Қазақстан Республикасындағы 2012 жылғы елеулі оқиғалар.
Дәуірдің ауыр доңғалағына оратылған ғажайып ХХІ ғасырдың тағы бір табысты да түйткілді жылы артта қалып барады.
Ғарыштық биіктіктен қарағанда жұдырықтай ғана жасыл ноқат болып көрінетін тылсым да сұлу, асқақ та айшықты жер шары өз осін тағы бір рет айналып өтті. Жұмыр жердің бетін жайлап, өрмекшінің торындай қым-қиғаш тіршілік ізін таңбалаған адамзат баласы жаңалыққа жаны құмар пенде көңілмен жаңа жылдан жақсылық күтіп, алуға асығады.
Жеті құрлыққа жұлдыздай шашыраған үлкен-кіші мемлекеттер өз мәнерінше өмір сүрудің қамын ойлап әлек. Әрине солардың қатарында көк байрағы желбіреп жас Қазақ елі де келе жатыр. Алда – жылан жылы. Түрі сұсты, уыты ащы осы бір жан иесінің еншісіне берілген келер жыл қандай несібе тосарын алдағы уақыт көрсете жатар.
Ал, біз өткен он екі айда Қазақстан басынан өткерген сан алуан жағдайлардың ішінен саралап, ел-жұртты елең еткізген жалаулы оқиғааларға оймен шолып шығуды жөн көрдік.
1. 2012-жылғы Лондон олимпиадасы. Төрт жылда бір өтетін спорт аламаны Қазақстан үшін үлкен абырой әпергенін Алаш баласы біледі.
Әлемнің төрт бұрышынан туын желбіретіп жеткен 204 мемлекеттің ішінен Қазақстан суырылып шығып, 12-орынды иеленді. Жалпы 13 медаль олжаладық. Оның жетеуі – алтын. Бұл Қазақстан ел болғалы еншімізге бұйырмаған үлкен несібе еді. Лондон төрінде туымыз сан мәрте көкке өрлеп, Әнұранымыз сан мәрте шырқалғанда қазақ баласының қуаныштан жүрегі елжіреп тұрды. Тек бір өкініштісі, Қанат Ислам сынды саңлақ ұлымыз түрлі кедергілерге жолығып, Лондонға жолы түспеді.
2. "Экспо-2017". Бұл да Қазақстан үшін әлемдік аренада атын шығарар үлкен шара.
Бұйыртса, 2017 жылдың 10 шілдесінен 10 қыркүйегіне дейін Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросымен (ХКБ) ұйымдастырылатын "Экспо-2017" Халықаралық көрмесі өткізіледі. Көрме өтетіні туралы қуанышты жаңалық 2012 жылдың 22 қарашасында Францияның астанасы Париж қаласында ХКБ-нің EXPO халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясында белгілі болды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша 103 мемлекет бізді қолдады. Бас бәсекелесіміз бельгиялық Льеж қаласы 44 дауысты қанағат тұтты. Біз үшін енді ХҚБ талаптарына сай әлемнің 100 мемлекетінен келетін 5 миллионға жуық адамды қабылдайтын жайлы жағдай жасауға жан аямай кірісу ғана қалды.
3. Парламент сайлауы өтті.
Сайлаудың әділ өту-өтпеуі Қазақстан қоғамын көптен алаңдатып келе жатқан маңызды мәселелердің бірі екені мәлім. 2012 жылы демократиялық үрдісте жаңа қадамға аяқ басуды көздеген еліміз тұңғыш рет көппартиялы парламент жасақтап, айды аспаннан бірақ шығарды. Көп деп ауыз толтырғандағымыз – үш партия. Бір өкініштісі, құрамында Мұхтар Шаханов сынды ұлттың рухты азаматтары бар "Руханият" партиясы орта жолда сайлау додасынан шығып қалды. Сонымен бірге Амангелді Айталы, Сабыр Қасымов сынды қоғам қайраткерлерін депутаттыққа түсірмеген партиясы да Мәжілістің мәнін кемітіп тастағандай.
4. Үкімет басшысы ауысты.
Экономикалық дағдарысқа қарсы "мықты менеджер" деп Үкімет басына әкелінген, және Президенттің "адал көмекшісі болуға" жанын салған Кәрім Мәсімов Премьер-министрлік қызметте бақандай 5 жыл 9 ай отырып, ақыры Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне ауысып тынды. Оның орнын қарағандылық Серік Ахметов басты. 2012 жылдың 24 қыркүйегінен бастап Үкіметке басшысы болған С.Ахметовтің қазірше аяқ алысы жақсы. Тек бір рет қана үкімет отырыстары енді қазақша өтеді деп алып, аяғын мәсімовшілеп кеткені болмаса...
