киетін музыка тыңдағыш арқылы өздерінің қалаған шығармаларын тыңдап отыра береді, айналасындағыларды байқамайды, өзімен-өзі. Бұндай көрініс қазір бізге үйреншіктіге айналған. Міне, арғы жаққа тереңдеп, шолу жасамай-ақ, беріден қайтқанның өзінде-ақ, эстрадалық музыканың жастар арасына кең тарап, олардың рухани қазынасына айналғанын көрсетеді.

Жастар неге бұл музыкаға әуес, оның феномені неде? Сонау ІХ-Х ғасырда өмір сүрген Әл-Фараби «Музыка – уақыттың ырғағы» деген екен. «Өнер атаулының қай түрі болмасын оның маңызы замана тақырыбын жырлап, әлеуметтік жайларға иек артуымен өлшенетіні белгілі. Ол өмір шындығын жан-жақты көрсете біліп, уақыт тынысымен бірге тыныстай алса, келешекпен тілдесуге өресі бар өнер болғаны. Әр қоғам өз ағысына орай өнер атаулыдан жаңашылдықты талап етеді. Бүгінгі біз өмір сүріп отырған ортада өсіп, дамып, көп салалы музыка мәдениетіне қосылған және оны онан әрі байыта түскен жанр – эстрада деп айта алар едік», - деп жазады өнер зерттеушісі Еңілхан Мекежанов.

Қазақстандағы эстрадалық музыканың алғашқы қалыптасып, одан әрі қарай дамуының тарихына көз жүгіртер болсақ, 1967 жылдан бастау алған десек қателеспейміз. Сол 1967 жылдың 1 тамызында, жазғы құрылыс отрядында жұмыс істеп жүрген кездерінде Политехникалық институттың бір топ студенттері осы күнгі атақты «Дос-Мұқасан» ансамблін құрды. Оның бұлай аталуы, әр мүшесінің аттары мен фамилиясынан алынды: Дос – Досым Сүлеев; Мұ – Мұрат Құсайынов; Қа – Қамит Санбаев; Сан – Александр Литвинов.

1968 жылы «Айгүл» вокалдық-аспаптық ансамблі құрылды. Оның жетекшісі сол кезде Москвадан өнер институтын бітіріп келген жас маман, кейінгі кезде педагогика ғылымдарының докторы дәрежесіне дейін көтерілген, профессор М.Балтабаев болды.

1969 жылы Г.Ғалиеваның басшылығымен Қазақ Республикалық Мемлекеттік «Гүлдер» эстрадалық жастар ансамблі құрылды. Олар сол 1969 жылдың 26 қазанында «Дала әуені» атты концерттік бағдарламамен тұңғыш рет сахна шымылдығын ашты (режиссері С.Елеусізов).

Міне, Қазақстандағы осы бүгінгі күнге дейін келіп жеткен сан алуан топтардың пайда болуына, поп-музыканың кеңінен таралып жайылуына, әрі қарай дамуына мұрындық болғандар осы ансамбльдер. Бір қызығы бұлар өнер ұжымдары мекемелерінде емес, студенттік ортада құрылды («Гүлдер» эстрадалық жастар ансамблінен басқасы).

1970-жылдардың басында бұл тектес ансамбльдер Алматыда, Қазақстанның басқа өңірлерінде көптеп құрыла бастады. Сондай топтың бірі «Золотые Оливы», оның ұйымдастырушысы Виктор Назаров болды (қазір қайтыс болған). Бір қызығы, бұл ансамбльде сол кездерде бүгінгі атақты «На-На», «Интеграл» топтарының продюсері Бари Алибасов та ойнаған (Бұл мәлімет Арсен Баяновтың «Алма-Ата» музыкальная кітабынан алыңды). Сол кездерде жастар арасында өте танымал болған мынадай студенттік ансамбльдерді атап кетуге болады: «Норд», «Оптимисты», «Искатели» т.б. Ауылшаруашылық институтында «Алтын дән» (жетекшісі Владимир Львовский) ансамблі құрылды. Оның әншісі болған Нағима Есқалиева бүгінде ҚР халық әртісі. Одан өзге, кәсіби шеберлігі жоғары музыканттардан құрылған (бәрі де студенттер болатын) «Жетіген» ансамблі өзіндік ерекшелігімен танылды (жетекшісі Талғат Сарыбаев, атақты «Наурыз» әнінің авторы). Бұл ансамбльде өзінің әншілік жолын ҚСРО халық әртісі Әлібек Дінішев бастады. 1970-жылдардың ортасында Энергетикалық институтта «Ұлан» ансамблі құрылды. Онда Н.Құлсариев, Е.Қанапьяновтар ойнаған. Тілес Қажғалиевтің жетекшілігіндегі «Шалқыма» тобының да қазақ эстрадасының қалыптасуына сіңірген еңбегі зор деп айтуға болады. Енді осы аталған, қазақ эстрада өнерінің қалыптасуына өз үлестерін қосқан аға буын ансамбльдердің бүгінгі «ізбасарларының» кейбіреуіне тоқталсақ.

