Қазақстан жеріндегі тұңғыш теміржол магистралі 1894 жылдың 25 қазанында Покров слободасы (бүгінде РФ саратов облысындағы Энгельс қ.) Орал тар табанды темір жол телімінің құрылысы аяқталғаннан кейін ашылды
Қазақстан жеріндегі тұңғыш теміржол магистралі 1894 жылдың 25 қазанында Покров слободасы (бүгінде РФ Саратов облысындағы Энгельс қ.) - Орал тар табанды темір жол телімінің құрылысы аяқталғаннан кейін ашылды. Осы жолдың 130 шақырымы қазіргі Қазақстан жері арқылы өткен. Арада 4 жыл өткеннен кейін Урбах-Астрахан тар табанды темір жол іске қосылды. Мұның да 77 шақырымы қазақ даласын басып өтті.Солтүстік Қазақстанның дамуы үшін 1891-1896 жылдары салынған Транссібір магистралінің, дәлірек айтқанда, оның «қазақстандық» 190 шақырымының маңызы зор еді. Бұл жол қазақ пен орыс халықтарының экономикалық және мәдени жақындасуына үлкен үлесін қосты.1901-1906 жылдары Қазақстан жерінің 1660 шақырымдық аумағын алған, Орта Азия мен Ресейдің орталығын қосатын, Орынбор-Ташкент темір жолы салынды.1914-1917 жылдары болашақ Түрксібтің бір бөлігі Жетісу жолының Арыс-Пішпек телімі салынды.1915 жылы Челябинскі-Троицкі-Қостанай (Қазақстан арқылы 166 км.) магистралі салынды.1915-1917 жылдары соғылған Алтай темір жолының (Новосибирск-Семей) 122 шақырымы Қазақстан жері арқылы өтті. Бұдан басқа 1918 жылға дейін 117 шақырымдық Екібастұз-Ермак тар табанды темір жолы жұмыс істеп тұрды. 1918 жылға қарай Қазақстан аумағындағы шойын жолдың жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымға жетті.