5. "2050-стратегиясы".
Бір қызығы 2012 жыл екі бірдей Президент Жолдауы жолданған жолаяқ жыл болып тарихта қалды. 14 желтоқсан күні Қазақстан халқына Жолдау арнаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев жылдағы дәстүрді аяқ астынан бұзды. Қазақ елінің жаңа саяси бағыт-бағдары ретінде танылған жолдауда қазақ тілі туралы жылы сөз айтылды. Мемлекеттің ұлттық саясатына тың серпін берер жаңалықтар ретінде 2025 жылы Қазақстанның атауы "Қазақ елі" деп өзгеретінін және қазіргі қолданып жүрген кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшетініміз айтылды. Отарсыздану үрдісін тездететін бұл қадамдар барша қазақты қуанышқа бөледі.
6. "Арқанкерген қырғыны".
Бейбіт жатқан елдің белін үзіп кеткен осы бір қанды оқиға Қазақстан мемлекетінің ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатердің күшті екенін көрсеткендей. 2012 жылы 31 мамыр күні Алматы облысы, Алакөл ауданы аумағында "Шығыс" аймақтық шекара қызметі Үшарал жасағының "Қазақстан-Қытай шекарасы бойындағы" "Сары бөктер" заставасында 14 шекарашы сарбаз бен бір қорықшы атып өлтіріліп, шекара бекетінің үйі өртелді. Әр түрлі нұсқаларды қарастыра келген сот ақырында аман қалған 15-ші шекарашы Владислав Челахты 15 адамның өліміне айыпты қылмыскер ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
7. 25 желтоқсанда Шымкент түбінде АН-72 әскери ұшағының апатқа ұшырауы.
Бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғада атпалдай 27 азамат көз жұмды. Апат ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінде жұмыс істеп, ел тыныштығын қорғаған 20 әскеридің өмірін үзді. Олар - Шекара қызметі басшылығының үштен бір бөлігін құрады.
8. Бергей Рысқалиевтің қашуы.
Негізі Атырау облысын алшайып жүріп алты жыл басқарған Б.Рысқалиевтің аяқ астынан әкімдіктен босауы Ақорда айналасындағы кландар қақтығысының күшейе түскенінен болды деген болжамдар айтылды. Бірақ, бюджет қаржысын жымқырып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген атаққа қалған экс-әкім ұшты-күйлі жоқ болды. Қырағы біреулер оны "қашқындар мекені" Лондоннан көргенін айтыпты. Айтпақшы, Атырау облысында болған көп былыққа қатысы бар депутат ағасы Аманжан Рысқалиевтың де депутаттық өкілеттілігі тоқтатылды. Үстінен қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланды. Көп өтпей Президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин орнынан кетті. Ал, Атырауға Баққожа Ізмұхамбетов әкім болып тағайындалды.
Жиып айтқанда Замана көші әлем пайдаланып отырған Григорьян күнтізбесіне бағынып, жаңа жылдан жаңа жылға жылжып барады. Айтпақшы, 2012 жыл кетіп бара жатып та 21 желтоқсанымен елді үрей құшағына тоғытып кетті. Алда – 2013 жыл. 13 санын ырымға жайсыз сан қатарына қосатын секемшілдер де жоқ емес. Айыр тілін жалаңдатқан жыланның да өз жылын қалай өткерері белгісіз...
Естеріңізде болса 2001 жылан жылы әлемді дүркіреткен Америкадағы терракті болған еді. Ал, Қазақстанда Демократиялық таңдау қозғалысы құрылып, оның құрамындағы Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әбілязов сынды жас түркілер мемлекеттік төңкеріс жасауға шақ қалған.
Оның бәрі – өткен іс. Бірақ, шағып алатын осындай оқиғаларымен есте қалатын жылан жылы жайсыздықтарымен ерекшеленсе, таң қалмаңыздар! Қазақ жыланның басына ақ құйып үйден шығарады. Халықтың тілегі әр қашан ақ қой, оған ел ағаларының адал қызметі қосылса келер жыл да жайлы өтетініне сенейік.
Достарыңызбен бөлісу: |