«МузАрт» тобы 2001 жылы сәуірде құрылған. Олардың өздерінің айтуы бойынша көне түркінің «УЗ - сал, сері, ер» және «АРТ биік, шың, заңғар» деген ұғымдардан тұрады. Шұғыла Сапарғалиқызы өз зерттеуінде бұл ансамбль туралы былай деп жазады: «...«МузАрт» тобы бүгінгі күннің талғамына сай, эстрада қатарына дәл уақытында келген және осы саладағы талғамы биік көрермен қалыптастырып үлгерген мәдениетті топ екенін көрсетеді... «Досмұқасаннан» 33 жылдан кейін құрылған заманауи топ өз заманының мәдени тәрбиесіне, көркемдік талғамына әсер етіп отыр. Сондай-ақ, олар халықтың мұрасын құрметпен өңдеуде, әннің мәні айқайда емес, әуенде екеніне, заманауи талғам дегеніміз өзіңнің ұлттық қасиетіңді, құндылықтарыңды құрметтей білуде екеніне үлгі көрсетіп отыр... Қазіргі жаһандану деп, заманнан қалыспау деп әркімге бір еліктеп шөре-шөре болып жүрген замандастарымыз, әсіресе жастарымыз үшін бұл жақсы үлгі. Музарттықтар қауымды әдемі әнімен, таңдаулы репертуарымен, ұстамды әрі сыпайы салтанатты киіну мәнерімен тартады және бұл олардың өнердегі ұстанымы.

Қыдырәлі Болманов – қазақ эстрадасындағы өзінше түсінігі қалыптасқан, көзқарасы ұлттық намыс пен шығармашылық, ізденістен түзілген өнерпаз. Әнші ретінде 90-шы жылдары «Азия даусы» конкурсында эстрадада терме орындап, бір жаңа жол бастады. Сондағы аспаптың сүйемелдеуімен орындалған «Нұрым термесі» бүгінгі ұрпақтың назарын аударды. Сонан кейін эстрада әншілері халық әндерін, термелерін эстрадаға бейімдеп өңдеуге әжептеуір бет бұрды.

Сол жылдары эстрадалық «АБК» тобын құрып топтық ұжымды қалыптастыруда жемісті еңбек етті. Ол топтың мүшелері: М.Арынбаев, Қ.Болманов, Е.Көкеевтердің әрқайсысы қазір қанаты қатайып, топшысы бекіп, өскен ұясынан шығып өз бетімен самғауға бет алған балапандар сияқты, өнер жолын өзінше жалғастыруда және бәрі де қазақ эстрадасының белгілі тұлғаларына айналды. Бұл оның продюсер ретіндегі көрегендігін, өнерпаздың мүмкіндігін, болашағын байқай алатынын көрсетті».

Қорытындылай келе айтпағымыз – өткен 20-ғасырдың бас кезінен қазақтың ұлттық өнері мен халықтық негізінен бастау алған қазақ эстрадасы саласы осы уақыт аралығында түрлі баспалдақтардан өтіп, бірталай ізденістерді бастан кешіріп, шын мәніндегі эстрада өнері болып қалыптасты және қазіргі кезде әрі қарай даму үстінде.


Түйіндеме

Бұл мақалада қазақ эстрада өнерінің қалыптасу жолдары және олардың көрнекті өкілдері туралы айтылады.


Резюме

В статье рассматриваются пути становления и развития казахской эстрады.



Summary
The article deals with ways of formation and development of the Kazakh Estrada.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет